6001-24-00-6ап/2700
ҚАУЛЫ
2025 жылдың 6 ақпаны Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші - судья Ғ.Ө.Әлжанов, судьялар - Ж.Б.Ермагамбетова, Б.Т.Нажмиденов болып, талап қоюшы өкілі А[...] қатысуымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы А[...] Түркістан облысы Кентау қалалық сотының 2024 жылғы 25 сәуірдегі ұйғарымына, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 24 шілдедегі ұйғарымына келіп түскен кассациялық шағымы бойынша Түркістан облысының прокуратурасының тексеру нәтижелері туралы анықтамасын жарамсыз деп тану, оның күшін жою және осы анықтаманы Түркістан облысы прокуратурасының қызметкерлерінің кінәлі әрекет жасағандықтарының дәлелдемесі ретінде тану туралы талап қоюы бойынша әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
А[...] сотқа Түркістан облысының прокуратурасының тексеру нәтижелері туралы анықтаманы жарамсыз деп тану, оның күшін жою және осы анықтаманы Түркістан облысы прокуратурасының қызметкерлерінің кінәлі әрекет жасағандықтарының дәлелдемесі ретінде тану туралы талап қоюмен жүгінген.
Түркістан облысы Кентау қалалық сотының 2024 жылғы 25 сәуірдегі ұйғарымымен талап қою әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпайтындықтан, қайтарылған.
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 24 шілдедегі ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылғандығын көрсете отырып, іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жойып, істі қайта қарауға қаулы шығаруды сұраған. Тиісті түрде хабарланған жауапкер өкілінің кассациялық алқасының сот отырысына келмеуі Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдікпроцестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сай істі мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді.
Сот алқасы, талап қоюшы өкілінің түсінігін тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді. ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіз болып табылады.
Аталған іс бойынша мұндай негіздер анықталған жоқ.
ӘРПК-нің 102-бабының екінші бөлігіне сәйкес жария-құқықтық қатынастардан туындайтын, осы Кодексте көзделген даулар әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен соттардың соттылығына жатады.
Іс материалдарынан Түркістан облысының прокуратурасы «Арнаулы кәсіптік колледжі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметінде қолданыстағы заңнамалардың сақталуына тексеру жүргізгендігі және оның нәтижесі бойынша анықтама жасағандығы белгілі болды. Анықтамада көрсетілген мән-жайлармен келіспеген колледж директоры сотқа жоғарыда аталған арызын жолдаған.
Сот алқасы дау айтылып отырған жауапкердің әрекеті өздігінен талап қоюшыда жария құқықтар мен міндеттер туындатпайтындығын, оған қандай да бір міндеттер жүктемейтіндігін, қандай да бір құқықтары мен бостандықтарын іске асыруға тыйым салмайтындығын, шектемейтіндігін және бас тартқызбайтындығын, сондай-ақ, оның жағдайын өзгеше түрде нашарлататын әрекет (әрекетсіздік) емес екендігін ескереді.
Жергілікті соттар талап қоюды қайтара отырып, тараптар арасында жария-құқықтық қатынастардың жоқ екендігін, жария-құқықтық қатынастар негізінен құқық субъектілерінің біреуінің нормативтік-құқықтық актілерден пайда болатын өзінің үстемдік өкілеттіктерін өзгеге қатысты жүзеге асыруына байланысты құқық субъектілерінің арасында туындайтындығын дұрыс көрсеткен.
Сот бақылауына тек әкімшілік рәсімге қатысушының құқықтары мен міндеттерін іске асыратын және белгілі бір құқықтық нәтижеге бағытталған әкімшілік органдардың әрекеттері жатады.
Іс бойынша мән-жайлар жергілікті соттармен дұрыс анықталғандықтан, процестік нормалар дұрыс қолданылғандықтан, сот актілерінің күшін жоюға және оларды өзгертуге негіз жоқ.
ӘРПК-нің 169-бабын, АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1- тармақшасын басшылыққа ала отырып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Осы іс бойынша Түркістан облысы Кентау қалалық сотының 2024 жылғы 25 сәуірдегі ұйғарымы, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 24 шілдедегі ұйғарымы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшы А[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Ғ. Әлжанов
Ж. Ермагамбетова
Судьялар
Б. Нажмиденов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.