Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 11.06.2026 по делу 6003-26-00-2к/2003(2) (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 11 маусым №6003-26-00-2к/2003(2) Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот, құрамында төрағалық етуші судья Ғ.Б.Бастаубаев, судьялар Н.А.Жумагулова, Н.О.Косанов,

талап қоюшының өкілі А[...],

жауапкердің өкілі Л[...],

бейнеконференцбайланыс арқылы қатысуымен, ашық сот отырысында талап қоюшы «КZ[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (әрі қарай - Серіктестік) жауапкер «Абай облысы, [...] сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесіне (әрі қарай - Мекеме) шарт сомасын ұлғайтуды міндеттеу туралы талап қоюы бойынша электрондық азаматтық істі Абай облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 11 желтоқсандағы шешіміне және Абай облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 11 наурыздағы қаулысына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы:

2024 жылғы 1 наурызда Мекеме (тапсырыс беруші) мен Серіктестік (орындаушы) арасында «Үржар ауданының Қазымбет ауылындағы су құбыры және су жинау ғимаратының құрылысы» жұмыстарын орындауға, құны 626 142 701 теңгеге, №240010/00 мемлекеттік сатып алу шарты және «Үржар ауданы Е[...] ауылының су құбыры желілері мен су жинау құрылыстарын салу» жұмыстарын орындауға, құны 809 604 934 теңгеге, №240011/00 мемлекеттік сатып алу шарты жасалған.

Талап қоюшы талап қоюында жауапкерді аталған мемлекеттік сатып алу туралы шарттардың құндарын 626 142 701 теңгеден 698 224 248 теңгеге және 809 604 934 теңгеден 880 364 405 теңгеге ұлғайтуды міндеттеуді сұраған.

Апелляциялық сатыдағы соттың қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған бірінші саты сотының шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.

Талап қоюшының өкілі кассациялық шағымында жергілікті соттардың істің мән - жайын толық анықтамай, заң нормаларын қате қолданғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыруды сұрайды.

Талап қоюшының өкілінің кассациялық шағымды қолдаған пікірін, жауапкердің өкілінің қарсылығын тыңдап, шағым уәждері мен іс құжаттарын зерделеп, кассациялық сот төменгі тұжырымдарға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі- АПК) 438 - бабының 5 - бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427 - бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434 - бабының 1- бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылыққа жол берілмеген.

Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының 21-бабының 2-тармағының 2) тармақшасында (бұдан әрі-Заң) (шарт жасалған кездегі нұсқасы) конкурстық құжаттамада осы Заңның 9-бабында белгіленген

біліктілік талаптарынан басқа, мыналар: жобалау-сметалық құжаттаманы талап ететін жұмыстарды мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырған кезде конкурстық құжаттамада белгіленген тәртіппен бекітілген техникалық өзіндік ерекшелік, жобалау-сметалық құжаттама және оның кешенді ведомстводан тыс сараптаманың оң қорытындысы қамтылуға тиіс. Бұл ретте мұндай мемлекеттік сатып алу бойынша жұмыстарды орындау мерзімдері белгіленген тәртіппен бекітілген жобалау-сметалық құжаттамада көрсетілген жұмыстарды орындау мерзімдеріне сәйкес келуге тиіс.

Заңның 45-бабының 2 тармағы 2) тармақшасында, өнім берушіні таңдауға негіз болған сапаның және басқа да шарттардың өзгермеуі талабымен мемлекеттік сатып алу туралы жасалған шартқа өзгеріс енгізуге: егер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сараптамадан өткен жобалау-сметалық құжаттамаға өзгерістер енгізілсе және Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен осындай өзгеріс сомасына қосымша ақша бөлу туралы шешім қабылданса, мемлекеттік сатып алу туралы шарттың сомасын ұлғайту бөлігінде жол беріледі.

Серіктестік конкурсқа өтінім беріп, конкурстық құжаттамадағы белгіленген талаптарға және шарттарға келісімін білдірген, шарттарға сәйкес құрылыс-монтаж жұмыстарын кешенді ведомстводан тыс сараптамадан өткен жобалау-сметалық құжаттама негізінде орындауға міндеттенген, шарттардың елеулі ережелері бойынша келісімге қол жеткеніне байланысты мемлекеттік сатып алу туралы шарттары жасалған, тиісінше жауапкер белгілі бір міндеттемелерді және кәсіпкерлік тәуекелді қабылдаған.

Солай бола тұра, Серіктестік талап қоюында конкурстық жобалау - сметалық құжаттамасында жұмыстардың бағаларын белгілеу кезінде 2023 және 2024 жылдарға арналған құн индекстері қолданылғанын, баға белгілеу жөніндегі нормативтік құжаттардың (ҚР ҚНБҚ 8.04-07-2022) талаптарына сәйкес 2023 жылға арналған құн индексі – 1,079, 2024 жылға арналған құн индексі – 1,163 болып белгіленгенін, алайда, жауапкер осы коэффициенттерді толық көлемде есепке алмай, шарттарға қате коэффициенттер енгізгенін көрсетіп, жауапкерді шарттардың құндарын ұлғайтуға міндеттеуді сұраған. Талап қоюдың мәтініне сай шарттарға олардың құнына қатысты өзгерту енгізу талап етілген.

Заң талаптарына сай сараптамадан өткен жобалау-сметалық құжаттамаға өзгерістер енгізілсе және айқындалған тәртіппен осындай өзгеріс сомасына қосымша ақша бөлу туралы шешім қабылданса, тек сол жағдайда жасалған шартқа өзгеріс енгізуге жол беріледі.

Мұндай жағдайлар сотта анықталмаған, сондықтан соттың талап қоюды қанағаттандырусыз қалдырғаны заңды.

Төменгі сатыда тұрған соттардың бұл тұжырымдары істі мән-жайларына және заң талаптарына сай келеді. Іс бойынша маңызы бар дәлелдемелер істі қарау барысында тексерілген, оларға соттармен дұрыс баға берілген, тиісті заң нормалары дұрыс қолданылған. Кассациялық шағымда келтірілген уәждер

дәлелдемелерді қайта бағалауға бағытталған, шағымдалған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіздер жоқ.

АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот

Абай облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 11 желтоқсандағы шешімі және Абай облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 11 наурыздағы қаулысы күшінде, талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Ғ.Бастаубаев

Төрағалық етуші судья

Судьялар

Н.Жумагулова

Н.Косанов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.