Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 10.02.2026 по делу 6003-25-00-2к/4105 (Гражданское)

6003-25-00-2к/4105

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 10 ақпан Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Ж.К. Рустембеков, судьялар В.Е.Тохтарбаева, Л.Б.Мамырбаева,

прокурор Н.А.Молдахановтың, талап қоюшының өкілі Н.Р.Жұманәлінің, жауапкердің өкілі Г.Т.Бекболатовтың қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы Шымкент қаласы әкімінің жауапкер Алтын Амзеевна Усербаеваға мүлікті мемлекет мұқтажы үшін сатып алып, мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы электронды азаматтық істі талап қоюшының Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 13 мамырдағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, онда жауапкердің меншігіндегі жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін ақшалай өтемақы төлей отырып, мәжбүрлеп иеліктен шығаруды сұраған.

Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылғы 30 желтоқсандағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған.

А.А. Усербаеваға 57 641 399 теңге мөлшерінде ақшалай өтемақыны төлей отырып, Шымкент қаласы Қаратау ауданы 192 орам 286, кадастрлық №19-309-192-3239, жалпы алаңы 0,4000 га жер учаскесі мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарылған. Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.

Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 13 мамырдағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгертілген, жер учаскесінің құнын өтеу мөлшері 57 641 399 теңгеден 96 244 000 теңгеге дейін ұлғайтылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында істі қарау барысында материалдық құқық нормаларының бұзылғанын, іс үшін маңызы бар мәнжайлардың шеңбері дұрыс анықталмағанын, сарапшының қорытындысымен келіспейтінін көрсетіп, апелляциялық соттың қаулысының күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгертіп, төленетін өтемақыны 57 641 399 теңге мөлшерінде айқындауды сұраған.

Кассациялық сот тараптарды, сот актілерін күшінде қалдыруды сұраған прокурордың қорытындысын тыңдап, шағымның уәждерін талқылап, іс құжаттарын зерделеп, келесі қорытындыға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде

бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

2020 жылғы 2 қарашадағы №312 сату сатып алу шарты негізінде Шымкент қаласы Қаратау ауданы 192 орам 286, кадастрлық №19-309-1923239, жалпы алаңы 0,4000 га жер телімі жауапкер Усербаева А.А. жеке меншігіне тиесілі.

Шымкент қаласы әкімдігінің 2023 жылғы 20 ақпанындағы №307 қаулысымен жауапкерге тиесілі даулы жер телімін мемлекеттік мұқтаж үшін алып қою белгіленген.

Уәкілетті органмен жауапкерлерге өтемақы төлеу арқылы мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы хабарлама табысталып, 57 641 399 теңге ақшалай өтемақы ұсынылған.

Алайда, жауапкер өзінің мүліктерін талап қоюшының бағалаған нарықтық құнымен келіспеген.

Апелляциялық сатыдағы сот ұйғарымымен тағайындалған «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Сот сараптамалары орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының филиалы Жамбыл облысы бойынша сот сараптамалары институты сарапшыларының 2025 жылғы 8 мамырдағы №398 санды сот құрылыс - тауартану сараптаманың қорытындысында мемлекет мұқтажы үшін алынып жатқан 0,4000 га жер телімінің бағалау жүргізу күніне нарықтық құны 96 244 000 теңгеге бағаланған (бұдан әрі - сарапшының қорытындысы).

Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік мүлік туралы» заңының (бұдан әрі –Заң) 1-бабының 25) тармақшасының талаптарына сәйкес мүлікті мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару – жер учаскесін мемлекеттік мүлік құрамына алып қоюға байланысты жеке тұлғаларға немесе мемлекеттік емес заңды тұлғаларға тиесілі жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті алып қою, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген ерекше жағдайларда және құны тең бағамен өтелген жағдайда мемлекет мұқтажы үшін жүргізілетін реквизициялау, мемлекет меншігіне алу болып табылады.

Заңның 67-бабының 2, 3-тармақтарына сәйкес, мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскесінің, сондай-ақ жер учаскесінде орналасқан жылжымайтын мүліктің құны жер учаскесіне құқықтардың туындау негіздеріне қарамастан, олардың нарықтық құны мөлшерінде айқындалады.

Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты иеліктен шығарылатын жер учаскесінің немесе өзге де жылжымайтын мүліктің нарықтық құнын бағалаушы Заңның 208-бабы 1-тармағының ережелерін ескере отырып, бағалау жүргізу күніне айқындайды.

Істің мұндай тұрғысында, апелляциялық соттың мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп алынатын жер учаскесі мен мүлік үшін өтемақыны 96 244 000 теңге мөлшерінде анықтауы заңды.

«Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі» туралы Заңның 14бабына сәйкес, бағалаушының дереккөзiн көрсете отырып, бағалау стандарттарына және (немесе) халықаралық бағалау стандарттарына сәйкес бағалау әдiстерi мен бағалау амалдарын өзі дербес қолдануға құқығы бар. Сарапшының бағалау тәсілдері мен әдістері сот құрылыс-тауартану сараптамасын жүргізу кезінде жылжымайтын мүліктің құнын айқындау әдістемесінің талаптарына сәйкес келеді, оны теріске шығаратын дәлелдемелер ұсынылмаған.

Жергілікті соттар іс бойынша заңды маңызы бар мән-жайларды істі нақты қарау кезінде дұрыс анықтаған. Істің материалдары сотпен толық, жанжақты және объективті зерттелген, тараптар ұсынған дәлелдемелерге жергілікті соттармен тиісті құқықтық баға берілген.

Сондықтан дауланып отырған сот актісі күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 13 мамырдағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші: Ж.К.Рустембеков

Судьялар: В.Е.Тохтарбаева

Л.Б.Мамырбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.