6003-25-00-2к/3395 6003-25-00-2к/3395 (2)
Қ А У Л Ы
2026 жылғы 10 наурыз
Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Ж.К. Рустембеков,
судьялар А.О.Тогумбетова, Л.Б.Мамырбаева,
прокурор А.Камашевтің, аудармашы Е.Төкештің, талап қоюшының өкілі Б.К.Серикбаевтің, жауапкер А.А.Сейлханованың және оның өкілі О.Лапиннің, жауапкер Ж.А.Садыковтың өкілі Н.Мамитовтың, Шымкент қаласының әкімінің өкілі Н.М.Сакеновтың қатысуларымен, ашық сот отырысында
талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Шымкент қаласының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі-Департамент) жауапкерлер Әлібек Әбдікәрімұлы Алдабергеновқа, Алима Амангельдыевна Сейлхановаға, Жаркин Айнакулович Садыковқа, Раушан Жарылқасымқызы Зейлхановаға, Шымкент қаласының әкіміне, Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесіне мүлікті жария ету жөніндегі комиссиясының шешімін, сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп тану туралы электронды азаматтық істі жауапкерлер Ж.Садыковтың, А.А.Сейлханованың Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 11 ақпандағы шешіміне және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 16 сәуірдегі қаулысына берген кассациялық шағымдары бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ :
Департамент жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 16 сәуірдегі қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 11 ақпандағы шешімімен Департаменттің талап қоюы қанағаттандырылған.
Шымкент қаласы әкімдігінің мүлікті жария ету жөніндегі комиссиясының 2007 жылғы 27 наурыздағы №37402 шешімі жарамсыз деп танылған.
Ә.Ә.Алдабергенов пен А.А.Сейлханованың арасында жасалған 2010 жылғы 13 шілдедегі Шымкент қаласы, Қайтпас-2 шағын ауданы, №642 учаскесі, кадастрлық №19-309-061-8955 жер учаскесін жеке нотариус И.С.Джумагельдиевамен куәландырған сатып алу-сату шарты жарамсыз деп танылған.
А.А.Сейлханова мен Ж.А.Садыковтың және Р.Ж.Зейлханованың арасында жасалған 2023 жылғы 16 қыркүйекте Шымкент қаласы, Ақжайық шағын ауданы, №642 учаскесі, кадастрлық №19-309-201-517 жер учаскесін жеке нотариус А.А.Акшабаевамен куәландырған сатып алу-сату шарты жарамсыз деп танылған. Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.
Жауапкер кассациялық шағымында бірінші сатыдағы сот іс үшін маңызы бар мəн-жайлардың шеңберін дұрыс анықтамағанын, материалдық құқықтық нормалары бұзылғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.
Кассациялық шағымды қолдаған жауапкер А.А.Сейлханованы және оның өкілі О.Лапинді, кассациялық шағымға қарсылық білдірген талап қоюшының өкілі Б.К.Серикбаевті, шешімді күшінде қалдыруды сұраған прокурор А.Камашевтің қорытындысын тыңдап, кассациялық сот келесі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Іс құжаттарына сәйкес, Шымкент қаласы, Қайтпас-2 шағын ауданы, №642 мекенжайда орналасқан тұрғын үй жер учаскесімен Ә.Ә.Алдабергеновқа Шымкент қаласы әкімдігінің мүлікті жария ету жөніндегі комиссиясының 2007 жылғы 27 наурыздағы №37402 шешімімен (әрі қарай – даулы шешім) жария етілген.
2010 жылғы 13 шілдедегі жеке нотариус И.С.Джумагельдиевамен куәландыруымен Ә.Ә.Алдабергенов пен А.А.Сейлханованың арасында Шымкент қаласы, Қайтпас-2 шағын ауданы, №642 учаскесі, кадастрлық №19309-061-8955 жер учаскесін сатып алу-сату шарты жасалған.
2023 жылғы 16 қыркүйекте жеке нотариус А.А.Акшабаевамен куәландыруымен А.А.Сейлханова мен Ж.А.Садыковтың және Р.Ж.Зейлханованың арасында Шымкент қаласы, Ақжайық шағын ауданы, №642 учаскесі, кадастрлық №19-309-201-517 жер учаскесін сатып алу-сату шарты жасалған.
Азаматтық істі қарау барысында 2007 жылғы 27 наурыздағы №37402 даулы шешім Ә.Ә.Алдабергеновқа іс жүзінде шықпағаны және аталған шешімнің мұрағатта түп нұсқасы жоқтығы толық анықталған.
Жергілікті соттар даулы шешіммен Шымкент қаласы, Қайтпас-2 шағын ауданы, №497Б мекенжайдағы тұрғын үй мен жер учаскесі Ш.А.Шакеноваға рәсімделгені анықтаған және бұл жайт «Түркістан облысының ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының «Түркістан облысының мемлекеттік архиві» комуналдық мемлекеттік мекемесінің 2024 жылғы 27 тамыздағы №1160 хатымен дәлелденген, яғни даулы жер учаскесі жергілікті атқарушы органмен берілмеген.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 157-бабының 1-тармағы бойынша (бұдан әрі - АК) мәміле сот оны осындай деп (дауланатын мәміле) тануына байланысты осы Кодексте немесе өзге де заңнамалық актілерде белгіленген негіздер бойынша не осылай тануына (маңызсыз мәміле) қарамастан, заңнамалық актілерде тікелей көзделген негіздер бойынша жарамсыз болады.
Мәміленің маңызсыздығы туралы дау туындаған жағдайда, оның жарамсыздығын сот белгілейді.
Даулы жер учаскесінің бастапқы иесі Ә.Ә.Алдабергеновтың даулы жер учаскесіне меншік құқығы іс жүзінде мүлікті жария ету жөніндегі комиссияның шықпаған шешімі негізінде тіркелген.
Қазақстан Республикасы Жер кодексінің (бұдан әрі - Жер кодексі) 3- бабы бойынша Қазақстан Республикасында жер мемлекеттiк меншiкте болады. Жер учаскелерi осы Кодексте белгiленген негiздерде, шарттар мен шектерде жеке меншiкте де болуы мүмкiн (жауапкерлердің даулы жер учаскесіне құқықтары пайда болған кездегі редакция).
Даулы жер учаскесі мемлекет меншігінен жеке тұлғаға мемлекеттің атынан жер учаскесін жеке меншікке беруге құзырет берілген тиісті мемлекеттік мекемемен берілмеген, яғни мемлекеттің еркінен тыс берілген.
АК-нің 261-бабының 1-тармағына сай, егер мүлiк оны иелiктен айыруға құқығы болмаған адамнан өтеулі түрде алынып, алушы мұны бiлмесе және бiлуге тиiс болмаса (адал алушы), мүлiктi меншiк иесi немесе меншiк иесi мүлiктi иеленуге берген адам жоғалтқан, не мұның екеуiнен де ұрланған, не олардың иеленуiнен бұлардың еркiнен тыс өзге жолмен шығып қалған ретте ғана меншiк иесi бұл мүлiктi алушыдан талап етiп алдыруға құқылы.
АК-нің 157-1-бабының 2-тармағында жарамсыздығына байланысты және жасалған кезінен бастап жарамсыз болған мәмiлелерді қоспағанда, егер осы Кодексте, Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерінде өзгеше көзделмесе немесе мәмiленiң мәнiнен немесе мазмұнынан өзгеше туындамаса, жарамсыз мәмiле заңдық салдарларға алып келмейді.
Бірінші сатыдағы сот іс құжаттарға тіркелген дәлелдемелер жиынтығына құқықтық баға беріп, талап қоюшының талаптарын негізді және қанағаттандырылуға жататыны туралы дұрыс қорытындыға келген. Апелляциялық сот істің мән-жайын тексеріп, бірінші сатыдағы соттың бұл тұжырымдарымен толықтай келіскен.
Жауапкерлердің шағымдарындағы уәждері соттардың қарау нысаны болған және дауланған сот актілерінде оларға тиісті құқықтық баға берілген.
Кассациялық шағымда жаңа фактілер мен негіздемелер келтірілмеген. Істі қарау барысында жергілікті соттардың тарапынан материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына жол берілмеген.
Жауапкерлердің іс бойынша анықталған мән-жайлармен келіспеуі, дауланып отырған сот актісінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз бола алмайды.
Сондықтан кассациялық сот дауланып отырған сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деп санайды.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 11 ақпандағы шешімі және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 16 сәуірдегі қаулысы күшінде қалдырылсын.
Жауапкерлер Ж.Садыковтың, А.А.Сейлханованың кассациялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші: Ж.К.Рустембеков
А.О.Тогумбетова
Судьялар:
Л.Б.Мамырбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.