6001-24-00-6ап/1597
ҚАУЛЫ
2025 жылдың 15 қаңтары Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – судья Ғ.Ө.Әлжанов, судьялар – Ж.Б.Ермагамбетова, Б.Т.Нажмиденов болып,
ашық сот отырысында талап қоюшы М[...] жауапкер «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Департамент) оның шағымын Шымкент қаласының әкімдігіне бағыттау әрекетін заңсыз деп тану туралы талап қоюы бойынша қабылданған
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 29 наурыздағы ұйғарымына, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 25 сәуірдегі ұйғарымына талап қоюшының келтірілген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
М[...] сотқа «Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесімен (бұдан әрі – Басқарма) өзіне артық міндеттеме жүктеген деп тануды және 2023 жылғы 5 желтоқсандағы өтініші негізінде қала әкімі шешімінің жобасын дайындап, Шымкент қаласы әкімдігіне жолдауға міндеттеу туралы, сондай-ақ Департаменттің оның шағымын Шымкент қаласы әкімдігіне бағыттау әрекетін заңсыз деп тану туралы талап қоюмен сотқа жүгінген.
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 29 наурыздағы ұйғарымымен талап қою әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпайтындықтан қайтарылған. Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 25 сәуірдегі ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылғандығын көрсете отырып, іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жойып, талап қоюдың үшінші бөлігіндегі талабын мәні бойынша қарау үшін бірінші сатылы сотқа жолдауды сұраған.
Тиісті түрде хабарланған іс бойынша тараптардың кассациялық алқасының сот отырысына келмеуі Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сай істі мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді.
Әкімшілік іс материалдарын зерттеп, шағымның дәлелдемелерін зерделеп, сот алқасы келесі қорытындыға келеді. ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау тәртібі Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Аталған іс бойынша мұндай негіздер анықталды.
ӘРПК-нің 155-бабының бірінші бөлігіне сай сот шешім шығару кезінде дәлелдемелерді бағалайды және қандай мән-жайлар анықталғанын, осы әкімшілік іс бойынша қандай құқықтық акт қолданылуға тиіс екенін және талап қоюдың қанағаттандыруға жататынын-жатпайтынын айқындайды. Егер әкімшілік істе бірнеше талап қойылса, онда сот барлық талаптар бойынша шешім шығарады.
Жоғарыда көрсетілгендей, талап қоюшы соттан Департаменттің әрекетінен бөлек, Басқарманы өзіне артық міндеттеме жүктеген деп тануды, сондай-ақ, 2023 жылғы 5 желтоқсандағы өтініші негізінде қала әкімі шешімінің жобасын дайындап, Шымкент қаласы әкімдігіне жолдауды міндеттеуді сұраған.
Алайда, жергілікті соттар талап қоюшының бұл талаптары бойынша қандай да бір сот актісін қабылдамаған, құқықтық баға бермеген.
Іс бойынша мән-жайлар жергілікті соттармен дұрыс анықталмағандықтан, процестік нормалар дұрыс қолданылмағандықтан, сот актілерінің күші жоюға жатады.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігінің, АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 5-тармақшасын басшылыққа ала отырып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Осы іс бойынша Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 29 наурыздағы ұйғарымының, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 25 сәуірдегі ұйғарымының күші жойылсын.
Әкімшілік іс «Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесіне қойылған талабы бөлігінде мәні бойынша қарау үшін бірінші сатыдағы сотқа жолдансын.
Талап қоюшы М[...] кассациялық шағымы ішінара қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші Ғ. Әлжанов Судьялар Ж. Ермагамбетова Б. Нажмиденов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.