3пп-102/2021
ҚАУЛЫ
2021 жылғы 26 қараша Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші судья М.Ж. Бектұрғанов,
судьялар Ш.Т.Даниярова, Б.Р.Ералиева, С.А.Жармұхамбетова, Т.А.Ибрашев, Е.Ж.Исмаилов, Н.Ү.Қайыпжан,
талапкер М[...], жауапкердің өкілі Д[...] қатысуымен, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында бейнеконференцбайланысы арқылы ашық сот отырысында талапкер М[...] жауапкер «Түркістан облысының полиция департаменті» мемлекеттік мекемесіне 2019 жылғы 25 қаңтардағы № 87 ж/қ бұйрығының М[...] Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының қатарынан шығару туралы бөлігін заңсыз деп танып, күшін жою, бұрынғы қызметіне қайта орналастыру және лажсыз бос жүрген күндеріне жалақы өндіру туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған
Түркістан қалалық сотының 2019 жылғы 2 тамыздағы шешіміне, Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 24 қазандағы қаулысына және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 12 наурыздағы қаулысына келтірген Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынымымен түскен азаматтық істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талапкер М[...] жауапкер «Түркістан облысының полиция департаменті» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Департамент) бұйрықты заңсыз деп танып, оның күшін жою, бұрынғы қызметіне қайта орналастыру, лажсыз бос жүрген күндеріне жалақысын өндіру туралы талап қою арызымен сотқа жүгінген. Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 24 қазандағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған, Түркістан қалалық сотының 2019 жылғы 2 тамыздағы шешімімен талап қою арызы қанағаттандырылған.
Департаменттің 2019 жылғы 25 қаңтардағы № 87 ж/қ бұйрығының М[...] қатысты Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының қатарынан шығару туралы бөлігі заңсыз деп танылып, күші жойылған. Ж.М[...] ауданының ішкі істер бөлімі әкімшілік полиция бөлімшесі учаскелік полиция инспекторлары тобының учаскелік полиция инспекторы қызметіне қайта орналастырылған.
Департаменттен М[...] пайдасына лажсыз бос жүрген күндеріне 1 157 426 теңге жалақысы өндірілген.
Аталған сот актілері Жоғарғы Соттың азаматтық icтep жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 12 наурыздағы қаулысымен күшінде қалдырылған.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынымында іс бойынша қабылданған сот актілері құқық нормаларын түсіндіруде және қолдануда бірізділіктің бұзылуына байланысты оны қайта қарау мәселесі қойылған.
Сот алқасы жауапкердің өкілі Д[...] өтінішхатты қолдаған түсінігін, талапкер М[...] қарсы пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерделеп, ұсынымның уәждерін талқылай отырып, төмендегі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабы 6-бөлігінің 3) тармақшасына сәйкес қабылданған қаулы соттардың құқық нормаларын түсіндіруіндегі және қолдануындағы бірізділікті бұзатын жағдайлар заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіздер болып табылады.
Аталған іс бойынша қабылданған сот актілері соттардың құқық нормаларын түсіндіруіндегі және қолдануындағы бірізділік талаптарын бұзады.
АПК-нің 449-бабының 2-бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы сот заңдылық мүддесiнде өтiнiшхаттың, ұсынудың немесе наразылықтың шегiнен шығуға және шағым жасалған, наразылық келтірілген сот актісінің заңдылығын толық көлемде тексеруге құқылы.
Іс материалдарынан анықталғандай, Арыс ауданының ішкі істер бөлімінің 2018 жылғы 4 мамырдағы №122 бұйрығына сәйкес Ж.М[...] ауданы Монтайтас елді мекенінде орналасқан № 5-ші учаскелік полиция пунктіне бекітіліп, қызмет атқарған, жұмыс уақыты сағат 09:00-ден 23:00-ге дейін белгіленген.
Департаменттің 2019 жылғы 25 қаңтардағы № 87ж/қ бұйрығымен қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны үшін М[...] «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 80-бабы 1-тармағының 12) тармақшасы бойынша ішкі істер органдарының қатарынан шығарылған.
М[...] жұмыстан шығарылуымен келіспей, сотқа жүгінген.
Жергілікті соттар талап арызды қанағаттандыру туралы шешімдерін М[...] жол-көлік оқиғасын мас күйінде жасағаны анықталмаған, ол жұмыс орнын денсаулығына байланысты тастап кеткен және оған қатаң тәртіптік жауапкершілік қолданылған деп негіздеген.
Алайда, соттардың бұндай тұжырымымен келісуге болмайды.
Анықталғандай, М[...] 2019 жылдың 19 қаңтарында сағат 19.00-де басшылыққа баяндамай, қызмет ету аумағын өз бетінше қалдырып, Арыс қаласына «Лада-21214» маркалы МТНБ 0127/13 қызметтік автокөлікпен шығып, қызмет ету аумағынан тыс жерде, жол жүру ережелерін бұзып, жолдың қарама-қарсы бетіне шығып, Ә[...] басқаруындағы «ВАЗ-21070» маркалы МТНБ Х947HYN автокөлігімен соқтығысып, жол-көлік оқиғасын жасаған.
Орын алған жол-көлік оқиғасы салдарынан «ВАЗ-21070» автокөлігінің жүргізушісі Ә[...] және жолаушысы А[...], сондай-ақ М[...] дене жарақатын алып, Арыс ауданының орталық ауруханасына түскен.
Аталған жол-көлік оқиғасы бойынша бұқаралық ақпарат құралдарында сыни мақаласы бар бейнежазбалар жарияланған.
М[...] жасаған жол-көлік оқиғасының салдарынан азаматтардың денсаулығы мен мүлкіне, сонымен қатар мемлекет мүлкіне зақым келтірген және полиция қызметкерлеріне жат әрекеттер бейнеленген бейнежазбаның бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануына жол берген.
Жол-көлік оқиғасы бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі-ҚК) 345-бабының 1-бөлігімен М[...] қатысты қозғалған қылмыстық іс жәбірленушінің шағымы болмауына байланысты 2019 жылғы 31 наурыздағы қаулымен өндірісі тоқтатылған, яғни М[...] ҚК-нің 345бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыстың орын алуына себепкер болған.
Соттардың, М[...] өзін ауыр сезініп, қолы ұйып, қан қысымы көтерілгендіктен денсаулығы нашарлап, автокөлікті игере алмай, жол-көлік оқиғасын кенеттен жасаған деген тұжырымы негізсіз.
Себебі, психикалық белсенді заттарды пайдалану мен мастық күйін анықтау үшін өткізілген медициналық куәландырудың 2019 жылғы 19 қаңтардағы № 48 қорытындысында М[...] сөз саптауы дұрыс, сөйлеуі, тынысы, қозғалысы қалыпты, қан қысымы 130/90, қимылы тұрақты, саусақ дірілі жоқ, жедел жәрдемге зәру емес деп көрсетілген.
Сондай-ақ, 2019 жылғы 28 қаңтардағы № 299 сот молекулярлық-генетикалық сараптаманың қорытындысына сәйкес М[...] қан құрамында алкогольдің бар-жоғын анықтау мақсатында тағайындалған сот-химиялық сараптамасын өткізу үшін Шымкент қалалық психикалық денсаулық орталығына 2019 жылғы 21 қантарда жеткізілген қан, М[...] тиесілі емес екені анықталған.
Осыған байланысты, дәлелдемелерді бұрмалағаны үшін Департаменттің 2019 жылғы 3 мамырдағы бұйрығымен Арыс ауданы полиция бөлімінің анықтаушысы Т[...] лауазымынан босатылған.
Аталған жағдайлар, М[...] жол-көлік оқиғасын мас күйде жасамаған деген медициналық куәландырудың қорытындысын жоққа шығарады.
«Мемлекеттік қызмет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 44-бабының 6-тармағына сәйкес мемлекеттік қызметшінің осы заңның 50-бабы 1-тармағында көрсетілген тәртіптік теріс қылықтың қайсыбірін жасауы, егер ол қылмыстық жазаланатын іс-әрекет не әкімшілік құқық бұзушылық белгілерін қамтымаса, қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі тәртіптік жазаны заңда белгіленген тәртіппен қолдануға не қызметтен шығаруға әкеп соғады.
2019 жылғы 23 қаңтарда Департаменттің тәртіптік комиссиясында М[...] тәртіптік жауапкершілігі қаралып, оны ішкі істер органдары қатарынан шығару туралы шешім қабылданған.
Аталған мән-жайлар М[...] қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны үшін ішкі істер органдарының қатарынан негізді түрде шығарылғанын көрсетеді.
Сондықтан дауланып отырған бұйрықты бұзуға негіз болмаған. АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Түркістан қалалық сотының 2019 жылғы 2 тамыздағы шешімінің, Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 24 қазандағы қаулысының, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 12 наурыздағы қаулысының күші жойылсын.
Іс бойынша М[...] талап қою арызын қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдансын. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынымы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші
М. Бектұрғанов
Судьялар
Ш. Даниярова
Б. Ералиева
С. Жармұхамбетова
Т. Ибрашев
Е. Исмаилов
Н. Қайыпжан
Көшірмесі дұрыс. Судья
С. Жармұхамбетова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.