КСАД РК - Постановление от 01.04.2026 по делу 6003-26-00-4к/28 (Административное)

№6003-26-00-4к/28

ҚАУЛЫ

2026 жылғы 1 сәуір Астана қаласы

Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соттың құрамында: – төрағалық етуші Г.Б.Дуйсенбаев, судьялар – Л.С.Кудекова, Р.М. Айнакулова болып, талап қоюшы Е.Н.Дилдабаевтың, мүдделі тұлға өкілі С.К.Қуандықовтың қатысуларымен

өзінің ашық сот отырысында талап қоюшы Ерсултан Нурмаханович Дилдабаевтың жауапкер жеке сот орындаушысы Қуаныш Тәуірбекұлы Мырзаханға автокөлікті аукцион арқылы сату әрекетін заңсыз деп тану, сот орындаушысымен жасалған сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тану, автокөлікке және эвакуторға төлеген қаражатын қайтаруды міндеттеу туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 20 қарашадағы ұйғарымына және Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 24 желтоқсандағы ұйғарымына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Е.Н.Дилдабаев жоғарыда көрсетілген талап арызбен сотқа жүгініп, негіздемесінде сот орындаушысы К.Т.Мырзахан аукционға ешбір негізсіз жасалған бағалау есебімен жолдағанын, себебі бағалау есебіндегі автокөліктің бағасы автокөліктің іс жүзіндегі жағдайымен мүлдем сәйкес келмейтінін көрсеткен.

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 20 қарашадағы ұйғарымымен талап қоюшының арызы әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралмайды деген негізбен кері қайтарылған.

Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 24 желтоқсандағы ұйғарымымен бірінші саты сотының ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында бірінші және апелляциялық саты соттарының процессуальдық заң нормаларын бұзуына байланысты іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жойып, талап арызды мәні бойынша қарау туралы шешім қабылдауды сұраған.

Жауапкер К.Т.Мырзахан Қазақстан Республикасы Кассациялық сотының отырысына келмеді. Сотқа келмеу себептерін хабарламады.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Талап қоюшы Е.Н.Дилдабаевтың кассациялық шағымның уәждерін қолдаған түсінігін, мүдделі тұлға өкілі С.К.Қуандықовтың пікірін тыңдап. іс құжаттарын зерделеп, қассациялық сот төмендегі негіздерге байланысты дау айтылған сот актілерінің күші жойылуға жатады деген қорытындыға келді.

Қазақстан Республикасының ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

ӘРПК-нің 5-бабының екінші бөлігіне сәйкес әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады.

ӘРПК-нің 79-бабының 1-бөлігіне сәйкес, әкімшілік акт заңды және негізделген болуға тиіс.

Қазақстан Республикасы «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Заңының (бұдан әрі - Заң) 126бабының 3-тармағына сәйкес, сот орындаушысы өз қызметінде жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қысым жасалуына жол бермеуге міндетті.

Іс құжаттарына қарағанда, 2025 жылғы 30 желтоқсандағы Алматы қаласы Бостандық аудандық сотының шешімімен И.Э.Эргашбековтан өндіріп алушы «АВТО Жана Кредит» Микроқаржы ұйымы» ЖШС-ң пайдасына 3 539 742 теңге және 106 192 теңге мемлекеттік баж алымы өндірілген.

2025 жылы 20 ақпанда сот орындаушысы атқарушылық iс жүргiзу қаулысын қабылдап, борышкерге тиесілі «LEXUS LS 460» мемлекеттік номері 616 AOI 13 автокөлігіне тыйым салып, оның нарықтық құнын анықтау мақсатында «Кафедра оценки» жеке кәсіпкер Ж.Т.Магауяновқа жүктеген.

Бағалаушы Ж.Т.Магауяновтың 2025 жылға 11 наурыздағы №89 бағалау есебіне сәйкес, автокөліктің нарықтағы құны 9 656 867 теңгені құраған.

Сот орындаушысының 2025 жылғы 20 наурыздағы қаулысымен, борышкердің автокөлігін аукционға шығару туралы шешім қабылдаған.

2025 жылғы 18 қыркүйектегі электрондық аукцион қорытындысының хаттамасына сай, аукцион жеңімпазы ретінде 5 311 276 теңге ұсыныс берген талап қоюшы танылып, тараптар арасында сатып алу-сату шарты және автокөлікті қабылдап алу-тапсыру актісі жасақталған.

Жергілікті соттар талап арызды кері қайтару туралы ұйғарым қабылдағанда жеке сот орындаушысының тыйым салынған мүлікті өткізу рәсімін ұйымдастыру шеңберінде бірыңғай электрондық сауда алаңының операторына аукцион өткізу үшін құжаттар жолдау жөніндегі әрекеттері дербес әкімшілік акт немесе әкімшілік әрекет болып табылмайды, сонымен қатар, тараптардың арасында автокөлікті сатып алу-сату шарты мен қабылдап алутапсыру актісінің жасалғанын негізге алып, аталған дау азаматтық тәртіпте қаралатыны, себебі даудың мәні азаматтық қатынастарға жататынын негіздеген.

Кассациялық сот жергілікті соттардың аталған тұжырымдарымен төмендегі себептермен келіспейді.

ӘРПК-нің 16 бабына сәйкес, әкімшілік сот ісін жүргізу соттың белсенді рөлі негізінде жүзеге асырылады.

Сот әкімшілік процеске қатысушылардың түсініктемелерімен, арыздарымен, өтінішхаттарымен, олар ұсынған дәлелдермен, дәлелдемелермен және әкімшілік істің өзге де материалдарымен шектеліп қана қоймай, әкімшілік істі дұрыс шешу үшін маңызы бар барлық нақты мән-жайды жан-жақты, толық және объективті түрде зерттейді.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда жергілікті соттар белсенділік танытпаған, талап қоюшы сот орындаушының жүруге жарамсыз автокөлікті аукционға жіберу туралы әрекетімен келіспейтін, себебі аталған автокөліктің құны нарықтық бағадан жоғары бағалғанын көрсеткен.

Сонымен қатар, сот орындаушысы автокөліктің қозғалтқышы жарамсыз екені жөнінде ескерпегенін, сот орындаушыға хабарласқан кезде ол бағалау есебін өзі жасамайтынын айтып өтінішін қанағаттандырмағанын көрсеткен.

«Тыйым салынған мүлікті, оның ішінде электрондық аукцион нысанындағы сауда-саттықта өткізу қағидалары» туралы ереженің 16-2 бабына сәйкес, тыйым салынған мүліктің электрондық аукционға шығарылуына, сондай-ақ мүлікті өткізуге арналған өтінімде берілген деректердің толықтығына және дұрыстығына сот орындаушысы жауапты болатыны қарастырылған. Алайда, сот орындаушысы аталған қағиданың талаптары толық сақталғанын немесе сақталмағанын, нәтижесінде аукционға шығарылған автокөліктің бағалау есебінің дұрыстығына талап қоюшының күмән келтіргенін ескермеген.

Жоғарыда көрсетілген мән-жайлар негізінде, кассациялық сот, төменгі саты соттарымен қабылданған ұйғарымдарының күші жойылып, талап қоюшының талап арызы негізінен қаралу үшін бірінші саты сотына жолдануға жатады деп есептейді.

Істі негізінен қарау барысында, жоғарыда көрсетілген мән-жайларды ескеріп, орын алған кемшіліктерді жойып, заң талаптарына негізделген заңды әрі негізді шешім қабылдау қажет.

Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырылуға жатады.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 5) тармақшасын басшылыққа ала отырып,

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 20 қарашадағы ұйғарымының және Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 24 желтоқсандағы ұйғарымының күші жойылсын.

Әкімшілік іс Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына негізінен қарау үшін жолдансын.

Талап қоюшы Ерсултан Нурмаханович Дилдабаевтың кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.

Г.Б. Дуйсенбаев

Төрағалық етуші

Судьялар

Л.С. Кудекова

Р.М. Айнакулова

⚠️ Текст документа получен на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан.