ВС РК - Постановление от 28.01.2021 по делу 6001-20-00-6кп/84 (Об административном правонарушении)

6кп-84-20

Қ А У Л Ы

2021 жылғы 28 қантар Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші - судья А.Д.Рахметулин,

судьялар М.Т. Балкен, Ж.Б. Ермағамбетова, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының прокуроры

Т[...],

«Қазақстан Республикасы бәсекелестікті қорғау және дамыту Агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің ( бұдан әрі -уәкілетті орган) өкілі А[...],

әкімшілік жауаптылыққа тартылған тұлға – Е[...] және оның қорғаушысы Д[...] қатысуларымен,

кассациялық тәртіппен ашық сот отырысында бейнеконференц байланыс арқылы,

Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2018 жылғы 25 маусымдағы және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2018 жылғы 25 шілдедегі қаулыларына Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасының төрағасының ұсынуымен келіп түскен,

Е[...] қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 163-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы:

Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2018 жылғы 25 маусымдағы қаулысымен Е[...] ӘҚБтК-нің 163-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 721 500 теңге мөлшерінде айыппұл салынған.

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2018 жылғы 25 шілдедегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың қаулысы өзгеріссіз қалдырылған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасының төрағасының ұсынуында соттар қабылдаған қаулылар қайта қарауға жатады, себебі соттардың құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзатындығы көрсетілген.

Алқа ұсынуды қолдап, іс жүргізуді тоқтату жөніндегі Е[...], қорғаушысының, прокурордың, ұсынуға қарсы болған уәкілетті органың өкілінің пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, ұсынудың уәждерін талқылап, сот қаулылары бұзылуға жатады деп есептейді.

Әкімшілік іс бойынша Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданының Әділет басқармасының лауазымды тұлғасы ретінде Е[...] бәсекелестікке қарсы әрекеттер жасап, бәсекелестікті шектеуге жол беріп, «Қуатжылуорталық-3» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының (бұдан әрі – МКК) Жарғысының мемлекеттік тіркеуді жүзеге асырғаны үшін ӘҚБтК-нің 163-бабының 1-бөлігі бойынша сот оны кінәлі деп тауып, 721 500 теңге әкімшілік айыппұл салған.

Сот істі қараған кезде заңда бекітілген талаптарды сақтамай, Е[...] әкімшілік жауапкершілікке тартқан. ӘҚБтК-нің 62-бабының 2-бөлігінде бәсекелестікті қорғау саласында әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін әкімшілік жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімі көзделген. Ол жеке тұлғалар үшін бір жылды, ал заңды тұлғалар (оның ішінде дара кәсіпкерлер) үшін әкімшілік құқық бұзушылық жасалған күннен бастап бес жылды құрайды.

Сондықтан, осы іс бойынша лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылғанын ескере отырып, ӘҚБтК-нің 62-бабының 2-бөлігінде көзделген жеке тұлға үшін бір жылдық ескіру мерзімі қолданылуға жатады.

МКК Жарғысының өзгерістерін мемлекеттік тіркеуге Шымкент қаласы әкімінің 2015 жылғы 11 қарашадағы № 312 МКК жарғылық капиталының мөлшерін ұлғайту туралы қаулысы негіз болған. Сонымен қатар, істегі материалдарға сәйкес Е[...] ісәрекеттерімен 2015 жылғы 19 қарашада Жарғысының тіркелгені анықталған.

Осылайша, іс құжаттары 2018 жылғы 30 мамырдағы әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманың құқық бұзушылық жасалған күннен бастап екі жылдан астам уақыт өткеннен кейін жасалғанын растайды. Әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы қаулы іс-әрекет жасалған уақыттан бастап екі жыл жеті ай өткен соң шығарылған.

Жоғарыда көрсетілгендердің негізінде, бәсекелестік саласында құқық бұзушылық жасағаны үшін сот Е[...] ӘҚБтК-нің 62бабының 2-бөлігінде көзделген ескіру мерзімін бұза отырып, жеке тұлғаға қатысты әкімшілік жауаптылыққа тартқаны заңға қайшы келеді.

Мұндай жағдайда, ӘҚБтК-нің 851-бабының 5-бөлігінде көзделген негіздер бойынша кассациялық тәртіппен жергілікті соттардың қабылданған қаулыларының күші жоюға жатады, себебі соттардың құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзады. Жоғарыда көрсетілгеннің негізінде Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 840-бабының 4) тармақшасын, 851-бабын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы,

Қ А У Л Ы Е Т Т І :

Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 163-бабының 1-бөлігі бойынша Е[...] қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жөнінде Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2018 жылғы 25 маусымдағы және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2018 жылғы 25 шілдедегі қаулыларының күші жойылсын, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізу әкімшілік жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімдерінің өтеуіне байланысты тоқтатылсын.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасының төрағасының ұсынуы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші Судьялар

А. Рахметулин

М. Балкен

Ж. Ермағамбетова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.