6001-24-00-6ап/911
ҚАУЛЫ
2024 жылғы 14 қараша Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы Г.Б. Дуйсенбаев,
судьялар – Г.К. Нурбаев, Е.Ж. Өмірәлиев болып,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Ахбопе Абдусаматовна Жандарбекованың жауапкер «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Шымкент қаласындағы филиалына, «Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесіне жер учаскесіне жеке меншік құқығын беру, жер учаскелерін қосу, конфигурацияларының орнын өзгерту, жерге орналастыру жобасын бекіту әрекеттерін заңсыз деп тану туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 18 қаңтардағы ұйғарымына, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 13 акпандағы ұйғарымына талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы А.А.Жандарбекова сотқа жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен жүгінген.
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 18 қаңтардағы ұйғарымымен сотқа жүгіну мерзімі өтіп кетуіне байланысты талап арыз кері қайтарылған.
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 13 акпандағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы сот ұйғарымы өзгеріссіз күшінде қалдырылған.
Талап қоюшының өкілі кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспей, соттардың материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, сот актілерінің күшін жоюды сұраған.
Тиісті түрде хабарланған тараптар кассациялық саты сотының отырысына келмеуі Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сай істі мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді.
Сот алқасы кассациялық шағым уәждері мен іс құжаттарын жан-жақты зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді. ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Жергілікті соттар тарапынан мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Төменгі саты соттары талап арызды қайтару туралы шешім қабылдағанда талап қоюшы А.А.Жандарбековаға өзінің осы дау бойынша құқығының бұзылғанын 2023 жылдың қаңтар айынан бастап белгілі болғанын негізге алып, талап қоюшы сотқа жүгіну мерзімін дәлелді себептерсіз өткізіп алған деп тұжырымдаған.
Сот алқасы төменгі сатыдағы соттардың тұжырымдарын заңды әрі негізді деп санайды.
ӘРПК-нің 5-бабына сәйкес, әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жарияқұқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады.
ӘРПК-нің 136-бабының 5-бөлігіне сәйкес, құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделері әкімшілік актіде қозғалатын, әкімшілік рәсімге қатыспаған адам әкімшілік актінің қабылданғаны туралы адам білген немесе білуі мүмкін болған күннен бастап бір ай ішінде, бірақ ол қабылданған күннен бастап бір жылдан кешіктірмей сотқа талап қоюды беруге құқылы.
Іс құжаттарынан белгілі болғандай, Шымкент қаласының Абай аудандық сотының 2022 жылдың 29 желтоқсандағы шешімімен Г.Қалмақан мен А.Жандарбекованың арасында түзілген 2021 жылғы 9 қыркүйектегі Шымкент қаласы, Абай ауданы, «Ынтымақ-2» шағын ауданы, № 561 жер телімін сатып алу-сату келісім шарты жарамсыз деп танылған.
«Төрелік» автоматтандырылған ақпараттық-талдамалық жүйесіне енгізілген мәліметтерге қарағанда Шымкент қаласының Абай аудандық сотының тарапынан сот шешімі талап қоюшы А.Жандарбековаға 2023 жылдың 11 қаңтарында гибридтік жөнелтілім арқылы жолданған.
Ал, талап қоюшының өкілі Б.Қлышбекұлына сот шешімінің шыққаны жөніндегі хабарлама 2023 жылдың 10 қаңтарында «сот кабинеті» арқылы жеткізіліп, ол 2023 жылдың 9 ақпанында өзімен оқылған.
Бұдан бөлек, сот шешімі бойынша шығарылған апелляциялық сатыдағы соттың қаулысы талап қоюшы А.Жандарбековаға пошта арқылы 2023 жылдың 14 наурызында тапсырыс хатпен жолданған. Сонымен қатар, апелляциялық сатыдағы соттың қаулысының шыққаны жөніндегі хабарлама талап қоюшының өкілі Б.Қлышбекұлына 2023 жылдың 13 наурызында «сот кабинеті» арқылы жеткізіліп, ол 2023 жылдың 1 сәуірінде өзімен оқылған.
Демек, талап қоюшы тарапына жоғарыда аталған Г.Қалмақан мен А.Жандарбекованың арасында түзілген жер телімін сатып алу-сату келісім шарты жарамсыз деп танылғаны жөнінде азаматтық іс шеңберінде белгілі болған.
ӘРПК-нің 136-бабы 8-тармағына сәйкес талап қоюды сотқа беруге арналған мерзімді дәлелді себепсіз өткізіп алу, сондай-ақ сотқа жүгінудің өтіп кеткен мерзімін қалпына келтірудің мүмкін болмауы талап қоюды қайтару үшін негіз болып табылады.
Істің мұндай тұрғысында жергілікті соттар іс үшін маңызы бар мәнжайлар ауқымын дұрыс айқындаған, материалдық заң нормалары дұрыс қолданылған, процестік құқық нормалары бұзылмаған деп санайды.
Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымында көрсетілген уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал тараптардың сот тұжырымдамасымен келіспеуі сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.
Сондықтан, сот алқасы талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымын қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тапты.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 18 қаңтардағы ұйғарымы, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 13 акпандағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшының өкілі Бақдаулет Қлышбекұлының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Г.Б. Дуйсенбаев
Г.К. Нурбаев Е.Ж. Өмірәлиев Г.Б. Дуйсенбаев
Судьялар
Көшірмесі дұрыс. Судья
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.