Қ А У Л Ы
2026 жылғы 25 ақпан №6003-25-00-2к/5566 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты, құрамында: төрағалық етуші судья Г.Бастаубаев, судьялар А.Даненова, А.Токсанбаев,
талап қоюшының өкілі Д.Абылайханов, жауапкер М.Жаналиеваның өкілі З.Аязбеков, жауапкер О.Ералиннің өкілі С.Булебаевтің қатысуларында,
ашық сот отырысында талап қоюшы «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамының жауапкерлер «Мөлдір» жеке кәсіпкері атынан әрекет етуші Мөлдір Нұрланқызы Жаналиеваға, Асылхан Битасович Токтамысовқа, Оркен Жолтаевич Ералинге берешек сомасын өндіру туралы талап қоюы, қарсы талап қоюшы Оркен Жолтаевич Ералиннің жауапкер «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамына, даудың нысанасына дербес талаптарын мәлімдемейтін үшінші тұлғалар нотариус Алия Куандыковна Смайловаға, Укилим Шерхановна Ералинаға кепілдік шартын жарамсыз деп тану туралы қарсы талап қоюы бойынша қабылданған
Түркістан облысы Бәйдібек аудандық сотының 2025 жылғы 10 сәуірдегі шешіміне және Түркістан облыстық сотының азаматтық icтep жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 маусымдағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымы бойынша келіп түскен азаматтық істі қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы:
«Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы (бұдан әрі – акционерлік қоғам) сотқа жоғарыда аталған талап қоюымен жүгініп, оны «Мөлдір» жеке кәсіпкері атынан әрекет етуші М.Жаналиева (бұдан әрі – қарыз алушы) шарт бойынша міндеттемелерін орындамағанына байланысты қарыз және кепілдік шарттары бойынша қарыз алушы және кепілгерлер А.Токтамысов пен О.Ералиннен ортақ түрде өндірілетінімен уәждеген.
О.Ералин жоғарыда аталған қарсы талап қоюымен жүгініп, оны кепілдік шартын жасамағанымен негіздеген.
Түркістан облысы Бәйдібек аудандық сотының 2025 жылғы 10 шілдедегі ұйғарымымен акционерлік қоғамның берешек сомаларды кепілгерлер А.Токтамысов пен О.Ералинге қатысты ортақ түрде өндіру туралы талап қоюы дауды сотқа дейін реттеу тәртібі сақталмағанына байланысты қараусыз қалдырылған.
2025 жылғы 10 сәуірдегі сот шешімімен акционерлік қоғамның несие алушыға қатысты бөлігінде ішінара қанағаттандырылып, несие алушыдан акционерлік қоғамның пайдасына 79 179 573 теңге несие бойынша қарызы өндірілген. Талап қоюдың 15 000 000 теңге айыппұл өндіру бөлігінде қанағаттандырусыз қалдырылған.
О.Ералиннің қарсы талап қоюы қанағаттандырылып, акционерлік қоғам мен О.Ералиннің арасында жасалған 2023 жылғы 25 қыркүйектегі кепілдік шарты жарамсыз деп танылған.
Сот шығындары туралы мәселе шешілген.
Талап қоюшының кассациялық шағымында бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар іс үшін маңызы бар мән-жайларға құқықты баға бермегенін, процестік және материалдық құқық нормаларын қолданғанда қателікке жол бергенін көрсетіп, сот актілерін өзгертіп, акционерлік қоғамның талап қоюын толық қанағаттандыру және қарсы талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.
Тараптардың түсіндірмелерін тыңдап, іс құжаттары мен шағым уәждерін тексеріп, сот төмендегі түйінге келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабы 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Алайда соттармен іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.
АПК-нің 449-бабының 1-бөлігіне сәйкес істi кассациялық тәртiппен қарау кезiнде сот iстегі материалдар бойынша кассациялық шағымның, наразылықтың дәлелдерi шегiнде соттар шығарған сот актiлерiнiң заңдылығын тексередi.
АПК-нің 451-бабы 4-бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы сот сот актілерінде көрсетілмеген не ол жоққа шығармаған мән-жайларды белгілеуге немесе дәлелденген деп есептеуге құқылы емес.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 272-бабына сәйкес міндеттеме – міндеттеме шарттары мен заң талаптарына сәйкес тиісінше орындалуға тиіс.
АК-нің 722-бабы 3-тармағына сәйкес егер шартта заемды бөлшектеп (бөлiп-бөлiп) қайтару көзделсе, заемшы заем нысанасының кезектi бөлiгiн қайтару үшiн белгiленген мерзiмдi бұзған жағдайда заем берушi заем нысанасының қалған барлық бөлiгiнiң тиесiлi сыйақымен бiрге мерзiмiнен бұрын қайтаруды талап етуге құқылы.
Шарттың 3.2, 7.2.10, 8.1. - тармақтарына сәйкес жеке кәсіпкер М.Жаналиева несиенің мақсатты пайдаланғанын 90 күнде растауы тиіс болған, несиені мақсатты пайдаланбаған жағдайда, қарыз сомасының 25% мөлшерінде айыппұл төлеуге міндеттенген, ал Корпорация несие мақсатты пайдаланылмаған және кестеге сай қайтарылмаған жағдайда, қарызды және сыйақыны мерзімінен бұрын қайтаруды талап етуге құқылы.
2023 жылғы 25 қыркүйекте акционерлік қоғамы мен жеке кәсіпкер М.Жаналиеваның арасында қарыз беру шарты (бұдан әрі – қарыз шарты) жасалып, акционерлік қоғамымен жеке кәсіпкер М.Жаналиеваға 60 000 000
теңге қарызға сыйақы төлеу шартымен 2033 жылдың 23 қыркүйегіне дейінгі мерзімге берілген, қарыз алушы несиені кестемен белгіленген тәртіпте, мөлшерде және мерзімдерде қайтаруға міндеттенген.
Несие 125 бас аналық жылқы сатып алу мақсатында берілген.
А.Токтамысов 2023 жылғы 25 қыркүйектегі №751-ТРК-АБ-3 кепілдік шарты бойынша, О.Ералин 2023 жылғы 25 қыркүйектегі №751-ТРК-АБ-4 кепілдік шарты (бұдан әрі - даулы кепілдік шарты) бойынша қарыз алушының акционерлік қоғамы алдындағы қарыз шарты бойынша міндеттемесінің орындалуына толық ортақтасып жауап беруге міндеттенген.
Бірінші сатыдағы сот акционерлік қоғамның қарыз алушыдан несие бойынша қарызды өндіру туралы талабын қанағаттандырып, мақсатсыз пайдаланғаны үшін есептелген 15 000 000 теңге айыппұлды өндіру туралы талабын қанағаттандырусыз қалдырып, бұл түйіндерін жауапкердің қарыз шарты бойынша алған ақша қаражатын бөтен адамдардың иемденіп кетуіне байланысты мақсатына пайдалана алмағанымен негіздеген.
Апелляциялық сатыдағы сот қарызды өндіруімен келісе отырып, айыппұлды өндіруден бас тарту жөніндегі түйіндерін негізсіз деп санап, бұл соманы толық өндірген. Сот актілерінің бұл бөлігіне тараптар шағым бермеген.
Талап қоюшының соттармен талап қоюдың кепілгерлерге қатысты бөлігін қараусыз қалдырғанымен келіспейтіні, қарыз сомалар қарыз алушы мен бірге кепілгерлерден де ортақ түрде өндіруге жататыны жайлы уәж келтірген.
АПК-нің 429-бабы 7-бөлігіне сәйкес талап қоюды қараусыз қалдырылған сот ұйғарымдары шағым жасалуға жатпайды.
Осыған байланысты талап қоюшының кепілгерлерден қарыз сомасын ортақ түрде өндіру туралы талап қоюын соттар қараусыз қалдырған бөлігіне берген шағым кассациялық сотпен қаралмайды. Осы бөлігінде талап қою мәні бойынша қаралып шешім шығарылмағандықтан қарыз сомасын кепілгерлерден ортақ түрде өндіру туралы кассациялық шағым бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылады. Сот талап қоюшыға ұйғарымда көрсетілген кемшіліктерді жойып, сотқа кепілгерлерге қатысты жаңадан талап қоюға құқылы екені түсіндіріледі.
Қарсы талап қою бойынша.
АК-нің 157-бабы 2-тармағына сәйкес мәміленің нысанына, мазмұнына және мәмілеге қатысушыларға, сондай-ақ олардың осы Кодексте немесе өзге де заңнамалық актілерде белгіленген негіздер бойынша ерік білдіру бостандығына қойылатын талаптар бұзылған кезде мәміле жарамсыз деп танылады.
АК-нің 158-бабы 1-тармағында көрсетілгендей мазмұны заңнама талаптарына сәйкес келмейтін мәміле, сондай-ақ құқықтық тәртіп негіздеріне көрінеу қайшы келетін мақсатпен жасалған мәміле, егер осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде өзгеше
көзделмесе, дауланатын мәміле болып табылады және сот оны жарамсыз деп тануы мүмкін.
О.Ералин 2023 жылғы 25 қыркүйектегі кепілдік шарты бойынша қарыз алушының акционерлік қоғамы алдындағы қарыз шарты бойынша міндеттемесінің орындалуына толық ортақтасып жауап беруге міндеттенген. 2024 жылғы 16 қыркүйектегі №2926 жазу мен қолтаңбалық зерттеу сараптама қорытындысына сәйкес, 2023 жылғы 25 қыркүйектегі №751-ТРКАБ-4 кепілдік шартындағы О.Ералиннің атынан қойылған қолтаңбаны О.Ералиннің өзі орындамаған, оларды басқа тұлға орындаған.
«Degenbay medical clinic» жеке клиниканың дәрігері Н.Дегенбаевтың анықтамасына сәйкес О.Ералин 2023 жылғы 22-29 қыркүйек аралығында Астана қаласында клиникада амбулаториялық ем қабылдаған.
Бірінші сатыдағы сотпен қарсы талап қоюды қанағаттандыруға сараптама қорытындысы негіз болған.
Апелляциялық сатыдағы сот шешімнің осы бөлігімен келісіп, қосымша қарсы талап қоюшы даулы шарт жасалған күні басқа жерде болғанын ескеріп, даулы кепілдік шарт кепіл берушінің ерік білдіру бостандығына қойылатын талаптар бұзылғаны туралы тұжырым жасалған.
Кассациялық сот төмендегі негіздермен жергілікті соттарымен материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылған деп санайды, АПК-нің 92-бабының 7-бөлігіне сәйкес сарапшының қорытындысы сот үшін міндетті болып табылмайды, бірақ онымен келіспеген жағдайда, бұл туралы сот шешімінде көрсетілуге тиіс.
АПК-нің 76-бабында сотқа дейін тергеп тексеру ақталмайтын негіз бойынша қаулысында немесе сот үкімінде бағаланбаған сараптама қорытындысы азаматтық іс бойынша міндетті болып саналмайды.
Бірінші және апелляциялық сатыдағы сот бұл сараптама қорытындысының азаматтық іске жарамды немесе жарамсыз дәлелдеме екендігіне құқықтық баға бермеген.
Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2017 жылғы 26 мамырда № 15180 болып тіркелген «Сот сараптамасы органдарында сот сараптамалары мен зерттеулерді ұйымдастыру және жүргізу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2017 жылғы 27 сәуірдегі № 484 бұйрығының 41, 42-тармақтарына сәйкес мәтіндер мен жазбаларды зерттеген кезде сарапшыға мыналар ұсынылады:
әрбір құжаттың барлық деректемелері мен оның басқа да ерекшеліктері көрсетіле отырып зерттелетін құжаттардың түпнұсқалары;
оған қатысты сұрақтар қойылған адамның жазуларының кем дегенде 10-15 құжаттағы еркін үлгілері;
жазуының шартты-еркін үлгілері;
жазуының кем дегенде 5-10 парақтағы эксперименттік үлгілері. Қолтаңбаны зерттеу үшін:
зерттелетін қолтаңбалар орналасқан құжаттардың түпнұсқалары, олардың атаулары мен деректемелері, қолтаңбалардың орналасқан орны, олар кімнің атынан қойылғаны Т.А.Ә. міндетті түрде көрсетіле отырып;
адамның кем дегенде 10-15 құжаттағы қолтаңбаларының еркін үлгілері;
қолтаңбалардың шартты-еркін үлгілері;
бір парақта 20-30 қолтаңбадан кем дегенде 10 парақтағы қолтаңбалардың эксперименттік үлгілері;
- болжамды орындаушылардың жазуы мен қолтаңбаларының еркін, шартты-еркін және эксперименттік үлгілері.
Сараптама қорытындысының мазмұнына қарағанда салыстырмалы зерттеу үшін О.Ералинның қолтаңбасының эксперименталды үлгілері ұсынылғаны көрсетілмеген.
Даулы шарт 2023 жылы жасалған болса, сараптамада қолданылған О.Ералинның еркін қолтаңба үлгілері әлде қайда бұрын 2007, 2012, 2017 жылдары жасалған. Ең соңғы жасалған қолтаңбаның еркін үлгісі мен даулы шартта кепілгердің қолтаңба жасауының арасы 6 жылдан астам уақыт өткен. Сот бұл үлгілерді даулы шарттағы қолтаңбамен салыстыру үшін жарамсыз деп санайды, себебі араларында көп уақыт өткен, бұл мерзімде адамның қолтаңбасы өзгеруі мүмкін.
Басқа қалада амбулаториялық ем қабылдағаны туралы дәрігердің анықтамасы даулы шарттағы қолтаңбаны өзі орындамағанын даусыз дәлелдемесі болып табылмайды. Себебі кепіл беруші әртүрлі жолдармен шарт жасалған орында болуы жоққа шығарылмайды.
Қарсы талап қоюшы О.Ералинмен қолтаңбаны өзі орындамағаны туралы басқа дәлелделер ұсынылмаған.
Сонымен қатар, сот актілері шығарылған кезде осы іс бойынша дауланбаған кепілдіктен бөлек жылжымайтын мүлікті кепілге салу шарты бір күнде жасалған, оны жасауға О.Ералиннің жұбайы У.Ералина 2023 жылғы 29 тамызда жылжымайтын мүлікті кепілге салуға келісім берген.
АПК-нің 65-68 баптарына сәйкес егер дәлелдеме осы Кодексте көзделген тәртіппен алынса, сот оны жарамды деп таниды. Тексеру нәтижесінде дәлелдеменің шындыққа сәйкес келетіні анықталса, дәлелдеме анық деп есептеледі. Әрбір дәлелдеме оның қатыстылығы, жарамдылығы, анықтығы ескеріле отырып, ал барлық жиналған дәлелдемелер жиынтығы азаматтық істі шешу үшін жеткіліктілігі тұрғысынан бағалануға тиіс.
Қарсы талап қоюшымен ұсынылған сараптама қорытындысы азаматтық іс жүргізу кодексінде көзделген тәртіппен алынбаған және заң талаптарын сақталмай өткізілгендіктен іс бойынша жарамды дәлелдеме деп тануға жатпайды.
АПК-нің 72-бабына сәйкес әр тарап өзінің талаптары мен қарсылықтарының негізі ретінде сілтеме жасайтын мән-жайларды дәлелдеуге тиіс.
АПК-нің 73-бабы 1-бөлігіне сәйкес дәлелдемелерді тараптар және іске қатысатын басқа да тұлғалар бірінші сатыдағы сотқа олар сотқа дейінгі хаттаманы жасай отырып, талап қоюды қабылдаған кезде ұсынады, онда тараптардың және іске қатысатын басқа да тұлғалардың олар өздерінің талаптарының немесе қарсылықтарының негізі ретінде сілтеме жасауға және істі сотта қараған жағдайда оларды пайдалануға ниет білдірген дәлелдемелерді ашу, ұсыну және алмасу бойынша әрекеттері көрсетіледі.
Егер дәлелдемелерді ұсынған тұлғалар оларды істі сот талқылауына дайындау сатысында ұсынудың мүмкін еместігін негіздесе, дәлелдемелер сот талқылауы сатысында ұсынылуы мүмкін.
Осы Кодекстің 404-бабының екінші бөлігінде көзделген жағдайда дәлелдемелер апелляциялық сатыдағы сотқа ұсынылуы мүмкін.
Тараптардың қолында бар дәлелдемелерді сотқа ұсынбау осы дәлелдемелерді апелляциялық, кассациялық сатылардағы сотқа ұсыну мүмкіндігін болдырмайды.
АПК-нің 224-бабы 2-бөлігіне сәйкес сот шешiмдi тараптар ұсынған және сот отырысында зерттелген дәлелдемелерге ғана негiздейдi.
Қарсы талап қоюшы бірінші сатыдағы сотта басқа дәлелдемелер ұсынбаған және сараптама тағайындау туралы жазбаша өтінішхат бермеген. Яғни дәлелдемелерді ұсыну процестік мүмкіндігін жіберіп алған.
Бұл процестік және материалдық құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуы қарсы талап қоюды қанағаттандыру туралы заңсыз сот актісін шығаруға әкеп соққан. Сондықтан сот актілері өзгертіліп, қарсы талап қоюды қанағаттандыру және сот шығынын өндіру туралы бөлігінің күші жойылып, осы бөлігінде қарсы талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығаруға жатады, кассациялық шағым ішінара қнағаттандырылады.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігі 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І :
Түркістан облысы Бәйдібек аудандық сотының 2025 жылғы 10 сәуірдегі шешімі және Түркістан облыстық сотының азаматтық icтep жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 маусымдағы қаулысы өзгертілсін.
Түркістан облысы Бәйдібек аудандық сотының 2025 жылғы 10 сәуірдегі шешімінің және Түркістан облыстық сотының азаматтық icтep жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 маусымдағы қаулысының қарсы талап қоюшы Оркен Жолтаевич Ералиннің жауапкер Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамына 2023 жылғы 25 қыркүйектегі кепілдік шартын жарамсыз деп тану туралы қарсы талап қоюы қанағаттандырылған және Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамынан Оркен Жолтаевич
Ералиннің пайдасына 1 966 (бір мың тоғыз жүз алпыс алты) теңге мемлекеттік баж шығыны өндірілген бөлігінің күші жойылсын.
Қарсы талап қоюшы Оркен Жолтаевич Ералиннің қарсы талап қоюының осы бөлігін қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығарылсын. Қаулының қалған бөлігі күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамының кассациялық шағымы ішінара қанағаттандырылсын.
Г.Бастаубаев
Төрағалық етуші судья
Судьялар
А.Даненова
А.Токсанбаев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.