6003-25-00-2к/5740
Қ А У Л Ы
2026 жылғы 26 мамыр
Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Ж.К.Рустембеков,
судьялар А.О.Тогумбетова, Л.Б.Мамырбаева,
арыз беруші өкілі А[...], шетел азаматы К[...] өкілі А[...] қатысуларымен,
« ашық сот отырысында арыз беруші Мұнайлы аудандық Полиция бөлімі» мемлекеттік мекемесінің Өзбекстан Республикасының азаматы К[...] Қазақстан Республикасының аумағынан тыс шығарып жiберу туралы электрондық форматтағы азаматтық істі шетел азаматы К[...] өкілі А[...] берген Маңғыстау облысы Мұнайлы аудандық сотының 2025 жылғы 24 желтоқсандағы шешіміне берген кассациялық шағымы бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Арыз беруші шетел азаматы К[...] Қазақстан Республикасының заңнамаларын бірнеше рет бұзғаны үшін оны Қазақстан Республикасының аумағынан тыс шығарып жіберу туралы арызбен сотқа жүгінген.
Маңғыстау облысы Мұңайлы аудандық сотының 2025 жылғы 24 желтоқсандағы шешімімен арыз қанағаттандырылған. 1982 жылы 27 мамырда туған Өзбекстан Республикасының азаматы К[...] Қазақстан Республикасының аумағынан тыс шығарылған және өздігінен кетуге мерзім белгіленген. Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.
Шағымданушы қабылданған шешіммен келіспей, оның күшін жойып, арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Іске қатысушы тұлғалардың түсініктерін тыңдап, іс құжаттарын, шағымның уәждерін зерделеп, кассациялық сот келесі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Іс бойынша бірінші сатыдағы сотпен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Уәкілетті орган ұсынған деректердің негізінде Өзбекстан Республикасының азаматы К[...] Қазақстанда тұру барысында бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
К[...] 2025 жылы 12 ақпанда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі-ӘҚБтК) 437-бабының 1 бөлігімен, 2025 жылы 3 қыркүйекте ӘҚБтК-нің 492-бабының 1-бөлігі және 437-бабының 1-бөлігімен, 2025 жылы 8 қыркүйекте ӘҚБтК-нің 606-бабының 1-бөлігімен (жол жүрiсiне қатысушының авариялық жағдай туғызуға әкеп соққан, яғни жол жүрiсiне басқа да қатысушыларды жүру жылдамдығын, бағытын күрт өзгертуге мәжбүр
етiп, жол жүрiсi қағидаларын бұзуы), 2025 жылы 12 қарашада ӘҚБтК-нің 608бабының 3-бөлігі (көлік құралын алкогольдік ішімдік ішіп, жәбірленушінің денсаулығына қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері жоқ зиян келтіру) және 611-бабының 2-бөлігімен (жүргізушінің жол жүрісі қағидаларын бұзып, өзi қатысушы болып табылған жол-көлiк оқиғасы болған жерден кетiп қалу) әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Демек, К[...] Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзғаны үшін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылуы оны елден шығаруға негіз болады.
Бірінші сатыдағы соттың Қазақстан Республикасының «Халықтың көшіқоны туралы» Заңының 5-бабының 2-тармағы 2) тармақшасын, «Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы» Заңының 28-бабының «в» тармақшасын, яғни осы заң нормаларының талаптарын ескеріп, арызды қанағаттандыруы заңды.
Кассациялық сот К[...] жасаған әкімшілік бұзушылықтар қоғамдық тәртіпті қорғау мүдделеріне қайшы келеді және оған қолданылған шара құқық бұзушылықтардың алдын-алудың маңызды құралы болып табылатындығын назарға алады.
Өйткені, К[...] көлік құралын алкогольдік ішімдік ішіп, жәбірленушінің денсаулығына зиян келтіргені, жол-көлiк оқиғасы болған жерден кетiп қалуы, көлікті мас күйде басқарқарғаны қасақана жасалынған құқық бұзушылық болып табылатындығын және де оның Қазақстан Республикасының заңдарының талаптарын сақтауға ниетті болмағанын көрсетеді деп санайды.
Жергілікті сот іс бойынша заңды маңызы бар мән-жайларды істі нақты қарау кезінде дұрыс анықтаған. Істің материалдары сотпен толық, жан-жақты және объективті зерттелген.
Сондықтан дауланып отырған сот актісі күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.
К[...] отбасы жағдайын ескеру туралы уәжі негізсіз, себебі К[...] зайыбы кассациялық сотқа жолдаған арызында жолдасын ел аумағынан шығаруды сұраған.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Шетелдіктерді немесе азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасының шегінен шығарып жіберу жөніндегі істерді қараудың сот практикасы туралы» 2013 жылғы 13 желтоқсандағы № 4 нормативтік қаулысының 18-тармағына сай, соттың шығарып жіберу туралы шешімі өзгеріссіз қалдырылған кезде кассациялық сатының қаулысында шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам Қазақстан Республикасының аумағынан шығуға тиіс жаңа мерзім көрсетіледі.
Кассациялық сот К[...] Қазақстан Республикасының аумағынан 2025 жылдың 15 маусымға дейін шығарылуы тиіс деп санайды. АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Маңғыстау облысы Мұнайлы аудандық сотының 2025 жылғы 24 желтоқсандағы шешімі күшінде, К[...] өкілі А[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын. К[...] Қазақстан Республикасының аумағынан 2026 жылдың 15 маусымға дейін шығарылсын.
Төрағалық етуші: Ж.К.Рустембеков
А.О.Тогумбетова
Судьялар:
Л.Б.Мамырбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.