ВС РК - Постановление от 15.03.2018 по делу 6001-18-00-6КГ/4 (Об административном правонарушении)

6кг-4-18

2018 жылғы 15 наурыз Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот төрағалық етуші судья А.Қыдырбаева, судьялар М.Балкен, Б.Шермұхаметов,

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Департамент бөлімінің прокуроры К[...] қатысуымен,

кассациялық тәртіпте ашық сот отырысында Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры орынбасарының Арқалық қалалық сотының 2016 жылғы 11 қыркүйектегі және Қостанай облыстық сотының 2016 жылғы 12 қазандағы қаулыларына келтірген наразылықпен түскен

Н[...] қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі (бұдан әрі - ӘҚБтК) 434-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,

2016 жылғы 11 қыркүйекте сағат 14:45 шамасында азамат Н[...] Арқалық қаласы, [...] жанында темекі тұқылын лақтырып, ортақ пайдалану орнын ластауына байланысты Арқалық қаласының Ішкі істер басқармасы Н[...] әрекетін Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі 434-бабының 1-бөлігімен ұсақ бұзақылық деп саралап, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы толтырған.

Арқалық қалалық сотының 2016 жылғы 11 қыркүйектегі қаулысымен Н[...] ӘҚБтК 434-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынған.

Қостанай облыстық сотының 2016 жылғы 12 қазандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың актісі өзгеріссіз, Арқалық қаласы прокурорының наразылығы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Бас Прокурордың орынбасары наразылығында аталған қаулылардың күшін жойып, Н[...] әрекетінде көзделген құқық бұзушылық құрамы болмауына байланысты іс бойынша өндірісті қысқартуды сұраған.

Наразылықты қуаттаған прокурордың пікірлерін тыңдап, іс материалдарын зерделеп, мамандандырылған сот алқасы прокурордың наразылығы төмендегі негіздермен ішінара қанағаттандыруға жатады деген тұжырымға келді. ӘҚБтК 28-бабының 1)-тармақшасында әкiмшiлiк жауаптылыққа әкімшілік құқық бұзушылық аяқталған немесе оның жолын кескен кезде он алты жасқа толған, ақыл-есi дұрыс жеке тұлға тартылуы тиіс делінген. ӘҚБтК 29-бабына сәйкес осы Кодексте көзделген құқыққа қарсы ісәрекет жасаған кезде ақыл-есi дұрыс емес жағдайда болған, яғни өз әрекеттерiнiң (әрекетсiздiгiнiң) нақты сипаты мен қауiптiлiгiн сезіне алмаған немесе оларды созылмалы психикалық ауруының, психикасының уақытша бұзылуының, ақыл-есі кемдiгiнің немесе психикасының өзге де сырқатты жай-күйiнiң салдарынан басқара алмаған жеке тұлға әкiмшiлiк жауаптылыққа жатпайды.

Алайда, сот құқық бұзушының жеке басын тексеру кезінде оның жүйке аурулар диспансерінің есебінде тіркеуде тұрғанын, сондай-ақ бұрын сотпен әрекетке қабілетсіз деп танылған тұлға екенін ескермеген.

Атап айтқанда, Федоров аудандық сотының 2004 жылғы 17 қыркүйектегі заңды күшіне енген шешімімен Н[...] Федоров ауданы прокурорының арызы бойынша әрекетке қабілетсіз деп танылған.

Сот сот-психиатриялық сараптамасының 2004 жылғы 28 шілдедегі №484 қорытындысына сәйкес Н[...] «Шизофрения үздіксіз-ағымды кататоникалық түрі ақау» жүйке ауруымен ауыратынын, өз әрекеттерінің сипаты мен маңызын түсінбейдігін және басқара алмайтынын анықтады.

Сонымен қатар, Н[...] 2001 жылдан бастап жүйке аурулар ауруханасында есепке қойылғаны, 2-ші топтағы мүгедек екендігі анықталды.

Алайда төмендегі сатыдағы соттар аталған мән-жайларға көңіл бөлмей Н[...] құқыққа қарсы іс-әрекет жасаған кезде ақыл-есi дұрысғын тексеріп анықтауға арналған шаралар қолданмаған.

ӘҚБтК-нің 813-бабы 1-бөлігінің 4)-тармағында (2016 жылғы редакциясы) судья әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға әзiрлеу кезiнде іс бойынша iс жүргiзудi болғызбайтын мән-жайлар, сондай-ақ адамды әкiмшiлiк жауаптылыққа тартпауға мүмкiндiк беретiн мәнжайлардың болуын анықтайды деп көрсетілген.

Дегенмен, істі қарау барысында жоғарыда көрсетілген мән-жайлар мен ӘҚБтК-нің аталған нормалары соттың назарынан тыс қалған.

ӘҚБтК 840-бабының 2)-тармақшасына сәйкес судьяның әкімшілік жауаптылық туралы заңды дұрыс қолданбауы әкімшілік іс бойынша қаулының күшін жоюға негіз болып табылады. Осыған байланысты, сот қаулылардың күші жойылуға және Арқалық қалалық сотына өзге құрамында қайта қарауға, Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры орынбасарының наразылығы ішінара қанағаттандыруға жатады.

Әкімшілік істі қайта қарау барысында бірінші сатыдағы сот жоғарыда аталған барлық мән-жайларды анықтап, тиісті құқықтық баға бере отырып, заңды шешім қабылдауы қажет.

Жоғарыда көрсетілгеннің негізінде Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі 840-бабының 2)-тармақшасын, 851-бабын басшылыққа алып, мамандандырылған сот алқасы,

Н[...] қатысты қабылданған Арқалық қалалық сотының 2016 жылғы 11 қыркүйектегі және Қостанай облыстық сотының 2016 жылғы 12 қазандағы қаулыларының күшін жойып, әкімшілік істі Арқалық қалалық сотына өзге құрамда қайта қарау үшін жіберілсін.

Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры орынбасарының наразылығы ішінара қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші А. Қыдырбаева

Судьялар

М.Балкен

Б.Шермұхаметов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.