ВС РК - Определение от 21.04.2025 по делу 6001-25-00-3Г/1697 (Гражданское)

6001-25-00-3г/1697

2025 жылғы 21-сəуір Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Б.Р.Ералиева,

талап қоюшы «KMG-Security» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан əрі – Серіктестік, Тапсырыс беруші) жауапкер жеке кəсіпкер «Алимжан» Жұлдыз Сабитқызы Қожановаға (бұдан əрі – Жеке кəсіпкер, өнім беруші) жосықсыз жеткізуші деп тану жəне тұрақсыздық айыбын өндіру туралы талап қоюмен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған

Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 10-қыркүйектегі ұйғарымын жəне Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 28-қарашадағы ұйғарымын қайта қарау туралы Серіктестіктің келтірген өтінішхатын электрондық істі сұратумен алдын ала қарап,

Серіктестік сотқа жоғарыда аталған талап қоюмен жүгінген.

Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының (бұдан əрі – МАЭС) 2024 жылғы 10-қыркүйектегі ұйғарымымен Жеке кəсіпкерді жосықсыз жеткізуші (сенімсіз өнім беруші) деп тану туралы талап қоюы өндіріспен тоқтатылған.

МАЭС-тің 2024 жылғы 10-қыркүйектегі шешімімен Серіктестіктің талап қоюы қанағаттандырылып, Жеке кəсіпкерден оның пайдасына 325 500 теңге айыппұл жəне 11 596 теңге мемлекеттік баж салығы өндірілген. Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 28-қарашадағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.

Өтінішхатта Серіктестік іс бойынша қабылданған ұйғарымдармен келіспей, жергілікті соттардың істі қарау барысында материалдық жəне процестік құқық нормаларын бұзғанын көрсетіп, дауланған сот актілерінің күшін жойып, іс бойынша талап қоюды қанағаттандыру туралы шешім қабылдап немесе істі дауланған бөлігінде бірінші сатыдағы соттың жаңадан қарауына жолдауды сұраған.

Іс құжаттарын жəне өтінішхат уəждерін зерделеп, судья төмендегі негіздерге байланысты кассациялық сатыдағы сот отырысында қарау үшін өтінішхатты беру керек деген тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан əрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сəйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға əкеп соққан, материалдық жəне процестік құқық нормаларының

елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тəртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.

АПК-нің 277-бабының 1) тармақшасына сай сот, егер іс азаматтық сот ісін жүргізу тəртібімен қарауға жатпаса, іс жүргізуді тоқтатады.

Қазақстан Республикасының «Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы» Заңының (əрі қарай – Заң) сатып алуды жүзеге асыру қағидалары – реттелетін қатынастар саласына қарай:

  • Қорды жəне Қордың ұйымдарын қоспағанда, квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілері үшін – сатып алу саласындағы уəкілетті орган бекітетін, Қорды жəне Қордың ұйымдарын қоспағанда, квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуын жүзеге асыру тəртібін айқындайтын нормативтік құқықтық акт; - Қор жəне Қордың ұйымдары үшін – сатып алу саласындағы уəкілетті органмен жəне бəсекелестікті қорғау жəне монополистік қызметті шектеу саласындағы уəкілетті органмен келісу бойынша Қордың директорлар кеңесінің шешімімен бекітілетін Қордың жəне Қор ұйымдарының сатып алуын жүзеге асыру тəртібі (бұдан əрі – Қордың сатып алуын жүзеге асыру тəртібі).

Талап қоюшы Қор ұйымына жататындықтан, сатып алу қызметін жүзеге асыру кезінде олар «Самұрық-Қазына» ұлттық əл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының жəне дауыс беретін акцияларының елу жəне одан да көп пайызын құрайтын заңды тұлғалардың сатып алуды жүзеге асыру тəртібін басшылыкқа алады (бұдан əрі-Тəртіп).

Заңның 9-бабының 1-тармағында сатып алу процесінде анық емес ақпарат берген əлеуетті өнім берушілер немесе өнім берушілер сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалған тəртіппен сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізіліміне, Қордың сенімсіз əлеуетті өнім берушілерінің (өнім берушілерінің) тізбесіне енгізіледі.

Бұл ретте Заңның жəне Тəртіптің ережелерін талдағанда, талап қоюшының өнім берушіні сенімсіз өнім беруші деп тану туралы сотқа талап қою құқығы қарастырылмаған, сондықтан бірінші сатыдағы сот Серіктестіктің талап қоюы сот ісін жүргізу тəртібінде қаралуға жатпайды деген түйінге келіп, іс өндіріспен тоқтатылған.

Апелляциялық сатыдағы сот ұйғарыммен келісіп, оны өзгеріссіз қалдырған.

«Мемлекеттiк сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 4-желтоқсандағы № 434-V Заңының (бұдан əрі – Заңның) 12-бабының 4-тармағының 3) тармақшасына сəйкес мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізілімі: өздерімен жасалған мемлекеттік сатып алу туралы шарттар бойынша өз міндеттемелерін орындамаған не тиісті түрде орындамаған өнім берушілердің тізбесін білдіреді.

Мекеме мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қоюын Серіктестіктің шарт бойынша міндеттемесін толық орындамауына негіздеген.

Құжаттардан анықталғандай, 2024 жылғы 25-сəуірде тараптардың арасында Тəртіпке сəйкес жəне № 972963 нəтижелер хаттамасы негізінде «Санитарлық қызмет көрсетулер дезинфекция, дезинсекция, дератизация жəне соларға ұқсас)» қызметтерді сатып алу шарты жасалған (бұдан əрі – Шарт).

Шарттың жалпы сомасы 3 255 000 теңгені құраған.

Шарттың техникалық сипаттамсына сəйкес өнім беруші шартқа қол қойылған кезден бастап 2024 жылғы 30-қарашаға дейін тапсырыс берушінің өтінімі бойынша жылына 4 рет қызмет көрсетуге міндеттенген.

Тапсырыс беруші қызмет көрсетуге 2024 жылғы 17-маусымдағы № 536, № 06-13/837, 20-маусымдағы № 04/448, 9-шілдедегі № 07-352, 22-шілдедегі № 04/517 жəне № 05-3/618 өтінімдерін жолдаған.

Алайда, өнім беруші тарапынан міндеттемелер орындалмаған.

Сол себепті жергілікті соттардың түйіндерін өтінішхат иесі заңсыз деп есептейді жəне келесідей уəждер келтіреді.

Заңның 10-бабының 2-тармағының 3)-тармақшасына сəйкес тапсырыс беруші өнім берушінің шартты бұзу фактісі туралы өзіне белгілі болған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей мұндай өнім берушіні сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы сотқа талап арызбен жүгінуге міндетті.

Сондай-ақ Заңның 10-бабының 4-тармағына сəйкес сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімі осы баптың 2-тармағы бірінші бөлігінің 2) жəне 3) тармақшаларында көзделген жағдайларда заңды күшіне енген сот шешімі негізінде қалыптастырылады.

Жергілікті соттардың Заңның 10-бабының талаптарын ескермеуінің нəтижесінде тараптар арасындағы дау шешуін таппады жəне Жеке кəсіпкер заңмен бекітілген жауапкершіліктен жалтарып отыр.

Қордың сатып алуын жүзеге асыру тəртібінің 26-бабының 2-тармағының 4) тармақшасына жəне 5-тармағының 4) тармақшасына сай жауапкер сатып алу туралы шарт міндеттерін орындамаған немесе тиісінше орындамаған жағдайда заңды күшіне енген сот шешімі негізінде «СамұрықҚазына» акционерлік қоғамының сенімсіз əлеуетті өнім берушілер тізбесіне енгізіледі. Сонымен қатар, бірінші сатыдағы сот осы іс бойынша 2024 жылғы 10-қыркүйектегі шешімімен Жеке кəсіпкерден тұрақсыздық айыппұлын өндірген. Демек, Жеке кəсіпкердің өз міндеттемелерін заң талабына сай орындамағаны анықталған.

Сол себепті сот Серіктестіктің Жеке кəсіпкерді сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қоюын қанағаттандыруы қажет еді.

Жергілікті соттар Серіктестіктің Жеке кəсіпкерді жосықсыз жеткізуші (сенімсіз өнім беруші) деп тану туралы талап қоюын өндіріспен тоқтата отырып, Заңның жəне Қордың сатып алуын жүзеге асыру тəртібінің ережелерінде талап қоюшының өнім берушіні сенімсіз өнім беруші деп тану туралы талап қою құқығы қарастырылмаған, сондықтан бұзылған құқықты қорғаудың басқа əдісі қарастырылған деп көрсеткен.

Алайда, жергілікті соттардың бұл түйіні заңсыз, өйткені талап қоюдың негізі ол əлеуетті өнім беруші анық емес ақпарат бергені жайында емес, Жеке кəсіпкердің өз міндеттемелерін орындамағаны болып отыр. Ал, мұндай жағдайда, тек қана соттың əлеуетті өнім берушіні сатып алудың жосықсыз қатысушы деп тану туралы шешімі негізінде ғана тиісті тізімге енгізеді.

Өтінішхат иесінің пікірі бойынша жергілікті соттар ұсынылған дəлелдемелерге біржақты баға беріп, материалдық жəне процестік құқықтың нормаларын бұзып, іс үшін маңызы бар мəн-жайлардың шеңберін дұрыс анықтамай жəне шешпей, істі заңсыз тоқтатқан.

Істің мұндай тұрғысында, өтінішхатта көрсетілген жəне басқа да уəждер дау айтылған сот актілері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының отырысында қаралуға жататын негіздер болып табылады. АПК-нің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып,

судья

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

«KMG-Security» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 10-қыркүйектегі ұйғарымын жəне Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 28-қарашадағы ұйғарымын қайта қарау туралы өтінішхаты іспен бірге Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының сот отырысында қарау үшін берілсін.

Қаулының көшірмесі өтінішхатты берген тұлғаға жолдансын.

Судья Ералиева Б.Р. Көшірмесі дұрыс: Судья Ералиева Б.Р.

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.