ҚАУЛЫ
2022 жылғы 3 қараша 6001-22-00-6ап/869 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші алқа судьясы С.Ү.Баймаханов,
судьялар Н.Ү.Қайыпжан, Е.Ж.Өміралиев болып,
талап қоюшы «Жамбыл облысы әкімдігінің жерлерді пайдалану және қорғалуын бақылау басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің (КММ) өкілі М[...],
жауапкер Жамбыл облысы, [...] округі әкімінің өкілі И[...] қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында мобильді бейне-конференцбайланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы «Жамбыл облысы әкімдігінің жерлерді пайдалану және қорғалуын бақылау басқармасы» КММ-нің (бұдан әрі – Басқарма) жауапкерлер Жамбыл облысы, [...] округінің әкіміне, «Меркі ауданы әкімдігінің жер қатынастары бөлімі» КММ-не шешімді заңсыз деп тану туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 2 ақпандағы және Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 11 наурыздағы ұйғарымдарына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы аталған талаппен сотқа жүгінген.
Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 2 ақпандағы ұйғарымымен талап қоюшының талап қоюды сотқа беруге өткізіп алған мерзімін қалпына келтіру туралы арызы қанағаттандырусыз қалдырылып, талап қою қайтарылған. Жамбыл облыстық сотының 2022 жылғы 11 наурыздағы ұйғарымымен сот актісі күшінде қалдырылған.
Басқарма кассациялық шағымында іс бойынша шығарылған сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, бірінші сатыдағы сотқа қайта қарау үшін жолдауды сұраған.
Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымды қолдаған, жауапкер өкілінің шағыммен келіспеген пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот алқасы (бұдан әрі – сот алқасы) төмендегідей тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Талап қоюшы Басқарма соттан «Меркі» ауылдық округі әкімінің Меркі ауылы, Бекжанов көшесінің бойында бос жатқан 2183 шаршы метр жер телімін Д[...] үй құрылысын салу үшін беру туралы 2006 жылғы 16 мамырдағы № 163 санды шешімін заңсыз деп тануды сұраған.
Жергілікті соттар талап қоюды қайтаруын ӘРПК-де көзделген талап қоюшының талап қоюды сотқа беру мерзімін дәлелсіз себеппен өткізіп алған деп негіздеген.
АПК-ның 452 бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426 бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды.
ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 2 ақпандағы және Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 11 наурыздағы ұйғарымдары күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы «Жамбыл облысы әкімдігінің жерлерді пайдалану және қорғалуын бақылау басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Судьялар
С.Баймаханов
Н.Қайыпжан Е.Өміралиев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.