КСАД РК - Постановление от 20.05.2026 по делу 6003-26-00-4к/306 (Административное)

ҚАУЛЫ

2026 жылғы 20 мамыр 6003-26-00-4к/306 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:

төрағалық етуші – судья М.А.Туғанбаев,

судьялар – Р.М.Айнақұлова, Л.С. Кудекова,

талап қоюшы Д.Е. Досмагуловтың қатысуымен

ашық сот отырысында, талап қоюшы Дюсенбай Ержанович Досмагуловтың Атырау облысы Жылыой ауданының әкіміне (әрі қарай – Жылыой әкімі) 2025 жылғы 5 қаңтардағы №103 хаттамалық шешімнің өзіне қатысты бөлігін заңсыз деп тану туралы талап қою арызы бойынша қабылданған, Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 7 сәуірдегі шешіміне, Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 12 тамыздағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Талап қоюшы Дюсенбай Ержанович Досмагулов жоғарыда көрсетілген талап арызымен сотқа жүгінген.

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 7 сәуірдегі шешімімен талап қоюшы Дюсенбай Ержанович Досмагуловтың Жылыой әкіміне табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккендерге келтірілген зиянды (нұқсанды) бағалау және өтеу жөніндегі комиссиясының 2025 жылғы 5 қаңтардағы №103 хаттамалық шешімінің өзіне қатысты бөлігін заңсыз деп тану туралы талап қоюын қанағаттандырудан бас тартылған.

Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 12 тамыздағы қаулысымен бірінші сатдығы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Сот қаулыларымен келіспей, талап қоюшы Д.Е. Досмагулов 11 қыркүйек 2024 жылғы соттың шешіміне сәйкес үйінің жағдайын жер асты суын зерттейтін маманның қорытындысын алып қайта қарауға міндеттеу керектігін көрсетіп, сот қаулыларының күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.

Кассациялық шағымға берген пікірінде Жылыой ауданы әкімінің міндетін атқарушы Е.Нурланов шағым уәждерімен келіспей, шағымның өзінен көрініп тұрағынындай, Д.Е. Досмагулов үйіне су кірмегенін көрсетіп, шағымды қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған.

Мүдделі тұлға Қазақстан Республикасы өнеркәсіп және құрылыс министрлігі геология комитетінің «Батысқазжерқойнауы» Батыс Қазақстан өңіраралық геология департаменті республикалық мемлекеттік мекемесінің басшысы А.Оразгалиев істі қатысуынсыз қарауды сұрады.

Жылыой ауданы әкімінің аппараты жетекшісі А.Теміржанов сот отырысын бейнебайланыс арқылы жүргізу туралы өтінішхат берді.

Кассациялық сот жауапкер өкілінің сот отырысын бейнебайланыс арқылы жүргізу туралы өтінішхатын қанағаттандырусыз қалдырды, өйткені тараптарға сот отырысы Қазақстан Республикасы әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот ғимаратында өкілдердің міндетті қатысуымен өтетіні жайлы алдын ала хабарланған болатын.

Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот, шағым уәждері мен іс құжаттарын жанжақты зерттеп, талап қоюшы Д.Е. Досмагуловтың шағымды қолдау туралы түсініктемесін тыңдап, төмендегідей тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік – процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы Кодекспен өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Осы іс бойынша бірінші және апелляциялық сатыдағы соттарымен аталған заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

2024 жылғы 4 сәуірде Жылыой ауданы әкімінің шешімімен аталған аудан аумағында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланған және 2024 жылдың 15 сәуірінде аудан әкімінің қаулысымен табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккендерге келтірілген зиянды (нұқсанды) бағалау және өтеу бойынша аудандық комиссия (бұдан әрі – Комиссия) құрылған.

Талап қоюшы Атырау облысы Жылыой ауданы Құлсары қаласы, Базарғали Өткелбаев көшесі, 32 А мекенжайындағы үйіне зақым келгенін көрсетіп, аталған Комиссияға 2024 жылдың 4 маусымында өтінішпен жүгінген.

Комиссияның 2024 жылғы 22 шілдедегі №32 санды хаттамалық шешімімен талап қоюшының үйіне топан судың кірмегенін, яғни талап қоюшының тұрғын үйі суға кетпеген аймаққа жататындығын ескеріп, өтінішті қанағаттандырудан бас тартқан.

Комиссияның аталған шешімімен келіспей Д.Е. Досмагулов сотқа жүгінген және Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 11 қыркүйектегі №2394-24-00-4/632 шешімімен Комиссияның 2024 жылғы 22 шілдедегі №32 санды хаттамалық шешімінің талапқоюшыға қатысты бөлігі заңсыз деп танылып, күші жойылған. Жылыой ауданы әкіміне Д.Е. Досмагуловтың өтінішін су зерттейтін тиісті маманның қорытындысын алып, соттың құқықтық ұстанымын ескере отырып, қайта қарау міндеттелген.

Аталған сот шешімін орындау барысында Комиссияның 2025 жылғы 5 қаңтардағы №103 санды хаттамалық шешімімен «Батысжерқойнауы» Батыс Қазақстан өңіраралық геология Департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің хатына сәйкес аймақта жер асты суы деңгейінің көтерілмегендігін ескере отырып, талап қоюшының өтінішін қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа хаттамалық шешім қабылданған. Сот шешімін орындау және осыған байланысты гидрогеолог маманды тарту мақсатында жауапкер жер асты суын зерттейтін мамандардан коммерциялық ұсыныстарын білдіруді сұрап, Алматы қаласындағы «Алматыгидрогеология», Қостанай қаласындағы «Тобылгидрогеология», Көкшетау қаласындағы «Гидрогеология-KZ», Алматы қаласындағы «СПК Гидрогеология», Атырау қаласындағы «Атыраугидрогеология», Жамбыл облысы Байзак ауданындағы «Гидрогеология» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне, «Батысқазжерқойнауы» өңіраралық департаментіне, Ахмедсафин атындағы гидрогеология және геоэкология институтына хаттар жолдаған.

Бұдан басқа 2024 жылғы қараша айында мемлекеттік сатып алу порталында гидрогеологиялық жұмыстарға екі мәрте конкурс жариялаған, алайда тиісті мерзімде әлеуетті өнім берушілерден өтінімдер түспеген.

Сондықтан, жауапкер дауланып отырған хаттамалық шешімді қабылдау барысында жер асты суының көтерілуі туралы «Батысқазжерқойнауы» өңіраралық Департаментінің ақпараттық хатын негізді түрде басшылыққа алған, себебі аталған Департамент жер асты суын зерделеуге негізделген мемлекеттік мекеме болып табылады және оның 2024 жылғы 17 қыркүйектегі №26-10-2-1585 жауап хатында, Құлсары қаласында жерасты суының режимі (судың деңгейінің, химиялық құрамының өзгеруі) 1988 жылы орналастырылған 16 гидрогеологиялық байқау ұңғымалары арқылы зерттелуде екені, салыстырмалы түрде 2022 жылғы наурыз, мамыр, тамыз айларындағы, 2023 жылғы наурыз, мамыр, тамыз айларындағы және 2024 жылғы наурыз, мамыр, тамыз айларындағы орташа өлшеу деректері бойынша, жер асты суларының орташа жылдық деңгейлері орташа жылдық норма шегінде орналасқандығы және қаланың су басуына әсері келмегені хабарланған. Д.Е. Досмагуловтың 6003-26-5-15/375 4 ақпан 2026 жылғы кассациялық шағымында топан судың шарбақ маңында болып, үйіне жетпегендіктен үйі бүлінбегенсоң шағымданбағанын көрсеткен. Талап қоюды қанағаттандыруға құқықтық негіздемелер болмағандықтан, соттардың Д.Е. Досмагуловтың талап қоюын қанағаттандырусыз қалдыру туралы тұжырымдары негізді.

ӘРПК 155-бабының төртінші бөлігіне сәйкес сот талап қоюды қарау кезінде даулы әрекет (әрекетсіздік), шешім құзыретіне және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қабылданғанын анықтаса, оны қанағаттандырудан бас тартады.

Кассациялық шағымдағы уәждер апелляциялық шағымның уәждерін қайталайды, оларға екінші сатыдағы сот тарапынан дұрыс құқықтық баға берілген.

Жоғарыда келтірілген мәнжайларды ескере отырып, әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюға, кассациялық шағымды қанағаттандыруға негіздер жоқ деп табады. ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 7 сәуірдегі шешімі, Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 12 тамыздағы қаулысы өз күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

М. Туғанбаев

Төрағалық етуші:

Р. Айнақұлова

Судьялар:

Л. Кудекова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.