Қ А У Л Ы
№6003-26-00-2к/524
2026 жылғы 28 сәуір Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші судья А.К.Есдаулетов, судьялар С.С.Абдигалимов, Н.Б.Ормаханов болып,
талап қоюшы өкілдері К[...] мен К[...],
жауапкер өкілі С[...] қатысуларымен, бейне-байланыс құрылғысы арқылы, ашық сот отырысында Түркістан қаласының ауданаралық сотының 2025 жылғы 17 қазандағы шешімі мен Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 желтоқсандағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен,
талап қоюшы Б[...] жауапкерлер «Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне, «Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің «Б.Қонысбаев» кеден бекетіне жұмыстан шығару туралы бұйрықты заңсыз деп танып күшін жою, бұрынғы жұмысына қайта орналастыру және бос жүруге мәжбүр болған уақыты үшін жалақысын өндіру жөніндегі электрондық азаматтық істі қарап,
Б[...] сотқа талап қоюмен жүгініп, онда заңсыздығына байланысты «Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Департамент) 2025 жылғы 30 шілдедегі №242-т бұйрығын заңсыз деп танып күшін жоюды, өзін бұрынғы «Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің «Б.Қонысбаев» кеден бекетінің жетекші маманы лауазымына қайта орналастыруды, бос жүруге мәжбүр болған күндеріне 1 029 678 теңге жалақасын өндіруді сұраған.
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 желтоқсандағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған, Түркістан қаласының ауданаралық сотының 2025 жылғы 17 қазандағы шешімімен Б[...] бұл талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.
О[...] Б[...] заңмен белгіленген мемлекеттік қызметте болуға байланысты шектеулерді сақтамай, қызметке орналасқаннан кейін коммерциялық ұйымды басқаруға қатысқаны негіз болған. Талап қоюшы кассациялық шағымында, материалдық құқық нормаларының бұзылуына, сот түйіндерінің істің мән-жайларына сәйкес келмеуіне, коммерциялық ұйымның қызметін жүзеге асырмайтын заңды тұлға болып табылатыны, онда үлесі болғанымен кәсіпкерлікпен айналысып табыс таппағаны ескерілмеуіне, қызметтік тергеудің кешіктіріліп тағайындалуы, оған тікелей басшылардың тартылмауы, комиссия отырысы туралы белгіленген мерзімде хабарланбағандықтан, талап қоюын қанағаттандыруды сұраған.
Жауапкер кассациялық шағымға байланысты пікірінде, талап қоюшының уәждерімен келіспей, оның талаптары мен қарсылықтарының негізі ретінде сілтеме жасаған мән-жайлары іс құжаттарымен жоққа шығарылғандықтан, шағым берілген сот актілерін күшінде қалдыруды сұраған.
Кассациялық сот істегі бар дәлелдемелерді зерттеп, тараптардың түсінігін тыңдап, кассациялық шағымның дәлелдерi шегiнде соттар шығарған сот актiлерiнiң заңдылығын тексерiп, шағым уәждерін талқылап, төмендегідей тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әріАПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Анықталғаны, Б[...] 2021 жылғы 26 шілдеде №197-ж бұйрығымен Департаменттің «Сарыағаш» стансасының кеден бекетінің жетекші маманы міндетін атқарушы болып жұмысқа қабылданып, сәйкесінше мемлекеттік қызметте болуға байланысты шектеулерді қабылдаған. Онда өзінің коммерциялық ұйымдарда құрылтайшы еместігін көрсеткен. Кейіннен, 2022 жылғы 5 қаңтарынан 2025 жылғы 30 шілдесіне дейін Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің «Б.Қонысбаев» кеден бекетінде жетекші маман лауазымын атқарған. Департаменттің Адам ресурстары басқармасының 2025 жылғы 25 маусымда №ВН-МКД-03-2-18/4734 қызметтік хаты негізінде жүргізілген қызметтік тергеп-тексерудің қорытындысымен, Б[...] 2016 жылғы 6 мамырдан бастап «AWAT[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде (бұдан әрі-Серіктестік) 25 % үлесі тіркеуде тұрғаны анықталған.
Бұл мәселе Департаменттің тәртіптік комиссиясында қаралып, оның 2025 жылғы 28 шілдедегі №18 хаттамалық шешімімен Б[...] атқаратын мемлекеттік лауазымыман шығару түріндегі тәртіптік жазасының қолданылуы ұсынылған.
Департаменттің «Тәртіптік жаза қолдану туралы» 2025 жылғы 30 шілдедегі № 242-т бұйрығы негізінде, сол күнгі № 343-ж/қ бұйрығымен Б[...] «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы» Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашадағы № 416-V Заңының (бұдан әрі-Заңы) 61-бабының 1-тармағының 8) тармақшасына сәйкес заңда белгіленген шектеулері сақтамағаны үшін жұмыстан шығарылған.
Заңның 13-бабының 1-тармағының 3) тармақшасының талабы бойынша (мемлекеттiк қызметте болуға байланысты шектеулер) мемлекеттік қызметші коммерциялық немесе коммерциялық емес ұйымды басқаруға қатысуға құқылы емес.
Осы баптың 2-тармағына сәйкес мемлекеттік қызметші лауазымға орналасқан күнінен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде, өздеріне меншік құқығында немесе өзге де заттай құқықта тиесілі, пайдаланылуы кіріс алуға алып келетін мүлікті мемлекеттік қызметті өткеру уақытында сенімгерлік басқаруға беруге және көрсетілген мерзімде жұмыс орны бойынша персоналды басқару қызметіне (кадр қызметіне) мүлікті сенімгерлік басқару шартының нотариат куәландырған көшірмесін ұсынуға міндетті.
Алайда, Б[...] мемлекеттік қызметке орналасқаннан кейін аталған әрекеттер жасалмаған, Серіктестіктегі үлесі басқа тұлғаға сенімгерлік басқаруға берілмеген, иелігінен шығарылмаған, керісінше жұмысқа орналасқандағы 2021 жылғы 26 шілдедегі міндеттемесінде коммерциялық ұйымдарда үлесінің жоғын көрсеткен.
Өз кезегінде, жоғарыда аталған даулы бұйрықты қабылдауға негіз болған Заңның 61-бабының 1-тармағының 8) және одан бөлек 9) тармақшаларының талаптарына сәйкес (мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердiң мемлекеттiк қызметтi тоқтатуы), Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген мiндеттерді және (немесе) шектеулердi сақтамауы, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, пайдаланылуы кіріс алуға алып келетін мүлікті сенімгерлік басқаруға бермеуі мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердiң мемлекеттiк қызметтi тоқтатуына негіз болып табылады.
Сондықтан кассациялық шағымның уәждері іс бойынша шығарылған сот актілерінің мәніне әсер етпейді және олар негізсіз болып табылады.
Аталған шектеулер заңда тікелей көзделгендіктен, кәсіпкерлік ұйымның іс жүзінде әрекет етіп, оның табыс таппауының маңыздылығы жоқ.
Қызметтік тергеп-тексеру мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану Қағидаларының талаптарына сай жүргізілген, талап қоюшымен оның қорытындысымен анықталған мән-жайлардың шынайылығы дауланбаған, пайымдауы бойынша тергеп-тексеру жүргізуде орын алған бұзушылықтар іс құжаттарымен расталмаған.
Кассациялық шағымда қайталап келтірілген уәждерге шағым берілген сот актілерінде тиісті және дұрыс құқықтық баға берілген. Соттардың тұжырымдары жан-жақты зерттелген дәлелдемелерге және тараптардың арасында туындаған құқықтық қатынасқа қолдануға жататын тиісті материалдық құқық нормаларына негізделген. Сондықтан, сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Түркістан қаласының ауданаралық сотының 2025 жылғы 17 қазандағы шешімі мен Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 желтоқсандағы қаулысы күшінде, талап қоюшы Б[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Кассациялық сатыдағы сот қаулысы ол жарияланған күнінен бастап заңды күшiне енедi.
Төрағалық етуші А.Есдаулетов
Судьялар Н.Ормаханов
С.Абдигалимов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.