№ 6003-25-00-2к/2146
Қ А У Л Ы
2026 жылғы 19 қаңтар Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші - судья А.К.Рамазанова, судьялар А.К. Есдаулетов, А.К.Айкенова, прокурорлар О.С.Пернеевтің, Н.А.Молдахановтың,
талап қоюшы М.Ж.Аскаровтың, оның өкілдері Н.С.Магажанов, Е.А.Конысбаевтың, жауапкердің өкілі М.К.Рустемовтың, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің өкілі Г.Б.Дюсекинаның қатысуларымен, бейнеконференц байланыс арқылы өткізілген ашық сот отырысында талап қоюшы Мади Жомартович Аскаровтың жауапкер «Алматы облысының полиция Департаменті» мемлекеттік мекемесіне бұйрықты заңсыз деп тану, жұмысқа қайта орналастыру, еңбекақыны өндіру туралы талап қоюы бойынша Қонаев қалалық сотының 2024 жылғы 26 тамыздағы шешімі, Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 20 ақпандағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен электронды азаматтық істі қарап,
М.Ж.Аскаров сотқа аталған талап қоюымен жүгінген.
Қонаев қалалық сотының 2024 жылғы 26 тамыздағы шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.
Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 20 ақпандағы қаулысымен шешім өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында сот актілерінін күшін жойып, талап қоюын қанағаттандыруды сұраған. Өйткені 2024 жылғы 18 сәуірде М.Ж. Аскаровқа қатысты Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі - ҚК) 287-бабының 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу ісі ҚПКнің 35-бабының 1-бөлігінің 2-тармағына сәйкес, яғни іс-әрекетте қылмыстық құқықбұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылып, куә М.Ж.Аскаровқа қатысты келу туралы міндеттеме түріндегі процестік мәжбүрлеу шарасының күші жойылған. Полиция департаментінің тәртіптік комиссиясы құқық бұзушылық туралы мән-жайды және демалыста болғанын ескермеген.
Жауапкер жазбаша қарсы пікірінде сот актілерін күшінде қалдыруды сұраған.
Кассациялық сот, іске қатысушылардың түсіндірмелерін тыңдап, кассациялық шағым уәждері мен іс құжаттарын тексеріп, төмендегі тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі -АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде
бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.
Анықталғандай, М.Ж.Аскаров Алматы облысы Жамбыл аудандық полиция бөлімінің табиғат қорғау полиция тобының инспекторы қызметін атқарған.
2024 жылғы 24 ақпанда сағат екілер шамасында Алматы қаласы полиция департаментінің қызметкерлері Алматы қаласы полиция департаменті өндірісіндегі 2024 жылғы 21 ақпандағы ҚК-нің 287-бабының 4-бөлігімен тіркелген №247500031000167 қылмыстық іс шеңберінде (2022 жылғы «қаңтар оқиғасында» ұрланған қару-жарақ бойынша тіркелген), Жамбыл АПБ-нің табиғатты қорғау полиция тобының инспекторы полиция капитаны М.Ж.Аскаровтың тұрғылықты мекенжайы: Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Бұрған ауылы, Сариев көшесі, №29 үйінде санкцияланған тінту жүргізу барысында шифоньерден калибрі 7,62 мм. 3 дана оқ-дәрі алынған.
«Алматы облысының полиция департаменті» ММ-і (бұдан әрі - ПД) бастығының 2024 жылғы 27 ақпандағы №118 ж/к жазалау туралы бұйрығына сәйкес қылмыстық құқық бұзушылық арызды, хабарды немесе баянатты қабылдау және тіркеу, сондай-ақ сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімін жүргізу қағидаларын бекіту туралы ҚР БП 2014 жылғы 19 қыркүйектегі №89 бұйрығының 5-тарауы 2-тармағы мен ҚПК-нің 181, 184баптары талаптарын, Құқық қорғау органдары, азаматтық қорғау органдары және мемлекеттік фельдерлік қызметі қызметкерлерінің әдеп кодексін бекіту туралы Қазақстан Республикасының Президенті жарлығының 3-тарауы 3, 6, 12-тармақшаларының талаптарын бұзып, қызмет бабын жеке пайдакүнемдік мақсатта пайдаланып, құқық қорғау органдарына кір келтіретін теріс қылық жасағаны үшін Алматы облысы Жамбыл аудандық полиция бөлімінің табиғат қорғау полиция тобының инспекторы М.Ж.Аскаров ҚР «Құқық қорғау заңының» 56-бабы 2-тармағы 9-тармақшасы және 80-бабы 1-тармағы 13тармақшасына сәйкес «полиция капитаны» арнаулы атағынан айырылып, ішкі істер органынан шығарылған.
Бірінші сатыдағы сот М.Ж.Аскаровтың құқық қорғау органына кір келтіретін теріс қылық жасағанына байланысты оны жұмыстан шығару туралы бұйрықты заңды және негізді деп, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдырған. Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 20 қарашадағы қаулысымен аталған шешім талап қоюшының өкілі Е.А.Конысбаевтың апелляциялық шағымымен қаралып, шешім өзгеріссіз, апелляциялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылған.
Алматы облысы Қонаев қалалық сотының 2024 29 қарашадағы ұйғарымымен талап қоюшы М.Ж.Аскаровтың апелляциялық шағымды беру үшін өткізіп алған мерзімді қалпына келтіру туралы өтінішхаты қанағаттандырылған.
Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 20 ақпандағы қаулысымен аталған шешім талап қоюшының
апелляциялық шағымымен қайта қаралып, шешім өзгеріссіз, апелляциялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылған.
Алайда, 2025 жылғы 20 ақпанда апелляциялық сот істі талап қоюшының апелляциялық шағымымен қарағанда келесі мән-жайларды ескермеген.
АПК-нің 58-бабының бірінші бөлігіне сәйкес адвокаттар сотта тапсырма бойынша өкіл бола алады.
АПК-нің 60-бабының төртінші бөлігіне сай тапсырма бойынша өкіл өзіне берілген өкілеттіктер шегінде өзі мүдделерін білдіретін адамның процестік құқықтарына ие болады және процестік міндеттерін атқарады.
АПК-нің 401-бабының бірінші, екінші бөліктеріне сай, осы тарауда көзделген қағидаларға сәйкес заңды күшіне енбеген сот шешімдеріне апелляциялық тәртіппен апелляциялық шағым берілуі, прокурор апелляциялық өтінішхат келтіруі мүмкін.
Сот шешіміне апелляциялық шағым жасау құқығы тараптарға, іске қатысатын басқа да тұлғаларға тиесілі.
Іс құжаттарына сәйкес 2024 жылғы 19 қыркүйекте талап қоюшының мүддесінде оның өкілі - адвокат Е.А.Конысбаев 2024 жылғы 26 тамыздағы сот шешіміне апелляциялық шағым келтірген. Апелляциялық сатыдағы сотпен аталған шағым қаралып, шешім өзгеріссіз, апелляциялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылған.
АПК-нің 403-бабы үшінші, бесінші бөліктеріне сай апелляциялық шағым, осы Кодексте белгіленген жағдайларды қоспағанда, түпкілікті нысанда шешім шығарылған күннен бастап, ал сот талқылауына қатыспаған адамдар өздеріне шешімнің көшірмелері жіберілген күннен бастап бір ай ішінде беруі мүмкін.
Апелляциялық шағым беру немесе прокурор өтінішхат келтіру үшін мерзімді қалпына келтіру туралы мәселені бірінші сатыдағы сот осы Кодекстің 126-бабының көзделген тәртіппен қарайды.
АПК-нің 126-бабы төртінші бөлігінде өткізіп алынған процестік мерзімді қалпына келтіру туралы арыз өзінің құқықтарының немесе заңды мүдделерінің бұзылғандығы туралы арыз иесіне белгілі болған күннен бастап бір айдан кешіктірілмей, процестік әрекеттер жасалуға тиіс сотқа беру көзделген.
Талап қоюшы М.Ж.Аскаров 2024 жылғы 27 қарашада апелляциялық шағым келтіріп және онымен бірге мерзімді қалпына келтіру туралы арыз берген.
Бірінші сатыдағы соттың ұйғарымымен М.Ж. Аскаровтың апелляциялық шағымды беру үшін өткізіп алған процестік мерзімді қалпына келтіру туралы өтінішхаты қанағаттандырылған.
АПК-нің 433-бабына сай белгіленген мерзімде немесе өткізіп алынған мерзім қалпына келтірілгеннен кейін берілген апелляциялық шағым, апелляциялық сатыдағы сотқа іс басқа шағымдар бойынша қаралғаннан кейін келіп түскен жағдайда, сот мұндай шағымды, прокурордың өтінішхатын өзінің
іс жүргізуіне қабылдауға міндетті.
Апелляциялық (жеке) шағымды, прокурордың өтінішхатын қарау нәтижелері бойынша және негіздер болған кезде апелляциялық сатыдағы сот бұрын шығарылған сот актісінің күшін жояды және келіп түскен шағым, прокурордың өтінішхаты бойынша жаңа қаулы, ұйғарым қабылдайды. Мұндай негіздер болмаған кезде апелляциялық сатыдағы сот апелляциялық шағымды, прокурордың өтінішхатын қанағаттандырудан бас тарту туралы қаулы, ұйғарым шығарады.
Анықталғандай, талап қоюшы апелляциялық шағымды процестік заңнамада көзделген мерзімді өткізіп берген. Бірінші сатыдағы сот тарапынан талап қоюшының өткізіп алған процестік мерзімді қалпына келтіру туралы заңсыз ұйғарым шығарылған. Өйткені талап қоюшы тарапынан мерзімді қалпына келтіру туралы өтініш берілгенімен, оған мерзімді өткізіп алу себептерінің дәлелділігін растайтын ешқандай құжат ұсынылмаған.
Атап айтқанда, талап қоюшы өзінің өкілі адвокат Е.А.Конысбаев арқылы сот шешіміне апелляциялық шағым беру құқығын жүзеге асырған.
Яғни апелляциялық сатыдағы сот, талап қоюшы М.Ж.Аскаровтың мүддесінде берілген оның өкілі Е.А.Конысбаевтың апелляциялық шағымы қаралуына байланысты талап қоюшының шағымын өзінің өндірісіне қабылдамай қайтаруға тиіс болған.
Алайда, апелляциялық сатыдағы сот талап қоюшының апелляциялық шағымын заңсыз іс жүргізуіне қабылдап, негізінен қараған. Сонымен қатар апелляциялық сатыда талап қоюшы өкілінің және талап қоюшының апелляциялық шағымдары бір сот құрамымен қаралған.
АПК-нің талаптарына сәйкес апелляциялық іс жүргізу бір рет бір тараптың апеляциялық шағымымен қаралып, апелляциялық қаулы шығарылған соң заңды күшіне енеді және ол тек қана кассациялық тәртіппен қайта қаралуы мүмкін. Ал бір тараппен берілген апелляциялық шағымның қайта қаралуы процестік құқық нормаларының елеулі бұзылуы болып танылады.
Осы мән-жайларға байланысты сот алқасы қаулысының күші жойылуға, ал сот шешімінің күшін жоюға немесе өзгертуге әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталмауына байланысты күшінде қалдыруға жатады.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігі 2)-тармақшасын басшылыққа алып, сот
Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының осы іс бойынша 2025 жылғы 20 ақпандағы қаулысының күші жойылсын.
Қонаев қалалық сотының 2024 жылғы 26 тамыздағы шешімі күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз
қалдырылсын.
Төрағалық етуші А.К. Рамазанова
судьялар А.К. Есдаулетов А.К. Айкенова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.