ВС РК - Постановление от 09.12.2022 по делу 6001-22-00-6кп/94 (Об административном правонарушении)

6кп-94-22

Қ А У Л Ы

2022 жылғы 9 желтоқсан Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші - судья А.Қ. Қыдырбаева,

судьялар М. Таймерденов, Б.Б. Шермұхаметов,

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының прокуроры Т[...],

жәбірленуші С[...],

өзіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалған тұлға Т[...] қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында кассациялық тәртіппен аудио-бейне жазба құралдарын қолданып, ашық сот отырысында Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Төрағасының ұсынуымен келіп түскен Т[...] қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 610-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы:

Түркістан облысы Отырар аудандық сотының 2022 жылғы 21 шілдедегі қаулысымен Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 610-бабының 1-бөлігі бойынша Т[...] қатысты қозғалған іс әкімшілік құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылған.

Түркістан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 16 тамыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот қаулысының күші жойылған. Т[...] ӘҚБтК-нің 610-бабының 1-бөлігімен қозғалған іс бойынша кінәлі деп танылып, оған 61 260 теңге айыппұл түріндегі әкімшілік жазасы тағайындалған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Төрағасының ұсынуында сот қабылдаған қаулылары соттардың құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануындағы бірізділікті бұзатындығы туралы көрсетілген. Ұсынуды қолдаған Т[...] пен С[...], прокурор Т[...] сот актілерінің күшін жойып, іс қайта сот қарауына жолдансын деген қорытындысын тыңдап, іс материалдарын зерделеп, сот алқасы мынадай тұжырымға келеді. ӘҚБтК-нің ӘҚБтК-нің 851-бабының 5-бөлімінің 3) тармағына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша қаулыларды кассациялық тәртіппен қайта қарауға қабылданған қаулы соттардың, уәкілетті органдардың (лауазымды адамдардың) құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзатын жағдайлар негіздер болып табылады.

Қаралып жатқан іс бойынша осындай негіз орын алады. Іс материалдарына сәйкес, Т[...] 2022 жылғы 19 маусымда сағат 22.30 шамасында Отырар ауданы, Темір ауылы тас жолының бойында «[...]» маркалы көлік құралын басқара отырып, жылқы малын соққандығы, содан кейін жылқы малы қарсы бағытта келе жатқан С[...] басқаруындағы «CHEVROLET MALIBU» маркалы автокөлігімен соқтығысып, көлік құралдарына материалдық залал келтіргені анықталған. Осы факт негізінде оған қатысты ӘҚБтК-нің 610-бабының 1-бөлігімен әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, сотқа қарау үшін жолданған. Бірінші сатыдағы сот істі әкімшілік құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтата отыра, Түркістан облысының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының «Оңтүстік жолдары» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының (бұдан әрі - «Оңтүстік жолдары» кәсіпорны) 2022 жылғы 20 шілдедегі №09/730 хатына сілтеме жасай отыра, жол-көлік оқиғасы болған жерде 1,24 (Мал айдау) және 3.24 (Жылдамдықты шектеу) жол белгілері қойылмаған, іс материалдарындағы фототүсірілімдерге сәйкес «[...]» маркалы көлік құралы жылқы малын соқпаған, керісінше жылқы малы шауып келіп автокөліктің оң жақ алдыңғы крылосына соқтығыс жасаған деген тұжырымға келген.

Апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың қаулысының күшін жоя отыра, Т[...] әкімшілік жауапкершілікке тарта отыра, оның кінәсі іс материалдарындағы айғақтарымен, оқиға орны бойынша жасақталған хаттамамен, жол көлік оқиғасы сызбасымен, «Оңтүстік жолдары» кәсіпорнының 2022 жылғы 20 шілдедегі № 09/730 санды және 2022 жылғы 29 шілдедегі № 10/780 санды адвокаттық сұраныс хатына жауабымен бекітілгенін негізге алған.

Алайда жергілікті соттардың қаулылары заң талаптарына қайшы келеді.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 13 қарашадағы №1196 қаулысымен бекітілген Жол жүрісі қағидаларының (бұдан әрі - Жол жүрісі қағидаларының) 10-бөлімінің 1-тармағына сәйкес жүргізуші көлік құралын белгіленген шектеуден аспайтын жылдамдықпен, мұндайда жүріс үдемелілігін, көлік құралы мен жүктің ерекшелігін және жай-күйін, жүру бағытындағы көрінуге қатысты жол және метеорологиялық жағдайларды ескере отырып жүргізеді. Жылдамдық жүргізушіге Қағидалардың талаптарын орындау үшін көлік құралының жүрісіне тұрақты түрде бақылау жасауына мүмкіндік беруін қамтамасыз етеді.

Жүруге жүргізуші анықтай алатындай кедергі және (немесе) қауіп туған жағдайда, ол жылдамдықты тоқтатуға дейін азайтуға немесе жол жүрісіне басқа қатысушылар үшін қауіп төндірмей, кедергіні айналып өтуге шаралар қолданады.

Алайда жол-көлік оқиғасының сызбасына сәйкес «CHEVROLET MALIBU» маркалы автокөлігі «Түркістан-Шәуілдір-Төрткөл» автомобиль жолының 40/93 шақырымында Шәуілдір-Төрткөл тас жолының Төрткөл ауылы бағытына қарай келе жатқаны, ал Т[...] осы жолдың Шәуілдір ауылы бағытына қарай «[...]» маркалы көлік құралын басқарып келе жатып жылқы малын соққаны, осы соққының әсерінен жылқы малы қарама-қарсы бағытқа шығып кетіп, С[...] басқаруындағы «CHEVROLET MALIBU» маркалы автокөлігінің оң жақ алдыңғы бөлігіне соққаны фототүсірімдерден байқалады. Жолдың жиегінде қандай да бір «Мал өткізу» немесе басқа да ескерту белгілері қойылмаған. Жылқы бақылаусыз жолдың жиегінде жүргені анықталған.

«Соттардың Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Қазақстан Республикасы кодексінің Ерекше бөлігінің нормаларын қолданудың кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2017 жылғы 6 қазандағы № 7 нормативтік қаулысының 26-тармағына сәйкес, егер жол-көлік оқиғасы кезінде мал мен үй жануарлары шығыны 1.24 «Мал өткізу» туралы ескерту жол белгілері қойылған аумақтардан тыс жерде орын алған болса, жылдамдық режимін немесе Жол жүрісі қағидаларының басқа да ережелерін бұзу болмаған жағдайда көлік құралын жүргізуші ӘҚтК-нің 610-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылуға жатпайды. Мұндай жағдайларда жол-көлік оқиғасының негізгі себебі мал иесінің жануарларды бақылауға қатысты Жол жүрісі қағидаларының 24-бөлімінің 12-тармағының 1) тармақшасы бойынша өзіне жүктелетін міндеттемелерді орындамағандығы болып табылады, бұл мән-жайларға қарай ӘҚБтК-нің 615-бабының 2-бөлігі немесе 633-бабының 2-бөлігі бойынша жауаптылыққа алып келеді.

Жергілікті соттар оқиға орнын қарау туралы хаттамада Т[...] автокөлігінің тежеу жолағының көрсетуіне қарамастан, жол-көлік оқиғасы орын алған жолдың учаскесінде жылдамдыққа орнатылған шектеудің, Т[...] қандай жылдамдықпен көлікті жүргізгенін анықтамаған. Сонымен қатар, іс бойынша жол-көлік оқиғасы елді мекенге кіре беріс немесе шыға беріс жерде, одан қандай қашықтықта орын алғанын анықтамаған.

2022 жылғы 19 шілдедегі № 09/729 хатқа сәйкес Түркістан облысы, [...] облыстық маңызы бар КХ-190 «Түркістан-Шәуілдір-Төрткөл» автомобиль жолының 91-94 шақырым аралығында 2-дана 1,24 (Мал айдау) және 3.24 (Жылдамдықты шектеу) жол белгілері орнатылған, ал 2022 жылғы 20 шілдедегі № 09/730 хатта Отырар ауданы аумағынан өтетін облыстық маңызы бар КХ-190 «Түркістан-Шәуілдір-Төрткөл» автомобиль жолының 93+000 шақырым аралығында 1,24 (Мал айдау) және 3.24 (Жылдамдықты шектеу) жол белгілері қойылмаған деп көрсетілген.

2022 жылғы 29 шілдедегі № 10/780 хатта Төрткөл-Шәуілдір бағытында 94 шақырымында 1,24 (Мал айдау) және 7.2.1 (қолданылу аймағы «2000 метр») жол белгісі орнатылған және 91 шақырымында Шәуілдір-Төрткөл бағытында 1,24 (Мал айдау) және 7.2.1 (қолданылу аймағы «5000 метр») жол белгісі орнатылған деген мәліметтер көрсетілген.

«Оңтүстік жолдары» кәсіпорнының жоғарыда көрсетілген хаттары У[...] қолымен расталған, дегенмен аталған хаттарда әртүрлі ақпараттар берілген.

Осы орайда, жергілікті соттармен 1.24 «Мал өткізу» туралы ескерту жол белгілері қойылған қойылмағаны нақты анықталмаған. ӘҚтК-нің 408-бабының 1-бөлігіне сәйкес облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті өкілді органдары белгілеген ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бұзғаны үшін жауапкершілік көрсетілген. Бірінші сатыдағы сот жылқы малының иесін анықтамаған. Аталған кемшілік апелляциялық сатыдағы сотпен жойылмаған. Жоғарыда анықталған мән-жайлар, Т[...] өтінішхатта келтірген уәждерімен үйлеседі.

ӘҚБтК-нің 737-бабының 1-бөлігіне сәйкес әрбiр iстiң мәнжайларын уақтылы, жан-жақты, толық және объективтi анықтау, оны осы Кодекске сәйкес шешу әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер бойынша iс жүргiзу мiндеттерi болып табылады.

Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттiк берілген соттың әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер бойынша іс жүргiзу кезiнде заңды бұзуына жол берiлмейдi және заңда белгiленген жауаптылыққа, қабылданған актiлердiң жарамсыз деп танылуына және олардың күшiнiң жойылуына әкеп соғады (ӘҚБтК-нің 8-бабы 4-бөлігі). ӘҚБтК-нің 822-бабының 2-бөлігіне сәйкес әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулы заңды және негізделген болуға тиiс.

Жоғарыда көрсетілгендердің негізінде, сот қаулылары соттардың құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзатындықтан ӘҚБтК-нің 851-бабымен көзделген тәртіппен қайта қаралуға жатады.

Сот істі қайта қарау барысында жоғарыда көрсетілген кемшіліктерді жойып, қажет болған жағдайда іс бойынша басқа да процестік амалдар жүргізіп, барлық жинақталған дәлелдемелердің жиынтығына тиісті баға беріп, заңды шешім қабылдауы тиіс.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 851-бабының 1, 4 және 5-бөліктерінің 3) тармағын басшылыққа ала отырып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І :

Түркістан облысы Отырар аудандық сотының 2022 жылғы 21 шілдедегі және Түркістан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 16 тамыздағы Т[...] бойынша қаулыларының күші жойылсын, іс қайта қарау үшін бірінші сатыдағы сотқа жолдансын.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші А. Қыдырбаева Судьялар М. Таймерденов Б. Шермұхаметов

Көшірмесі дұрыс. Судья:

Б. Шермұхаметов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.