6001-20-00-3г/6422(2)
ҚАУЛЫ
2021 жылғы 11 қаңтар Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Ш.С.Иманиязова талап қоюшы У[...] жауапкерлер С[...], С[...] Түркістан қаласының Жабағалы көшесі № 6 жер учаскесінде заңсыз салынған қоршаудың іргетасы мен дуалын бұзып, құрылыс материалдарын өз есебінен алып кетуді және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КеАҚ-ның Түркістан облысы бойынша филиалы жер кадастры және жылжымайтын мүлік бойынша Түркістан қалалық бөліміне жер учаскесіне жеке меншік құқығын беретін сәйкестендіру актісін қалпына келтіруді міндеттеу туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 26 тамыздағы қаулысына жауапкер С[...] келтірген өтінішхатын алдын ала қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
У[...] сотқа аталған талап қою арызымен жүгініп, жауапкерге қатысты өз талаптарын қанағаттандыруды сұраған.
Түркістан қалалық сотының 2020 жылғы 5 маусымдағы шешімімен талап арыз қанағаттандырусыз қалдырылған.
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 26 тамыздағы қаулысымен сот шешімінің күші жойылып, талап қою арызын қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылданған.
С[...] және С[...] Түркістан қаласының Жабағалы көшесі № 6 жер учаскесінде заңсыз салынған қоршаудың іргетасы мен дуалын бұзып, құрылыс материалдарын өз есебінен алып кету міндеттелген.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КеАҚ-ның Түркістан облысы бойынша филиалы жер кадастры және жылжымайтын мүлік бойынша Түркістан қалалық бөліміне кадастрлық № [...] жер учаскесіне жеке меншік құқығын беретін сәйкестендіру актісін қалпына келтіру міндеттелген.
Өтінішхатта арыз беруші істі қарау барысында материалдық құқық нормаларының бұзылуына байланысты азаматтық іс бойынша қабылданған апелляциялық сатыдағы сот актісінің күшін жоюды сұраған.
Сотта анықталғандай, С[...] Түркістан қаласы Иассы ауылдық округі әкімінің 2005 жылғы 5 желтоқсандағы № 530 шешімімен Түркістан қаласы Иассы ауылы аумағынан тұрғын үй салу үшін жер учаскесі бөлінген.
Түркістан қаласы әкімінің 2017 жылғы 17 тамыздағы қаулысымен С[...] Түркістан қаласының Жабағалы көшесі 4 А үйдегі мекенжайда орналасқан тұрғын үй құрылысы үшін берілген алаңы 1000 ш.м жер учаскесіне жеке меншік құқығы берілген.
Осы қаулы негізінде кадастрлық № [...] сәйкестеңдіру актісі рәсімделіп, «Сәулет және қала құрылысы бөлімі» ММ-нің 2017 жылғы 18 қазандағы № 138 бұйрығымен С[...] жер учаскесіне Түркістан қаласының Жабағалы көшесі 4 А мекенжай тіркелімі беріліп, аталған жер учаскесіне құқық 2018 жылғы 28 наурызда мемлекеттік тіркеуден өткен.
2019 жылғы 31 қазанда С[...] даулы жер учаскесін С[...] сыйға тарту шарты негізінде сыйға тартқан.
2019 жылғы 4 қарашада жер учаскесіне жеке меншік құқығы мемлекеттік тіркеуден өткен.
Бірінші сатыдағы сот талап қоюшының талабын қанағаттандырусыз қалдырған кезде, даулы жер учаскесіне жауапкер С[...] меншік құқығы тіркеліп, 2018 жылғы 28 наурызда пайда болғанын, ал талап қоюшы У[...] даулы жер учаскесіне құқығы тіркелмегенін негізге алған.
Апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың тұжырымымен келіспей, С[...] Жабағалы көшесі, 4 А жер учаскесінің реттік нөмірі дұрыс берілмегені, себебі даулы болып отырған жер учаскесі Жабағалы көшесі, №6 мекенжай болып белгіленгені туралы өкілетті орган мамандарының жауап хатын басшылыққа алып, сот шешімінің күшін жойып, талап қою арызды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылданған.
Өтінішхат иесі апелляциялық сатыдағы соттың мұндай тұжырымымен келіспей, У[...] қатысты жер учаскесінің мекенжайының реттік нөмерін Түркістан қаласы әкімдігі қате берген деп көрсеткен.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 6-бабына сәйкес Қазақстан Республикасында мемлекеттік меншік пен жеке меншік танылады және бірдей қорғалады.
«Соттардың жер заңнамасын қолдануының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2007 жылғы 16 шілдедегі №6 нормативтік қаулысының 8-тармағына сай белгілі бір жер учаскесіне немесе учаскенің бөлігіне тең құқықтар болған жағдайда, соттар азаматтық заңнамаға сәйкес құқықтың туындау күні бойынша белгіленетін жылжымайтын мүлікке бұрын туындаған құқықтардың басымдығын негізге алуға тиіс.
Жер учаскелерінің алғашқы иелері болып табылмайтын көршілес жер учаскелері иелерінің арасындағы дау бойынша жер учаскелерінің шекаралары бір-біріне қабаттастырып орналасқаны анықталса, соттар учаскелердің тарихи қалыптасқан шекарасын негізге алуға тиіс. Екі жер учаскесі меншік иелерінің арасындағы дау басқа адамдардың құқықтарын
бұзбауы тиіс. Сот шешімдері өзге жер учаскелері меншік иелерінің арасында жаңа сот дауларының туындауына жол бермеуі керек.
Алайда, арызданушы апелляциялық сатыдағы соттың аталған заң нормасын ескермей, дұрыс шешім қабылдамаған, бірінші сатыдағы соттың шешімі заңды деп санайды, өйткені У[...] даулы жер учаскесіне құқығы тіркелмеген және пайда болмаған, сондықтан, арызданушының кадастрлық №[...] жер учаскесіндегі құрылыстарды өз есебінен бұзуды міндеттеуге оның ешқандай құқығы жоқ. Өтінішхатта арызданушы У[...] жер учаскесінің мекенжайын айқындау барысында оның атына жер учаскесі тіркелмегеніне қарамастан жылжымайтын мүліктің тіркелгені туралы ақпаратты қайдан алғаны белгісіз екенін көрсеткен.
Іс материалдарын алдын ала зерделеу, арызданушының өтінішхатында келтірген уәждері және жоғарыда көрсетілген түйіндер дау айтылған сот актісін қайта қарау үшін кассациялық саты сот мәжілісінде қарауға жататын негіздер бар екенін көрсетеді.
АПК-тің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, судья
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 26 тамыздағы қаулысына келтірген С[...] өтінішхаты іспен бірге Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының сот отырысында қарау үшін берілсін.
Қаулының көшірмесі іске қатысушы тараптарға жолдансын.
Судья Ш.Иманиязова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.