ВС РК - Постановление от 20.01.2020 по делу 6001-19-00-3Г/8007 (Гражданское)

№6001-19-00-3Г/8007

Қ А У Л Ы

2020 жылғы 20 қаңтар Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы С.А. Әбдрахманов арыз беруші «АҚЖАК[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жауапкер «Ақтөбе облысының еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасы» мемлекеттік мекемесіне мемлекеттік еңбек инспекторының ұйғарымын заңсыз деп тану туралы арызымен қозғалған азаматтық ісі бойынша қабылданған

Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 10 қазандағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы «Ақтөбе облысының еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасы» мемлекеттік мекемесінің өтінішхатын істі сұрату арқылы алдын ала қарап,

А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы :

«АҚЖАК[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (бұдан әрі – Серіктестік) жауапкер «Ақтөбе облысының еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасы» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – М[...]) мемлекеттік еңбек инспекторының ұйғарымын заңсыз деп тану туралы арызымен сотқа жүгінген.

Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2019 жылғы 09 тамыздағы шешімімен арыз қанағаттандырусыз қалдырылған.

Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 10 қазандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгертілген. М[...] 2018 жылғы 28 маусымдағы №32 ұйғарымының 2-тармағы заңсыз деп танылып, Серіктестіктің пайдасына 12 025 теңге мемлекеттік баж өндірілген.

Шешімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.

М[...] өтінішхатында істі қарау барысында зерттелген дәлелдемелер мен мән-жайлар соттың жасаған тұжырымдарына қайшы келетінін, материалдық құқық нормаларының дұрыс қолданылмағанын көрсетіп, апелляциялық сатыдағы сот актісінің күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұрайды.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Апелляциялық сатыдағы сот тарапынан мұндай заң бұзушылықтарға жол берілгені туралы өтінішхат берушінің уәждері кассациялық сатының сот отырысында зерттеліп қаралуға жатады.

Іс құжаттарынан анықталғандай, Серіктестік жұмыскерлерінің үстеме жұмыстары бойынша үстеме ақының төленбейтіні туралы ұжымдық арызы негізінде М[...] тексеру жүргізіп, нәтижесінде қызметкерлерге төленбеген үстеме жұмыстарының ақысы 1 040 203 теңгені екі ай мерзім ішінде орындау көрсетілген, еңбек заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы 2018 жылғы 28 маусымдағы №32 ұйғарымы қабылданған.

Бірінші сатыдағы сот арызды қанағаттандырусыз қалдырып, Серіктестіктің үстеме жұмыстары үшін берешек екенін теріске шығармайтынын ескеріп, тексеріс заңнамаға сәйкес жүргізілгендіктен, М[...] шешімін заңсыз деп тануға негіздердің жоқ екендігі туралы қорытындыға келген.

Апелляциялық алқа бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгертіп, тараптар арасында еңбек дауы туындағандықтан, еңбек инспекторының оны шешуге өкілеттілігі жоқ екендігі және дау келісім комиссиясы немесе сотта шешілуге жататыны, даулы ұйғарымның 2-тармағы еңбек дауларын қарау бойынша жүгіну мерзімі бұзылып қабылданғаны туралы тұжырым жасаған.

Өтінішхат иесі апелляциялық сатыдағы соттың бұл тұжырымымен келіспей, еңбек инспекторының үстеме ақы бойынша еңбек заңнамасын бұзушылықтарды анықтағанын көрсеткен.

Аталған берешекпен Серіктестік басшысы келісіп, ол әкімшілік жауапкершілікке тартылған және оған тағайындалған әкімшілік айыппұлды төлеуге келіскен.

Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі – Еңбек кодексі) 193-бабының 4-тармағына сай Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру кезінде мемлекеттік еңбек инспекторлары жұмыс берушілер орындауға міндетті нұсқамалар, қорытындылар беруге, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы хаттамалар мен қаулылар толтыруға, әкімшілік жазалар қолдануға құқылы.

Өтінішхат иесінің пікірі бойынша еңбек заңнамасымен мемлекеттік инспектордың құзыретіне қатысты ешқандай шектеу мерзімдері қойылмаған. М[...] кодексінің 160-бабында көзделген мерзімдер азаматтардың келісім комиссиясы немесе сотқа өз бетінше жүгінгенде ғана есепке алынады деп есептейді.

Іс құжаттарын алдын ала зерделеу, арызданушының өтінішхатында келтірген уәждері және жоғарыда көрсетілгендер, іс үшін маңызы бар мән-жайлардың бар екендігі туралы түйіндерді растайтын дәлелдемелердің толық, жан жақты анықталмағанына сілтейді және жиынтығында сот актісін қайта қарау үшін кассациялық сатының сот отырысында қарауға жататын негіздер бар екенін көрсетеді.

АПК-нің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы

Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 10 қазандағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы «Ақтөбе облысының еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасы» ММ-нің өтінішхаты іспен бірге Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының сот отырысында қарау үшін берілсін.

Қаулының көшірмесі іске қатысушы тараптарға жолдансын.

Судья С. Әбдрахманов

Көшірме дұрыс

С. Әбдрахманов

Судья

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.