КСАД РК - Постановление от 26.02.2026 по делу 6003-25-00-4к/2617 (Административное)

ҚАУЛЫ

2026 жылғы 26 ақпан 6003-25-00-4к/2617 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты, құрамында:

төрағалық етуші сот төрағасы Б.Т. Нажмиденов,

судьялар Л.С.Кудекова, Е.М.Нұралиев болып,

жауапкердің өкілі А.А.Мыңжасаровтың, мүдделі тұлға – Батыс Қазақстан облысы әкімінің өкілі А.М. Сагаденованың қатысуларымен,

Салим Галимович Кунтудаевтың Орал қаласының әкіміне тұрғын үймен қамтамасыз ету туралы талап қоюы бойынша қозғалған әкімшілік ісін,

Батыс Қазақстан облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 4 маусымдағы шешіміне, Батыс Қазақстан облыстық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 28 тамыздағы қаулысына талап қоюшының берген кассациялық шағымы бойынша қарап, төмендегіні

АНЫҚТАДЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Батыс Қазақстан облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 4 маусымдағы шешімімен аталған талап қою ішінара қанағаттандырылды.

С.Г.Кунтудаевқа қатысты Орал қаласы әкімдігінің төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйсіз қалған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі комиссиясының 2024 жылғы 22 қарашадағы № 122 хаттамалық шешімі заңсыз деп танылып, оның күші жойылды. С.Г.Кунтудаевқа қатысты Орал қаласы әкімдігінің төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйсіз қалған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндгі комиссиясының 2025 жылғы 18 наурыздағы № 199 хаттамалық шешімін заңсыз деп тану туралы әкімшілік талап қою қанағаттандырудан бас тартылды.

Батыс Қазақстан облыстық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 28 тамыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылды.

Талап қоюшы өзінің кассациялық шағымында, іс бойынша қабылданған жоғарыдағы сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жоюды және талап арызды толық қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған. Талап қоюшы тиісті түрде хабарланғанына қарамастан кассациялық соттың отырысына келмеді, әрі себебін хабарламады, бұл Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі–ӘРПК) 115– бабының бірінші бөлігіне сай істі мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді. Кассациялық сот, іске қатысушылардың пікірін тыңдап, шағым уәждері мен іс құжаттарын жан-жақты зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді.

ӘРПК–нің 169–бабының бірінші бөлігіне сәйкес, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі–АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК–нің 438–бабының бесінші бөлігі бойынша, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК–нің 427–бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Істің мән – жайларынан туындайтыны, Орал қаласы әкімінің 2024 жылғы 26 наурыздағы № 7 шешімімен Батыс Қазақстан облысының Орал қаласында жергілікті табиғи төтенше жағдай жарияланды.

Талап қоюшының меншігінде, 2023 жылғы 19 тамызда № 1131 сыйға тарту келісім шарты негізінде берілген Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы, «Швейник» бағбандық бірлестігі № 35, су басу аймағында орналасқан мекенжайында, оған салынған бақша үйі (кадастрлық нөмірі 08-130-070-812) жер телімі бар.

С.Г. Кунтудаев 2024 жылғы 12 қарашада Орал қаласы әкімдігінің материалдық зиянды (зиянды) бағалау және өтеу жөніндегі комиссиясының (әрі қарай – комиссия) төрағасына табиғи сипаттағы төтенше жағдай салдарынан келтірілген материалдық залалды өтеу туралы арыз беріп, қираған тұрғынның орнына басқа тұрғын үй беруді сұраған.

Комиссияның 2024 жылғы 22 қарашадағы № 122 хаттамалық шешімімен талап қоюшының меншік құқығында басқа тұрғын үйі болуына байланысты тұрғын үй беруден бас тарту туралы шешім шығарылды.

2024 жылғы 30 желтоқсандағы төтенше жағдайға тап болған облыс тұрғындарының материалдық шығындарының есебін келісу жөніндегі облыстық комиссияның шешімімен, Орал қаласының әкімдігіне әкімшілік істі қарау ұсынылды.

Комиссияның 2025 жылғы 18 наурыздағы № 199 хаттамалық шешімімен, талап қоюшыға төтенше жағдай кезінде үй беруден бас тартылуына байланысты, тұрғын үй беруден бас тарту туралы екінші шешім шығарылды.

С.Г.Кунтудаев, қабылданған шешімдердің заңсыздығын көрсете отырып, сотқа талап арызбен жүгінген.

Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар 2025 жылғы 18 наурыздағы № 199 тұрғын үй беруден бас тарту туралы комиссияның шешімі заңды және негізді, ол талап қоюшының құқықтарын бұзбайды деген тұжырымға келген. Кассациялық сот, аталған соттардың шешімдерін төменгі жағдайға байланысты заңды және негізді деп санайды.

«Төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйсіз қалған азаматтарға тұрғын үй беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 21 қарашадағы № 1222 қаулысының 3–бөлігі 4) тармағында, тұрғынжай – тұрақты тұруға арналған және соған пайдаланылатын жеке тұрғын үй бірлігі (дара тұрғын үй, пәтер, жатақханадағы бөлме, модульдік (мобильді) тұрғын үй), сондай–ақ уақытша (маусымдық) тұруға арналған, қираған немесе Қазақстан Республикасының аумағында меншік құқығында басқа тұрғынжайы жоқ меншік иелерінің тұруы үшін жарамсыз болып қалған құрылыс екендігі түсіндірілген.

Жауапкердің 2025 жылғы 18 наурыздағы хаттамасы бойынша талап қоюды қанағаттандырудан бас тартудың негізі ретінде – С.Г.Кунтудаевтың меншіктік құқығында өзге тұрғын жай тіркелуі деп көрсетілген.

Сотта анықталғандай, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының мәліметіне сәйкес, С.Г.Кунтудаевтың жеке меншігінде «Швейник» б/с, 35 учаскесінен басқа, Теректі ауданы, Барбастау ауылы, С.Датұлы көшесі, 5 үй мекен – жайы бойынша басқа жылжымайтын мүлігі тіркелген.

Жоғарыда көрсетілгендердің негізінде, кассациялық сот бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың шешімдерін заңды және негізді деп санайды, өйткені олар сотта анықталған нақты мән-жайлар мен заңдылық, әділеттілік принциптері ескеріле отырып қабылданған.

Талап қоюшының кассациялық шағымында көрсетілген уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал оның жауапкердің тұжырымдарымен келіспеуі, сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.

Сондықтан, іс бойынша қабылданған бірінші сатыдағы сот шешімінің, апелляциялық сот қаулысының күшін жоюға, сөйтіп, кассациялық шағымды қанағаттандыруға еш негіз жоқ.

ӘРПК–нің 169–бабының бірінші бөлігін, және АПК–нің 451–бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Батыс Қазақстан облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 4 маусымдағы шешімі, Батыс Қазақстан облыстық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 28 тамыздағы қаулысы қүшінде қалдырылсын. Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Б. Нажмиденов

Судьялар

Л. Кудекова

Е.Нұралиев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.