КСАД РК - Постановление от 11.12.2025 по делу 6003-25-00-4к/347 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 11 желтоқсан №6003-25-00-4к/347 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:

төрағалық етуші судья Д. Әбдіғалиев,

судьялар Г. Ыдырысова, Д. Нұрлыбаева

прокурор А. Камашевтың, талап қоюшы Ж. Турсынбаеваның, талап қоюшының өкілі Б. Есеновтің, жауапкердің өкілі Г. Сихимбаеваның қатысумен ашық сот отырысында

талап қоюшы Жамила Нуридиновна Турсынбаеваның жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Түркістан облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Департамент, жауапкер) анықталған бұзушылықтарды жою және оларға жол берген тұлғалардың жауапкершілігін қарау туралы нұсқама шығару әрекетін заңсыз деп танып, күшін жою туралы талап қоюы бойынша қабылданған

Түркістан облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 22 қарашадағы шешіміне, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 ақпандағы қаулысына жауапкердің кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Ж. Турсынбаева жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Түркістан облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 22 қарашадағы шешімімен әкімшілік талап қою ішінара қанағаттандырылып, жауапкердің талап қоюшы Ж.Турсынбаеваға 1,0 штаттық бірлік директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметі үшін төленген қаражатқа қатысты 2024 жылғы 18 сәуірдегі №06-16/1859 анықталған бұзушылықтарды жою және оларға жол берген тұлғалардың жауапкершілігін қарау туралы нұсқама шығару әрекеті заңсыз деп танылып, күші жойылған.

Талап қоюдың қалған бөлігін қанағаттандырудан бас тартылған.

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 ақпандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгертілген, шешімнің талап қоюшы Ж. Турсынбаеваның талаптарын қанағаттандырудан бас тарту жөніндегі бөлігінің күші жойылып, талап қоюдың осыған қатысты бөлігін қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылданған.

Департаменттің 2024 жылғы 18 сәуірдегі анықталған заң бұзушылықтарды жою туралы нұсқама шығару әрекеті заңсыз деп танылып, күші жойылған.

Жауапкер кассациялық шағымында сот актілерінің күшін жойып, талап қоюшының талабын қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұрайды. Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Тараптардың түсініктемелерің тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, шағымның уәждерін кассациялық сот төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі-АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Осы іс бойынша жергілікті соттар процестік құқық нормаларын бұзуға жол берген.

Іс материалдарынан анықталғандай, Сарыағаш ауданының адами әлеуметті дамыту бөлімінің 2022 жылғы 22 тамыздағы №189-НҚ бұйрығымен 2022-2023 оқу жылында жаңа ғимараты пайдалануға берілетін Сарыағаш қаласындағы Самал шағын ауданындағы 900 орындық мектептің 1-қыркүйек «Білім күніне» орай, ашылу салтанатына дайындық жұмыстарын жүргізуді қоса атқару №60 жалпы білім беретін мектебінің оқу ісі жөніндегі директорының орынбасары Ж. Турсынбаеваға жүктелген.

Департамент осы мектепке аудиторлық іс-шара жүргізген.

Аудиторлық қорытындымен 2022 жылғы 1 қыркүйектен бастап 2023 жылғы 31 желтоқсан аралығында төленуге тиіс еңбекақыларға жалпы сомасы 5 538 980 теңге артық және 230 849 теңге кем есептелгені анықталған.

2024 жылғы 18 сәуірде Департамент анықталған бұзушылықтарды жою және оларға жол берген тұлғалардың жауапкершілігін қарау туралы нұсқама шығарған.

Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар шешім қабылдау кезінде процестік құқық нормаларының, сот практикасының бұзылуына жол берген. «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабының 7) тармақшасына сәйкес мемлекеттік органдар, мемлекеттік мекемелер, квазимемлекеттік сектор субъектілері, сондай-ақ бюджет қаражатын алушылар мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау объектілері болып табылады.

Демек, мемлекеттік аудит қорытындылары бойынша қабылданған әкімшілік актілерге шағымдану құқығы мемлекеттік аудит және қаржылық . бақылау объектілеріне, яғни аудиторлар тексерген тұлғаларға тиесілі Нұсқама «Түркістан облысының білім басқармасының Сарыағаш ауданының білім бөлімі» және «№60 жалпы білім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемелеріне шығарылған, сондықтан нұсқаманы даулауға тек осы мекемелерінің құқығы бар.

Талап қоюда көрсетілген дәлелдер мен негіздемелерді талап қоюшы жүргізілген төлемді өндіріп алу туралы іске шағым берген кезде келтіруге құқылы.

Жоғарыда баяндалған мән-жайлардың негізінде кассациялық сот осы іс бойынша сот актілерінің күші жойылуға, ал мәлімдеген талап қою ӘРПК-нің 138-бабы екінші бөлігінің 4) тармақшасының негізінде талап қоюшыға қайтарылуға жатады деген тұжырымға келеді.

«Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 108-бабы 1-тармағының 4) тармақшасына сәйкес талап қою немесе өзге де өтініш (шағым) қайтарылған немесе оны қабылдаудан бас тартылған жағдайда мемлекеттік баждың төленген сомасы қайтарылуға жатады.

Талап қою берілген кезде талап қоюшы 1 110 теңге мөлшерінде төленген мемлекеттік баж мемлекеттік бюджеттен талап қоюшының пайдасына қайтарылуы тиіс.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 6) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Түркістан облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 22 қарашадағы шешімінің және Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 ақпандағы қаулысының күші жойылсын.

Талап қоюшы Жамила Нуридиновна Турсынбаеваның жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Түркістан облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне анықталған бұзушылықтарды жою және оларға жол берген тұлғалардың жауапкершілігін қарау туралы нұсқама шығару әрекетін заңсыз деп танып, күшін жою туралы талап қоюы қайтарылсын.

Талап қоюшы Жамила Нуридиновна Турсынбаеваның пайдасына мемлекеттік бюджет есебінен 1 110 (бір мың жүз он) теңге мөлшерінде төленген сот шығыстары қайтарылсын. Жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Д. Әбдіғалиев

Төрағалық етуші Судьялар

Г. Ыдырысова

Д. Нұрлыбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.