6001-25-00-3гп-154
2025 жылғы 27-мамыр Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші - алқа судьясы Б.Р.Ералиева, судьялар Е.Ж.Айтжанов пен Ж.М.Қашқынбаеваның, прокурор Н.А.Молдахановтың,
талап қоюшының өкілі «Сәулет ПГС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Б.К.Бердимуратовтың қатысуымен,
талап қоюшы «Сәулет ПГС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі - Серіктестік) жауапкер «Қостанай облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Басқарма) мемлекеттік сатып алу шарты бойынша жұмыстарды орындау және қабылдау актісін тану туралы талап қоюмен қозғалған электрондық азаматтық іс бойынша қабылданған Қостанай облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 30-қаңтардағы қаулысына Басқарманың келтірген өтінішхатымен келіп түскен азаматтық ісін қарап,
Серіктестік сотқа жоғарыда көрсетілген талап қоюмен жүгінген.
Қостанай облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 1-қарашадағы шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.
Қостанай облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 30-қаңтардағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгертіліп, іс бойынша талап қою ішінара қанағаттандырылып, шарт бойынша 2023 жылғы 19-шілдедегі орындалған жұмыстардың актісі 5 171 151 теңгеге танылған.
Басқармадан Серіктестіктің пайдасына 155 135 теңге мөлшерінде мемлекеттік баж, бірінші сатыдағы сотта қатысқаны үшін өкілдің шығыны 250 000 теңге өндірілген.
Өтінішхатта Басқарма апелляциялық сатыдағы соттың түйіні істің мәнжайына сәйкес келмейтінін көрсетіп, оның күшін жойып, бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдыруды сұраған.
Басқарманың өкілдері кассациялық сатыдағы сот отырысының уақыты мен орны туралы хабарламаны дер кезінде алса да, сот отырысына қатыспай,
өтінішхатты қолдайтынын және істің қаралуын өздерінің қатысуынсыз өткізуді сұрады.
Алқа, Басқарманың өкілдерінің сотқа қатыспауын дәлелсіз себептермен деп есептеп, сот отырысын олардың өкілдерінің қатысуынсыз өткізді.
Сот алқасы іс бойынша Серіктестіктің директоры Б.К.Бердимуратовтың, дауланған сот актісін күшінде қалдыруды сұраған түсінігін, прокурордың қаулының күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған қорытындысын, өтінішхат уәждерін талқылап, іс құжаттарын зерделеп, келесідей тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актісін шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуы осы кодекстің 434-бабының 1-бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіздер болып табылады.
Сот алқасы бұл іс бойынша мұндай негіздер бар деп санайды. Іс құжаттарына қарағанда Басқарма мен Серіктестік арасында жалпы сомасы 6 102 093 теңгеге тұрғын емес ғимараттарды ағымдағы жөндеу жөнінде 2023 жылғы 19-шілдеде мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасаған (бұдан әрі-Шарт). 2023 жылғы 20-қыркүйектегі қосымша келісімге сәйкес жұмыс жасалу жолы мен түрлері өзгертілген. Жұмыстарды орындау мерзімі шарт қазынашылық органдарында тіркелген күннен бастап күнтізбелік 70 күн деп келісілген.
Серіктестік талап қоюында шарт бойынша 5 550 345,56 теңгеге нақты жұмыс жасағанын, бірақ жауапкер тарапынан оны орындау және қабылдау актісіне қол қойып, қабылдамағанын көрсеткен. Басқарма Серіктестік шарт бойынша міндеттемелерін орындамады деген негізбен, 2023 жылғы 2-қарашада шартты бұзу туралы ескерту хабарлама беріп, шартты 4-желтоқсанда біржақты тәртіппен бұзған.
Бұдан басқа, 2023 жылғы 4-желтоқсандағы соттың шешімімен Серіктестік мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушысы деп танылған. Сот шешімі дауланбаған.
Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандырудан бас тартуын Шарт бойынша жұмыстарды орындау мерзімінің 2023 жылы 28-қыркүйекте аяқталғанын, сондықтан шарттың қолдану мерзімі өтіп кеткенін, орындалған жұмыстар актісінің мемлекеттік сатып алу порталына қойылмағанымен, орындалған жұмыстарды растайтын құжаттарды мемлекеттік сатып алудың ақпараттық сайтына орналастырмағанымен негіздеген.
Шарттың 6.1-тармағында орындаушы осы шартқа қосымшаларда көрсетілген талаптарға дәл сәйкестікте жұмыстарды тапсырыс берушіге толық тапсырған жағдайда жұмыс орындалды деп есептелетіні, сол себепті Серіктестіктің жұмыстардың бір бөлігін ғана орындағаны жөніндегі актіні тану мүмкін емес екені көрсетілген.
Тапсырыс берушінің орындалған жұмыстарды мердігерден кезеңкезеңімен қабылдауы Шартпен көзделмеген деген түйінге келген. Апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың бұл түйіндерімен келіспей, бірінші сатыдағы соттың шешімді қабылдау кезінде Серіктестікпен нақты орындалған жұмыстардың көлемін дұрыс тексермеген деп есептеп, көшпелі сот отырысында объектідегі орындалған жұмыстарды зерделеп, Серіктестіктің тарапынан жұмыстар өз мерзімінде орындалғанын, бірақ жауапкер актіге қол қоймай, оларды неліктен қабылдаудан бас тартқаны жөніндегі дәлелді негіздерді көрсетпеген деген қорытындыға келген.
АПК-нің 413-бабының 1-бөлігіне сай сот істi апелляциялық тәртiппен қарау кезiнде бiрiншi сатыдағы сот шешiмiнiң заңдылығы мен негiздiлiгiн толық көлемде тексередi.
Алайда апелляциялық сатыдағы соттың түйіндері іс құжаттары мен материалдық құқық нормаларына сай келмейді.
АПК-нің 169-бабының 1-бөлігіне сай талап қоюшы қосымша процестік әрекеттерді жүргізу қажет болмаған кезде сот шешім шығару үшін шығып кеткенге дейін жазбаша арыз беру арқылы талап қоюдың негізін немесе нысанасын өзгертуге, талап қою талаптарының мөлшерін ұлғайтуға немесе азайтуға құқылы.
Аталған істі қараған кезде талап қоюшы өзінің талабын бірнеше рет нақтылаған.
Ол алғаш рет Басқармадан 6 102 093 теңгені өзінің пайдасына өндіруді және сол сомаға тараптар арасындағы мемлекеттік келісім-шартқа сәйкес нақты жұмысты орындау және қабылдау актісін тануды сұраған.
Екінші рет, 2024 жылы 21-қазанда тараптар арасындағы мемлекеттік келісім-шартқа сәйкес нақты жұмысты орындау және қабылдау актісін 5 550 345,56 теңгеге тануды және сол сомадағы ақшаны жауапкерден өндіріп беруді талап еткен.
Үшінші рет, 2024 жылы 31-қазанда (шығыс № 265) тағы да тараптар арасындағы мемлекеттік келісім-шартқа сәйкес нақты жұмысты орындау және қабылдау актісін 5 550 345,56 теңгеге тануды және сол сомадағы ақшаны жауапкерден өндіріп беруді сұраған.
Төртінші рет, 2024 жылы 31-қазанда (шығыс № 266) тараптар арасындағы мемлекеттік келісім-шартқа сәйкес нақты жұмысты орындау және қабылдау актісін 5 550 345,56 теңгеге тануды және жауапкердің 2023 жылы 4-желтоқсандағы бір жақты тәртіппен мемлекеттік сатып алу
туралы келісім-шартын мерзімінен бұрын бұзу туралы акт-хабарламасын заңсыз, жарамсыз деп тануды талап еткен.
Талап қоюды нақтылаған сайын Серіктестік қажетті мемлекеттік баждарды төлеп отырған.
Алайда, бірінші сатыдағы соттың 2024 жылғы 1-қарашадағы ұйғарымымен Серіктестіктің соңғы талап қоюын нақтылауын қанағаттандырудан бас тартылған.
Демек, талап қоюшының үшінші нақтылауы, яғни тараптар арасындағы мемлекеттік келісім-шартқа сәйкес нақты жұмысты орындау және қабылдау актісін 5 550 345,56 теңгеге тануды және сол сомадағы ақшаны жауапкерден өндіріп беруді сұраған талап қоюы күшінде қалған.
АПК-нің 225-бабының 2-бөлігіне сай сот істі талап қоюшы мәлімдеген талаптар шегінде шешеді.
Бірақ жергілікті соттар сот актілерінде Серіктестіктің тараптар арасындағы мемлекеттік келісім-шартқа сәйкес нақты жұмысты орындау және қабылдау актісін 5 550 345,56 теңгеге тану туралы бөлігін көрсетіп, оның сол сомадағы ақшаны жауапкерден өндіріп беруді сұраған бөлігі шешілмей қалған.
Бұл жағдайға апелляциялық сатыдағы сот та мән бермеген.
Кассациялық сатыдағы сотта Серіктестіктің директоры Б.К.Бердимуратов Шарт бойынша жұмыстар смета арқылы істелгенін, сметада қателер жіберілгенін, қабырғаны бояған бұрынғы бояуын қырып алып тастау жөніндегі жұмыстардың (демонтаж) көрсетілмегенін, бірақ ол сол жұмыстардың Басқарманың өкілімен келісе отырып істегенін, талап қоюды нақтылап, жауапкерден 5 550 345,56 теңгені өндіруді сұрағанын көрсетті.
Алайда іс құжаттарында істелген жұмыстардың жасалғанын растайтын сметаның, жіберілген кемшіліктер мен ақаулар көрсетілген актілердің (дефектный акт) жоқтығы анықталды.
Апелляциялық сатыдағы сотпен нақты жұмыстың қаншалықты орындалғанын анықтау үшін және қабылдау актісін тану үшін тараптарға тексеру актісін жасау міндеттелген, соның нәтижесінде жұмыстың 5 171 151 теңгеге жасалғаны анықталған.
Басқарма өзінің даулы сот актісіне келтірген өтінішхатында да Серіктестікпен қажетті жұмыстардың ішінара істелгенін жоққа шығармаған, істелген жұмыстарда кемшіліктер болғанын көрсеткен.
Ал істегі құжаттарға атқарылған жұмыстарды тараптардың қатысуымен қабылдап алған актілер, жіберілген кемшіліктер (ақаулар) жөніндегі актілер тіркелмеген.
Демек, құрылыспен байланысты емес жұмыстар Басқарма тарапынан заң талаптарына сай тексеріліп алынбаған.
Істегі 2023 жылғы 1-қарашадағы Басқарманың хабарламасына сай Серіктестікпен ақпараттық мнемосхема, қоңырау түймесі, дәретхана бөлмесіндегі балдақтарға арналған ілмектер орнатылмаған,
Осы жұмыстардан басқа жұмыстардың да орындалмағаны тараптардың қатысуымен жасалған актіде (сот ұйғарымымен) көрсетілген, бірақ оларды сметасыз тексеру мүмкін емес.
Басқарма талап қоюға келтірген пікірінде Серіктестіктің сот шешімімен жосықсыз қатысушы болып танылғанын, порталға жасалған жұмыстардың актісі қойылмағанын көрсетумен шектелген.
2025 жылғы 24-қаңтардағы апелляциялық сатыдағы соттың ұйғарымы бойынша жасалған актіде де Басқарма орындалған жұмыстардың мөлшерін анықтайтын сараптаманың жоқ екенін тілге тиек еткен. АПК-нің 82 бабының 1-бөлігі боынша сот сараптамасы іс үшін маңызы бар мән-жайлар сарапшы арнайы ғылыми білімдер негізінде жүргізетін оның объектілерін зерттеу нәтижесінде анықталуы мүмкін жағдайларда тағайындалады. Азаматтық сот ісін жүргізуге қатысатын өзге де адамдардың мұндай білімінің болуы сотты тиісті жағдайларда сараптама тағайындау қажеттігінен босатпайды.
Шарттың 4.4 және 5.1 тармақтары бойынша Тапсырыс беруші орындалған жұмыстардың сапасын тексеруге міндетті; техникалық ерекшелікте және (немесе) жобалау-сметалық құжаттамада (Шартқа 2-қосымша) көрсетілген талаптарға сәйкес келуі тұрғысында орындалған жұмыстарды бақылауды және тексеруді жүргізеді. АПК-нің 65-бабының 3-бөлігі бойынша істің заң бойынша белгілі бір дәлелдемелермен расталуға тиіс мән-жайлардың ешқандай басқа дәлелдемелермен расталуы мүмкін емес.
Істің мұндай тұрғысында, сот алқасы өтінішхатта келтірілген Басқарманың уәждерімен ішінара келіседі, себебі апелляциялық сатыдағы сот істің мән-жайын толық, жан-жақты және объективті түрде тексермеген, жиналған дәлелдемелерге материалдық және процестік құқық нормаларына сәйкес дұрыс баға бермеген, сол себепті қаулының күші жойылып, азаматтық іс сол сотқа басқа құраммен жаңадан қаралуға жолданады.
АПК-нің 68-бабының 1-бөлігіне сай әрбір дәлелдеме оның қатыстылығы, жарамдылығы, анықтығы ескеріле отырып, ал барлық жиналған дәлелдемелер жиынтығы азаматтық істі шешу үшін жеткіліктілігі тұрғысынан бағалануға тиіс.
Демек, апелляциялық сатыдағы соттың түйіндері істің мән-жайларына сәйкес келмейді.
Істі жаңадан қараған кезде жоғарыда көрсетілген кемшіліктерді жойып, Серіктестіктің қойған талабын толық көлемде қарап, істің мән-жайын жан-жақты және объективті түрде тексеріп, сот сараптамасын тағайындап, жиналған дәлелдемелерге материалдық және
процестік құқық нормаларына сәйкес дұрыс баға беріп, заңды және негізді шешім қабылдау керек.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 5) тармақшасын басшылыққа алып, сот
алқасы
Қостанай облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 30-қаңтардағы осы іс бойынша шығарған қаулысының күші жойылып, іс жаңадан басқа құраммен қаралуға сол сотқа жолдансын.
«Қостанай облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» мемлекеттік мекемесінің өтінішхаты ішінара қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
Б.Р.Ералиева Е.Ж.Айтжанов Ж.М.Қашқынбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.