Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 15.09.2025 по делу 6003-25-00-2к/535 (Гражданское)

№6003-25-00-2к/535

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 15 қыркүйек Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші – судья Н.Б.Ормаханов, судьялар А.К.Айкенова, А.К. Рамазанова, талап қоюшының өкілі А.Д.Кабулованың, жауапкердің өкілі

А.К.Үйтолғановтың қатысуларымен,

бейнеконференц байланыс арқылы өткізілген ашық сот отырысында талап қоюшы Ардак Утешовна Джумагазиеваның жауапкер «Маңғыстау облысының білім басқармасы» мемлекеттік мекемесіне жұмыстан босату туралы бұйрықты заңсыз деп танып, күшін жою, бұрынғы жұмысқа қайта оналастыру, бос жүрген күндеріне жалақы және моральдық зиянды өндіру туралы іс бойынша қабылданған

Ақтау қаласының №2 сотының 2025 жылғы 12 мамырдағы шешіміне және Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 10 маусымдағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен электрондық форматтағы азаматтық істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы:

А.У.Джумагазиева сотқа жоғарыда аталған талап қоюымен жүгінген. Ақтау қаласының №2 сотының 2025 жылғы 12 мамырдағы шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.

Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 10 маусымдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы қабылданған сот актілерімен келіспей, олардың күшін жойып, материалдық және процестік нормалары дұрыс қолданбағандығын көрсетіп, талап қоюды толық қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушыларды тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі негіздерге байланысты сот актілері өзгеріссіз қалдыруға жатады деп санайды.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК), Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің (бұдан әрі - Еңбек кодексі) талаптарын дұрыс қолданып, іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын

материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге соттар заңмен көзделген барлық шараларды жасаған.

Іс құжаттарынан анықталғандай А.У.Джумагазиева 2008 жылдың 25 қыркүйегінен бастап «№3 мамандандырылған мектеп кешені» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Мектеп) директоры қызметін атқарған.

Мұнайлы ауданының прокуратурасымен бір топ мұғалімдердің мектеп басшылығының заңсыз әрекетіне қатысты ұжымдық арыздары негізінде тексеру жүргізілген.

Тексеру нәтижесінде мектеп директоры А.Джумагазиева 2021-2023 жылдары оқу жылы кезеңінде өздеріне бағынышты мұғалімдерден ай сайынғы жалақысынан жүйелі түрде 10-20 мың теңге аралығында ақша қолма қол немесе «Halyk Bank», «Kaspi Gold» қосымшаларына аударымдар жасау арқылы жинап отырғаны және негізсіз сыйақылар алғаны белгілі болған.

Прокуратура тарапынан анықталған факті бойынша Білім басқарамасының 2024 жылғы 11 қаңтардағы бұйрығымен зерделеу комиссиясы құрылып, жауапкерге қатысты қызметтік тексеру жүргізілген. Нәтижесінде, мектеп директорына (талап қоюшыға) деген сенімнің жоғалуына негіз болатын бұзушылықтар (ақша жинау, қызметкерлерді лауазымдық міндеттеріне сәйкес келмейтін жұмысқа тарту, ата-аналар тарапынан әкімшілік құрамға шағымдану) анықталып, мектеп әкімшілігіне қатысты тәртіптік шара қабылдау туралы шешім қабылданған.

Сонымен қатар, Мұнайлы аудандық прокуратурасымен мектеп басшылығына қатысты 2024 жылғы 25 маусымда Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі – ҚК) 361-бабының 4- бөлігінің 3)-тармағымен қылмыстық іс қозғалып, кейін қылмыстық іс ҚК-нің 361-бабынан 247-бабының 2-бөлігіне қайта сараланып, қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Білім басқармасының 2024 жылғы 17 қаңтардағы №10ЖҚ бұйрығымен Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 13)-тармақшасы, 53-бабының 7-2)тармақшасы негізінде А.У.Джумагазиева жұмыстан босатылған.

Тексеру нәтижелеріне байланысты талап қоюшыға жұмыс берушінің сенімін жоғалтуы себепті талап қоюшыны жұмыстан босату түріндегі тәртіптік жаза қолдануға заңды негіз болғаны соттармен дұрыс анықталған. Соттар АК-нің 179-бабы мен Еңбек кодексінің 160-бабының талаптарына сәйкес талап қоюдың ескіру мерзімін қалпына келтіру туралы өтінішті қанағаттандыруға негіз жоқ деп дұрыс түйін жасаған. Өйткені сотпен анықталғандай талап қоюшы бұйрықпен уақытылы танысқан, Білім басқарамасының келісу комиссиясына тек 2025 жылдың 14 қаңтарында, ал сотқа талап қоюымен 2025 жылғы ақпанда, яғни бір жылдан астам уақыт өткізіп жүгінген. Ұсынылған медициналық құжаттарға сәйкес 2024 жылғы тек маусым айының 17-нен 30-ы аралығында, тамыз айының 5-нен 13-і

аралығында үш апталық стационарлық ем, ал 2024 жылғы 11 сәуірден амбулаториялық ем алған, яғни арызбен жүгінуге кедергі болмаған.

Осыған орай, талап қойғанға дейiн талап қою мерзiмiнiң өтуіне байланысты талап қоюшының даулы бұйрықты бұзу және бұрынғы жұмысында қайта орналастыру туралы және осы талаптан туындайын бос жүрген күндеріне жалақы және моральдық зиян өндіру туралы талап қою заңды әрі негізді қанағаттандырусыз қалдырылған.

Анықталған мән-жайларға байланысты кассациялық сот бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы түйіндерімен келіседі.

Шағым уәждері бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған сот актілерінің күштерінің жойылуына немесе өзгертілуіне әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ.

Сондықтан сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Ақтау қаласының №2 сотының 2025 жылғы 12 мамырдағы шешімі, Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 10 маусымдағы қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Н.Б.Ормаханов

судьялар А.К.Айкенова

А.К.Рамазанова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.