№6003-26-00-2к/1467 іс
Қ А У Л Ы
2026 жылғы 9 маусым Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші судья Г.С.Джаппарова, судьялар Г.М.Даулеткалиева, А.К.Есдаулетов болып, прокурор К[...],
талап қоюшы Т[...], өкілі Т[...],
жауапкер өкілі М[...] қатысуларымен, бейне-байланыс құрылғысы арқылы, ашық сот отырысында Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 2 маусымдағы шешімі мен Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 қыркүйектегі қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен,
талап қоюшы Т[...] жауапкер «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Шымкент қаласының полиция департаменті» мемлекеттік мекемесіне бұйрықты негізсіз деп танып, күшін жою туралы электрондық азаматтық істі қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы:
Т[...] сотқа талап қоюмен жүгініп, онда заңсыздығына байланысты 1997 жылғы 14 ақпандағы №26 л/с бұйрықты негізсіз деп тануды сұраған.
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 қыркүйектегі қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған, Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 2 маусымдағы шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.
Талап қоюдың қанағаттандырусыз қалдырылуына іс бойынша талап қою мерзімінің өтіп кетуі негіз болған.
Талап қоюшы кассациялық шағымын, сот түйіндерінің істің мәнжайларына сәйкес келмеуіне, материалдық құқық нормаларының бұзылуына, талап қою мерзімінің дәлелді себептерге байланысты өткізілуіне негіздеп, талап қоюды қанағаттандыруды сұраған.
Кассациялық сот істегі бар дәлелдемелерді зерттеп, сотқа қатысушылардың түсініктерін, прокурордың қорытындысын тыңдап, кассациялық шағымның дәлелдерi шегiнде сот актiсінің заңдылығын тексерiп, шағым уәждерін талқылап, төмендегідей тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әріАПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Бұл іс бойынша мұндай бұзушылықтарға жол берілмеген.
Іс құжаттарына қарағанда, Т[...] Оңтүстік Қазақстан облысының Шымкент қалалық ішкі істер басқармасының 1997 жылғы 14 ақпандағы №26 л/с бұйрығымен құқық қорғау органына кір келтіретін теріс қылық жасағаны үшін босатылып, Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің запасына шығарылған.
Яғни, талап қоюшы өз құқығының бұзылғаны туралы сол күннен бастап білген немесе білуге тиіс болған, алайда осы талап қоюмен сотқа тек 2025 жылғы 7 сәуірде жүгінген.
Өз кезегінде, Қазақстан Республикасы Еңбек кодекстің 160-бабының талаптарына сәйкес келісу комиссиясына немесе сотқа жеке еңбек дауларын қарау бойынша жүгіну үшін мынадай мерзімдер белгіленеді: жұмысқа қайта алу туралы даулар бойынша – еңбек шартын тоқтату туралы жұмыс беруші актісінің көшірмесі келісу комиссиясына табыс етілген немесе табыс етілгені туралы хабарламасы бар тапсырысты хатпен пошта арқылы жіберілген күннен бастап бір ай, ал сотқа жүгіну үшін – реттелмеген даулар бойынша жүгінген кезде не еңбек шарты тарапы келісу комиссиясының шешімін орындамаған кезде келісу комиссиясы шешімінің көшірмесі табыс етілген немесе табыс етілгені туралы хабарламасы бар тапсырысты хатпен пошта арқылы жіберілген күннен бастап екі ай.
Сотта істі қарауда бұл мерзімді өткізіп алудың дәлелді себептері анықталмаған. Мерзімді қалпына келтіруге негіз болатындай ерекше жағдайлар, талап қоюшының жеке басына байланысты мән-жайлар (ауыр науқас, дәрменсiз халде болу, сауатсыздық және тағы басқа) болмағандықтан, талап қою мерзiмi өтiп кетуiнiң себебiн соттар орынсыз деп дұрыс таныған. Іс бойынша заңда көзделген талап қою мерзiмiнiң өтуiн тоқтата тұруға немесе оның өтуiне үзiлiс болатын негіздер анықталмаған, Т[...] талабы, талап қою қолданылмайтын талаптар қатарына жатпайды.
Даулы бұйрықты қабылдауға негіз болған құжаттардың болмауы, мерзiмдi өткізіп алудың дәлелді себебі бола алмайды.
Өз кезегінде, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 179бабының 3-тармағына сәйкес талап қойғанға дейiн талап қою мерзiмiнiң өтiп кетуi соттың талаптан бас тарту туралы шешiм шығаруына негiз болады.
Сондықтан талап қоюдың сотқа жүгіну мерзімі дәлелді себептерсіз өткізіп алынғандықтан, сотпен іс бойынша өзге де іс жүзіндегі мән-жайлар зерттелмей, талап қоюдан бас тарту туралы заңды шешім қабылданған. Осыған байланысты сот актілеріне өзгеріс енгізуге не оның күшін жоюға заңда көзделген негіздер болмағандықтан кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 2 маусымдағы шешімі мен Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 қыркүйектегі қаулысы күшінде, талап қоюшы Т[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Кассациялық сатыдағы сот қаулысы ол жарияланған күнінен бастап заңды күшiне енедi.
Г.Джаппарова
Судьялар
Г.Даулеткалиева
А.Есдаулетов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.