6003-25-00-2к/3063
Қ А У Л Ы
2025 жылғы 17 желтоқсан Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Ж.К. Рустембеков,
судьялар В.Е.Тохтарбаева, Л.Б.Мамырбаева,
прокурор Н.А.Молдахановтың, талап қоюшының өкілі Д.Калиевтің, жауапкердің өкілі А.С.Тұрмаханованың қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы Қазақстан Республикасы Қорғаныс Министрлігі «44841 әскери бөлім» республикалық мемлекеттік мекемесінің Тлеубек Алексеевич Сейтеннен артық төленген біржолғы тұрғын үй төлемдерін өндіру туралы электронды азаматтық істі жауапкердің өкілі Б.К.Нурбаевтың Ақмола гарнизоны әскери сотының 2025 жылғы 1 сәуірдегі шешіміне және Қазақстан Республикасы Әскери сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 маусымдағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ :
Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Ақмола гарнизоны әскери сотының 2025 жылғы 1 сәуірдегі шешімімен талап қою қанағаттандырылған. Жауапкер Т.А.Сейтеннен мемлекет пайдасына 8 011 858 теңге өндірілген. Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.
Қазақстан Республикасы Әскери сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 маусымдағы қаулысымен аталған шешім өзгеріссіз қалдырылған.
Жауапкер кассациялық шағымында бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар іс үшін маңызы бар мəн-жайлардың шеңберін дұрыс анықтамағанын, материалдық құқықтық нормалары бұзылғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.
Кассациялық шағымды қолдаған жауапкердің өкілі А.С.Тұрмаханованы, кассациялық шағымға қарсылық білдірген талап қоюшының өкілі Д.Калиевті, шешімді күшінде қалдыруды сұраған прокурор Н.Молдахановтың қорытындысын тыңдап, кассациялық сот келесі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Іс құжаттарына сәйкес, жауапкер Т.А.Сейтен 1998 жылғы ақпаннан қазанға дейін Қазақстан Республикасы Қорғаныс Министрлігі «03217 әскери
бөлімінде», 2005 жылғы сәуірден 2022 жылғы наурызға дейін «44841 әскери бөлімінде» (бұдан әрі - 44841 әскери бөлім) әскери қызмет атқарған.
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әуе Қорғанысы күштері әуе шабуылына қарсы қорғанысы әскерлері қолбасшысының 2022 жылғы 31 қаңтардағы №7-СҚ бұйрығымен жауапкер Т.А.Сейтен Қазақстан Республикасының «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңының 26-бабының 1-бөлігінің 1) тармағына (әскери қызметте болудың шекті жасына толуына байланысты) сәйкес 44841 әскери бөлім командирінің 1 наурыз 2022 жылғы №43 бұйрығымен 2022 жылдың 10 наурызынан бастап әскери бөлімнің жеке құрамының тізімінен шығарылған. Жауапкер Т.А.Сейтеннің әскери қызметін атқару барысында 2012 жылғы 1 қарашадағы №315 мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді жалдау шартына сәйкес заңды некеде болған, оның жұбайы Дария Рахметовна Сейтен және отбасы мүшелері Советтік армия бульварында орналасқан №30 үй, 58 пәтердің апатты тұрғын үй болуына байланысты, оның орнына Приозерск қаласының әкімдігімен, Қарағанды облысы, Приозерск қаласы, Кусинько көшесі, №2/2 үй, 18 пәтермен жекешелендіру құқығынсыз қызметтік тұрғын жаймен қамтамасыз етілген.
Некені бұзу туралы №0849574 куәлікке сәйкес, жауапкер Т.А.Сейтен мен жұбайы Д.Р.Сейтеннің араларындағы неке 2018 жылғы 8 қазанда бұзылған.
2021 жылғы 2 желтоқсандағы жекешелендіру туралы №142586051 келісім-шарттың негізінде, мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген жоғарыда көрсетілген тұрғын жай Д.Р.Сейтенмен жекешелендірілген.
Әскери қызметтен шығарылу барысында Т.А.Сейтеннің 2022 жылғы 13 қаңтардағы біржолғы тұрғын үй төлемін өзіне және бір баласына төлеуді сұраған баянатында, 44841 әскери бөлімнің тұрғын үй комиссиясының 2022 жылғы 21 ақпандағы №2 хаттамасымен жауапкер Т.А.Сейтенге біржолғы тұрғын үй төлемдерін төлеу жөнінде шешім қабылданған.
Тұрғын үй комиссиясының хаттамалық шешімінде, 44841 әскери бөлім командирінің 2022 жылғы 22 ақпандағы №55 бұйрығымен жауапкер Т.А.Сейтенге және баянатында көрсетілген 1996 жылы 24 қазанда туылған бір баласымен екеуіне 16 168 950 теңге біржолғы тұрғын үй төлемдері төленген.
Жергілікті соттар Қазақстан Республикасы «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының (бұдан әрі-Заң) 101-2 бабының 5-тармағын басшылыққа алып, талап қоюды қанағаттандырған.
Сонымен қатар, Т.А.Сейтеннің 2007 жылдың 18 қаңтарынан 2012 жылдың 1 қарашасы аралығында тұрғын үймен қамтамасыз етілмеген және осы жылдар аралығында Т.А.Сейтенге 8 157 092 теңге тұрғын үй төлемдерін алуға құқылы болғаны, ал 2021 жылдың 2 қарашасынан 2017 жылдың 31
желтоқсан аралығында Т.А.Сейтен және оның отбасы үймен қамтамасыз етілгені анықталған.
Бұл жайт Бас әскери прокуроры Приозерск гарнизонының әскери прокуратурасының 2025 жылғы 29 қаңтардағы заңдылықтың бұзылуын жою туралы ұсынуында көрсетілген.
Демек, 2012 жылдың 2 қарашасынан 2017 жылдың 31 желтоқсан кезеңдері үшін тұрғын үй төлемдері 8 011 858 теңгеге артық төленген (16 168 950-8 157 092=8 011 858).
Сондықтан, бірінші сатыдағы сотпен талап қоюды қанағаттандырғаны заңды.
Жауапкердің жергілікті соттармен Заңның 2022 жылдың 15 сәуірінде қолданыста болған 101-2 бабының 5-тармағын қате қолданылған, біржолғы тұрғын үй төлемі 2022 жылғы 2 ақпанда, яғни заңнама өзгерісіне дейін берілгені ескерілмеген деген уәжі негізсіз.
Өйткені апелляциялық сатыдағы сот Заңның 101-2 бабының 5- тармағының 2022 жылғы 15 сәуірдегі және 2022 жылғы ақпандағы нормаларына сілтеме жасай отырып, әскери қызметшілерге біржолғы тұрғын үй төлемдері, егер әскери қызметкер 2018 жылғы 1 қаңтарына дейінгі мерзімде тұрғынжаймен қамтамасыз етілмеген жағдайда ғана төленетіндігі нақты көрсетілген деп негіздеген.
Заңның 101-2 бабының 5-тармағының 2022 жылғы ақпандағы мәтіні: « Тұрғынжайға мұқтаж деп танылған, бірақ 2018 жылғы 1 қаңтарға дейінгі мерзімде қамтамасыз етілмеген әскери қызметшілер әскери қызметтен шығарылған кезде (теріс себептермен қызметтен шығару жағдайларын қоспағанда) арнаулы мемлекеттік органдарда, Қарулы Күштерде, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда олар тұрғынжайға мұқтаж деп танылған күннен бастап қызметтің барлық кезеңіне бұрын жүзеге асырылған тұрғын үй төлемдерінің сомасы шегеріле отырып, тұрғын үй төлемдерін алады».
Заңның 101-2 бабының 5-тармағының 2022 жылғы 15 сәуірдегі мәтіні: « Әскери қызметшілер әскери қызметте болудың шекті жасына толуы, денсаулық жағдайы бойынша, штаттардың қысқартылуына байланысты, әскери қызмет өткеру туралы келісімшарт мерзімінің аяқталуы бойынша, өздеріне қатысты келісімшарт талаптары елеулі және (немесе) жүйелі түрде (екі және одан көп рет) бұзылған жағдайда немесе отбасы жағдайы бойынша әскери қызметтен шығарылған кезде мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғынжаймен қамтамасыз етілмеген кезеңдері үшін:
бұрын жүзеге асырылған тұрғын үй төлемдері;
бұрын Қазақстан Республикасының аумағында мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген немесе әрбір қызмет өткеру орны бойынша меншік құқығындағы тұрғынжайда тұрған кезеңдері шегеріле отырып, арнаулы мемлекеттік органдарға, Қарулы Күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарға қызметке кірген күннен бастап 2018 жылғы 1 қаңтарға дейін тұрғын үй төлемдерін алады».
Заңның 101-2 бабының 5-тармағының 2022 жылғы ақпандағы мәтінімен 2022 жылғы 15 сәуірдегі мәтінің салыстыру барысында 2022 жылғы 15 сәуірдегі мәтіні нақтыланған және толықтырылған.
Аталған норманың, атап айтқанда, әскери қызметкер 2018 жылғы 1 қаңтарына дейінгі мерзімде тұрғынжаймен қамтамасыз етілмеген жағдайда төленетін үй төлемдерін алу құқығы туралы мәні бойынша өзгерістерге ұшырамаған.
Мәні бойынша заңды күшіне енген дұрыс сот актісінің күші бір ғана формальды пайымдаулар бойынша жойылуға жатпайды.
Кассациялық сот бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар зерттемеген дәлелдемелер негізінде заңды күшіне енген сот актісін өзгертуге немесе жоюға құқылы емес.
Жергілікті соттар іс бойынша заңды маңызы бар мән-жайларды істі нақты қарау кезінде дұрыс анықтаған. Істің материалдары сотпен толық, жанжақты және объективті зерттелген, тараптар ұсынған дәлелдемелерге жергілікті соттармен тиісті құқықтық баға берілген.
Сондықтан дауланып отырған сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Ақмола гарнизоны әскери сотының 2025 жылғы 1 сәуірдегі шешімі және Қазақстан Республикасы Әскери сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 маусымдағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Жауапкер өкілі Б.К.Нурбаевтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші: Ж.К.Рустембеков
Судьялар: В.Е.Тохтарбаева
Л.Б.Мамырбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.