ҚАУЛЫ
2024 жылғы 8 ақпан 6001-23-00-6ап/2028 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар – Ғ.Ө.Әлжанов, Е.Д.Өмірәлиев болып,
жауапкер «Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Департмент) өкілі Т[...],
мүделлі тұлға Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің (бұдан әрі - Комитет) өкілі С[...] қатысуларымен, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Р[...] жауапкер Д[...] зейнетақыны инфляцияны ескере отырып қайта есептеуден бас тарту бөлігінде әрекетін заңсыз деп тану және зейнетақы сомасын есептегенде инфляция деңгейі ескерілген орташа айлық табыс мөлшерін алуды міндеттеу туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 6 маусыдағы қаулысына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 21 ақпандағы шешімімен талап қоюы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 6 маусымдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында апелляциялық сот алқасының сот актісімен келіспейтінін көрсетіп, оның күшін жойып, талапты қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Талап қоюшы немесе оның өкілі Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді. Сотқа келмеу себептерін хабарламады.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Жауапкер және мүдделі тұлға өкілдерінің кассациялық шағыммен келіспеген пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Даудың мән-жайларына қарағанда Р[...] 2014 жылы зейнетке шығар кезде Департаментке 1995-1997 жылдар аралығындағы айлық жалақысы туралы анықтаманы ұсынған. Осы анықтамаға сәйкес оның орта айлық табысы 31 994 теңге болған және тағайындалған зейнетақы төлемі 20 476 теңгені (31944 : 100% х 64%) құраған, яғни ең төмен зейнетақы мөлшерінен де төмен. Нәтижесінде, жауапкер зейнетақының ең төмен мөлшері 20 782 теңгені тағайындаған.
Талап қоюшы осы тағайындалған зейнетақы мөлшерімен келіспей, зейнетақыны есептегенде инфляция ескеріле отырып орташа айлық мөлшері алынуға тиіс деп Комитетке шағым келтірген. Комитет шағымды қанағаттандырусыз қалдырған соң Р[...] жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Жергілікті соттар талап қоюды қанағаттандырусыз қалдырғанда мына-мәнжайларды негізді басшылыққа алған.
Р[...] зейнетақы мөлшері «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасының 2013 жылғы 21 маусымдағы № 105-V Заңының талаптарына сай белгіленген.
Бұл Заңда зейнетақыны инфляцияны ескере отырып қайта есептеу көзделмеген.
Талап қоюшыға Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларымен жыл сайын зейнетақы мөлшері индекстеле отырып төленіп келеді.
Істің басқа да егжей-тегжейлі мән-жайлары, соттардың негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.
АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актілерін қайта қарауға негіз бола алмайды. ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 6 маусымдағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы Р[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші С. Баймаханов
Судьялар
Ғ. Әлжанов
Е. Өмірәлиев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.