ҚАУЛЫ
2025 жылғы 18 қараша №6003-25-00-2к/1952 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Ж.К.Рустембеков, судьялар Л.Б.Мамырбаева, В.Е.Тохтарбаева, прокурор Н.Молдахановтың,
талап қоюшының өкілі Д.С.Мухамедиевтің, жауапкер өкілдері С.Т.Нысановтың, С.С.Нысановтың, жауапкерлер Шымкент қаласының әкімінің өкілі Н.Тынысбаевтың, «Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің өкілі А.Н.Ешенкуловтың, Түркістан облысы Сайрам ауданы әкімдігінің өкілі Х.Р.Тойчибаевтың, «Сайрам аудандық жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің өкілі Ә.М.Сұлтанның қатысуларымен, бейнеконференц байланысы арқылы
талап қоюшы «Шымкент қаласының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі –Департамент) жауапкерлер Бибігул Даханқызы Ыбрайымға, Шымкент қаласының әкімдігіне, «Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесіне, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғамына, Түркістан облысы Сайрам ауданы әкімдігіне, «Сайрам аудандық жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне, үшінші тұлғалар жеке нотариус Г.К.Матоваға, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғамының Түркістан филиалына келісім шартты және мұраға құқығы куәлігін жарамсыз деп тану туралы талап қоюы жөніндегі электрондық форматтағы азаматтық істі жауапкер Б.Д.Ыбрайымның өкілінің Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылғы 17 қазандағы ұйғарымына және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 5 желтоқсандағы ұйғарымына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылғы 9 қыркүйектегі шешімімен Департаменттің жоғарыда аталған талап қоюы қанағаттандырылған.
Сайрам ауданы Тассай ауылдық округі Тұран елді мекенінен сауда орталығын жүргізу үшін жалпы көлемі 0,60 га жер учаскесін жеке меншік құқығымен С.Ыбрайымға табыстау туралы Тассай ауылдық округі әкімінің 2006 жылғы 18 ақпандағы № 1255 шешімі негізінде «Сайрам аудандық жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесі мен С.Ыбрайым арасында жасалған сатып алу-сату нөмірсіз үлгілік шарты жарамсыз деп танылған.
Жауапкер Б.Ыбрайымның өкілі С.Нысанов көрсетілген сот шешіміне апелляциялық шағым беру мерзімін қалпына келтіру туралы арыз берген.
Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылғы 17 қазандағы ұйғарымымен жауапкер өкілінің бұл арызы қанағаттандырудан бас тартылған.
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 5 желтоқсандағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы өзгеріссіз, жауапкер өкілінің жеке шағымы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Жауапкер өкілі кассациялық шағымында осы аталған сот ұйғарымдарына кассациялық шағым беру мерзімін дәлелді себептермен өткізіп алғандықтан оны қалпына келтіруді және жергілікті соттар оның апелляциялық шағым беру мерзімін негізсіз қалпына келтіруден бас тартқандарын көрсетіп, дауланып отырған сот ұйғарымдарының күшін жоюды сұраған.
Кассациялық сот іс құжаттарын зерделеп, іске қатысушы тұлғалардың түсініктерін тыңдап, келесі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.
АПК-нің 403-бабының 3-бөлігіне сай апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты, осы Кодексте белгіленген жағдайларды қоспағанда, түпкілікті нысанда шешім шығарылған күннен бастап, ал сот талқылауына қатыспаған адамдар өздеріне шешімнің көшірмелері жіберілген күннен бастап бір ай ішінде беруі мүмкін.
АПК-нің 126-бабының 2-бөлігіне сай, егер осы Кодексте белгіленген мерзімдерді өткізіп алу себептерін сот дәлелді деп таныса, сот оларды қалпына келтіруі мүмкін. Онымен қоса осы баптың 5-бөлігіне сәйкес, мерзімді қалпына келтіру туралы арыз берумен бір мезгілде құқықтарды қорғау туралы талап берілуге, мерзімді өткізіп алу себептерінің дәлелділігін растайтын құжат ұсынылуға тиіс.
АПК-нің 126-бабының 3-тармағында сот заңды бұзған жағдайда сот актілеріне шағым жасау, прокурордың өтінішхат немесе наразылық келтіруі не процеске қатысушының өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға мүмкіндігін шектейтін (іске қатысатын адамға сот актісінің көшірмелерін уақтылы жібермеу; егер сот актісі осы тұлға білетін тілге аударылмаса, сот ісін жүргізу тілін білмеу; құқық мирасқорлығын дұрыс ресімдемеу) сот актілеріне шағым жасау үшін, сондай-ақ уақтылы шағым беруге, прокурордың өтінішхат немесе наразылық келтіруіне кедергі болған өзге де мән-жайлар болған кезде сот осы баптың екінші бөлігінде көрсетілген өткізіп алған мерзімді қалпына келтіруге міндетті екені қарастырылған.
Сот шешімі түптілікті үлгіде 2024 жылдың 9 қыркүйегінде шығып, жауапкерге сол күні жолданған.
Бірінші сатыдағы сот жауапкер өкілінің сот шешіміне апелляциялық шағымды үш күнге кешіктіріп бергенін негізге алып, апелляциялық шағым беру мерзімін қалпына келтіруден бас тартқан.
Алайда, іс құжаттарынан жауапкер мен оның өкілінің сот шешімін 2024 жылдың 9 қыркүйегінде нақты алғаны туралы дәлелдер байқалмайды.
Сонымен қатар, жауапкер өкілінің «Сот кабинеті» сервисінің дұрыс жұмыс атқармауынан апелляциялық шағымды уақтылы бере алмадық деген уәжі назар аударуға тұрарлық.
Жауапкердің апелляциялық шағымын қабылдамау оның құқықтары мен заңды мүдделерін апелляциялық сатыда қорғау мүмкіндігін шектейді.
Мұндай жағдайда кассациялық сот бірінші сатыдағы соттың шешіміне апелляциялық шағым беру мерзімін қалапына келтіру қажет деп санайды.
Сондықтан дауланған сот ұйғарымдарының күші жойылып, азаматтық іс жауапкер өкілінің апелляциялық шағымы бойынша апелляциялық тәртіппен қарауға жолданады.
Жауапкер өкілінің сот актілеріне кассациялық шағым беру мерзімі қалпына келтірілуге жатады. Өйткені, жауапкер өкілі алғашқы рет кассациялық шағымды Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына уақтылы берген.
Жауапкер өкілінің кассациялық шағымдағы Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылғы 9 қыркүйектегі шешімінің күшін жою және талапты қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдау туралы талабы бұл шешімнің заңдылығы мен негізділігі апелляциялық тәртіппен тексерілмегеніне байланысты қаралуға жатпайды. АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 7) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот ҚАУЛЫ ЕТТІ: Жауапкер Б.Д.Ыбрайымның өкілі - С.Т.Нысановтың сот актілеріне кассациялық шағым беру мерзімі қалпына келтірілсін. Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылғы 17 қазандағы ұйғарымының және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 5 желтоқсандағы ұйғарымының күші жойылсын.
Азаматтық іс Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына жауапкер өкілінің апелляциялық шағымы бойынша апелляциялық тәртіппен қарауға жолдансын.
Жауапкер өкілінің кассациялық шағымы ішінара қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші, судья: Ж.Рустембеков
Судьялар: Л.Мамырбаева В.Тохтарбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.