Қ А У Л Ы
2025 жылғы 9 қазан №6003-25-00-2к/1310 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында
төрағалық етуші судья К.Р.Айтжанов, судьялар Н.А.Жумагулова, Н.О.Косанов,
талап қоюшы өкілі И.Кабидулланың, жауапкер Н.Т.Болганбекованың және оның өкілі Ж.Н.Даурехановтың қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы «Астана қаласының активтер және мемлекеттік сатып алу басқармасы» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Басқарма) жауапкер «Нургуль Турсунбековна Болганбекова» жеке кәсіпкерін (бұдан әрі - жеке кәсіпкер) мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы электрондық форматтағы азаматтық істі жауапкердің Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 18 ақпандағы шешімі (бұдан әрі - сот шешімі) мен Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 8 мамырдағы қаулысына (бұдан әрі - алқа қаулысы) берген кассациялық шағымымен қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы:
Басқарма аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, оны жеке кәсіпкер конкурстық құжаттамаға дұрыс емес ақпарат ұсынғанымен негіздеген.
Алқа қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған сот шешімімен талап қою қанағаттандырылып, жеке кәсіпкер мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп танылған және мемлекет пайдасына 1 966 теңге мемлекеттік баж өндірілген.
Жеке кәсіпкер кассациялық шағымында талап қою мерзімі өтіп кеткенін, соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды, талапты қанағаттандырудан бас тарту жөнінде жаңа шешім шығаруды сұраған.
Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша мұндай бұзушылықтара жол берілген.
Бұл санаттағы даулар Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы №599 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік орта білім беру ұйымдарында, мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдарында білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру
бойынша көрсетілетін қызметтерді, тауарларды, сондай-ақ мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және білім алатын балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етуге байланысты тауарларды жосықсыз берушілердің (әлеуетті өнім берушілердің) тізбесін қалыптастыру» қағидасымен (бұдан әрі - Қағида) реттеледі. Себебі, «Білім туралы» Қазақстан Республикасы 2007 жылғы 27 шілдедегі заңының 2-бабының 3-тармағының 2) тармақшасында бір қатар білім беру ұйымдарында балаларды тамақтандыруды ұйымдастыруға байланысты қызметтерді (тауарларды) сатып алу бөлігінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының күші қолданылмайтыны бекітілген.
Анықталғаны, 2023 жылғы 22, 23, 25 тамызда Басқармамен (Ұйымдастырушы) тапсырыс берушілер үшін «Балалар үшін тамақтандыруды ұйымдастыру қызметтеріне» ашық конкурстар жарияланған:
№10560788-1 Астана қаласы әкімдігінің «Төлеген Айбергенов атындағы №16 орта мектебі» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны үшін; 2) №10566216-ОК1 Астана қаласы әкімдігінің «М.Мақатаев атындағы №75 мектеп-гимназия» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны үшін;
№10555879-ОК1 Астана қаласы әкімдігінің «М.Мақатаев атындағы №79 мектеп-гимназия» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны үшін;
№10577111-1 Астана қаласы әкімдігінің «№31 «Дарын» мектепгимназия» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны үшін.
Оның барлығына жеке кәсіпкер қатысып, үш конкурс бойынша І-орын, төртінші конкурс бойынша ІІ-орын алған.
Осы конкурстарға қатысушы талап қоюшы «Соотечественники» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі - ЖШС) жауапкер Басқармаға конкурс нәтижелері жөніндегі хаттамаларды жарамсыз деп тану туралы әкімшілік талабы Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 10 қаңтардағы шешімімен ішінара қанағаттандырылған және анықталған заң бұзушылықтар жөнінде жеке ұйғарым шығарылған.
Бұл сот шешіміне және жеке ұйғарымға сәйкес жеке кәсіпкер конкурстық құжаттамада біліктілік талаптары бойынша дұрыс емес ақпарат беру түріндегі заң бұзушылықтарға жол бергені көрсетілген.
Әкімшілік іс бойынша шығарылған бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың актілері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 5 қарашадағы қаулысымен заңды күшіне енген.
Содан кейін, аталған жеке ұйғарым 2024 жылғы 27 қарашада Басқармаға орындау үшін жолданып, соңғысы 2024 жылғы 5 желтоқсанда осы азаматтық талаппен сотқа жүгінген. Яғни, жеке кәсіпкер тарапынан аталған конкурстарға қатысу барысында заң бұзушылықтарға жол беру фактісі әкімшілік дауды қарау кезінде анықталған.
Дегенмен, соттар Басқарманың талабын қанағаттандыру кезінде талап қою мерзімі өтпеген деген қате тұжырымға келген.
Қағиданың 5-тармағында конкурсты ұйымдастырушы (тапсырыс беруші) осы Қағидалардың 4-тармағының 1), 2), 3) тармақшаларында қарастырылған жағдайларда мемлекеттік орта білім беру ұйымдарында, мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдарында білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша көрсетілетін қызметтерді, тауарларды, сондай-ақ мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және білім алатын балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етуге байланысты тауарларды беруші (әлеуетті берушінің) тарапынан бұзушылық фактілерін білген күнінен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей өнім берушіні жосықсыз өнім беруші деп тану туралы сотқа жүгінетіні көрсетілген. Жеке кәсіпкер тарапынан заң бұзушылықтарға жол беру фактісі ЖШСнің әкімшілік талабы бойынша әкімшілік істі қарау барысында анықталған, яғни сол уақытта жеке кәсіпкердің конкурстық құжаттамаға тапсырған мәліметтердің дұрыс емес екені жөнінде уәкілетті органдардан ресми жауаптар алынған және бұл туралы сол кезде Басқармаға белгілі болған.
Сонымен қатар, бұл факті әкімшілік соттың 2024 жылғы 10 қаңтардағы шешімі мен жеке ұйғарымымен бекітілген, сот отырысына Басқарма өкілдері қатысып, сот актілері тараптарға 2024 жылғы 17 қаңтарда жолданған, сот актілері жарияланған кезде оның мазмұны тараптарға түсіндірілген.
Демек, әкімшілік дау бойынша жеке кәсіпкер тарап болмауына байланысты Басқарманың азаматтық тәртіппен талап қою мерзімі өтіп
кеткен, бұл мерзім түпкілікті болып табылады және талапты қанағаттандырудан бас тартуға негіз бола алады.
Істің мұндай тұрғысында, АПК-тің 68-бабының 6-бөлігінің негізінде дәлелдемелердің жиынтығы азаматтық істі шешу үшін жеткілікті екенін ескере отырып, соттардың сот актілерінің күші жойылып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру жөнінде жаңа шешім шығарылуға, кассациялық шағым қанағаттандырылуға жатады.
АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 8) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 18 ақпандағы шешімі мен Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 8 мамырдағы қаулысының күші жойылсын, талап қоюшы «Астана қаласының активтер және мемлекеттік сатып алу басқармасы» мемлекеттік мекемесінің талап қоюын қанағаттандырудан бас тарту жөнінде жаңа шешім шығарылсын.
Жауапкер «Нургуль Турсунбековна Болганбекова» жеке кәсіпкерінің кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші К.Айтжанов
Судьялар Н.Жумагулова
Н.Косанов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.