Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 18.02.2026 по делу 6003-25-00-2к/3738 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 18 ақпан №6003-25-00-2к/3738 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот, құрамында: төрағалық етуші судья Ғ.Б.Бастаубаев, судьялар А.Б.Тоқсанбаев, А.А.Даненова,

аудармашы М.Ж.Әбіш, талап қоюшы Н.Жанас, талап қоюшының өкілдері К.К. Аубакиров, Ж.Е.Туяков, жауапкер А.Хадай, оның өкілі Ж.С.Аубакиров, үшінші тұлғалар: Н.Жанас, М.Жанас, жеке нотариустың өкілі А.Т.Алимовтің қатысуларымен ашық сот отырысында талап қоюшы Нурлан Жанастың жауапкер кәмелетке толмаған Еңлік Жанастың заңды өкілі Амиша Хадайға сыйға тарту шартын жарамсыз деп тану туралы талап қоюымен қабылданған Астана қаласының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2025 жылғы 10 ақпандағы шешіміне және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 10 сәуірдегі қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымы бойынша келіп түскен электрондық азаматтық істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы:

Н.Жанас сотқа аталған талап қоюымен жүгінген. Астана қаласының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2025 жылғы 10 ақпандағы шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.

Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 10 сәуірдегі қаулысымен шешім күшінде қалдырылған.

Кассациялық шағымда талап қоюшы сот шешімдерімен келіспей, соттар тарапынан материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданбағандығын және сот қорытындыларының істің мән-жайларына сәйкес келмейтіндігін көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы шешім қабылдауды сұраған.

Талап қоюшының, оның өкілдерінің және үшінші тұлғалардың кассациялық шағымды қолдайтын уәждерін, жауапкер және оның өкілінің, жеке нотариустың өкілінің шағымға қарсылықтарын тыңдап, істің құжаттары мен шағымның дәлелдерін зерттеп, сот келесі қорытындыға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

АПК-нің 449-бабының 1-бөлігіне сәйкес, істi кассациялық тәртiппен қарау кезiнде сот iстегі материалдар бойынша кассациялық шағымның,

наразылықтың дәлелдерi шегiнде соттар шығарған сот актiлерiнiң заңдылығын тексередi.

Төменгі сатыдағы соттар жоғарыда көрсетілген мән-жайларды және заң талаптарын негізге алып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы негізді тұжырымға келген.

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі-АК) 147-бабына сәйкес азаматтар мен заңды тұлғалардың азаматтық құқықтары мен мiндеттерiн белгiлеуге, өзгертуге немесе тоқтатуға бағытталған әрекеттерi мәмiлелер деп танылады. АК-нің 506-бабы 1-тармағында көрсетілгендей сыйға тарту шарты бойынша бiр тарап (сыйға тартушы) басқа тараптың (сыйды алушының) меншiгiне затты не өзiне немесе үшiншi тұлғаға мүлiктiк құқықты (талапты) тегiн бередi немесе беруге мiндеттенедi не оны үшiншi тұлғаның алдындағы мүлiктiк мiндеттен босатады немесе босатуға мiндеттенедi.

АПК-нің 72-бабына сәйкес, яғни әр тарап өзінің талаптары мен қарсылықтарының негізі ретінде сілтеме жасайтын мән-жайларды дәлелдеуге, қорғану құралдарын пайдалануға, фактілерді растауға, оларға дау айтуға, процесті адал жүргізуге сәйкес келетін және іс жүргізуге жәрдемдесуге бағытталған дәлелдемелерді және дәлелдемелерге қарсы қарсылықтарды сот отырысында келтіруі тиіс.

Талап қоюшының даулы келісімді бекіту ережелері бұзылғандығы туралы дәлелдемелері сотқа берілмеген.

Н.Жанас және А.Хадай 2010 жылғы 20 тамыздан заңды некеде тұрған, ортақ некеден 2011 жылы 24 желтоқсанда туған Еңлік, 2014 жылы 10 желтоқсанда туған Кәусар атты кәмелетке толмаған қыздары бар.

2024 жылғы 11 шілдедегі заңды күшіне енген сот шешімімен тараптар арасындағы неке бұзылып, кәмелетке толмаған балалардың анасымен бірге тұруы белгіленген.

2024 жылғы 2 наурыздағы сыйға тарту шарты бойынша талап қоюшы кәмелетке толмаған үлкен қызы Е.Н.Жанасқа Астана қаласы, Бектұров көшесі №9 үй, 241 пәтерді сыйға тартқан (бұдан әрі-даулы шарт, пәтер).

Талап қоюшы шартқа өзі нотариусқа барып, қолын қойғанын мойындады. Тараптар сыйға тарту шартын орындаған, 2024 жылғы 2 наурыздан бастап, жылжымайтын мүлік талап қоюшының үлкен қызы Е.Н.Жанастың жеке меншігіне тіркеліп, сол пәтерде жаңа меншік иесі заңды өкілі анасымен және бауырымен бірге тұрады, қызмет көрсету ауыртпалығын көтеруде. Осылайша, талап қоюшының даулы пәтерді сыйға алушы Е.Н.Жанастың жеке меншігіне беруге ерік білдіруі дәлелденген.

Осы ретте, талап қоюшының түсініктемелері сыйға тартушының пәтерде тұру және тұрғын үйді пайдалану құқығын сақтау бойынша қарсы міндеттеменің болуын көрсетпейді. Керісінше даулы шартта өтемдік сипаттың жоқтығын көрсетеді.

Шағымдағы даулы шартқа қол қойған кезде арақ ішкен мас жағдайда болдым деген уәждерін растау үшін талап қоюшы алкогольдік улану дәрежесін анықтау туралы медициналық сараптамалық қорытындысын дәлел ретінде сотқа ұсынбаған. Сонымен қатар, сот мәжілісінде талап қоюшының жауапкермен бірге өз еркімен, жеке нотариусқа өзінің автокөлігімен барғаны, ешқандай мәжбүрлеу көрсетілмегені жауапкер және жеке нотариустың түсініктемелерімен анықталды.

Бірінші сатыдағы сотта нотариус Д.Е.Абееваның берген жауабында тараптар өздері кеңсеге келгенін, сыйға тартушы Нурлан Жанас және сый алушының заңды өкілі Хадай Амиша орыс тілінде сөйлегенін, отбасылық қатынастары тексерілгенін, сыйға тартушының жеке меншігіне тіркелген пәтердің құжаттарын 2023 жылғы 11 наурыздағы сыйға тарту шартын нотариус орыс тілінде куәлендіргенін, 2024 жылғы 2 наурыздағы шартты тараптар толық асықпай оқып шыққандарын, сол шарттың мазмұнын түсіндіргенін, тараптар аудармашының көмегін сұрамағанын, нотариустың әрекетіне шағым келтірілмегенін айтып көрсеткен.

АК-нің 392-бабы 1-тармағына сәйкес сот шарт ережелерiн түсiндiрген кезде ондағы сөздер мен сөйлемдердiң сөзбе-сөз мәнi ескерiледi. Шарт ережесiнiң сөзбе-сөз мәнi түсiнiксiз болған ретте ол бүкiл шарттың басқа ережелерiмен және мағынасымен салыстыру арқылы анықталады.

Даулы шарттың 5,6-тармақтарында тараптар келесіні растап, қолдарын қойған: «қол қойғанда әрекет қабілеттілігінің шектелмегенін, есірткімен, уытпен, ішімдікпен мас жағдайда емес екендігін, денсаулығының жағдайы бойынша өз құқықтарын жүзеге асырып, қорғай алатынын және міндеттерін орындай алатынын растайды, қол қоятын шарттың мәнін түсінуге кедергі келтіретін сырқатқа шалдықпағанын, сондай-ақ жаңылу, алдау, зорлықзомбылық, арам ниеттті келісім немесе түрлі жағдайлардың кездесуі ықпал етпегенін; осы шарттың мәтінін оқып шығып, шын ниеттеріне сәйкес келеді, жасалынып жатқан нотариалдық іс-әрекеттің құқықтық салдары белгілі, нотариус түсіндіріп шықты, АК-нің 118, 154-155, 188, 235, 238, 506, 508-512 - баптардың, Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы Қазақстан Республикасының Кодексінің 34-бабы, 18-баптың 1,2-тармақтарының мазмұнын, нотариус Қазақстан Республикасының «Нотариат туралы» Заңының 52-53 баптарын түсіндірді».

Осылайша даулы шарттың еркінен тыс жасалғаны туралы талап қоюшының уәжі шындыққа жанаспайтыны дәлелденген. Аталған мән-жайлар сотта тексеріліп, оларға дұрыс құқықтық бағалар берілген. Сот өзінің тұжырымдарында жан-жақты және толық қарауға негізделген дәлелдемелерді басшылыққа алған.

Даулы келісімді бекіту күні талап қоюшы масаң күйде болғаны және орыс тілін білмейтіндігі жөніндегі уәждері іс материалдарымен және тараптардың берген түсініктемелерімен теріске шығарылған.

АПК-нің 451-бабы 4-пунктіне сай кассациялық сатыдағы сот сот актілерінде көрсетілмеген не ол жоққа шығармаған мән-жайларды белгілеуге немесе дәлелденген деп есептеуге құқылы емес. Сондықтан талап қоюшының шағымға тіркеген полиция қызметкерлеріне түсініктеме беру дискілері, 2026 жылғы 14 қаңтардағы дайындалған маман қорытындылары іске тіркелуге жатпайды.

АПК-нің 68-бабы 1-бөлігі бойынша әрбір дәлелдеме оның қатыстылығы, жарамдылығы, анықтығы ескеріле отырып, ал барлық жиналған дәлелдемелер жиынтығы азаматтық істі шешу үшін жеткіліктілігі тұрғысынан бағаланып, куә Хуанған Тосонбайдың досы Нурлан Жанасты үйіне 2024 жылғы науыздың 1- нен 2-не қараған түнде мас күйінде әкеліп тастадым деген жауабы бірінші сатыдағы сотта сын көзбен бағаланған.

Шағымдағы «өсиеттің орнына орысша білмегендіктен жаңылысып, пәтерді сыйға тарттым» - деген талап қоюшының уәждері бірінші сатыдағы сотта талқыланып, заңды құқықтық баға берілген.

2023 жылғы 11 наурызда даулы пәтерді талап қоюшыға інісі сыйға тартқан, сол шарт орыс тілінде жасалып, орындалған. Осыдан кейін, Н.Жанас жылжымайтын мүлікті өз атына тіркеп, мүлік иесі ретінде даулы келісімді бекіткен. Сыйға тарту шартының өсиеттен айырмашылығы пәтер түпкілікті және қызының меншігіне көшетінін талап қоюшы біліп, түсінген. Содан кейін сотқа жүгініп, сыйға тарту шартын жарамсыз деп тануға негіздеме ретінде ерлі-зайыптылардың арасында болған мән-жайларды келтіргені шартты жарамсыз ете алмайды.

Төменгі сатыдағы соттар істің мән-жайын толық анықтап, құқықтық баға беріп, заң нормаларын дұрыс қолданып, негізді және заңды сот актілерін қабылдаған. Іс нәтижесіне әсер еткен материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуын, шағымда көрсетілген уәждер растамайды. Талап қоюшының кассациялық шағымдағы уәждері сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз болып табылмайды. Сондықтан талап қоюшының шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І :

Астана қаласының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2025 жылғы 10 ақпандағы шешімі және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 10 сәуірдегі қаулысы осы іс бойынша күшінде, талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын. Төрағалық етуші, судья Ғ.Б.Бастаубаев

Судьялар А.Б.Тоқсанбаев

А.А.Даненова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.