6001-22-00-6ап/1607
ҚАУЛЫ
17 қаңтар 2023 жыл Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының əкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші судья Н.Ү. Қайыпжанның, судьялар Ж.Б. Ермагамбетованың, Д.А. Токмурзинаның,
талап қоюшылардың өкілі Р[...],
жауапкерлер: Атырау облысы əкімінің өкілі Д[...], «Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасы» ММ-нің өкілі Т[...] қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында мобильді бейне-конференц байланыс құрылғысы арқылы ашық сот отырысында талап қоюшылар Т[...], У[...], А[...], Ө[...], И[...] жауапкерлер Атырау облысы əкіміне, «Атырау облысының Денсаулық сақтау басқармасы» ММ-не 2021 жылғы 8 қыркүйектегі №8 хаттамалық шешімнің 1.2-1.3 тармақтарындағы «№2 Атырау облыстық ауруханасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік мекемесі қатысты бөлігін заңсыз, COVID-19 коронавирусына қарсы күрес шеңберінде эпидемияға қарсы іс-шараларға қатысқандары үшін 2021 жылдың тамыз айына 20 (жиырма) айлық ең төменгі жалақысы көлемінде үстемеақысын толық көлемінде төлеуге тізім жібермеу əрекеттерін заңсыз деп тану, 2021 жылдың тамыз айына үстемеақысын толық көлемде төлеуге тізім жіберуге міндеттеу туралы талап қою арызымен қозғалған əкімшілік іс бойынша қабылданған
Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық əкімшілік сотының 2022 жылғы 25 ақпандағы шешіміне, Атырау облыстық сотының əкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 14 маусымдағы қаулысына талап қоюшылар Т[...], А[...], Ө[...] өкілі Р[...] келтірген кассациялық шағымдарымен келіп түскен əкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
2020 жылғы 4 сəуірде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің №ҚР ДСМ-28/2020 «COVID-19 коронавирусымен күрес шеңберінде эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерін қаржылық қолдаудың кейбір мəселелері туралы» бұйрығы (бұдан əрі - Бұйрық) қабылданған.
Бұйрықтың 1-қосымшасына сəйкес, COVID-19 коронавирусымен күрес шеңберінде эпидемияға қарсы іс-шараларға қатысатын денсаулық сақтау ұйымдары қызметкерлерінің жалақысына үстемақы мөлшері COVID-19 коронавирусын жұқтырудың тəуекел топтары бойынша айқындалған.
1 (бірінші) тəуекел тобына COVID-19 коронавирусы бар пациенттерге медициналық көмек көрсету үшін анықталған реанимация бөлімшелері мен басқа да стационарларды қоса алғанда, инфекциялық стационарлардың дəрігерлері, орта жəне кіші медицина қызметкерлері жатқызылған.
Осы тəуекел тобы бойынша үстемеақы мөлшері бір қызметкерге республикалық бюджет туралы заңда ағымдағы қаржы жылына белгіленген айлық жалақының 20 (жиырма) еселенген ең төменгі мөлшерінен (бұдан əрі - ЕТЖМ) аспау қажет болған.
Атырау облысы əкімінің 2020 жылғы 7 сəуірдегі «Атырау облысыңда COVID-19 коронавирусымен күрес шеңберінде эпидемияға қарсы ісшараларға тартылған денсаулық сақтау ұйымдары жұмыскерлерін қаржылық қолдауды ұйымдастыру жөніндегі комиссия құру туралы» қаулысымен комиссия құрылған (əрі қарай – Комиссия).
2021 жылғы 26 тамызда Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің №ҚР ДСМ-93 бұйрығымен аталған Бұйрыққа өзгерістер енгізіліп, 1 (бірінші) тəуекел тобына жатқызылған қызметкерге үстемеақы мөлшері 2021 жылғы 1 тамызға дейін 20 еселенген ЕТЖМ-нен жəне 2021 жылғы 1 қазаңға дейін 10 (он) еселенген ЕТЖМ-нен аспайтыны белгіленген.
Комиссияның 2021 жылғы 8 қыркүйектегі №8 хаттамалық шешімінің:
1.2-бөлігімен осы жылдың тамыз айында COVID-19 коронавирусымен күресу аясында эпидемияға қарсы іс-шараларға қатысқан Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасының «№2 Атырау қалалық емханасы» ШЖҚ КМК-ның медициналық қызметкерлерінің тізімдері бекітілген;
1.3-бөлігінде осы жылдың тамыз айына медициналық ұйымдардан 50% кемітілген сомаға құжаттар қабылданғаны көрсетілген.
Бұйрыққа сəйкес, «№2 Атырау қалалық емханасы» ШЖҚ КММ-нің А.Т. Т[...], Л.А. У[...], Ө[...], И[...] А[...] инфекционалық ауруханасының орта жəне кіші медицина қызметкерлері, №1 бұйрыққа сəйкес эпидемияға қарсы іс-шараларға қатысқан тəуекел топтарының қызметкерлер санатына жатады.
Талап қоюшыларлар 2021 жылғы 26 тамызда Бұйрыққа енгізілген өзгерістермен келіспей, 2021 жылдың тамыз айында тəуекел тобында қызмет атқарғандары үшін 10 (он) еселенген ЕТЖМ-нен аспайтын үстемеақы төленгенін көрсетіп, жауапкерлердің 20 (жиырма) еселенген ЕТЖМ-де үстемеақы төлеуге тізім жібермеу əрекеттерін заңсыз деп танып, тізім жіберуге міндеттеу, 2021 жылғы 8 қыркүйектегі №8 хаттамалық шешімнің 1.2., 1.3. тармақтарындағы «Атырау қалалық №2 емханасы» ШЖҚ КММ-не, «АТА[...]» ЖШС-не қатысты бөліктерін заңсыз деп тану туралы талап қою арызымен сотқа жүгінген.
Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық əкімшілік сотының 2022 жылғы 25 ақпандағы шешімімен талап қою арыз ішінара қанағаттандырылған.
Атырау облыстық сотының əкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 14 маусымдағы қаулысымен сот шешімі өзгертіліп, талап қою арыздың қанағаттандырылған бөлігінде күші жойылып, талап қою арызды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылданған.
Талап қоюшылардың өкілі апелляциялық сот алқасының қаулысымен келіспей, кассациялық шағымдарында сот алқасы істің мəн-жайларына дұрыс баға бермегенін, материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете келе, сот алқасы қаулысының күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған.
Талап қоюшылар өкілінің кассациялық шағымдарының уəждерін қолдаған түсінігін, жауапкерлер өкілдерінің кассациялық шағымдарға қарсы пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерделеп, қассациялық сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рəсімдік-процестік кодексінің (бұдан əрі - ӘРПК) 169-бабына сəйкес, кассациялық шағым жасау жəне кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тəртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан əрі - АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сəйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға əкеп соққан, материалдық жəне процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тəртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Осы іс бойынша жергілікті соттармен материалдық жəне процестік құқық нормаларын бұзуға жол берілген.
Бірінші сатыдағы сот, «Құқықтық актілер туралы» Заңның 43-бабының 3- тармағына сілтеме жасай отырып, Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 26 тамыздағы бұйрығының кері күші болмайды, азаматтардың жағдайын нашарлатады деген қорытындыға келіп, қойылған талаптарды қанағаттандыру туралы шешім шығарған.
Бұл ретте сот 2021 жылғы 8 қыркүйектегі Комиссияның №8 хаттамалық шешімінің Атырау қалалық емханасының №2 қызметкерлеріне үстемеақы сомаларын есептеуге қатысты 1.2 жəне 1.3-тармақтарының күшін жойған.
Сонымен қатар, талап қоюға Р[...] осы іс бойынша 5 талап қоюшының атынан қол қойған, Р[...] басқа қызметкерлердің мүдделерін білдіруге өкілеттігі жоқ деп көрсеткен.
ӘРПК-нің 16-бабына сəйкес əкімшілік сот ісін жүргізу соттың белсенді рөлі негізінде жүзеге асырылады. Сот əкімшілік процеске қатысушылардың түсініктемелерімен, арыздарымен, өтінішхаттарымен, олар ұсынған дəлелдермен, дəлелдемелермен жəне əкімшілік істің өзге де материалдарымен шектеліп қана қоймай, əкімшілік істі дұрыс шешу үшін маңызы бар барлық нақты мəн-жайды жан-жақты, толық жəне объективті түрде зерттейді. Бірінші сатыдағы сот, мəлімделген талап арыз талаптарын нақтылауға, сот қорғауын талап ететін адамдардың субъектілік құрамын анықтау бойынша шаралар қабылдамаған.
Апелляциялық алқа бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгертіп, талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешімге Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 26 тамыздағы бұйрығы 2021 жылғы 1 тамыздан бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады деген қорытындыға келген, бұл туралы бұйрықтың 4-тармағында нақты көрсетілген жəне «Құқықтық актілер туралы» Заңның 43-бабының 2-тармағына сəйкес келеді. Қазақстан Республикасы Конституциясының 77-бабының 5) тармақшасына, «Құқықтық актілер туралы» Заңның 43-бабының 3-тармағына сəйкес жауапкершілікті белгілейтін немесе күшейтетін, азаматтарға жаңа міндеттер жүктейтін немесе олардың жағдайын нашарлататын заңдардың кері күші болмайды.
Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесінің 1999 жылғы 10 наурыздағы №2/2 қаулысымен жоғарыда аталған нормаға ресми түсініктеме берілген, оған сəйкес азаматтардың құқық бұзушылық үшін заңдық жауапкершілігін реттейтін жəне жауапкершіліктің жаңа түрлерін белгілейтін немесе оны жаңа санкциялар енгізу жолымен күшейтетін заңдардың кері күші болмайды. Республика Парламентінің заңдарды қабылдаған кезде кері күші болатын құқықтық нормаларды белгілейтін құқығы бар.
«Құқықтық актілер туралы» заңның 43-бабының 1 жəне 2-тармақтарына сəйкес нормативтік құқықтық актінің күші ол қолданысқа енгізілгенге дейін туындаған қатынастарға қолданылмайды.
Осы баптың 1-тармағының ережесінен ерекшеліктер нормативтік құқықтық актінің немесе оның бір бөлігінің кері күші өзі немесе нормативтік құқықтық актіні қолданысқа енгізу туралы актімен көзделген, сондай-ақ соңғысы азаматтарға жүктелген міндеттерді алып тастаған немесе олардың жағдайын жақсартқан жағдайларды білдіреді.
Нормативтiк құқықтық актiнiң немесе оның бiр бөлiгiнiң керi күшi оның өзiнде немесе нормативтiк құқықтық актiнi қолданысқа енгiзу туралы актiде көзделген, сондай-ақ кейiнгiсi азаматтарға жүктелген міндеттерді алып тастайтын немесе олардың жағдайын жақсартатын жайттар осы баптың 1- тармағының қағидаларына кiрмейдi.
Жоғарыда аталған нормаларды құқықтық талдау жасай келе азаматтардың жағдайын нашарлататын жəне кері күші бар (əкімшілік немесе қылмыстық жауаптылықты белгілейтіндерді қоспағанда) заңдарды қабылдауға Парламент құқылы деген қорытынды жасауға болады. Кері күш туралы «Құқықтық актілер туралы» Заңның 43-бабының 2- тармағы нормалары қолданысқа енгізілгенге дейін қабылданған заңдармен салыстырғанда азаматтардың жағдайын нашарлатпайтын нормативтік құқықтық актілерге қолданылады.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 24-бабының 1-тармағына сəйкес əркімнің еңбек бостандығына құқығы бар, кəсіп түрін еркін таңдауына немесе еңбек жағдайлары мен еңбегіне ақы төлеуге сəйкес қандай да бір мəжбүрлеусіз еңбекке еркін келісімін білдіреді.
Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 4 сəуірдегі бұйрығымен коронавируспен күрес шеңберінде эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған Денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің қауіп тобына байланысты жалақысына үстемеақы мөлшері белгіленді.
Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің (бұдан əрі - Еңбек кодексі) 10-бабының 2 жəне 3-тармақтарына сəйкес жұмыс беруші актілерінің Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен салыстырғанда жұмыскерлердің жағдайын нашарлататын ережелері жарамсыз деп танылады жəне қолданылмауға тиіс. Осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, еңбек жағдайларын біржақты тəртіппен өзгертуге болмайды. Еңбек Кодексінің 23-бабы 2-тармағының 5) тармақшасына сəйкес жұмыс беруші жұмыскерге Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде, еңбек, ұжымдық шарттарда, жұмыс берушінің актілерінде көзделген жалақы мен өзге де төлемдерді уақтылы жəне толық мөлшерде төлеуге міндетті.
Еңбек кодексінің 46-бабында тараптардың келісімі бойынша жүзеге асырылатын еңбек жағдайларын өзгерту тəртібі реттелген.
Осылайша, еңбек заңнамасында жұмысшылардың еңбек жағдайларын біржақты нашарлататын актілер шығару мүмкіндігі қарастырылмаған.
Істі қарау барысында жергілікті соттар денсаулық сақтау жүйесінің қызметкерлеріне төленетін үстемеақының құқықтық сипатын, шағым беріліп отырған құқықтық қатынастарға қолданылатын заңнаманы, талап қоюшылардың еңбек жағдайлары өзгерген кезде (еңбек заңнамасының нормалары қолданылған жағдайда) жұмысты жалғастыруға келісімі бар-жоғын анықтамаған, тараптардың медиативтік келісім жасасу шарттары мен мүмкіндігін қарастырмаған.
Апелляциялық сот алқасы істі қараудың толықтығы мен объективтілігін, материалдық жəне іс жүргізу құқығы нормаларының, əкімшілік сот ісін жүргізудің ӘРПК-нің 7, 8, 13, 16-баптарында белгіленген негізгі қағидаттарының толық орындалуын қамтамасыз етпегендіктен, осы іс бойынша шағым беріліп отырған сот актісі күшін жоюға, іс апелляциялық сатыдағы сотқа жаңа құрамда қарауға жіберілуге жатады. ӘРПК-нің 169-бабын жəне АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 5) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Атырау облыстық сотының əкімшілік істер жөніндегі сот алқасының
2022 жылғы 14 маусымдағы қаулысының күші жойылсын.
Іс Атырау облыстық сотының əкімшілік істер жөніндегі сот алқасына басқа құрамда жаңадан қарауға жолдансын.
Талап қоюшылардың өкілі Р[...] кассациялық шағымдары ішінара қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші Н. Қайыпжан
Судьялар Ж. Ермагамбетова
Д. Токмурзина
Көшірмесі дұрыс
Судья
Д. Токмурзина
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.