ВС РК - Постановление от 11.12.2023 по делу 6001-23-00-3Г/6082 (Гражданское)

6001-23-00-3г/6082

2023 жылғы 11 желтоқсан Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Б.Ж.Тоқтарова,

«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның «Б7[...]» ЖШС-не, К[...], П[...] қарызды өндіру және кепілге қойылған мүліктен ақы өндіру туралы талап қоюымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған

Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық сотының 2023 жылғы 27 сәуірдегі шешіміне және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 19 шілдедегі қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның келтірген өтінішхатын электрондық істі зерделеу арқылы алдын ала қарап,

«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ы жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен сотқа жүгінген.

Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық сотының 2023 жылғы 27 сәуірдегі шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған. Жауапкерлер «Б7[...]» ЖШС-нен, К[...] талап қоюшының пайдасына 552 988 151 теңге қарыз ортақ тәртіпте және мемлекет пайдасына 16 589 645 теңге мемлекеттік баж өндірілген.

Талап қоюдың қалған бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылған.

Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының

2023 жылғы 19 шілдедегі қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Өтінішхатта талап қоюшы жергілікті соттардың іс бойынша қабылдаған сот актілерімен келіспей, олардың күшін жойып, талаптарын толық қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұрап келесідей уәждер келтірген.

2019 жылғы 20 маусымдағы кредит желісін ашу туралы 905-ЮКФСМН келісімі негізінде «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ы мен «Б7[...]» ЖШС-нің арасында 2019 жылғы 25 маусымда № 905-ЮКФСМН/1 қарыз шарты (бұдан әрі - Қарыз шарты) жасалған.

Қарыз шарты бойынша «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ы (бұдан әрі - Қоғам) «Б7[...]» ЖШС-не (бұдан әрі - Серіктестік) жылдық сыйақысы 16% мөлшерімен, мақсаты - 585 аналық бас, импорттық асыл тұқымды ірі қара мал алу үшін, 380 000 000 теңге несие берген. Несиені қайтару мерзімі 2029 жылғы 20 маусымға дейін көзделген.

2019 жылғы 20 маусымдағы № 905-ЮКФ-СМН-6 кепіл шарты бойынша К[...] Серіктестіктің Қоғам алдындағы Қарыз шарты бойынша міндеттемесінің орындалуына толық ортақтасып жауап беру мiндеттемесін алған.

Сонымен қатар, 2019 жылғы 20 маусымдағы № 905-ЮКФ-СМН-1, №905-ЮКФ-СМН-2, №905-ЮКФ-СМН-3, №905-ЮКФ-СМН-4, №905-ЮКФСМН-5 кепіл шарттары бойынша міндеттеменің орындалуын қамтамсыз ету мақсатында жауапкер К[...] тиесілі:

  1. Түркістан облысы, [...] есептік квартал, 219 жер учаскесінде орналасқан шопан үй мен жер учаскесі;

  2. Шымкент қаласы, [...] қожа көшесі, № 84/2 тұрғын үй мен жер учаскесі;

  3. Шымкент қаласы, Қызылжар шағын ауданы, Жиделібайсын көшесі,

№38 мекенжайында орналасқан кафе мен үш жер учаскелері;

  1. Түркістан облысы, [...] есептік квартал, 220 жер учаскесінде орналасқан мал қорасы мен кадастр номері [...], жалпы ауданы 0,1005 га жер учаскесі;

  2. Түркістан облысы, [...] есептік квартал, кадастр номері [...], жалпы ауданы 4,000 га жер учаскесі кепілге берілген.

Алайда, Серіктестік алған несие бойынша өз міндеттемелерін тиісінше орындамаған, Қоғам алдындағы қарызы 552 988 151 теңгені құраған.

Сондықтан жергілікті соттар Азаматтық кодекстің (бұдан әрі - АК) 272-бабын, 332-бабының 2-тармағын басшылыққа алып, жауапкерлерден қарызды ортақ тәртіпте өндірген.

Сонымен қатар, соттар кепілге қойылған мүліктен ақы өндіру туралы талап қоюды бұл мүліктердің нарықтық құны анықталмауына байланысты, қанағаттандырусыз қалдыру туралы қорытындыға келген. Алайда, соттардың бұл тұжырымы заңға сәйкес келмейді, себебі АК-нің 317-бабы 1-тармағының талаптарына сәйкес борышқор өзi жауап беретiн кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменi орындамаған немесе тиiсiнше орындамаған ретте кепiл ұстаушының (несие берушiнiң) талаптарын қанағаттандыру үшiн кепiлге салынған мүлiктен ақы өндiрiп алуы мүмкiн.

Мұндай талаптар кепіл шарттарды жасалған кезде де тараптармен көзделген. Кепіл шарттардың 3.1, 4.2 тармақтарына сәйкес кепіл беруші немесе борышкер келісім бойынша міндеттемелерін орындамаған немесе лайықты орындамаған жағдайда, кепіл ұстаушы өз еркіммен соттан тыс немесе сот тәртібімен кепіл мәнін өндіріп алады.

Осылайша, кепіл беруші өзіне тиесілі мүліктерге билік етіп, оларды кепілге қойып, кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемені бұзған жағдайда кепiл нысанасына өндiрiп алуға келісім берген.

Сонымен бірге, кепіл шарттарда кепіл мәнінің жалпы және бағалау құндары да көрсетілген.

Осыған орай, талап қоюшының жоғарыда көрсеткен уәждері кассациялық сот отырысында тексерілуге жатады.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, судья

Қ А У Л Ы Е Т Т І :

«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық сотының 2023 жылғы 27 сәуірдегі шешімін және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 19 шілдедегі қаулысын қайта қарау туралы өтінішхаты электрондық іспен бірге Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына қарау үшін берілсін.

Қаулының көшірмесі өтінішхатты берген тұлғаға жолдансын.

Судья

Б.Ж.Тоқтарова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.