№6003-26-00-2к/975 іс
Қ А У Л Ы
2026 жылғы 25 мамыр Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші судья Г.С.Джаппарова, судьялар А.К.Есдаулетов, Н.Б.Ормаханов болып,
талап қоюшы өкілі А.У.Сисенгалиеваның қатысуымен, бейне-байланыс құрылғысы арқылы ашық сот отырысында, Жәнібек аудандық сотының 2025 жылғы 28 қазандағы шешімі мен Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 21 қаңтардағы қаулысына жауапкердің кассациялық шағымымен түскен,
талап қоюшы «Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі Батыс Қазақстан облысының полиция департаменті» мемлекеттік мекемесінің жауапкер Ербол Кадырбулатович Бисенгалиевке көлік құралын басқару құқығын тоқтату және жүргізуші куәлігін тапсыруға міндеттеу туралы электрондық азаматтық істі қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы:
Талап қоюда, Е.К.Бисенгалиевтің медициналық қорытындымен расталған, көлік құралдарын қауіпсіз басқаруға кедергі келтіретін ауруы болғандықтан, оның көлік құралдарын басқару құқығын тоқтату және жүргізуші куәлігін тапсыруды міндеттеу сұралған. Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 21 қаңтардағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған, Жәнібек аудандық сотының 2025 жылғы 28 қазандағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған.
Е.К.Бисенгалиевтің көлік құралын басқару құқығы тоқтатылып, 2020 жылғы 12 қарашада берілген, сериясы LM №049576, санаты «В, С, В1, С1» жүргізуші куәлігін «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Батыс Қазақстан облысының полиция департаменті» мемлекеттік мекемесіне тапсыруға міндеттелген.
Сот шығыстары бөлініп, мемлекет кірісіне 1 966 теңге мемлекеттік баж өндірілген.
Оған, соттардың жауапкердің психиатриялық есепте тұруының көлік құралын басқаруға кедергі болып табылатыны жөнінде тұжырымға келуі негіз болған.
Жауапкер кассациялық шағымында, материалдық құқық нормаларының бұзылуына, шешім қабылдауда ескі ақпарат негізге алынып, қазіргі медициналық жағдайына баға берілмеуіне байланысты, талап қоюды қанағаттандырудан бас тартуды сұраған.
Жауапкер өтінішінде денсаулық жағдайына байланысты істі өзінің қатысуынсыз қарауды сұраған.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әріАПК) 450-бабының 2-бөлігінің талабы бойынша жауапкердің болмауы сот отырысын жалғастыру мүмкіндігін жоққа шығармайды.
Кассациялық сот істегі бар дәлелдемелерді зерттеп, талап қоюшы өкілінің түсінігін тыңдап, кассациялық шағымның дәлелдерi шегiнде соттар шығарған сот актiлерiнiң заңдылығын тексерiп, оның уәждерін талқылап, төмендегідей тұжырымға келді.
АПК-тің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Істі қарауда соттармен мұндай бұзушылықтарға жол берілмеген.
«Жол жүрісі туралы» Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 17 сәуірдегі № 194-V Заңының 75-бабының 1-тармағының 2)-тармақшасына сәйкес медициналық қорытындымен расталған, көлік құралдарын қауіпсіз басқаруға кедергі келтіретін жүргізуші денсаулығының нашарлауы көлік құралдарын басқару құқығын тоқтатуға негіз болып табылады.
Сотта істі қарауда анықталған мән-жайларға қарағанда, Е.К.Бисенгалиев 2018 жылғы 21 ақпаннан бастап «Алкогольді тұтынудан туындаған психикалық және мінез-құлық бұзылыстары F10.20» диагнозымен «Д» есепке алынған, бұл есептен шығарылмаған, оған қарамастан 2020 жылғы 12 қарашада жүргізуші куәлігін алған.
Е.К.Бисенгалиевтің бұл ауруы (ауру коды - F10), Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму Министірінің 2015 жылғы 9 қарашадағы №853 бұйрығымен бекітілген адамдардың көлік құралдарын басқаруына тыйым салатын медициналық қарсы көрсетілімдер тізбесіне кіреді.
«Психикалық денсаулық саласында медициналық-әлеуметтік көмек көрсетудің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 25 қарашадағы № ҚР ДСМ-203/2020 бұйрығының 11-тармағының талабы бойынша науқасты есептен шығару және динамикалық байқаудың басқа тобына ауыстыру учаскелік психиатр дәрігердің ұсынымы бойынша дәрігерлік-консультациялық комиссияның шешімі негізінде жүзеге асырылады.
Е.К.Бисенгалиевпен белгіленген тәртіппен наркологиялық есептен шыққанын растайтын құжаттар ұсынылмаған, керісінше соңғы бірінші сатыдағы сотта істі қарауды АПК-тің 15-бабында көзделген құқыларын жүзеге асырып талап қоюмен келісетінін көрсеткен.
Өз кезегінде, соттың іс құжаттарына және сотта анықталған мәнжайларға негізделген тұжырымдарымен бір тараптың келіспеуі, өздігінен
шағым берілген сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз болып табылмайды.
Сондықтан кассациялық шағымда келтірілген уәждер апелляциялық сатыдағы соттың қарау нысаны болып, оларға құқықтық дұрыс баға берілгендіктен сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
Жоғарыда аталған Заңның 75-бабының 2-тармағының 2) тармақшасының талабы бойынша көлік құралын басқару құқығы тоқтатылған кезде, егер көлік құралдарын басқару құқығын тоқтатудың себебі жойылатын болса, сот шешімі бойынша бұл құқық қайта қалпына келтірілетіні түсіндіріледі.
АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Жәнібек аудандық сотының 2025 жылғы 28 қазандағы шешімі мен Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 21 қаңтардағы қаулысы күшінде, жауапкер Ербол Кадырбулатович Бисенгалиевтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Г.Джаппарова
Судьялар Н.Ормаханов
А.Есдаулетов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.