6001-22-00-6ап/2432
ҚАУЛЫ
2023 жылғы 16 мамыр
Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы Г.Б.Дуйсенбаев, судьялар – Б.Т. Нажмиденов, Г.К.Нурбаев болып, талап қоюшының өкілі Ж[...], жауапкердің өкілдері Б[...], Т[...]
қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Г[...] жауапкер «Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі» (бұдан әрі – Министрлік) мемлекеттік мекемесіне әрекетін (әрекетсіздігін) заңсыз деп тану туралы, талап қоюшының арыздары бойынша жүргізілген барлық тексеру жұмыстары құжаттарымен, қорытындыларымен толық таныстырып, тиісті құжаттар мен барлық тексеру қорытындылары көшірмелерін беруді мәжбүрлеу туралы
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 6 қазандағы қаулысына талап қоюшы өкілінің келтірген кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы Г[...] аталған талап қоюмен сотқа жүгіне отырып, оны жауапкер Министрліктің заңсыз әрекетімен (әрекетсіздігімен) оның конституциялық құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылғандығымен негіздеген.
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 21 маусымдағы шешімімен талап арыз ішінара қанағаттандырылған.
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің 2022 жылғы 15 наурыздағы № 8-4/1370-И жауап хаты бойынша әрекеті (әрекетсіздігі) заңсыз деп танылған.
Талап қоюдың қалған бөлігін қанағаттандырудан бас тартылған.
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 6 қазандағы қаулысымен бірінші саты сотның шешімі өзгертіліп, шешімнің жауап хат бойынша Министрліктің әрекетін (әрекетсіздігін) заңсыз деп тану туралы талабын қанағаттандыру жөніндегі бөлігінің күші жойылып, бұл бойынша талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылданған.
Талапкер өкілі кассациялық шағымында апелляциялық саты сотының тұжырымдарымен келіспей, заңсыз және негізсіз қабылданғандықтан күшін жойып, бірінші сатыдағы сот шешімін заңды деп танып, қайта қалпына келтіруді сұраған.
Сот алқасы іске қатысушылардың кассациялық шағым бойынша пікірлерін тыңдап, шағымның уәждері мен іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Іс құжаттарына қарағанда, талап қоюшының өкілі Г[...] атынан Министрлікке 2022 жылғы 28 ақпанда сұраныс хат жолдап, 10 тармақтан тұратын құжаттарды ұсыну туралы өтініш білдірген (бұдан әрі – сұрау салу).
Министрлік сұрау салудың 1, 2, 3-тармақтары бойынша, атап айтқанда 2021 жылғы 25 қарашадағы №8-4/ЖТ-Г-485/1, 2022 жылғы 20 қаңтардағы №132/294-И хаттарын, Министрдің жеке қабылдауында болған хаттаманың көшірмесін, бейнежазбасын жолдаған.
Сұрау салудың басқа бөліктері бойынша сұратылған құжаттар қызметтік құжаттар қатарына жататындықтан және де дербес деректерге байланысты болғандықтан бас тартылған.
Министрліктің мұндай іс-әрекеті Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің 2021 жылғы 16 маусымдағы №290 бұйрығымен бекітілген Азаматтық қорғау органдарында қызметтік тергеу жүргізу қағидаларының, қызметтік тергеу материалдары тек қадағалау органына немесе сотқа, олардың сұрау салуы бойынша, ал қылмыстық құқық бұзушылық белгілері анықталған жағдайда қылмыстық қудалау органдарына жолданатындығы туралы талаптарына сәйкес келеді.
«Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының 1) тармақшасына сай осы баптың 5-тармағында және осы Заңның 9-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, дербес деректерді жинауды, өңдеуді меншік иесі және (немесе) оператор, сондай-ақ үшінші тұлға субъектінің немесе оның заңды өкілінің келісімімен уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырады.
«Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 42бабы 2-тармағының 4) тармақшасында көрсетілгендей, заңдарда көзделген жағдайларды қоспағанда, қызметкердің жазбаша нысанда білдірген келісімінсіз оның дербес деректерін үшінші тарапқа беруге жол берілмейді. Сондай-ақ, ӘРПК-нің 45-бабы 4-бөлігінде мемлекеттік қызметшілерге қызметтік ақпарат өздеріне жүктелген қызметтік міндеттерді орындау үшін ғана берілетіндігі, бұл ақпарат қызметтен тыс мақсаттарда пайдаланылмайтындығы көрсетілген.
Жоғарыда аталған заң нормаларын ескере отырып, сот алқасы апелляциялық сатыдағы сот алқасының талап қоюшының Министрлікке жолдаған сұрауындағы сұратылған құжаттар қызметтік құжаттар қатарына жататындықтан және де дербес деректерге байланысты болғандықтан, Г[...] талап қоюының тиісті құжаттар мен барлық тексеру қорытындылары көшірмелерін беруді мәжбүрлеу туралы бөлігін қанағаттандырудан бас тарту туралы тұжырымымен толықтай келіседі.
Сот алқасы ӘРПК-нің 2-тарауына сай әкімшілік рәсімдердің және әкімшілік сот ісін жүргізу қағидаттарының бірі мөлшерлестік қағидаты болып табылатынын назарға алады.
ӘРПК-нің 10-бабында әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік қалауды жүзеге асыру кезінде әкімшілік рәсімге қатысушы мен қоғам мүдделерінің әділ теңгерімін қамтамасыз етеді. Бұл ретте әкімшілік акт, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) мөлшерлес, яғни жарамды, қажетті және пропорциялы болуға тиіс екендігі көзделген.
Сот алқасы, апелляциялық сот алқасының талап арыздан бас тарту туралы тұжырымы іс бойынша анықталған нақты мән-жайларға және ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды, себебі, жауапкердің мұндай әрекеті талап қоюшының құқықтары мен заңды мүдделерін бұзбайды, сондықтан іс бойынша қабылданған даулы сот актісінің күшін жоюға негіздер жоқ деп тапты.
Талап қоюшының кассациялық шағымында көрсетілген уәждері апелляциялық саты сотымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал талап қоюшы өкілінің сот тұжырымдамасымен келіспеуі, сот актісін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.
Сондықтан, сот алқасы іс бойынша қабылданған даулы сот актісінің күшін жоюға, кассациялық шағымды қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тапты.
ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 6 қазандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшының өкілі Ж[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Г.Б. Дуйсенбаев
Судьялар
Б.Т. Нажмиденов
Г. К. Нурбаев
Көшірмесі дұрыс. Судья
Г.Б. Дуйсенбаев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.