Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 19.05.2026 по делу 6003-26-00-2к/162 (Гражданское)

№6003-26-00-2к/162 (4)

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 19 мамыр Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші судья Г.С.Джаппарова, судьялар А.К.Есдаулетов, Н.Б.Ормаханов болып,

талап қоюшылар А.С.Ахметовтың, М.М.Каринаның, өкілдері

Ж.Б.Сердалиевтың,

жауапкер А.Б.Қажмуратованың қатысуларымен, бейне-байланыс құрылғысы арқылы ашық сот отырысында, Орал қаласының №2 сотының 2025 жылғы 25 тамыздағы шешімі мен Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 қарашадағы қаулысына жауапкер А.Б.Қажмуратованың кассациялық шағымымен түскен,

талап қоюшылар Аскар Сагинович Ахметов пен Меиз Муктаровна Каринаның жауапкерлер Айткали Сериккалиевич Кожановқа, Ақжарқын Бауыржанқызы Қажмуратоваға материалдық шығын мен моральдық зиянның өтемақысын өндіру туралы электрондық азаматтық істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы:

А.С.Ахметов пен М.К.Карина сотқа талап қоюмен жүгініп, онда жауапкерлер А.С.Кожанов пен А.Б.Қажмуратовадан кәмелетке толмаған баласының өліміне әкеп соқтырған жол көлік оқиғасының салдарынан келтірілген 2 535 901 теңге материалдық шығыны мен 15 000 000 теңге моральдық зиянның өтемақысын ортақтасқан түрде өндіруді сұраған.

Орал қаласының №2 сотының 2025 жылғы 25 тамыздағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.

Жауапкер А.Б.Қажмуратовадан 1 170 200 теңге материалдық шығын мен 3 000 000 теңге моральдық зиянның өтемақысы өндіріліп, талап қоюдың қалған бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылған.

Сот шығындары бөлінген.

Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 қарашадағы қаулысымен бұл сот шешімі өзгертіліп, өндірілген моральдық зиянның өтемақысы 5 000 000 теңгеге көбейтілген, шешімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.

Оған соттардың А.Б.Қажмуратованың көлік құралының меншік иесі ретінде келтірілген зиянды өтеуге міндеттілігі туралы тұжырымға келуі негіз болған. Өтемақы мөлшерін айықындауда ақылға сыйымдылық пен әділдік олшемшарттары ескерілген.

Кассациялық шағымда, соттармен материалдық құқық нормаларының бұзылуына, сот актілерінде баяндалған сот түйіндерінің істің мән-жайларына сәйкес келмеуіне, жол көлік оқиғасы орын алғанда көлік құралының иелігінде болмағандықтан, келген шығынды өтеуді А.С.Кожановқа жүктеуді немесе оның мөлшерін азайту сұралған.

Кассациялық сот істегі бар дәлелдемелерді зерттеп, сотқа қатысушылардың түсініктерін тыңдап, кассациялық шағымның дәлелдерi шегiнде соттар шығарған сот актiлерiнiң заңдылығын тексерiп, шағым уәждерін талқылап, төмендегідей тұжырымға келді. Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әріАПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі-АК) 917бабының 1-тармағына сәйкес азаматтар мен заңды тұлғалардың мүлiктiк немесе мүлiктiк емес игiлiктерi мен құқықтарына заңсыз iс-әрекеттермен (әрекетсiздiкпен) келтiрiлген (мүлiктiк және (немесе) мүлiктiк емес) зиянды, оны келтiрген тұлға толық көлемiнде өтеуге тиiс.

АК-тің 951-бабының талабы бойынша моральдық зиян деп азаматтың өзіне тиесiлi жеке мүлiктiк емес игiлiктер мен құқықтарын құқыққа қайшы бұзу, кемсiту немесе олардан айыру салдарынан басынан кешірген жан азабын немесе тән азабын түсiну қажет.

Тараптар арасында даудың туындауына негіз болған істің мән-жайлары шағым берілген сот актілерінде толық баяндалғандықтан, олар осы қаулыда қайталап көрсетуді қажет етпейді.

Жауапкер А.Б.Қажмуратова «ВАЗ-21043» маркалы, мемлекеттік тіркеу белгісі 095VIP 07 көлік құралының иесі болып табылады.

Жол көлік оқиғасы орын алған сәтте, көлік құралын заңды негізсіз жауапкер А.С.Кожанов басқарған.

Сотта істі қарауда көлік құралының А.Б.Қажмуратованың иелігінен басқа тұлғалардың заңға қарсы іс-әрекеттері салдарынан шыққаны дәлелденбеген.

Осы факті бойынша А.С.Кожановқа қатысты қозғалған тергеп -тексеру, оның әрекетінде қылмыстың құрамы болмағандықтан 2025 жылғы 3 наурызда тоқтатылған.

«Соттардың моральдық зиянды өтеу жөніндегі заңнаманы қолдануы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2015 жылғы 27 қарашадағы № 7 нормативтік қаулысының 13-тармағының талабы бойынша, соттар азаматтардың жоғары қауiптiлiк көзi келтiрген моральдық зиян өтемақысын өндiру туралы талап қоюларын қарау кезінде, егер жоғары қауiптiлiк көзiнің иесi осы зиян дүлей күштің немесе жәбiрленушiнің теріс пиғылының салдарынан не зиян келтiрушiнiң құқыққа қайшы әрекеттерiнiң нәтижесiнде жоғары қауіптiлiк көзi иесінің заңды иелігінен шыққанына байланысты келтiрiлгенiн дәлелдей алмаса, моральдық зиянды өтеуге міндетті екенiн назарда ұстауы қажет.

Істі қарауда жоғары қауіптiлiк көзi иесі А.Б.Қажмуратованы келтірілген зиянды өтеуден босатуға негіз болып табылатын аталған мән-жайлар анықталмаған.

Сондықтан А.Б.Қажмуратова келтірілген зиянға жауап беруге тиіс.

Сотпен келтірілген моральдық зиянның өтемақысының мөлшерін анықтауда, «Республика соттарының денсаулыққа келтірілген зиянды өтеу жөніндегі заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 1999 жылғы 9 шілдедегі № 9 нормативтік қаулысының 18-тармағының талаптары ескеріліп, талап етілген 15 000 000 теңге зиянның мөлшері 5 000 000 теңге дейін азайтылған.

Сотпен талап қоюшылардың заңмен тікелей көзделген бұл даусыз құқығы ескеріліп, моральдық зиянның өтемақысы АК-тің 951, 952 - баптарының талаптарына сай олардың жеке мүліктік емес құқықтарының бұзылуының нақты мән-жайларды, келтірілген зардаптарының ауырлығы ескеріле отырып айқындалған.

Осы Қаулының 12-тармағының талабы бойынша бірінші сатыдағы сотпен талап қоюда мәлімделген 2 535 901 теңге материалдық шығынның тек 1 170 200 теңге жерлеу шығыстары (жерлеу күні алынған азық-түліктің құны, ескерткiш мен қоршауларды орнатуға кеткен шығыстар) өндірілген.

Бұл тұрғыда, өтемақы мөлшерімен келіспеу жөніндегі шағым уәждері, оның мөлшерін анықтауда құқық нормаларының бұзылуы анықталмағандықтан негізсіз, себебі бұл мәселені шешу соттың жеке субъективті пікірі болып табылады және жоғарыда аталған материалдық құқық нормаларында көзделген.

Жалпы, кассациялық шағымда келтірілген уәждер соттардың қарау нысаны болып, даулы сот актілерінде оларға қатысты тиісті құқықтық баға берілген.

Осыған орай, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Орал қаласының №2 сотының 2025 жылғы 25 тамыздағы шешімі мен Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 қарашадағы қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Г.Джаппарова

Судьялар Н.Ормаханов

А.Есдаулетов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.