№6003-25-00-2к/5088
Қ А У Л Ы
2026 жылғы 10 наурыз Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші судья Г.С.Джаппарова, судьялар А.К.Есдаулетов, Н.Б.Ормаханов болып, талап қоюшы Э.К.Умирбекованың, өкілі С.Т.Калдыбаевтың, жауапкерлер өкілдері А.Х.Беделбаевтың, Ш.А.Утепбергенованың қатысуларымен, бейне-байланыс құрылғысы арқылы ашық сот отырысында Тараз қалалық сотының 2025 жылғы 8 шілдедегі шешімі мен Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 9 қазандағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен,
талап қоюшы Эльмира Кенесбаевна Умирбекованың жауапкерлер «Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне, Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының «Тараз сервис және технология колледжі» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнына бұйрықтарды заңсыз деп тану, жалақысынан ұсталған қосымша ақыны өндіру туралы электрондық азаматтық ісін қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы:
Ә.К.Умирбекова сотқа талап қоюмен жүгініп, онда «Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Басқарма) 2024 жылғы 31 желтоқсандағы № 763-Ө «Білім беру үйымдарының педагог қызметкерлері мен оларға теңестірілген тұлғаларды аттестаттау туралы» 2024 жылғы 6 қыркүйектегі № 540-Ө бұйрығына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы бұйрығын, осы бұйрыққа өзгерістер енгізу туралы 2025 жылғы 9 маусымдағы №365-Ө бұйрығын және «Тараз сервис және технология колледжі» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының (бұдан әрі - Колледж) «Біліктілік санатын төмендету және біліктілік санатына төленген қаражатты айлық жалақысынан ұстау туралы» 2025 жылғы 10 қаңтардағы №06-ж/қ бұйрығын заңсыз деп танып, жалақысынан ұсталған қосымша ақыны өндіруді сұраған.
Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 9 қазандағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған, Тараз қалалық сотының 2025 жылғы 8 шілдедегі шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.
Талап қоюдың қанағаттандырусыз қалдырылуына, талап қоюшы тарапынан біліктілік санатына өтер кезде академиялық адалдық қағидаттары сақталмай жалған құжаттардың тапсырылғаны, бұйрық пен куәліктің күші жойылғаны негіз болған.
Талап қоюшының кассациялық шағымы, соттармен материалдық құқық нормаларының бұзылуына, № 540-Ө бұйрыққа өзгеріс енгізілмегендіктен біліктілік санатын беру туралы куәліктің заңсыз күші жойылуына, комиссия шешіміне өзгеріс енгізілмегендіктен, Басқарманың комиссия шешімі негізінде
қабылданған бұйрыққа өзгеріс енгізуге құқығы болмағанына, жалған құжаттардың өзімен тапсырылмағанына, даудың Колледждің келісу комиссиясында қаралмағанына негізделіп, іс бойынша талап қоюын қанағаттандыру туралы жаңа сот актісін шығаруды сұраған. Басқарма кассациялық шағымға байланысты пікірінде, оның уәждерімен келіспей, олардың іс құжаттарымен жоққа шығарылғанын көрсетіп, шағымды қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған.
Кассациялық сот істегі бар дәлелдемелерді зерттеп, сотқа қатысушылардың түсініктерін тыңдап, кассациялық шағымның дәлелдерi шегiнде соттар шығарған сот актiлерiнiң заңдылығын тексерiп, шағым уәждерін талқылап, төмендегідей тұжырымға келді. Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әріАПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi тұрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға соттармен жол берілмеген. «Педагог мәртебесі туралы» Қазақстан Рсепубликасының 2019 жылғы 27 желтоқсандағы № 293-VI Заңының 15-бабының 1-тармағының 3) тармақшасына сәйкес педагог өзінің біліктілік санаты деңгейін бес жылда бір реттен сиретпей арттыруға (растауға) міндетті. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2016 жылғы 27 қаңтардағы № 83 бұйрығының 2-тарауының 4 – тармағының 4) тармақшасы бойынша, педагогтерді аттестаттауға жіберу үшін білім беру ұйымы педагогтердің біліктілік бағалау құжаттарын білім беру ұйымында қарау арқылы жүргізуі тиіс.
Білім және ғылым министрлігінің 2008 жылғы 16 мамырдағы «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, бастауыш, негізгі орта, орта білім беру ұйымдарында педагогикалық кеңес қызметін ұйымдастырудың және оны сайлау тәртібінің үлгілік қағидаларын бекіту туралы» №272 бұйрығының 3-тармағының 6) тармақшасына сай мемлекеттік білім беру ұйымдарындағы педагогтерді аттестаттауға дайындау мәселелерін қарастыру мектептің педагогикалық кеңесінің құзырына жатады. Педагогикалық кеңесте қаралып бекітілген педагогтер тізімі жоғары тұрған білім бөліміне жолданады.
Э.К.Умирбекова өзінің біліктілік санатын растау үшін тиісті құжаттарын тиісті білім бөліміне 2024 жылғы 14 тамызда өткізген.
Біліктілік санаттарын беру бойынша аттестаттау комиссиясының шешімі негізінде Басқарманың 2024 жылғы 6 қыркүйектегі №540-Ө бұйрығымен оған «Педагог-зерттеуші» біліктілік санаты қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі лауазымына беріліп, 2024 жылғы 9 қыркүйекте №786 тіркеу нөмерімен бұл жөнінде куәлік табыс етілген.
Кейіннен, біліктілік санатын беруге негіз болған құжаттарды зерделеуде, А.Исмаилов атындағы кәсіптік колледждің «Жоғары біліктілік санатын 20212022 оқу жылына ұзарту туралы» 2021 жылғы 22 желтоқсандағы №02/747 02/10-1 бұйрығының жалғандығы, оның бұл колледжде жұмыс істемегені анықталған.
Сонымен бірге жалпы білім беретін пәндер бойынша 7-8 сынып оқушыларына арналған республикалық олимпиаданың екінші облыстық кезеңіне Тараз қаласы, № 38 орта мектебінің 8-сынып оқушысы Ерасыл Зереге қазақ тілі пәні бойынша берілген III-дәрежелі димпломы мен 2-7 сынып оқушылары арасындағы «Зерде» республикалық зерттеу жобалары конкурсының облыстық кезеңінде 7-сынып оқушысы Талғатқызы Нұрайымға қазақ тілі пәні бойынша берілген III-дәрежелі дипломы жалған болып шыққан. Біліктілік санатын 2023-2024 оқу жылына ұзарту туралы Тараз қаласы, №38 орта мектебінің 2024 жылғы 2 мамырдағы №102 бұйрығы тіркеу кітабында тіркелмегендігі белгілі болған.
Жүргізілген зерттеудің қорытындысымен Э.К.Умирбековаға Басқарманың 2016 жылғы 24 маусымдағы №390 бұйрығымен «қазақ тілі және әдебиеті мұғалімі» жоғары біліктілік санаты беріліп, оның мерзімі 2021 жылғы 24 маусымда аяқталғаны, одан кейін оның кезекті аттестаттаудан өтпегені, біліктілік санатының мерзімі ұзартылғаны туралы жалған құжаттар өткізілгені расталған.
Бұл мән-жайлар сол кезде Э.К.Умирбековамен дауланбаған, келісілген немесе істі қарауда АПК-тің 72-бабының талаптарына сәйкес дәлелдемелер жиынтығымен жоққа шығарылмаған.
Жоғарыда аталған № 83 бұйрықтың 21-тармағына сәйкес комиссия хатшысы тек комиссия отырысына қажетті материалдар мен құжаттарды дайындайды, хаттаманы рәсімдейді және қол қояды.
Э.К.Умирбекованың педагогті аттестаттау рәсіміне қатысуға өтініші және тиісті құжаттары Басқармаға 2024 жылғы 14 тамызда № 606 кіріс номерімен тіркелген.
Сондықтан педагогті аттестаттау рәсіміне қатысуға өтініш беруде өзімен жалған құжаттардың тапсырылмағаны туралы уәждеріде негізсіз болып табылады.
«Құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 65бабының 3-тармағына сәйкес жеке-дара қолданылатын құқықтық актінің қолданылуы тоқтатылғанға дейін осы құқықтық актіні қабылдаған уәкілетті орган, одан жоғары тұрған мемлекеттік орган не сот оны тоқтата тұра алады, өзгерте алады және (немесе) толықтыра алады не оның күшін жоя алады.
Осыған орай, даулы Басқарманың бұйрықтарымен оған берілген біліктілік санаты алып тасталып, ол жөнінде берілген куәліктің күші жойылған.
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 115-бабының 2-тармағының 5) тармақшасының талабы бойынша, жұмыскердің өзі жұмыс істейтін ұйым алдындағы берешегін өтеу үшін оның жалақысынан ұстап қалу жұмыскерді хабардар ете отырып жұмыскердің жазбаша келісуі болған кезде өзге де жағдайларда жұмыс беруші актісінің негізінде жүргізілуі мүмкін.
Іс құжаттарына қарағанда, Колледждің «Біліктілік санатын төмендету және біліктілік санатына төленген қаражатты айлық жалақысынан ұстау туралы» 2025 жылғы 10 қаңтардағы №06-ж/қ бұйрығы, Э.К.Умирбекованың жазбаша келісімі негізінде шығарылған.
Сәйкесінше тараптар арасында дау туындамағандықтан, бұл мәселенің Колледждің келісу комиссиясында қарауға негіз болмаған.
Мәні бойынша дұрыс сот шешімінің күші бір ғана формальды пайымдаулар бойынша жойылмайды.
Жалпы соттардың тұжырымдары сот актілерінде ашып көрсетілген, кассациялық сотқа бұрын соңды зеттелмеген жаңа дәлелдер ұсынылмаған, уәждер келтірілмеген.
Осы мән-жайларға байланысты сот актілеріне өзгерістер енгізу не оның күшін жоюға заңда көзделген негіздердің болмауына байланысты, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Тараз қалалық сотының 2025 жылғы 8 шілдедегі шешімі мен Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 9 қазандағы қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Г.Джаппарова
Судьялар Н.Ормаханов
А.Есдаулетов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.