6001-22-00-6ап/214
ҚАУЛЫ
2022 жылғы 26 сәуір Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші - судья С.Ү. Баймаханов,
судьялар Е.Ж. Өмірәлиев, Ж.Б. Ермағамбетова болып,
талап қоюшы С[...] жауапкер жеке сот орындаушы Е[...],
мүдделі тұлға шаруашылық жүргізу құқығындағы «Қызылорда су жүйесі» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының («ҚТ[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құқық мирасқоры) өкілі Ж[...],
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында мобильді бейне-конференцбайланыс құрылғысы арқылы ашық сот отырысында талап қоюшы С[...] жеке сот орындаушысы Е[...] әрекетіне дау айту туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 17 қарашадағы шешіміне, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 15 желтоқсандағы қаулысына жауапкердің келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы С[...] талап қою арызында ЖСО Е[...] қызмет ақысын өндіру туралы 2021 жылғы 7 шілдедегі қаулысына дау айтып және 188650 теңге мөлшеріндегі шығынды өндіруді сұраған. Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 17 қарашадағы шешімімен талап қоюшы С[...] талап қою арызы ішінара қанағаттандырылған.
2021 жылғы 7 шілдедегі жеке сот орындаушының қаулысы заңсыз деп танылып, күші жойылған.
ЖСО Е[...] талап қоюшы С[...] пайдасына 93 650 теңге шығын сомасы өндірілген.
Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 15 желтоқсандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз, ЖСО Е[...] апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылған. ЖСО Е[...] кассациялық шағымында атқарушылық іс жүргізу заң талаптарына сәйкес қозғалғанын, мәжбүрлеу шаралары қолданылғанын, бұл жөнінде С[...] хабар болғанын, соттармен істің мән-жайларына дұрыс баға берілмегендігін көрсетіп, бірінші саты шешімі мен сот алқасының қаулысының күшін жоюды сұрайды.
Жауапкердің кассациялық шағымында қолдаған уәждерін, тараптардың пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегі негіздерге байланысты апелляциялық сатыдағы сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деген тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процесстік кодексінің (әрі қарай - ӘРПК) 169-бабының 1-бөлігіне сәйкес кассациялық шағым Қазақстан Республикасы Азаматтық процесстік кодексінің (әрі қарай - АПК) ережелерімен белгіленеді.
АПК-нің 427-бабының 1-бөлімі 1) тармағына сәйкес, апелляциялық тәртіппен сот шешімінің күшін жоюға не оны өзгертуге материалдық, процессуалдық құқық нормаларының бұзылуы немесе дұрыс қолданбауы негіз болып табылады.
Осы іс бойынша бірінші және аппеляциялық саты соттары аталған заң бұзушылықтарға жол бермеген.
Іс материалдарына сәйкес, Қызылорда қалалық сотының 2021 жылғы 10 маусымда күшіне енген сот шешімімен талап қоюшы Ш.[...] ЖШС-нің пайдасына 468 251 теңге өндірілген.
Сот шешімінің негізінде 2021 жылғы 17 маусымда атқару парағы беріліп, аталған атқару парағы өндіріп алушымен сол күні ЖСО Е[...] орындауға ұсынылған. ЖСО Е[...] 2021 жылғы 18 маусымда атқарушылық іс жүргізуді қозғау туралы және борышкердің банктегі щоттары және ақша қаражаттарының бар -жоғы туралы ақпаратты алу және оларға тыйым салу туралы қаулылар қабылдап, бұл қаулылар туралы Ш.[...] жылғы 24 маусымда SMS-хабарлама жолданған.
ЖСО-ның 2021 жылғы 7 шілдедегі қаулыларымен атқару құжатын орындауды қамтамасыз ету шараларының күші жойылған, атқарушылық іс жүргізу тоқтатылған және С[...] атқарушылық әрекеттер жасау кезіндегі ЖСО борышкерден 93650 теңге мөлшерінде өзінің қызмет ақысын өндіріп алған.
Жергілікті соттар ЖСО-ның әрекеттерін, яғни 93650 теңге мөлшерінде қызмет ақысын өндіруге қаулы қабылдау және аталған соманы борышкердің зейнетақысынан ұстап қалу әрекетін заңсыз деп таныған.
Кассациялық сот алқасы сот шешімін заңды және негізді қабылданған деп есептейді.
Іс материалдарына қарағанда ЖСО Е.Е[...][...] АҚ-дағы шотына 2021 жылғы 1 шілдеде 468 251 теңгеге инкассолық өкім қойған. Осы өкімнің негізінде 2021 жылғы 3 шілде күні С[...] шотындағы 98 947 теңге ақша сомасы ЖСО-ға аударылған. Алайда, қарыз соманы С[...] оған дейін (30 маусым - 1 шілде) өндіріп алушының кассасына төлеген. Осы себептен инкассалық өкім арқылы ұсталған 98 947 тенге соманы сот орындаушы кері қайтарған.
«Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңның (әрі қарай - Заң) 118-бабының екінші бөлігіне сәйкес жеке сот орындаушының қызметіне ақы төлеу атқарушылық құжат толық немесе ішінара орындалған жағдайда ғана жүргізіледі. Егер мүліктік сипаттағы атқарушылық құжат ішінара орындалса, онда жеке сот орындаушысына оның қызметі төлемінің өндіріп алынған сомаға немесе мүлік құнына пропорционалды бір бөлігі ғана төленеді. Борышкер атқарушылық құжатты мәжбүрлеп орындатуға ұсынғанға дейін орындаған жағдайда жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу өндіріп алынбайды.
Дауды шеше отырып және ЖСО-ның 2021 жылғы 7 шілдедегі қызметіне ақы төлеу туралы қаулысын заңсыз деп тани отырып, жергілікті соттар борышкерге атқарушылық іс жүргізуді қозғау және мәжбүрлеу сипатындағы шаралар қабылдау туралы тиісті түрде хабарланбаған деген дұрыс қорытындыға келген. Ұялы байланыс бойынша талап қоюшыға жіберілген SMS-хабарлама өзінің мазмұны бойынша Заңның 27-бабының 5- бөлігіне сәйкес келмейді.
Талап қоюшының 7072863556 ұялы байланыс номері бойынша 1 маусым мен 31 шілде аралығындағы қоңыраулар тізбесіне сәйкес 24 маусымда ешқандай SMS-хабарламалар түспеген.
Талап қоюшы телефонының интернетке кіруге мүмкіндігі жоқ, яғни оның ЖСО-ның хабарламаларында сілтеме жасалған сайтқа кіріп, құжаттармен танысуға мүмкіндігі болмаған.
Сот орындаушысы борышкерді Заңда көзделген тәртіппен (Заңның 27бабының 1-тармағы) шақыру қағазы арқылы шақырып, оның түсінігін алмаған, өз дәлелдерін ұсынуға мүмкіндік бермеген. Осылайша, ЖСО Заңның 16-бабында көзделген борышкердің құқықтарын, атап айтқанда атқарушылық іс жүргізуді қозғау туралы мәліметтерді алу құқықтарын бұзған. Жоғарыда баяндалған мән-жайлар талап қоюшының берешек сомасы ЖСО-ның атқарушылық іс жүргізуді қозғауы және мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қабылдау нәтижесінде емес, ерікті түрде өтелді деген қорытынды жасауға мүмкіндік береді.
Алқа ЖСО-ның кассациялық шағымын қанағаттандыруға негіздер тапқан жоқ.
АПК-тің 449-бабының бірінші бөлігіне сәйкес істі кассациялық тәртіппен қарау кезінде сот істе бар материалдар бойынша сот шығарған сот актілерінің заңдылығын шағымның дәлелдері шегінде қарайды.
Талап қоюшы Ш.[...] теңге көлеміндегі соманы өндіріп алу туралы талап арызынан бас тарту бөлігіне сот актілеріне шағым жасалған жоқ. Апелляциялық сатыдағы сот істің мән-жайын дұрыс анықтағандықтан, материалдық және іс жүргізу құқығының нормалары дұрыс қолданылғандықтан, сот актілерінің күшін жою үшін негіздер таппайды, жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады. ӘРПК-нің 169-бабының 1-бөлігіне және АПК-нің 451-бабының 2- бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 17 қарашадағы шешімі, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 15 желтоқсандағы қаулысы күшінде, жауапкер жеке сот орындаушы Е[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
С. Баймаханов Е. Өмірәлиев Ж. Ермағамбетова
Көшірмесі дұрыс Судья Ж. Ермағамбетова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.