6001-23-00-3гп-79
2023 жылғы 11 сәуір Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші - алқа төрағасы Н.К.Шәріпов,
судьялар Б.Р.Ералиева, Н.Қ.Сұлтановтың,
прокурор У[...], талап қоюшының өкілі С[...] қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында TrueConf мобильді бейнебайланысы арқылы талап қоюшы Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті «Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Сайрам ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Басқарма, Салық органы), жауапкерлер «BS[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі – ЖШС), «HCG[...]» ЖШС-не, «HSS[...]» ЖШС-не, «ЖС[...]» ЖШС-не, «BC[...]» ЖШС-не мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы талап қоюмен қозғалған электрондық азаматтық іс бойынша қабылданған
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2022 жылғы 11 қаңтардағы ұйғарымына, Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 13 маусымдағы қаулысына Қазақстан Республикасының Бас прокурорының келтірген наразылығымен келіп түскен азаматтық ісін қарап,
Басқарма сотқа жоғарыда көрсетілген талап қоюмен жүгінген.
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының (бұдан әрі-МАЭС) 2022 жылғы 11 қаңтардағы ұйғарымымен «BS[...]» ЖШС мен «BC[...]» ЖШС Н[...]Сұлтан қаласындағы филиалы арасындағы 2019 жылғы 22 қарашадағы № ДПДГ/914, 2019 жылғы 17 қаңтардағы қосымша келісім № 1 № ДП-ДГ/914, 2019 жылғы 26 қарашадағы қосымша келісім № 1 № ДП-ДГ/780 шарттарын жарамсыз деп тану туралы бөлігі бойынша іс жүргізу тоқтатылған.
Осы соттың 2022 жылғы 11 қаңтардағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған.
«BS[...]» ЖШС мен «HCG[...]» ЖШС-нің арасындағы 2019 жылғы 15 наурыздағы № 1, 2019 жылғы 16 маусымдағы № 2, 2019 жылғы 15 наурыздағы № HCG-19-14;
«BS[...]» ЖШС мен «ЖС[...]» ЖШС-нің арасындағы 2020 жылғы 1 тамыздағы;
«BS[...]» ЖШС мен «HSS[...]» ЖШС-нің арасындағы 2021 жылғы 1 наурыздағы № 026/1-2021/НSS шарттары жарамсыз деп танылған.
«BS[...]», «HCG[...]», «ЖС[...]», «HSS[...]» ЖШС-нің әрқайсысынан тең үлесте мемлекет кірісіне 7 428 теңгеден мемлекеттік баж өндірілген.
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 13 маусымдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгертілген.
- Сот шешімінің «BS[...]» ЖШС мен «HCG[...]» ЖШС-нің арасындағы 2019 жылғы 15 наурыздағы № 1, 2019 жылғы 16 маусымдағы № 2, 2019 жылғы 15 наурыздағы № HCG-19-14 шарттарын және «BS[...]» ЖШС мен «ЖС[...]» ЖШС-нің арасындағы 2020 жылғы 1 тамыздағы шартын жарамсыз деп тану туралы бөлігінде күші жойылып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылданған.
Сот шешімінің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.
Қазақстан Республикасының Бас прокуроры наразылығында наразылық келтіру мерзімін ұзартуды, Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 13 маусымдағы қаулысын өзгертіп, оның жаңа шешім қабылдаған бөлігінде күшін жойып, Басқарманың талап қоюын қанағаттандыруды, «BS[...]» ЖШС мен «HCG[...]» ЖШС-нің арасындағы 2019 жылғы 15 наурыздағы № 1, 2019 жылғы 16 маусымдағы № 2, 2019 жылғы 15 наурыздағы № HCG-19-14 шарттарын және «BS[...]» ЖШС мен «ЖС[...]» ЖШС-нің арасындағы 2020 жылғы 1 тамыздағы шартын жарамсыз деп тану туралы жаңа шешім қабылдауды, өзге бөлігінде қаулыны өзгеріссіз қалдыруды сұраған.
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2022 жылғы 11 қаңтардағы ұйғарымының күшін жойып, осы бөлігінде істі бірінші сатыдағы сотқа жаңадан қарауға жіберуді, себебі сот актілерінің материалдық, процесстік құқық нормаларын бұза отырып қабылданғанын және олар тексерілмеген фактілерге негізделген деп көрсеткен.
Жауапкерлер «BS[...]» ЖШС-нің, «HCG[...]» ЖШС-нің, «ЖС[...]» ЖШС-нің, «BC[...]» ЖШС-нің өкілдері кассациялық сатыдағы сот отырысының уақыты мен орны туралы хабарламаны дер кезінде алса да, сот отырысына қатыспады және оның қатыспау себептерін хабарламады, істің қаралуын өздерінің қатысуынсыз өткізуді сұрамады.
Алқа, жауапкерлердің өкілдерінің сотқа қатыспауын дәлелсіз себептермен деп есептеп, сот отырысын олардың өкілдерінің қатысуынсыз өткізді.
Сот алқасы іс бойынша прокурордың өтінішхат пен наразылықты қолдап, наразылық келтіру мерзімін ұзартуды, Басқарманың өкілі С[...] наразылықты қолдаған түсінігін тыңдап, наразылық уәждерін талқылап, іс құжаттарын зерделеп, келесідей тұжырымға келді. Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 436-бабының 1 және 4-бөліктеріне сәйкес апелляциялық сатыдағы соттың ұйғарымдары, қаулылары заңды күшіне енген күннен бастап алты ай iшiнде оларға өтiнiшхат, наразылық берілуі мүмкін.
Егер кассациялық наразылық келтiру туралы өтiнiшхат прокурорға белгiленген мерзiм сақтала отырып берiлсе, бiрақ ол бойынша шешiм қабылданбаса, кассациялық сатыдағы сот наразылық келтіру мерзiмiн ұзартады. Наразылықта бұл туралы көрсетiлуге тиiс.
Наразылыққа тіркелген Басқарманың өтінішінде Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2022 жылғы 11 қаңтардағы ұйғарымының күшін жою туралы мәселе қойылмаған.
Сонымен қатар, ұйғарым 2022 жылғы 11 қаңтарда шығарылып, оған Басқармамен жеке шағым келтірілмеген, сол себепті ұйғарымға кассациялық сатыда шағым беру мерзімі өтіп кетуіне байланысты, оған наразылық келтіру мерзімі ұзартылуға жатпайды.
Басқармамен наразылық келтіру туралы өтініш Қазақстан Республикасының Бас прокурорына 2022 жылы 8 желтоқсанда, яғни заңда белгiленген мерзiм сақтала отырып берiлген. Сондықтан кассациялық сатыдағы сот, наразылық келтіру мерзiмiнің өтіп кетуін себепті жаймен деп есептеп, АПК-нің 436-бабының 4-бөлігіне сай, прокурордың апелляциялық сатыдағы соттың 2022 жылғы 13 маусымдағы қаулысына наразылық келтіру мерзімін ұзартады.
АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актісін шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуы осы кодекстің 434-бабының 1-бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіздер болып табылады.
Сот алқасы бұл іс бойынша мұндай негіздер бар деп санайды.
АПК-нің 449-бабының 2-бөлігіне сай кассациялық сатыдағы сот заңдылық мүддесiнде өтiнiшхаттың, ұсынудың немесе наразылықтың шегiнен шығуға және шағым жасалған, наразылық келтірілген сот актісінің заңдылығын толық көлемде тексеруге құқылы.
Сол себепті алқа, заңдылық мүддесiнде наразылықтың шегiнен шығып, наразылық келтірілген сот актілерінің заңдылығын толық көлемде тексереді.
АПК-нің 413-бабының 1-бөлігіне сай сот істi апелляциялық тәртiппен қарау кезiнде бiрiншi сатыдағы сот шешiмiнiң заңдылығы мен негiздiлiгiн толық көлемде тексередi.
Алайда апелляциялық сатыдағы соттың түйіндері іс құжаттары мен материалдық құқық нормаларына сай келмейді.
Іс құжаттарынан анықталғандай, «BS[...]» ЖШС салық органына есепке тұрып, мекенжайын Түркістан облысы, [...],
Ақсу ауылы, Абай көшесі, № 1 деп көрсеткен. Б[...] Д[...], қызмет түрі: тауар сату, қызмет көрсету. Салық төлеуші жалпы режимді қолданады. Қосылған құн салығын (бұдан әрі-ҚҚС) төлеуші болып тіркелген.
«HCG[...]» ЖШС «НСҚБМКД[...]» РММ-де есепте тұрып, мекенжайы: НұрСұлтан қаласы, Қорғалжын тас жолы, № 3, 3-қабат, 20-бөлме, 305-кеңсе. Қызмет түрі: тауар сату, қызмет көрсету. Салық төлеуші жалпы режимді қолданады. ҚҚС төлеуші болып тіркелген.
«ЖС[...]» ЖШС салық органына есепке тұрып, мекенжайын Түркістан облысы, [...] тас жолы, № 143 деп көрсеткен. Б[...][...], қызмет түрі: тауар сату, қызмет көрсету. Салық төлеуші жалпы режимді қолданады. ҚҚС төлеуші болып тіркелген.
Талап қоюшы «BS[...]» ЖШС-нің атқарған жұмыстары, көрсеткен қызметтері мен тауар жөнелтуі атқаратын қызмет түріне сай келмейтінін, салық есептіліктерін тапсырмағанын, электрондық шотфактуралар (бұдан әрі-ЭШФ) жазу құқығы шектелгенін, негізгі құралдары, құрылыс техникалары, тауар сақтайтын қоймалары жоқтығын, бұл мекемелер арасында жалған мәмілелер жасалғанын көрсеткен.
Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандыра отырып, шарттардың жалғандығы туралы тұжырымдарын «BS[...]» ЖШС шарт бойынша өткізген тауарларды өндіргенін және сатып алғанын, арнаулы құрылыс техникасы мен тауар сақтайтын қоймаларының бар екендігін растайтын дәлелдемелерді ұсынбағанымен, төленген сомаға бақылау-касса машинасының түбіртегін немесе тауар түбіртегін беруді жүзеге асырмағанымен, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің тәуекелдерді басқару жүйесіне сәйкес жоғары санаттағы тәуекелді мекемеге жатқызылып, ЭШФ жазу құқығы шектелгенімен негіздеген.
Апелляциялық сатыдағы сот алқасы аталған шешімді өзгертіп, «B[...]» ЖШС мен «HCG[...]» ЖШС-нің арасында жасалған 2019 жылғы 15 наурыздағы № HCG-19-14 шарты бойынша орындалған жұмыстар қабылданып, ЭШФ жазылып, орындалған жұмыстардың құны төленгені заңды күшіне енген сот шешімімен, шарт және оған қосымша келісімде көрсетілген жұмыстардың шын мәнінде орындалғаны туралы тұжырым жасаған.
Сонымен қатар сот алқасы «BS[...]» ЖШС мен «HCG[...]» ЖШС-нің арасындағы 2019 жылғы 15 наурыздағы № 1 және 2019 жылғы 16 маусымдағы № 2 шарттары жасалғанын көрсетіп, «BS[...]» ЖШС мен «ЖС[...]» ЖШС арасындағы 2020 жылғы 1 тамыздағы шартты іс жүзінде орындалғанымен негіздеген.
2019 жылғы 15 наурызда «HCG[...]» ЖШС (Бас мердігер) мен «BS[...]» ЖШС-нің (Қосалқы мердігер) № HCG-19-14 қосалқы мердігерлік шартын (бұдан әрі-Шарт) жасаған.
Шарттың мәні бойынша Қосалқы мердігер «Ақмола облысы, [...] залив шатқалы, Бурабай орманшылығының № [...] учаскесі, 21 телім, № 4 кв, 15, 18 телім, 5 кв. мекенжайында орналасқан қонақ үй кешенінде (бұдан әрі-Нысан) құрылыс және басқа да жұмыстарды орындауға міндеттенген. Жұмыстардың құны 27 599 842 теңге, мерзімі 2019 жылғы 30 сәуірге дейін деп белгіленген.
2019 жылғы 15 мамырда және 18 маусымда тараптар арасында Шартқа № 1 және № 2 қосымша келісімдер жасалған, соның салдарынан жұмыстардың көлемі мен бағасы 45 387 316 теңгеге ұлғайып, жұмысты орындау мерзімі 2019 жылдың 30 маусымына дейін ұзартылған.
Аталған жұмыстарды орындау үшін «BS[...]» ЖШС қосалқы мердігер «АИК[...]» ЖШС-ын тартып, онымен 2019 жылғы 16 наурызда шарт жасаған.
«АИК[...]» ЖШС Н[...] құрылыс-әрлеу жұмыстарын (сылау, бояу, қабырғаларға түсқағаз жапсыру, керамикалық плиталарды төсеу және тағы басқа) орындауға міндеттенген.
«Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңының 66-бабының 11-тармағы бойынша мердiгерлiк шартта мердiгер (бас мердiгер) iшкi мердiгерлердiң орындауына бермекшi болып отырған жұмыстардың (көрсетiлетiн қызметтердiң) түрлерi мен көлемi мiндеттi түрде көрсетiледi.
Айтылған жай Шарттың 23.1-тармағында көрсетілген, оған қоса Қосалқы мердігер Бас мердігердің жазбаша келісімінсіз Шарттан туындайтын құқықтар мен міндеттерді басқаларға толығымен немесе ішінара беруге құқығы жоқ. Қосалқы мердігер басқа қосалқы мердігерлерді жұмыс жасауға тартқан кезде қосалқы мердігерлік шартында міндетті түрде басқа қосалқы мердігерлерге беруге ниеттенетін жұмыстардың түрлері мен көлемдерін көрсетеді.
Алайда, «BS[...]» ЖШС осы жоғарыда көрсетілген талаптардың орындалғаны жөніндегі дәлелдемелерді, яғни «АИК[...]» ЖШС қосалқы мердігер ретінде көрсетілгенін, Бас мердігердің жазбаша келісімін растайтын құжаты бар екенін, сотқа ұсынбаған.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі-АҚ) 616-617-баптарының талаптарына сай мердiгерлiк шарты бойынша бiр тарап (мердiгер) екiншi тараптың (тапсырысшының) тапсырмасы бойынша белгiлi бiр жұмысты атқаруға және белгiленген мерзiмде оның нәтижесiн тапсырысшыға өткiзуге мiндеттенедi.
Егер шартта өзгеше көзделмесе, жұмыс мердiгердiң қарамағында: соның материалдарымен, күштерiмен және қаражатымен орындалады.
2019 жылғы сәуірдегі Бас мердігер қол қойған жұмыстарды қабылдау актісінде Қосалқы мердігер керамикалық плитканы төсеу және жіктерін бітеу, төбе мен қабырғаларды бояу, есікті, плинтусты орнату, қабырғаға түсқағаз жапсыру, поддон және бетонды құю, қабырғаларды сылау және тағы басқа жұмыстарды орындаған.
2019 жылғы 2 шілдеде тараптар № 2 қосымша келісім бойынша 4 195 042 теңгеге атқарылған жұмыстардың актісіне қол қойған. Ол жерде Қосалқы мердігер дәліздің қабырғаларындағы жарықшақтарды, баспалдақ алаңындағы қабырғаларды сылау, төбені бояу және тағы басқа жұмыстарды орындаған.
Тараптар арасында жасалған актілердің формалары «Құрылыс және тұрғын-үй шаруашылығы істері жөніндегі Қазақстан Республикасы Агенттігі төрағасының 2012 жылғы 2 мамырдағы № 170 бұйрығына сай келмейді.
Актілерде жұмыстардың атауы, саны, өлшем бірлікте бағалануы, жалақы және тағы басқа мәліметтер көрсетілуі қажет және оған тиісінше тұлғалар (учаске бастығы, прораб, мастер, бригадир, техникалық қадағалау бөлімі, инженер) қол қоюы тиіс.
Ал жауапкерлер ұсынған актілерге жұмыстарды тапсырған және қабылдаған тұлғалардың тегі, аты, лауазымдары көрсетілмей, тек қана қол қойылған.
Сонымен қатар Қосымша мердігер құрылысқа қажетті материалдарды қайдан сатып алғаны жөніндегі дәлелдерді сотқа ұсынбаған. Ол 2019 жылғы 1, 2 тоқсандағы 300.00 нысанды салықтық есебінде басқа жеткізушілерден материалдарды сатып алғанын көрсетпеген.
Шарттың 11.2.4 тармағында Қосалқы мердігер құрылыс алаңында қажетті құрылыс техникасының, жабдықтардың, тиеу, тасымалдау және түсіруге арналған көліктің, қол аспаптарының, жұмысшылардың жеткілікті санының үнемі болуын қамтамасыз етуге міндеттенген.
Жұмыстарды орындау актілерінде оның көліктік шығындары 1 283 379 теңгені құраған, бірақ ол 2019 жылғы 1, 2 тоқсанда көлік құралдарына, жер салығы мен мүлікке салық бойынша декларациялар мен есептерді салық органына тапсырмаған.
«Қазақстан Республикасының құқық қорғау және арнайы органдарының ақпараттық алмасу жүйесінің» (бұдан әрі-Ақпараттық жүйе) мәліметтері бойынша 2016 жылғы 1, 2, 3 тоқсанда Қосымша мердігер қызметкерлерге міндетті зейнетақы жарналарын аудармаған.
Аталған жайлар Қосымша мердігердің Бас мердігердің жұмыстарын орындауға мүмкіндігі болмағанын куәландырады.
Сонымен қатар «АИК[...]» ЖШС да сылақ жұмыстарын орындау үшін қажетті материалдардың, құрал-жабдықтардың өндірушісі болып табылмайды. Өзінің 2019 жылғы 2, 3, 4 тоқсандағы 300.00 нысанды салықтық есебінде басқа жеткізушілерден материалдарды сатып алғанын көрсетпеген.
2019 жылғы 2, 3, 4 тоқсанға жеке табыс және әлеуметтік салықтар бойынша есептілік алдымен 2 жұмыскерге тапсырылған, одан кейін Басқарма мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы талап қоюды берген соң 2021 жылғы 23 қарашада 27 жұмыскерге қосымша декларация тапсырылған.
Б[...] Республикасының азаматтарымен жасалған еңбек шарттары құқықтық мәнге ие емес, себебі олар үй шаруашылығындағы жұмыстарды орындауға жалданған және олардың құрылыс жұмысын жүзеге асыруы үшін тиісті біліктілігінің бар екендігі туралы дәлелдемелер сотқа ұсынылмаған.
Ақпараттық алмасу жүйесінің мәліметтері бойынша жоғарыда аталған азаматтар 2019 жылғы 4 сәуірде Қазақстан Республикасының аумағында болмаған. Сол себепті олар 2019 жылғы 4 сәуірде «АИК[...]» ЖШС-мен жасалған еңбек шарттарына қол қоя алмаған.
Сонымен қатар, 2022 жылғы 27 желтоқсанда кассациялық сатыдағы сот Бас прокурордың наразылығы бойынша МАЭС-тың 2022 жылғы 14 ақпандағы шешімін және апелляциялық сатыдағы соттың 2022 жылғы 30 мамырдағы қаулысын өзгертіп, «BS[...]» ЖШС мен «АИК[...]» ЖШС-ның арасында жасалған қосалқы мердігерлік шартын жарамсыз деп таныған.
Сондықтан «BS[...]» ЖШС мен «АИК[...]» ЖШС-ның «HCG[...]» ЖШС үшін сылақ жұмыстарын орындауы шынайы дәлелдермен қуатталмаған.
Басқарма расымен де талап қоюда «BS[...]» ЖШС мен «HCG[...]» ЖШС-ның арасында жасалған № 1 және № 2 қосымша келісімдердің жасалған күні мен айын қате көрсеткен (мамырдың орнына наурыз деп, 18 маусымның орнына 16 деп), бірақ ол шарттар бөлек шарттар емес, негізгі Шартқа қосымша жасалған келісімдер екеніне апелляциялық сатыдағы сот көңіл аудармаған.
Демек, оларға қол қойған уақыттан бастап негізгі Шарт өзгертілген болып есептеледі.
Басқарма сол себепті талап қоюда 2019 жылғы 15 наурыздағы Шарттың жарамсыз екенін және оның талаптарына негіз болған мән-жайларды көрсеткен.
Ал апелляциялық сатыдағы сот, Басқармамен жіберілген қателерді нақтылаудың орнына, формальды негіздер бойынша талап қоюдан бас тартқан.
2020 жылғы 1 тамызда «ЖС[...]» ЖШС және «BS[...]» ЖШС жалға алу шартын жасасқан.
Шарттың мәні бойынша Тапсырыс берушінің «Маятас және Тогус тұрғын үй массивтерінде Бадам өзені арқылы көпірлерді күрделі жөндеу», «Балқаш-Бурылбайтал» жолдарының шеңберінде 2069-2105 км және 2105-2152 км жолдың бөлігін қайта жөндеу» (Жамбыл облысы, Үлкен ауылы)» объектілерінде жұмыстарды жасау үшін техника мен материалдарды (темірбетон бұйымдары) тасымалдау болып табылады.
2020 жылғы 12 қарашада және 2021 жылғы 25 қаңтарда тараптар көрсетілген қызметтер туралы актіге қол қойған, атқарылған жұмыстардың бағасы 10 350 000 теңге және 3 000 000 теңге, оған ЭШФ жазылған.
АК-нің 689-бабының 1-бөлігі бойынша жүкті тасымалдау шарты бойынша бір тарап (тасымалдаушы) өзіне басқа тараптың (жүк жөнелтушінің) сеніп тапсырған жүгін белгіленген мекенге жеткізуге міндеттенеді.
«Қазақстан Республикасындағы көлік туралы» Заңының 1-бабының 9) тармақшасына сай тасымалдаушы ретінде тасымалдау жөнінде қызметтер көрсететін және осыған белгіленген тәртіппен берілген тиісті рұқсаты бар, меншік құқығымен немесе өзге де заңды негіздерде көлік құралын иеленуші жеке немесе заңды тұлға болып табылады.
Алайда, салық есептілігінің мәліметтері бойынша «BS[...]» ЖШС-да қызметтерді көрсетуге қажетті ресурстар (көлік, жұмысшылар) жоқ, оның қызметінің түрі-басқа топтарға енгізілмеген өзге де инженерлік құрылыстар салу.
Қызметтің көрсетілгенінің дәлелі ретінде «BS[...]» ЖШС сотқа Б[...] дара кәсіпкермен жасалған автокөлікті жалдау шартын, жолдама парақтарын ұсынған.
АПК-нің 65-бабының 3-бөлігі бойынша істің заң бойынша белгілі бір дәлелдемелермен расталуға тиіс мән-жайлардың ешқандай басқа дәлелдемелермен расталуы мүмкін емес.
АК-ң 689-бабының 2-тармағы, «Автомобиль көлігі туралы» Заңның 30, 32 баптары бойынша тасымалдауды (жеткізуді) жүзеге асырғанда тасымалдаушы тауар-көлік жүкқұжаттарын бірге алып жүруге, оларда және жолдама парағында көлік құралының келген және кеткен уақыты туралы белгі жасауға міндетті.
«Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы» Заңның 7-бабының 3, 3-1-тармақтары бойынша тауар-көлік жүкқұжаты бастапқы бухгалтерлік құжаттарға жатады, жүкті тасымалдауда оны рәсімдеу міндетті болып табылады.
Б[...] тиісті түрде рәсімделген тауар-көлік жүкқұжаттары «B[...]» ЖШС-мен сотқа ұсынылмаған.
Жол парақтарында жүргізушінің жеке куәлігі, жүргізуші сыныбы, автомобильдің жұмысы (спидометрдің көрсеткіштері), жүргізушіге денсаулығы бойынша көлікті басқаруға рұқсат берген адамның қолы туралы мәліметтер болуы тиіс.
Алайда жүргізуші Б[...] DAF FT [...]көлік құралына (мемлекеттік номері [...]) рәсімделген жол парақтарында мұндай мәліметтер жоқ, сол себепті жүктің іс жүзінде жеткізілгенін және кіріске алынғанын куәландыра алмайды.
Бұдан басқа АПК-нің 72-бабына қайшы жауапкерлер Қаржы министрінің 2012 жылғы 20 желтоқсандағы № 562 бұйрығына сәйкес бастапқы есепке алу құжаттарына жатқызылған активтерді қабылдау туралы актіні, қорларды есепке алу карточкасын, қорларды түгендеу актісін, қорлардың қалдықтарын есепке алу тізімдемесін ұсынбаған.
Сол себепті шарттардың, шот-фактуралардың, орындалған жұмыстар актілерінің және басқа да құжаттардың белгіленген талаптарға формальды сәйкестігі «BS[...]» ЖШС қабылдаған міндеттемелердің іс жүзінде орындалғанын көрсетпейді және АПК-нің 16-бабының 2-бөлігіне сәйкес мәміленің орындалуының даусыз дәлелі болып табылмайды.
Демек, ресурстарсыз, нақты өнім берушілерсіз «BS[...]» ЖШС-нің «HCG[...]» ЖШС-нің тапсырысы бойынша жұмыстарды орындауға және «ЖС[...]» ЖШС-ға қызметтерді көрсетуге мүмкіндігі болмаған.
Мәмілеге қатысушылар қаржы-шаруашылық операциялардың жасалғанын көрсетуге және мемлекет алдындағы міндеттемелерін орындаудан жалтаруға ниеттенген.
Сол себепті алқа, апелляциядағы сот актісі тексерілмеген фактілерге негізделіп, Басқарманың талап қоюын қанағаттандырусыз қалдыру жөнінде заңсыз жаңа шешім қабылданған деп есептейді. Бұл орайда бірінші сатыдағы сот даулы мәмілелер ақылға қонымды экономикалық (іскерлік) себептермен негізделмеген, шығындар мен есептерді жасанды өсіру арқылы негізсіз салық пайдасын алу үшін формальды түрде қол қойылған, сол себепті заңға сәйкес келмейді деген түйінге дұрыс келген. Істің мұндай тұрғысында, сот алқасы наразылықта келтірілген уәждермен келіседі, себебі апелляциялық сатыдағы сот істің мән-жайын толық, жан-жақты және объективті түрде тексермеген, жиналған дәлелдемелерге материалдық және процестік құқық нормаларына сәйкес дұрыс баға бермеген, сол себепті бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгерту жөніндегі қаулы заңсыз және негізсіз қабылдаған.
АПК-нің 68-бабының 1-бөлігіне сай әрбір дәлелдеме оның қатыстылығы, жарамдылығы, анықтығы ескеріле отырып, ал барлық жиналған дәлелдемелер жиынтығы азаматтық істі шешу үшін жеткіліктілігі тұрғысынан бағалануға тиіс.
Сондықтан сот алқасы, апелляциялық сатыдағы соттың қаулысын өзгертіп, бірінші сатыдағы сот шешімінің «BS[...]» ЖШС мен «HCG[...]» ЖШС-нің арасындағы 2019 жылғы 15 наурыздағы № 1, 2019 жылғы 16 маусымдағы № 2, 2019 жылғы 15 наурыздағы № HCG-19-14 шарттарын және «BS[...]» ЖШС мен «ЖС[...]» ЖШС-нің арасындағы 2020 жылғы 1 тамыздағы шартын жарамсыз деп тапқан бөлігінің күшін жойып, жаңадан шешім қабылдап, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдырған бөлігінің күшін жояды.
Бұл бөлігінде Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2022 жылғы 11 қаңтардағы шешімін күшінде қалдыру қажет деп есептейді.
Қаулының өзге бөлігі өзгеріссіз қалдырылуға жатады.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2022 жылғы 11 қаңтардағы ұйғарымына кассациялық тәртіпте наразылық келтіру мерзімін ұзартудан бас тартылсын.
Апелляциялық сатыдағы сот қаулысына наразылық келтіру мерзімі ұзартылсын.
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 13 маусымдағы қаулысы өзгертілсін.
Қаулының бірінші сатыдағы сот шешімінің «BS[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен «HCG[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің арасындағы 2019 жылғы 15 наурыздағы № 1, 2019 жылғы 16 маусымдағы № 2, 2019 жылғы 15 наурыздағы № HCG-19-14 шарттарын және «BS[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен «ЖС[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің арасындағы 2020 жылғы 1 тамыздағы шартын жарамсыз деп тапқан бөлігінің күшін жойып, жаңа шешім қабылдап, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдырған бөлігінде күші жойылсын.
Бұл бөлігінде Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2022 жылғы 11 қаңтардағы шешімі күшінде қалдырылсын.
Қаулының өзге бөлігі өзгеріссіз қалдырылсын.
Қазақстан Республикасының Бас Прокурорының наразылығы ішінара қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
Н.К.Шәріпов Б.Р.Ералиева Н.Қ.Сұлтанов Б.Р.Ералиева
Көшірмесі дұрыс: Судья
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.