ҚАУЛЫ
2025 жылғы 23 желтоқсан №6003-25-00-2к/3287 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Ж.К.Рустембеков, судьялар Л.Б.Мамырбаева, В.Е.Тохтарбаева,
талап қоюшының өкілі Т.Жарылқаповтың және жауапкердің өкілі Н.К.Жумадилованың қатысуларымен
бейнеконференциялық байланысы арқылы, ашық сот отырысында
талап қоюшы Ханзада Нускабековна Елеусизованың жауапкерлер Мурат Кульбаевич Алибаевқа, Ералы Бегалыұлы Байсалға, Даулет Молдабекович Утелбековқа, Шымкент қаласының әкімдігіне, «Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесіне, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» комерциялық емес акционерлік қоғамына (бұдан әрі -Корпорация) мүлікті жария етуді өткізу туралы комиссияның 2007 жылғы 9 тамыздағы №57694 шешімін, 2007 жылғы 19 шілдедегі №37252 салынған объектіні пайдалануға қабылдау актісін, 2014 жылғы 14 мамырдағы сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тану туралы талап қоюы,
қарсы талап қоюшы Ералы Бегалыұлы Байсалдың жауапкерлер Шымкент қаласының әкіміне, Ханзада Нускабековна Елеусизоваға жылжымайтын мүлікті жария ету жөніндегі комиссияның 2007 жылғы 24 сәуірдегі №43782 шешімін жарамсыз деп тану, өз бетінше иеленіп алған тұрғын үй құрылысы мен қосалқы құрылыс нысандарын өз есебінен мәжбүрлі түрде бұзу, жерді қайтару туралы қарсы талап қоюы жөніндегі азаматтық істі жауапкер Е.Б.Байсалдың өкілі - Н.К.Жумадилованың Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылғы 5 желтоқсандағы шешіміне және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 наурыздағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Х.Н.Елеусизова сотқа жоғарыда аталған талап қоюмен, Е.Б.Байсал қарсы талап қоюмен сотқа жүгінген.
Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылғы 5 желтоқсандағы шешімімен Х.Н.Елеусизованың талап қоюы ішінара қанағаттандырылған.
Шымкент қаласы әкімдігінің жанындағы мүлікті жария етуді өткізу жөніндегі комиссиясының (бұдан әрі - Комиссия) 2007 жылғы 9 тамыздағы №57694 М.К.Алибаевқа қатысты Шымкент қаласы, Самал-3 шағын ауданы, №2681 мекенжайындағы тұрғын үйді жер учаскесімен жария ету туралы шешімі жарамсыз деп танылған.
2014 жылғы 14 мамырдағы М.К.Алибаев және Е.Б.Байсалдың арасында жасалған - Шымкент қаласы, Самал-3 шағын ауданы, №2681 мекенжайындағы, кадастрлық №19-309-070-811, алаңы 0,08 га жер учаскесі мен онда орналасқан тұрғын үйді сатып алу-сату шарты (бұдан әрі - 2014 жылғы 14 мамырдағы сатып алу-сату шарты) жарамсыз деп танылған.
Х.Н.Елеусизованың талап қоюының қалған бөлігі қанағаттандырудан бас тартылған.
Е.Б.Байсалдың қарсы талап қоюы қанағаттандырудан бас тартылған. Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 наурыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз, жауапкер Е.Б.Байсалдың апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Жауапкер Е.Б.Байсалдың өкілі кассациялық шағымында жергілікті соттар іс үшін маңызы бар мән-жайларға дұрыс құқықтық баға бермегенін, материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, Х.Н.Елеусизованың талап қоюын қанағаттандырудан бас тарту туралы, ал Е.Б.Байсалдың қарсы талап қоюын қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.
Іске қатысушы тұлғалардың түсініктерін тыңдап, іс құжаттары мен кассациялық шағымдардың уәждерін зерттеп, кассациялық сот келесі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Іс материалдарымен келесі мән-жайлар анықталған:
Шымкент қаласының Қатынкөпір селолық әкімінің 2003 жылғы 13 қарашадағы №438 өкімімен Х.Н.Елеусизоваға оның иелігіндегі Шымкент қаласы, Самал-3 шағынауданы, №2681 мекенжайындағы, алаңы 0,08 га жер учаскесі өтеусіз бекітіп берілген. Алайда, одан әрі аталған өкім бойынша Х.Н.Елеусизованың жер учаскесіне меншік құқығын беретін құжаттар рәсімделмеген.
Комиссияның 2007 жылғы 24 сәуірдегі №43782 шешіміне сай, Шымкент қаласы, Самал-3 шағын ауданы, №2681 мекенжайындағы тұрғын үй және ол орналасқан жер учаскесі Х.Н.Елеусизованың атына жария етіліп, кадастрлық №19-309-069-521, алаңы 0,08 га жер учаскесіне жеке меншік құқығын беретін акт рәсімделген.
Комиссияның 2007 жылғы 9 тамыздағы №57694 шешімі негізінде жауапкер М.К.Алибаевтың атына Шымкент қаласы, Самал-3 шағын ауданы, №2681 мекенжайындағы тұрғын үй және ол орналасқан жер учаскесі жария етіліп, алаңы 0,08 га жер учаскесіне кадастрлық №19-309-070-811 сәйкестендіру құжаты рәсімделген және салынған объектіні пайдалануға қабылдау актісі жасалған. 2007 жылғы 28 тамызда аталған құқық белгілеуші
құжаттар негізінде М.К.Алибаевтың кадастрлық №19-309-070-811 жер учаскесіне уәкілетті органда меншік құқығы тіркелген.
2014 жылғы 14 мамырдағы сатып алу-сату шарты негізінде М.К.Алибаевтың атынан сенімхат бойынша әрекет еткен Д.М.Утелбеков кадастрлық №19-309-070-811 жер учаскесін және онда орналасқан тұрғын үйді жауапкер Е.Б.Байсалға сатқан. Сол күні шартты нотариус К.А.Байгунусов куәландырған және шарт 2016 жылғы 5 қаңтарда тіркеуші органда тіркелген.
Корпорацияның Шымкент қаласы бойынша филиалының (бұдан әрі - Корпорация филиалы) 2024 жылғы 14 маусымдағы хатымен талап қоюшы Х.Н.Елеусизованың жерге орналастыру жобасын жасау жөніндегі өтініші және оған қоса тапсырылған құжаттары кері қайтарылған. Өтініштің кері қайтарылуына «Мемлекеттік жылжымайтын мүліктің бірыңғай кадастры» автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің графикалық дерекқорында және кадастрлық істегі мәліметтерге сай, өтініште көрсетілген мекенжайда кадастрлық №19-309-070-811 жер учаскесі орналасқаны негіз болған. Тиісінше, Х.Н.Елеусизоваға жер қатынастарынан туындайтын даулар сот тәртібімен қаралатыны түсіндірілген.
Сонымен қатар, Корпорация филиалының мамандары 2024 жылғы 19 қыркүйекте жасалынған жер учаскесін орналасқан орнында зерттеу актісінде Е.Б.Байсалдың арызы бойынша кадастрлық №19-309-070-811 жер учаскесіне 30 метрлік лентамен зерттеу жұмыстары жүргізілгені, зерттеу барысында жер учаскесін бөгде азаматтың қоршап алып, пайдаланып отырғандығы және онда тұрғын үй мен қосалқы құрылыс нысаны орналасқаны анықталғаны көрсетіліп, меншік иесіне жер қатынастарынан туындайтын даулар сот тәртібімен қаралатыны түсіндірілген.
Корпорация филиалының 2024 жылғы 16 қазандағы соттың ұйғарымына берген 2024 жылғы 4 қыркүйектегі жауабына сәйкес, Х.Н.Елеусизоваға тиесілі №19-309-069-521 жер учаскесіне Комисссияның 2007 жылғы 24 сәуірдегі №43782 шешімімен жеке меншік құқығы берілген. Жер учаскесінің сұлбасы меншік иесінің көрсетуімен жасақталған. Сондай-ақ, жер учаскесіне кадастрлық ісі жасалмауына байланысты оның нақты орналасқан орнын анықтау мүмкін болмаған.
Е.Б.Байсалға тиесілі кадастрлық №19-309-070-811 жер учаскесі бойынша координататтары белгілі, бірақ, өлшеулер басталған тірек нүктесі көрсетілмеуіне байланысты, жер учаскесінің шекарасы GPS геоқұрылғысының көмегімен анықталған. Аталған әдіспен анықтау барысында жер учаскесінің бір бөлігі Х.Н.Елеусизова салған 12мх12м тұрғын үй тұрған жер учаскесінде, ал, қалған бөлігі Б.З.Туркеевке тиесілі кадастрлық №19-309070-552 жер учаскесінде орналасқаны белгілі болған.
Бірінші сатыдағы сотта істі қарау барысында бұл анықталған мәнжайлар тараптар мен олардың өкілдерінің, Корпорация филиалының жерге
орналастырушы маманының қатысуымен өткен даулы жер учаскесін орналасқан орнында қарап зерттеу кезінде де өз дәлелін тапқан.
Атап айтқанда, жер учаскесін орналасқан орнында қарап зерттеу кезінде жауапкер Е.Б.Байсалдың тарапы 2007 жылғы 9 тамызда тұрғын үй мен жер учаскесі жария етілген уақытта жер учаскесінде қандай құрылыс объектісі болғанын және 2016 жылы қандай құрылыс объектісі құлатылғанын көрсетіп бере алмаған.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 265бабына сай, меншiк иесi болмағанымен, шаруашылық жүргiзу, оралымды басқару, тұрақты жер пайдалану құқығымен не заң құжаттарында немесе шартта көзделген өзге де негiзбен мүлiктi иеленушiнiң де осы Кодекстiң 259264-баптарында көзделген құқықтары болады. Бұл адамның өз иелiгiн меншiк иесiнен де қорғауға құқығы бар.
АК-нің 267-бабының 1-тармағында егер мемлекеттік органның не лауазымды адамның заңдарға сәйкес келмейтiн қалыпты немесе жеке құжат шығаруы салдарынан меншiк иесiнiң және басқа адамдардың өзiне тиесiлi мүлiктi иелену, пайдалану және оған билiк ету жөнiндегi құқықтары бұзылса, мұндай құжат меншiк иесiнiң немесе құқығы бұзылған адамның талап қоюы бойынша сот тәртiбiмен жарамсыз деп танылатыны қарастырылған.
АК-нің 158-бабының 1-тармағына сай, мазмұны заңнама талаптарына сәйкес келмейтін мәміле, сондай-ақ құқықтық тәртіп негіздеріне көрінеу қайшы келетін мақсатпен жасалған мәміле, егер осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, дауланатын мәміле болып табылады және сот оны жарамсыз деп тануы мүмкін. Жергілікті соттар 2004 жылдан бастап даулы жер учаскесі Х.Н.Елеусизованың ұдайы иеленіп, пайдалануында екендігіне және сол уақыттан бері оның жер учаскесін күтіп ұстау ауыртпалығында көтеріп келе жатқандығына дұрыс назарға алған.
Істің мұндай тұрғысында жергілікті соттар Х.Н.Елеусизованың Комиссияның 2007 жылғы 9 тамыздағы М.К.Алибаевтың жылжымайтын мүлікті жария ету туралы №57694 шешімін және 2014 жылғы 14 мамырдағы сатып алу-сату шартын негізді жарамсыз деп таныған.
Х.Н.Елеусизова даулаған 2007 жылғы 19 шілдедегі №37252 салынған объектіні қабылдау актісін жарамсыз деп тануға құқықтық негіз болмаған. Өйткені, 2016 жылғы 5 қаңтарда тіркеуші органда көрсетілген акті негізінде пайдалануға қабылданған объектіні құлату туралы қорытынды тіркелген.
Сондай-ақ Е.Б.Байсалға 2016 жылғы 5 қаңтарда жер учаскесіне өз меншік құқығын тіркеткен кезден бастап, оған қатысты даудың бар екендігі, жер учаскесі Х.Н.Елеусизованың иелігінде және пайдалануында екендігі, онда Х.Н.Елеусизова салған тұрғын үй құрылысы мен қосалқы құрылыстар орналасқандығы жөнінде нақты белгілі болғаны сотта нақты анықталған.
Е.Б.Байсалдың қарсы талабы соттармен негізді қанағаттандырудан бас тартылған. Өйткені ол Х.Н.Елеусизова мен Шымкент қаласының әкімдігіне Комиссияның 2007 жылғы 24 сәуірдегі №43782 шешімін жарамсыз деп тану, өз бетінше иеленіп алған тұрғын үй құрылысы мен қосалқы құрылыс нысандарын өз есебінен мәжбүрлі түрде бұзу, жерді қайтару туралы қарсы талаппен сотқа 2024 жылғы 4 қазанда, яғни, өзінің жер учаскесіне қатысты меншік құқығының бұзылғаны жайлы белгілі болған соң, сегіз жылдан астам уақыт өткеннен кейін ғана жүгінген.Соттар жауапкер Е.Б.Байсалдың даудың болуына байланысты, 2014 жылғы 14 мамырда жер учаскесін сатып алған кезден бастап, осы кезге дейін оны иеленіп-пайдалануға кірісе алмағанын орынды назарға алған.
АК-нің 177-бабының 1-тармағына сай, талаптың ескiруi - адам құқығының немесе заңмен қорғалатын мүдденiң бұзылуынан туындайтын талаптың қанағаттандырылуы мүмкiн болатын уақыт кезеңi.
АК-нің 179-бабының 3-тармағына сай, талап қойғанға дейiн талап қою мерзiмiнiң өтiп кетуi соттың талаптан бас тарту туралы шешiм шығаруына негiз болады.
Аталған заң нормаларына сәйкес бірінші сатыдағы сот Е.Б.Байсалдың қарсы талап қоюы бойынша жауапкер Х.Н.Елеусизованың мәлімдеуіне байланысты талап қоюдың ескіру мерзімі салдарын қолданып, қарсы талап қоюды қанағаттандырудан дұрыс бас тартқан.
Кассациялық шағымдағы уәждер материалдық құқық нормалары мен іс бойынша жинақталған дәлелдемелерді қайта бағалауға байланысты келтірілген. Істі қарау барысында жергілікті соттар тарапынан материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына жол берілмеген. Жауапкер өкілінің іс бойынша анықталған мән-жайлармен келіспеуі дауланып отырған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз бола алмайды.
Аталған негіздерге байланысты кассациялық сот дауланып отырған сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындыға келді.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылғы 5 желтоқсандағы шешімі және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 наурыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Жауапкер өкілінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші, судья: Ж.Рустембеков
Судьялар: Л.Мамырбаева В.Тохтарбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.