Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 08.10.2025 по делу 6003-25-00-2к/738 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 8 қазан №6003-25-00-2к/738 Астана қаласы Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот, құрамында төрағалық етуші судья Ғ.Б.Бастаубаев, судьялар А.А. Бакытжанова, Ч.И. Майшыбаев, талап қоюшылардың өкілі К.С.Оспанов, жауапкерлердің өкілі М.М.Батырова,

бейнеконференцбайланыс арқылы қатысуларымен, ашық сот отырысында талап қоюшылар Дилмурад Өткірұлы Ергештің және Бабамурад Уткирұлы Ергешовтың жауапкерлер Атажан Туреханович Ергешовке, Уктам Турехановна Хасановаға қойған мұраны қабылдау мерзімін қалпына келтіру туралы талап қоюы бойынша электрондық азаматтық істі Түркістан облысы Түркістан қаласының ауданаралық сотының 2025 жылғы 11 сәуірдегі шешіміне және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 маусымдағы қаулысына талап қоюшылардың өкілінің келтірген кассациялық шағымымен қарап,

А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы:

2017 жылғы 29 қыркүйекте Бибижар Ергешова, 1944 жылғы 27 наурызда туған, қайтыс болған. Марқұм Б.Ергешованың У.Т.Ергешов, А.Т.Ергешов және У.Т.Хасанова есімді балалары бар. Б.Ергешова талап қоюшылардың әжесі, У.Т.Ергешов - әкесі. Б.Ергешова қайтыс болғаннан кейін оның Түркістан қаласы, Иассы ауылдық округі, Еңбекші Дикан ауылы, Искаков көшесі, №4/60 мекенжайда орналасқан тұрғын үйі мұраға қалған. У.Т.Хасанова отбасын құрып, бөлек тұрған, басқа тұрғын үйі бар. Даулы тұрғын үйде мұра қалдырушы Б.Ергешова кіші ұлы А.Т.Ергешовпен бірге тұрған, қәзіргі кезде А.Т.Ергешов даулы тұрғын үйде отбасымен тұрады.

2023 жылғы 29 қыркүйекте талап қоюшылардың әкесі У.Т.Ергешов қайтыс болған, ол қайтыс болғанға дейін отбасын құрып, өзің басқа жеке тұрғын үйінде отбасымен тұрып келген, өзінің басқа тұрғын үйі бар, талап қоюшылар қайтыс болған әкесі У.Т.Ергешовтен қалған мұралық мүліктерді қабылдап алған.

2024 жылғы 18 наурыздағы нотариаттың қаулысымен талап қоюшыларға әжесі Б.Ергешовадан қалған мұралық мүлікті қабылдау мерзімінің өтуіне байланысты заң бойынша мұраға құқық туралы куәлік беруден бас тартылған.

Талап қоюшылар мұраны қабылдаудың 6 айлық мерзімі бар екенін білмегендерін көрсетіп, сотқа мұраны қабылдау мерзімін қалпына келтіру туралы талап қойған.

Апелляциялық соттың қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған бірінші саты сотының шешімімен мұраны қабылдау мерзімін өткізіп алудың дәлелді себептерді келтірілмегендіктен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.

Кассациялық шағымында талап қоюшылардың өкілі жергілікті соттардың істің мән жайын толық анықтамай, заң нормаларын қате қолданғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыруды сұраған.

Талап қоюшылардың өкілінің кассациялық шағымды қолдайтын, жауапкердің өкілінің қарсы пікірлерін тыңдап, шағым уәждері мен іс құжаттарын зерделеп, кассациялық сот төменгі тұжырымдарға келеді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі- АПК) 438 бабының 5 бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Қаралып отырған іс бойынша мұндай заң бұзушылыққа жол берілмеген. Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (әрі қарай - АК) 1061бабына сәйкес, заң бойынша мұрагер болу құқығын бірінші кезекте тең үлеспен мұра қалдырушының балалары, соның ішінде ол қайтыс болғаннан кейін тірі туған балалары, сондай-ақ, мұра қалдырушының жұбайы мен ата-анасы алады.

АК-нің 1072-2-бабы 1-тармағына сай, мұраның ашылу күнiнен бастап алты ай iшiнде мұра қабылдануы мүмкін.

АК-нің 1072-3 бабында егер мұрагер мұраны қабылдау үшін белгіленген мерзімді дәлелді себептер бойынша өткізіп алған болса және мұраны қабылау үшін белгіленген мерзімді өткізіп алған мұрагер бұл мерзімді өткізу себептері жойылғаннан кейін алты айдың ішінде сотқа жүгінген жағдайда осы мерзімді өткізіп алған мұрагердің өтініші бойынша сот бұл мерзімді қалпына келтіре алады және мұрагер мұраны қабылдады деп тани алады деп көрсетілген.

АК-нің 1072-4-бабына сәйкес, егер заң бойынша немесе өсиет бойынша мұрагер мұраны осы Кодекстiң 1072-2-бабында белгiленген мерзiмде қабылдап үлгермей, мұра ашылғаннан кейiн қайтыс болса, онда мұраның оған тиесiлi үлесiн қабылдау құқығы оның мұрагерлерiне ауысады.

Қайтыс болған мұрагердiң осы құқығын оның мұрагерлерi мұраны қабылдауға арналған мерзiмнiң қалған бөлiгi iшiнде жалпы негiздерде жүзеге асыра алады. Егер мерзiмнiң қалған бөлiгi үш айдан аз болса, ол үш айға дейiн ұзартылады.

Мұраны қабылдау үшiн белгiленген мерзiм аяқталғаннан кейiн, егер сот қайтыс болған мұрагердiң мұрагерлерiнiң осы мерзiмдi өткiзiп алу себептерiн дәлелдi деп тапса, онда сот оларды осы Кодекстiң 1072-3-бабына сәйкес мұраны қабылдады деп тануы мүмкiн.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Соттардың мұрагерлік туралы заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» 2009 жылғы 29 маусымдағы №5 нормативтік қаулысының 11-тармағына сәйкес, мұрагердің

АК-нің 1073-3-бабына сәйкес мұраны қабылдау үшін мерзімді қалпына келтіру туралы арызын қарағанда сот мерзімді қалпына келтіріп, мынадай шарттар жиынтығы болған кезде: мұраны іс жүзінде қабылдаған дәлелдері болмаса; мерзім дәлелді себептермен (мұрагердің науқастануы, сондай-ақ мұраны қабылдау туралы арызды беруге кедергі жасайтын мән-жайлар) өткізіп алса; мұрагер осы мерзімді өткізіп алуының себебі жойылғаннан кейін алты ай ішінде сотқа жүгінсе мұрагерді мұраны қабылдаған деп тани алады.

Мұраны қабылдаудың заңмен белгіленген 6 айлық мерзімі бар екенін білмеу мерзімнің өтуінің дәлелді себебі болмайды, сондықтан мерзімді қалпына келтіруге негіз болмайды.

Жергілікті соттардың талап қоюшылардың әжесінен қалған мұра 2017 жылы ашылып, 8 жыл өткенін, мұраның өзіне қатысты бөлігін талап қоюшылардың әкесі қабылдап алмағанын, ондай әрекет жасамағанын, ал әкесінің қайтыс болған кезінен кейін де бір жылдан аса уақыт өткенін анықтап, талап қоюды қанағаттандырудан бас тартқанын кассациялық сот орынды деп санайды, себебі мұрагерлер мұраны қабылдау мерзімінің өтуінің дәлелді себептерін келтірмеген.

Талап қоюшылар кассациялық шағымда келтірген тікелей мұрагердің (талап қоюшылардың әкесінің) ауыр науқас болғаны себепті әжесінен қалған мұраны қабылдай алмағаны туралы уәжі негізсіз, себебі мұрагердің 6 жыл бойы мұраны қабылдау туралы арыз беруіне кедергі жасайтындай науқас күйде болғаны жөнінде дәлелдер ұсынылмаған.

Кассациялық шағымда келтірілген уәждерге бірінші және апелляциялық сатыдағы соттармен дұрыс баға берілген, сот шешімі заңды және негізді, оның күшін жоюға немесе өзгертуге негіздер жоқ.

АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Түркістан облысы Түркістан қаласының ауданаралық сотының 2025 жылғы 11 сәуірдегі шешімі және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 маусымдағы қаулысы өзгеріссіз, талап қоюшылардың өкілінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші судья

Ғ.Бастаубаев

Судьялар

А.Бакытжанова

Ч.Майшыбаев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.