КСАД РК - Постановление от 12.09.2025 по делу 6003-25-00-4к/1461 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 12 қыркүйек 6003-25-00-4к/1461 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:

төрағалық етуші – Д.Ә.Әбдіғалиев,

судьялар – Г.М.Ыдырысова, М.А.Қасымов болып,

ашық сот отырысында талап қоюшы Нурлыбаев Максаттың жауапкер «Шымкент қаласының сəулет, қала құрылысы жəне жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесіне (əрі қарай - Басқарма) жерге орналастыру жобасын бекіту туралы бұйрықтың күшін жою жөніндегі бұйрықты заңсыз деп танып, күшін жою туралы əкімшілік ісі бойынша қабылданған,

Шымкент қалалық сотының əкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 ақпандағы қаулысына талап қоюшымен келтірілген кассациялық шағымымен келіп түскен əкімшілік істі қарап

АНЫҚТАДЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық əкімшілік сотының 2024 жылғы 20 қарашадағы шешімімен талап қою қанағаттандырылып, Басқарманың «Жерге орналастыру жобаларын бекіту туралы 2022 жылғы 20 сəуірдегі азамат Нурлыбаев Мақсатқа бекітілген №Б34-О санды бұйрығы 1 қосымшасы 37 тармақшасының күшін жою туралы» 2024 жылғы 6 қыркүйектегі №Б-62-О санды бұйрығы заңсыз деп танылып, күші жойылған. Шымкент қалалық сотының əкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 ақпандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімінің күші жойылып, іс бойынша талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығарылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгеріссіз қалдыруды, апелляциялық сатыдағы соттың қаулысымен келіспейтінін көрсетіп, оның күшін жоюды, кассациялық шағымын қанағаттандыруды сұраған.

Бірінші жəне апелляциялық сатыдағы соттарға қатысқан өзге тұлғалар сот отырысының күні, уақыты жəне форматы туралы тиісті түрде хабардар етілгеніне қарамастан, сотқа келмеген жəне келмеу себептері туралы сотқа мəлімет бермеген.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рəсімдік-процестік кодексінің (əрі қарай - ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сəйкес, əкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Сот кассациялық шағымның уəждерін тексеріп, іс құжаттарын зерттеп, ұсынылған дəлелдемелерді бағалай келе, төмендегідей тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рəсімдік-процестік кодексінің (əрі қарай - ӘРПК) 169-бабына сай кассациялық шағым жасау жəне кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тəртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (əрі қарай - АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сəйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға əкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық жəне процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тəртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Апелляциялық сот алқасының тарапынан мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Сотта анықталған мəн-жайларға қарағанда, «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Шымкент қаласының жер ресурстарын басқару департаменті» РММ-мен (əрі қарай - Департамент) Ж.Арысбаеваның арызы негізінде 10 жəне 18 шілде 2024 жылы аралығында Басқармаға қатысты жоспардан тыс тексеру жұмыстары жүргізіліп, тексеру қорытындысы бойынша Басқармаға 18 шілде 2024 жылы №131 бұзушылықты жою туралы нұсқама (əрі қарай - Нұсқама) берілген.

Нұсқамаға сəйкес Басқармаға: 1) Тексеру нəтижелері бойынша осы жер учаскесіне қатысты бұйрықты қабылдаған жауапты лауазымды тұлғалардың тəртіптік жауапкершіліктерін қарастыру; 2) 21.04.2022 жылғы №Б-34-Ө санды бұйрығының азамат Нурлыбаев Мақсатқа қатысты бөлігінің күшін жоюды мерзімінен кешіктірмей орындау мəселесін шешу нұсқалған.

Осы нұсқаманы орындау мақсатында Басқарманың 6 қыркүйек 2024 жылғы №Б-62-О санды бұйрығымен М.Нурлыбаевқа жерге орналастыру жобасын бекіту туралы 20 сəуір 2022 жылғы №Б-34-О санды бұйрығының 1 қосымшасы 37 тармақшасының күші жойылған.

Бірінші сатыдағы сотпен анықталғаны бойынша, Шымкент қаласы жылжымайтын мүлікті жария ету жөніндегі комиссиясының 2007 жылғы 16 тамыздағы №61286 санды шешімі негізінде К.Текеноваға Шымкент қаласы, Ақниет ш/а, 59 «А» үй мекен-жайындағы тұрғын үй жер учаскесі жария етіліп, №19-309-063-9066 санды сəйкестендіру актісі рəсімделген.

2021 жылы 1 маусымдағы сату сатып-алу шарты негізінде К.Текенова өзіне тиесілі жер учаскесін М.Нурлыбаев пен К.Кнашаеваға сатып,

соңғылардың ортақ үлеспен меншік құқығы пайда болып, жер учаскесіне кадастрлық №22-327-015-327 санды сəйкестендіру актісі рəсімделген.

Бірінші сатыдағы сот өзінің талап қоюды қанағаттандыру туралы тұжырымын заңды күшіне енген сот шешімдерімен аталған жер учаскесі М.Нурлыбаевқа тиесілі екендігін жəне соңғының талап қоюы негізінде мүдделі тұлға Ж.Арысбаевамен заңсыз салынған құрылыс бұзылғанын, соңғының жер учаскесіне ешқандай құжаттары жоқ екендігімен, К.Текенованың атына берілген Шымкент қаласы жылжымайтын мүлікті жария ету жөніндегі комиссиясының 2007 жылғы 16 тамыздағы №61286 шешімі жарамсыз деп танылмағанымен негіздеген.

Сонымен бірге, бірінші сатыдағы сот Басқармамен нұсқаманы орындау барысында жəне даулы бұйрықты шығару кезінде іс бойынша маңызы бар мəн-жайларды толық тексермей, іске тіркелген дəлелдемелерге құқықтық баға бермей асығыстық жасап, бұйрықтың күшін жойған деген қорытынды жасаған.

Бұдан бөлек, сот Басқармамен даулы бұйрықтың күшін жою барысында, талап қоюшының жер учаскесіне қатысты шығарылған заңды күшіне енген сот актілері бар екені, сот актілерінде тексеру тағайындауға негіз болған мəн-жайларға баға берілгеніне, дауланып отырған бұйрықтың талап қоюшы үшін қолайлы əкімшілік акт екендігіне назар аударылмаған деген тұжырымға келген.

Басқарма мен мүдделі тұлғалар, талап қоюшының жер учаскесін бекіту барысында Жер кодексінің 43-бабының талаптары сақталмағандығын, яғни кемшіліктер орын алғандығын нақтылап көрсеткен.

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2022 жылғы 3 маусымдағы №180 бұйрығымен (əрі қарай – бұйрық) бекітілген «Жер учаскелерін қалыптастыру жөніндегі жерге орналастыру жобасын жасау қағидаларын бекіту туралы» Қағиданың (əрі қарай - Қағида) 6-тармағына сəйкес жерге орналастыру жобасын жасау рəсімі мынадай бірізділікпен жүзеге асырылады:

  1. дайындық жұмыстары (камералды жəне танаптық);

  2. жерге орналастыру жобасын жасау;

  3. жерге орналастыру жобасын қарау жəне келісу;

  4. жерге орналастыру жобасын бекіту.

Қолданыстағы жер учаскелерін ретке келтіру кезінде жерге орналастыру жобасын əзірлеу жер учаскесін ретке келтіруге мүдделі тұлғаның өтініші негізінде, жəне жер учаскесіне құқық белгілейтін құжат болған жағдайда орындалады.

Жоғарыда аталған бұйрықтың 4-тармағында жəне Жер кодекстің 43бабында көзделген тəртіппен мемлекеттік меншіктегі жерлерден жер учаскесіне құқық берген кезде жаңа жер учаскесін қалыптастыру жөніндегі

жерге орналастыру жобасын əзірлеу жер комиссиясының оң қорытындысы жəне жер учаскесін беруге мүдделі тұлғаның (бұдан əрі - тапсырыс беруші) жерге орналастыру жобасын əзірлеуге арналған өтініші негізінде орындалады.

Осы негіздермен уəкілетті органмен жауапкерге нұсқама беріліп, оның негізінде жер учаскелерін қалыптастыру жөніндегі жерге орналастыру жобаларын бекіту туралы бұйрықтың күшін жою мақсатында тиісті ісшаралар қолдану керектігі көрсетілген.

Жерге орналастыру жобасын əзірлеу кезінде жер учаскесін алдын ала таңдау актісінде көрсетілген жер учаскесінің орналасқан жерін өзгертуге жол берілмейді.

Алайда, Басқарма заңды бұза отырып, жер учаскесінің орналасқан жерін негізсіз өзгертіп, нақты сол жерде отырғандығын дəлелдейтін құжаттары болмағанына қарамастан, басқа жерге ыңғайласып орналастыруға ықпал жасаған.

Осы негіздермен уəкілетті органмен жауапкерге нұсқама беріліп, оның негізінде жер учаскелерін қалыптастыру жөніндегі жерге орналастыру жобаларын бекіту туралы бұйрықтың күшін жою мақсатында тиісті ісшаралар қолдану керектігі көрсетілген.

Ал, аталған нұсқама жауапкермен дауланбаған жəне бүгінгі таңда күші жойылмаған.

Істің бұл тұрғысында сот алқасының талапты қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешімі заңға сəйкес қабылданған.

АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сəйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сəйкес келуге тиiс.

АПК-нің 427-бабының үшінші бөлігіне сəйкес, мəні бойынша дұрыс сот шешімінің күші бір ғана формальды пайымдаулар бойынша жойылмайды. Материалдық немесе процестік құқық нормаларының бұзылуы немесе дұрыс қолданылмауы, егер осы бұзушылық дұрыс шешім қабылдамауға əкеп соқса немесе əкеп соғуы мүмкін болса, соттың шешімін өзгертуге немесе күшін жоюға негіз болып табылады. Кассациялық шағым иесінің келтірген уəждеріне дауланған сот актісінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дəлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Жоғарыда аталғанның негізінде, апелляциялық сатыдағы соттың сот актісі күшінде қалдырылуға жатады.

– ӘРПК нің 169-бабын, АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, əкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Осы іс бойынша Шымкент қалалық сотының əкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 ақпандағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Д.Әбдіғалиев Судьялар Г.Ыдырысова

М.Қасымов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.