КСАД РК - Постановление от 19.02.2026 по делу 6003-25-00-4к/2649 (Административное)

ҚАУЛЫ

2026 жылғы 19 ақпан № 6003-25-00-4к/2649 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:

төрағалық етуші – судья Ә.Ж.Назарова, судьялар – М.А.Қасымов, Д.Н.Нұрлыбаева болып,

жауакпер өкілі Е.Мажиттың қатысуымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы Рашид Булекешович Кажгалиевтың жауапкер Теректі ауданының әкіміне әрекет жасау туралы талабы бойынша қабылданған

Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 17 қыркүйектегі ұйғарымы мен Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 21 қазандағы ұйғарымына талап қоюшының кассациялық шағымы бойынша келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы Р.Б.Кажгалиев талап арызбен сотқа жүгініп, Теректі ауданының әкіміне жазған арызын тиісті деңгейде қарамай немқұрайлы жауап беру әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым келтірген.

Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 17 қыркүйектегі ұйғарымымен талап қоюшының талабы әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпауына байланысты қайтарылған.

Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 21 қазандағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.

Сот актілерімен келіспей, талап қоюшы кассациялық шағымында сот актілерінің күшін жойып, әкімшілік талапты негізінен қарау үшін бірінші саты сотына жолдауды сұраған.

Кассациялық сатыдағы сот жауапкердің түсініктерін тыңдап, іс құжаттарын, шағым уәждерін зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі–АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған. Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, талап қоюшы 2024 жылғы 5 сәуірде төтенше жағдай салдарынан келтірілген материалдық зиянды (нұқсанды) өтеу туралы өтінішімен жергілікті атқарушы органға жүгінген. 2024 жылғы 10 сәуірдегі No583 «Premium Group KZ» ЖСШ-гі жасаған ғимараттар мен құрылыстардың жай-күйі туралы техникалық қорытындысы бойынша Теректі ауданы, Подстепное ауылы, Абай көш., 26 «Б» үйге орташа зақым келтірілгендігі және үй одан әрі пайдалануға жататындығын анықтаған. 2024 жылғы 23 сәуірдегі «Ұлттық бағалау компаниясы» ЖСШ-нің мүліктің залалын бағалау туралы No34/57/24 Есебіне сәйкес арыз иесінің мүлігін жөндеу жұмыстарына 2 627 415 теңге қаражат белгіленіп, талап қоюшы келісіп, құжатқа қолын қойған.

2024 жылғы 23 мамырда аудандық комиссия No173 хаттамалық шешімімен талап қоюшының тұрғын үйін қалпына келтіруге 2 627 415 теңге көлемінде шығындары өтеу туралы шешім шығарып ақша аударған. Талап қоюшы бөлінген қаражатты толығымн игеріп, үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізген.

Алайда, талап қоюшы 2025 жылғы 8 шілде күні үй жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қосымша 6 409 647 теңге қаражат бөлуді сұрап, аудан әкіміне өтініш түсірген.

Теректі ауданы әкімінің орынбасары Д.Абдрашитов (Теректі ауданы аумағында төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйсіз қалған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі комиссия төрағасы) 2025 жылғы 9 шілде күні берген жауабында талап қоюшыға тұрғын үйіне жөндеу жүргізу үшін 2024 жылғы 23 мамырда аудандық комиссия No173 хаттамалық шешімімен қаражат бөлінгенін хабарлаған және қосымша қаражат төлеу қарастырылмағаны туралы түсіндірген.

Батыс Қазақстан облысы әкімшілігінің 2025 жылғы 22 тамыздағы шешімімен талап қоюшының шағымы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Негізінен талап қоюшы Теректі ауданы әкімінің орынбасары және комиссия төрағасы Д.Абдрашитовтың 2025 жылғы 9 шілде күні берген жауабымен келіспейді. Бұл жауап талап қоюшыға төтенше жағдай салдарынан келтірілген зиянды өтеу тәртібін түсіндіру түрінде берілген және өзіне тұрғын үйін жөндеуге тиісті мөлшерде қаражат бөлінгенін көрсеткен.

Осы тұрғыдан, талап қоюшы даулап отырған жауап хат әкімшілік акт болып танылмайды, себебі талап қоюшының заңдарында белгіленген құқықтары мен міндеттерін іске асырмайды, құқықтарын, бостандықтарын, заңды мүдделерін бұзбайды, сондықтан талап қою әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуға жатпайды.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген. Жоғарыда келтірілгендердің негізінде жергілікті соттардың сот актілері өзгеріссіз, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады. ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 17 қыркүйектегі ұйғарымы мен Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 21 қазандағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Ә. Назарова

Судьялар

М.Қасымов

Д. Нұрлыбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.