6кп-8-19
Қ А У Л Ы
2019 жылғы 14 наурыз Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші судья А. Қыдырбаева,
судьялар Г. Әлмағамбетова, М. Балкен,
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Департамент бөлімінің прокуроры Т[...],
әкімшілік жауаптылыққа тартылған тұлғаның қорғаушысы М[...] 2018 жылғы 26 мамырдағы ордері негізінде,
Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара кызметінің «2037 әскери бөлімі» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Бөлім) өкілдері: О[...] 2018 жылғы 29 қазандағы сенімхаты негізінде, Р[...] 2019 жылғы 21 ақпандағы сенімхаты негізінде қатысуымен,
кассациялық тәртіппен ашық сот отырысында Оңтүстік Қазақстан облысы, [...] сотының 2017 жылғы 17 қарашадағы және Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2017 жылғы 06 желтоқсандағы қаулыларына Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты мамандандырылған сот алқасы төрағасының ұсынуымен келіп түскен
Т[...] (TUYMURADOV BATIRBEK JUMAYEVICH) қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі (бұдан әрі - ӘҚБтК) 513-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,
Оңтүстік Қазақстан облысы, [...] сотының 2017 жылғы 17 қарашадағы қаулысымен Т[...] ӘҚБтКнің 513-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған Қазақстан Республикасы шегінен әкімшілік жолмен шығарып жіберу туралы және 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш, яғни 11 345 теңге мөлшерінде айыппұл салу жазасы тағайындалған.
Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2017 жылғы 06 желтоқсандағы қаулысымен аталған сот актісі өзгеріссіз қалдырылған.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандырылған сот алқасының төрағасы ұсынуда соттардың құқық нормаларын түсіндіруде
және қолдануда бірізділіктің бұзылуына байланысты кассациялық тәртіппен іс бойынша шығарылған сот актілерін қайта қарауды ұсынады.
Ұсынуды қолдаған прокурор Т[...], әкімшілік жауаптылыққа тартылған тұлғаның қорғаушысы М[...] пікірлерін, керісінше қанағаттандырусыз қалдыру туралы Бөлімнің өкілдері қарсылығын тыңдап, іс материалдарын зерделеп, мамандандырылған сот алқасы келесі тұжырымға келді.
Жергілікті соттардың қабылдаған қаулылары ӘҚБтК-нің 851бабының 5-бөлігінде көзделген кассациялық тәртіппен қайта қарауға жатады, себебі соттардың құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзады.
Әкімшілік іс-құжаттарына сәйкес, Өзбекстан Республикасының азаматы Т[...] 2017 жылғы 17 қарашада Оңтүстік Қазақстан облысы, [...] орналасқан «Жетісай» шекара бақылау бекетінің аумағында паспорттық бақылауды өткеннен кейін Қазақстан Республикасына кері қайтып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пунктіндегі режимді бұзған. Осы факт бойынша оған қатысты ӘҚБтК-нің 513бабының 2-бөлігімен әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, сотқа қарау үшін жолданған.
ӘҚБтК-нің 513-бабының 2-бөлігімен әкімшілік жауапкершілік шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам Казақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттеріндегі режимді адамдардың көлік құралдарының өткізу пункттеріне кірудің, оларда болудың, жүріптұрудың және олардан шығудың, жүктер мен тауарларды әкелудің, орналастырудың, орнын ауыстырудың, әкетудің, шаруашылық және өзге де қызметте жүзеге асырудың белгіленген тәртібін сақтамаудан көрінетін бұзушылық үшін туындайды.
Жергілікті соттар Т[...] кінәсі сот мәжілісінде мойындалған және зерттелген істегі дәлелдемелермен толық дәлелденген деген тұжырымға келіп аталған тұлғаны әкімшілік жауаптылыққа тартқан.
Алайда соттардың әкімшілік жауаптылыққа тарту жөніндегі қаулылары негізсіз және заңсыз болып табылады. Іс материалдарына тіркелген «Жетісай» шекара бақылау бөлімшесінің (бұдан әрі - «Жетісай» ШББ) схемасы ӘҚБтК-нің белгіленген нормаларына қайшы келеді, оны әзірлеген лауазымды тұлғаның, әкімшілік жауаптылыққа тартылған тұлғаның, куәгерлердің қолдары қойылмаған. Яғни құқықбұзушы Т[...] және оның көлігінің қашан және қай жерде тұрғаны, оның шығу залынан кіру залына қай жерден жүріп өткені көрсетілмеген.
Көрсетілген жағдайлар аталған схеманың кейіннен әзірленіп, «Жетісай» ШББ-нің басшысы С[...] қол қойғанын дәлелдейді.
«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы» 2013 жылғы 16 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 33-бабына
сәйкес, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі өткізу пунктінде қызметін өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын мемлекеттік кіріс органдарымен және өзге де органдармен, сондай-ақ көлік ұйымдарымен келісу бойынша:
өткізу пунктінде адамдар мен көлік құралдарының жүріп-тұру, жүктер мен тауарлардың өткізілу схемасын, сондай-ақ қызметтік көліктің жүріп-тұру тәртібі мен тұрақ орындарын айқындайды;
шекаралық және басқа да бақылау түрлері жүзеге асырылатын үйжайлар мен өзге де орындарға, сондай-ақ шетелге бара жатқан көлік құралдарына қол жеткізу тәртібін белгілейді;
өткізу пунктінде белгіленген режимнің орындалуын бақылау шараларын әзірлейді және қамтамасыз етеді.
Заңмен өткізу пункттеріндегі режим - адамдардың, көлік құралдарының өткізу пункттеріне кіру, оларда болу, жүріп-тұру және олардан шығу, жүктер мен тауарларды әкелу, орналастыру, өткізу, әкету тәртібі белгіленеді. Адамдар мен көлік құралдарының өткізу пункттеріне кіруінің және олардан шығуының, сондай-ақ жүктерді, тауарларды әкелу мен әкетудің белгіленген орындары өткізу пункттерінде жүзеге асырылатын шекаралық, кедендік және өзге де бақылау түрлерін ұйымдастыру үшін қажетті ғимараттарды, үй-жайлар мен құрылыстарды салуға, реконструкциялауға, жабдықтауға және техникалық жарақтандыруға қойылатын талаптарға сәйкес жабдықталуы тиіс.
Өткізу пунктінің шектеріне енгізілген аумақтың учаскелері қоршалуы немесе белгіленуі тиіс. Өткізу пункттерінде режимді қамтамасыз ету жеке және заңды тұлғалардың өткізу пункттерінде режим ережелерін сақтауына жағдай жасау үшін қажетті тұрақты іс-шаралар кешенін қамтиды.
Т[...] Қазақстан Республикасындағы туыстарына келіп хабарласып, кейін Өзбекістан Республикасына қайту үшін 2017 жылғы 17 қараша күні сағат 15:14-те өзінің басқаруындағы Қазақстанда тіркелген мемлекеттік белгісі 01 [...] «Кобальт» маркалы автокөлігімен Оңтүстік Қазақстан облысы, [...] орналасқан «Жетісай» шекара бақылау бекетіне келіп,автокөлігін қойып, бақылау бекетінің ішіне кіріп, декларация тапсырып, өзінің автокөлігімен жүргенін көрсетіп, паспорттық бақылаудан өткеннен кейін өзінің қалдырып кеткен автокөлігін тексеруден өткізу үшін автокөлікке бара жатқан кезде шекара қызметкерлері заңды бұзғанын айтып, оны тоқтатқан.
Алайда, Оңтүстік Қазақстан облысы, [...] орналасқан «Жетісай» шекара бақылау бекетінен автокөлікпен өту үшін бірінші адамның өз автокөлігін қойып, паспорттық бақылау бекетіне барып, декларация толтырып, өзінің автокөлігі бар екенін айтып, кейін автокөлігін кеден бекетінен алып өтіп жүреді.
Алқа отырысында Бөлім өкілі өткізу пунктінің ғимаратында кіру және шығу залдарын бөлетін қоршаулар жоқ екенін түсіндірді. Келушілер көп жиналған кезде олар үшін бір залдан екінші залға ауысуға және кезекті күтуге болады. Бұл Т[...] өз іс-әрекеттерінде ӘҚБтКнің 513-бабының 2-бөлігінде көзделген құқық бұзушылық жасауға ниетінің жоқтығы туралы өтінішхатының дәлелдерін растайды.
Өткізу пункті қызметкерлерінің залдардан өтуді, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама мен қаулыны тиісінше ресімдеу жөніндегі ӘҚБтК-нің 803, 822-баптарының талаптарын орындамауды болдырмайтын пунктті жайластыру жөнінде шаралар қолданбағанын ескере отырып, алқа кассациялық өтініш дәлелдерінің негізділігі туралы қорытындыға келеді.
Құқық бұзушы Т[...] түсінік берген кезде өзінің заңды бұзбағанын, бірінші кеден бекетінен декларация толтырып, автокөлігі барын, кеден бекетінің жанында тұрған автокөлігін алып өтіп жүргенін, кеден бекетінің барлық жерінде бейнекамералар және қызметкерлер иттерімен тұратынын айтып көрсеткен.
Яғни бұл жерде Т[...] тарапынан ешқандай заң бұзушылық орын алмаған, өйткені кеден бекетіндегі паспорттық режимнен өткеннен кейін автокөлігін тексеруден өткізу үшін барған кезде оған негіссіз әкімшілік хаттама толтырылған.
ӘҚБтК-нің 11-бабының 1-бөлігіне сәйкес, жеке тұлға кiнәсi анықталған құқық бұзушылықтары үшiн ғана әкiмшiлiк жауаптылыққа жатады. Жеке тұлғаның кiнәсiз зиян келтiргені үшiн объективтi кiнә тағуға, яғни әкiмшiлiк жауаптылыққа жол берiлмейдi.
ӘҚБтК-нің 741-бабының 1-бөлігінің 2)-тармақшасына сәйкес, әкiмшiлiк құқық бұзушылық құрамының болмауы кезінде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзудi бастауға болмайды, ал басталған iс тоқтатылуға жатады.
Жоғарыда көрсетілгендердің негізінде Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 851-бабын басшылыққа алып, мамандандырылған сот алқасы,
Оңтүстік Қазақстан облысы, [...] сотының 2017 жылғы 17 қарашадағы және Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2017 жылғы 06 желтоқсандағы қаулыларының күші жойылсын.
Әкiмшiлiк құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты Т[...] (TUYMURADOV BATIRBEK JUMAYEVICH) қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық
бұзушылық туралы кодексінің 513-бабының 2-бөлігі бойынша іс жүргізу тоқтатылсын. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты мамандандырылған сот алқасы төрағасының ұсынуы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші
А. Қыдырбаева
Г. Әлмағамбетова
Судьялар
М. Балкен
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.