Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Определение от 10.10.2025 по делу 6003-25-00-2/8 (Гражданское)

ҰЙҒАРЫМ

2025 жылғы 10 қазан №6003-25-00-2/8 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соттың судьясы Ж.К. Рустембеков,

талап қоюшы Түркістан облысы әкімдігінің жауапкерлер Сакен Исаевич Исаевқа, Бахыт Алиұлы Қошжанға, Бахыт Тузелбаевич Конарбаевқа, Абзал Әбибуллаұлы Төреге мемлекетке келтірілген материалдық залалды өндіру туралы талап қоюы жөніндегі азаматтық істің соттылығын анықтау туралы Шымкент қалалық сотының төрағасының ұсынысын қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Түркістан қаласының ауданаралық сотының 2025 жылғы 30 мамырдағы ұйғарымымен жоғарыда аталған талап қою соттың өндірісіне қабылданып, азаматтық іс қозғалған. Соттың 2025 жылғы 20 маусымдағы ұйғарымымен азаматтық іс бойынша сот отырысына дайындық жүргізу мерзімі 2025 жылғы 18 шілдеге дейін ұзартылған.

Іс бойынша сот отырыстары 4 рет тағайындалып, заңды күшіне енген 2025 жылғы 20 тамыздағы соттың ұйғарымымен азаматтық іс соттылығы бойынша Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотына 2025 жылдың 22 қыркүйегінде соттың бастамасымен жолданған.

Сот істі соттылығы бойынша жолдау барысында Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 33бабының 3-бөлігін басшылыққа алып, жауапкерлер С.И.Исаев Іле ауданы Қараой ауылы Жұлдыз көшесі №70 үйде, Б.А.Қошжан Шымкент қаласы Самал-3 мөлтек ауданы Алпамыс батыр көшесі №76 үйде, Б.Т.Конарбаева Шымкент қаласы Асар-2 мөлтек ауданы 4 көше №2 үйде, А.Ә.Төре Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы Түгіскен ауылы Мұңайтпасов көшесі №24/1 үйде тұратындықтарымен негіздеген.

Соттар арасында істің соттылығы туралы дау туындағандықтан Шымкент қалалық сотының төрағасы кассациялық сотқа істің соттылығын анықтап беру жөнінде ұсыныс келтірген.

Іс материалдарын, ұсыныстың уәждерін зерделеп, кассациялық сот келесі тұжырымға келеді.

АПК-нің 30 бабының 12 бөлігіне сай бірнеше жауапкерге талап қоюлар талап қоюшының таңдауы бойынша жауапкерлердің бірінің тұрғылықты немесе орналасқан жері бойынша берілуі мүмкін.

Осы баптың 13 бөлігінде іс соттылығына жататын бірнеше соттың арасынан таңдау жасау талап қоюшыға тиесілі.

«Төрелік» ақпараттық жүйесінің мәліметіне сай, жауапкер Бахыт Алиұлы Қошжан Түркістан облысы, Түркістан қаласы, Жаңа қала мөлтек ауданы, 11 үй, 2 пәтерде тіркелген.

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 16-бабына сай азаматтың тұрақты немесе көбінесе тұратын елді мекені оның тұрғылықты жері деп танылады.

Азаматтың жеке және заңды тұлғалармен, сондай-ақ мемлекетпен қарым-қатынастарында пайдаланатын заңды мекенжайы болады. Азаматтың тіркелген жері оның заңды мекенжайы болып танылады.

Сонымен қатар, АПК-нің 33-бабының 3-бөлігіне сәйкес қылмыстық істен туындайтын талап қоюды, егер ол қылмыстық іс бойынша жүргізілген кезде азаматтық талап қою ретінде мәлімделмеген немесе шешілмеген болса немесе осы Кодекстің 23-бабының 9-бөлігінде көзделген жағдайларды қоспағанда сот қараусыз қалдырса, бас бостандығынан айыруға сотталған адамға оның сотталғанға дейінгі тұрғылықты жері бойынша не талап қоюшының тұрғылықты немесе орналасқан жері бойынша азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарау үшін беріледі.

Жоғарыда аталған негіздерге байланысты талап қоюшы Түркістан облысы әкімдігі өзінің орналасқан жері бойынша Түркістан қаласының ауданаралық сотына талап қоюмен дұрыс жүгінген. Алайда, Түркістан қаласының ауданаралық соты өзінің бастамашылығымен Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотына 2 ай 20 күннен негізсіз жолдаған. Тараптардан істі соттылығы бойынша жауапкерлердің бірінің тұрғылықты жері бойынша, яғни Шымкент қаласына жолдау жөнінде өтінішхат түспеген, бұл жөнінде соттың ұйғарымында да негізделмеген. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Соттардың азаматтық іс жүргізу заңнамасының кейбір нормаларын қолдану туралы» 2003 жылғы 20 наурыздағы №2 нормативтік қаулысының 7 тармағына сай, соттар арасында нақтылы істің соттылығы туралы дау туындаған жағдайда жоғары тұрған соттың судьясы іске қатысушы адамдарды оның қаралатын орны мен уақыты туралы хабардар етпестен және соттың істі басқа соттың өндірісіне жіберу туралы ұйғарымын бұзбай, істің нақтылы қай соттың қарауына жататыны туралы ұйғарым шығарады.

АПК-нің 34-бабының 4-бөлігінің талаптарына сай, соттардың арасындағы істің соттылығы туралы дауларды жоғары тұрған сот шешеді, оның шешімі түпкілікті болып табылады және ол шағым жасауға, наразылық келтіруге жатпайды.

Жоғарыда аталған негіздерге байланысты бұл азаматтық іс Түркістан қаласының ауданаралық сотына негізінен қарауға жолдануға жатады.

АПК-нің 36-бабының 4-бөлігін, 268, 269 баптарын басшылыққа алып, судья ҰЙҒАРДЫ:

Талап қоюшы Түркістан облысы әкімдігінің жауапкерлер С.И.Исаевқа, Б.А.Қошжанға, Б.Т.Конарбаевқа, А.Ә.Төреге мемлекетке келтірілген материалдық залалды өндіру туралы азаматтық ісі соттылығы бойынша Түркістан қаласының ауданаралық сотына жолдансын.

Ұйғарым шағым жасауға, наразылық келтіруге жатпайды.

Судья: Ж.Рустембеков

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.