КСАД РК - Постановление от 26.11.2025 по делу 6003-25-00-4к/1070 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 26 қараша №6003-25-00-4к/1070 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:

төрағалық етуші – судья Д.Ә. Әбдіғалиев,

судьялар – Ш.С. Манжуева, Ә.Ж. Назарова,

жауапкердің өкілі Б.М. Бақиевтің қатысуымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы Асан Жалгаскалиевич Узганбаевтің жауапкер «Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Департамент) сұратылған мәліметті беруден бас тарту әрекетін заңсыз деп тану туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған

Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – ӘІжСА) 2025 жылғы 13 наурыздағы қаулысына жауапкердің берген кассациялық шағым бойынша әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген әкімшілік талап қоюмен сотқа жүгініп, өз талаптарын жауапкер сұратылған ақпаратты ұсынудан негізсіз бас тартқанымен дәлелдеп, ал талап қоюшы адвокат ретінде мұндай құқыққа ие екенін көрсеткен.

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының (бұдан әрі – МАӘС) 2024 жылғы 5 қарашадағы шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.

ӘІжСА-ның 2025 жылғы 13 наурыздағы қаулысымен МАӘС-тің шешімінің күші жойылып, іс бойынша талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылданған. Департаменттің сұратылған мәліметті беруден бас тарту әрекеті заңсыз деп танылған.

Жауапкер кассациялық шағымда ӘІжСА-ның қаулысының күшін жойып, МАӘС-тің шешімін күшінде қалдыруды сұраған.

Талап қоюшыдан Астана қаласына шығу мүмкіндігінің болмауын негізге ала отырып, сот отырысына бейнеконференцбайланыс режимінде қосылу туралы өтінішхат түсті. Алайда аталған өтінішхат қанағаттандыруға жатпайды, себебі сот отырысы Қазақстан Республикасы Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотының ғимаратында тараптардың міндетті түрде жеке қатысуымен қарауға тағайындалған, бұл жөнінде іс жүргізуге қатысушылардың барлығы алдын ала хабардар етілген. Көрсетілген мән-жай соттың кассациялық сатысында сот отырысын өткізу форматын өзгертуге негіз болып табылмайды.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды. Кассациялық шағымның уәждерін талқылап, іс материалдарын зерттеп, ұсынылған дәлелдемелерді бағалап, кассациялық сот келесі қорытындыға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер ӘРПК-де өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сай заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы АПК-нің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Мұндай бұзушылықтарға апелляциялық сатыдағы сот жол берген.

Анықталған мән-жайлардан талап қоюшы А.Ж. Узганбаев 2022 жылғы 18 шілдедегі №22013455 лицензиясының негізінде Маңғыстау облысының адвокаттар алқасының адвокаты болып табылатыны көрінеді.

2024 жылғы 22 тамызда адвокат А.Ж. Узганбаев азаматтық іс шеңберінде заң көмегін көрсету барысында Департаментке төменде көрсетілген азаматтардың Қазақстан Республикасының аумағына кіруі мен шығуы туралы, мерзімі көрсетілмеген толық ақпаратты беру жөнінде сұрату жолдаған:

  • Нина Алексеевна Стрельцова, 1960 жылғы 29 ақпанда туған,

  • Юлия Михайловна Куклина, 1992 жылғы 20 қаңтарда туған,

  • Алексей Михайлович Куклин, 1987 жылғы 11 желтоқсанда туған.

2024 жылғы 28 тамыздағы хатпен Департамент сұратылған ақпаратты беруден бас тартып, «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңының (бұдан әрі – Дербес деректер туралы заң) 20бабының 1-тармағының қағидаларына сілтеме жасаған. Хатта дербес деректер қорғалуға жататыны, сондай-ақ мұндай мәліметтерді беру үшін дербес деректер субъектісінің не оның заңды өкілінің келісімі талап етілетіні көрсетілген. Субъектінің келісімінсіз аталған ақпарат құқық қорғау және сот органдарына, атқарушылық іс жүргізу органдарына, сондай-ақ өзге де уәкілетті органдарға ғана берілуі мүмкін (осы Заңның 9–11-баптары).

Қазақстан Республикасының Конституциясының 18-бабы 1-тармағына сәйкес әркімнің жеке өміріне қол сұғылмауына, өзінің және отбасының құпиясы болуына, ар-намысы мен абыройлы атының қорғалуына құқығы бар.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнің (бұдан әрі – ҚР АК) 115-бабының 3-тармағына сай жеке мүлiктiк емес игiлiктер мен құқықтарға: жеке адамның өмiрi, денсаулығы, қадiр-қасиетi, абырой, игi атақ, iскерлiк бедел, жеке өмiрге қол сұқпаушылық, жеке құпия мен отбасы құпиясы, есiм алу құқығы, автор болу құқығы, шығармаға қол сұқпаушылық құқығы және басқа материалдық емес игiлiктер мен құқықтар жатады.

«Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Қазақстан Республикасының Заңының (бұдан әрі – Адвокаттық қызмет туралы заң) 33- бабы 3-тармағының 2) тармақшасы мен 35-бабының 8-тармақшасына сәйкес адвокат қорғаушы немесе өкiл ретiнде әрекет ете отырып барлық мемлекеттiк органдардан, жергілікті өзін-өзі басқару органдары мен заңды тұлғалардан адвокаттық қызметтi жүзеге асыруға қажеттi мәлiметтердi сұратуға және алуға құқылы.

Егер ақпарат қолжетімділігі шектеулі ақпаратқа жатқызылған жағдайда, адвокатқа сұратылып отырған мәліметтерді беруден бас тартылуы мүмкін.

Дербес деректер туралы заңның 6-бабына сәйкес дербес деректер қолжетімділігі бойынша жалпыға бірдей қолжетімді және қолжетімділігі шектеулі болып бөлінеді.

Қазақстан Республикасының заңнамасымен қолжетімділігі шектелген дербес деректер қолжетімділігі шектеулі дербес деректер болып табылады.

Дербес деректер туралы заңның 9-бабына сай дербес деректерді субъектінің немесе оның заңды өкілінің келісімінсіз жинау, өңдеу: 1) құқық қорғау органдарының, соттардың және әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді қозғайтын және қарайтын өзге де уәкілетті мемлекеттік органдардың қызметін, атқарушылық іс жүргізуді жүзеге асырған; 2) мемлекеттік статистикалық қызметті жүзеге асырған; 2-1) Қазақстан Республикасының әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы заңнамасына сәйкес әскери есепке алуды жүзеге асырған; 3) дербес деректердi мiндеттi түрде иесiздендiру шартымен оларды статистикалық мақсаттар үшiн мемлекеттік органдар пайдаланған; 4) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар iске асырылған; 5) егер субъектiнiң немесе оның заңды өкілінің келiсiмiн алу мүмкiн болмаса, адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғаған; 5-1) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры зейнетақы шоттарын ашуға, зейнетақы жинақтарының сомасы туралы, сондай-ақ шартты зейнетақы шоттары туралы ақпаратты беруге байланысты қызметті жүзеге асырған; 6) Қазақстан Республикасының адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету жөніндегі заңнамасының талаптары сақталған жағдайда, журналистiң заңды кәсiптік қызметi және (немесе) теле-, радиоарналардың, мерзімді баспасөз басылымдарының, ақпарат агенттіктерінің, желілік басылымдардың қызметі не ғылыми, әдеби немесе өзге де шығармашылық қызмет жүзеге асырылған; 7) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес дербес деректер, оның iшiнде сайланбалы мемлекеттiк лауазымдарға кандидаттардың дербес деректерi жарияланған; 8) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес субъект дербес деректерді ұсыну жөніндегі өз міндеттерін орындамаған; 9) қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеудi, бақылауды және қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттiк орган Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жеке және заңды тұлғалардан ақпарат алған; 9-1) салықтық (кедендік) әкімшілендіруді және (немесе) бақылауды жүзеге асыру үшін мемлекеттік кіріс органдары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жеке және заңды тұлғалардан ақпарат алған; 9-2) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда, қолжетімділігі шектеулі дербес деректерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстардың резервтік көшірмесі электрондық ақпараттық ресурстарды сақтаудың бірыңғай ұлттық резервтік платформасына сақтауға берілген; 9-3) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтау шарттарымен кәсіпкерлік субъектілерінің тікелей өз кәсіпкерлік қызметіне қатысты дербес деректері бизнес-әріптестердің тізілімін қалыптастыру үшін пайдаланылған; 9-4) Қазақстан Республикасы азаматының дербес деректері «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес соттан тыс немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы арыз берілген күннен бастап, сондай-ақ соттан тыс немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолданудың алдындағы үш жылға дейінгі кезеңде пайдаланылған; 10) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өзге де жағдайларда жүргізіледі. Дербес деректер туралы заңның 10-бабының 1, 4-тармақтарына сәйкес егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, дербес деректерге қол жеткізу субъектінің немесе оның заңды өкілінің меншік иесіне және (немесе) операторға оларды жинауға, өңдеуге берген келісімінің шарттарымен айқындалады.

Үшінші тұлғалар мемлекеттік органдардың және (немесе) мемлекеттік заңды тұлғалардың ақпараттандыру объектілеріндегі дербес деректерді субъектінің мемлекеттік сервис арқылы расталған келісімі болған жағдайда «электрондық үкіметтің» веб-порталы арқылы ала алады.

Дербес деректер туралы заңның 10-бабының 1-тармағы қолжетімділігі шектеулі дербес деректерге қол жеткізе алатын меншік иелері және (немесе) операторлар, сондай-ақ үшiншi тұлғалар субъектінің немесе оның заңды өкілінің келісімі не өзге де заңды негіздер болмағанда оларды таратуға жол бермеу талаптарын сақтау арқылы олардың құпиялылығын қамтамасыз ететіндігін белгілейді.

«Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 1-бабының 8) тармақшасына сәйкес қол жеткізу шектелген ақпарат – мемлекеттік құпияларға, жеке басының құпиясына, отбасылық, банктік, коммерциялық құпияға, медицина қызметкерінің құпиясына және (немесе) заңмен қорғалатын өзге де құпияларға жатқызылған ақпарат, қолжетімділігі шектеулі дербес деректер, сондай-ақ таратылуы шектелген қызметтік ақпарат.

«Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Заңының 11-бабы 2-тармағы мен 16тармағының 3) тармақшасына сай қол жеткізу шектелген ақпаратты қоспағанда, сұрау салу бойынша кез келген ақпарат беріледі. Ақпаратқа қол жеткізуден егер сұратылатын ақпарат қол жеткізу шектелген ақпаратқа жатқызылса бас тартылады.

Осы нормалар Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотымен қаралып, 2023 жылғы 26 желтоқсандағы №39-НП қаулысымен Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес деп танылған. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 26 ақпандағы № 117 қаулысымен Мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстардың құрамына енгізілетін жеке тұлғалардың дербес деректерінің тізбесі бекітіліп (құқықтық даулы қатынастар туындаған сәтте қолданылған, 2024 жылғы 18 қазандағы №863 Үкімет қаулысымен күшін жойған), оның құрамына келесі деректер кіреді: тегі, аты, әкесінің аты, туған күні мен жері, ұлты, жынысы, отбасылық жағдайы, азаматтығы туралы мәліметтер, жеке сәйкестендіру нөмірі, портреттік бейнесі, қолы, заңды мекенжайы, жеке басын куәландыратын құжаттың деректері.

Бірінші сатыдағы сот дауды шешу және талапты қанағаттандырудан бас тарту барысында жауапкердің қаралып отырған мәселе бойынша әрекеттері қолданыстағы заңнама талаптарына сай келетінін, сұратылған ақпарат қолжетімділігі шектеулі дербес деректерге жататынын және оны беруден бас тарту заңға сай екенін көрсеткен.

Апелляциялық сатыдағы сот шешімнің күшін жоя отырып, талапты қанағаттандырып, талап қоюшы сұратқан ақпарат қолжетімділігі шектеулі дербес деректерді қамтымайды деген тұжырым жасаған.

Кассациялық сот ұсынылған дәлелдемелерді бағалап, материалдық құқық нормаларының дұрыс қолданылмауына, сондай-ақ апелляциялық соттың қорытындыларының іс бойынша нақты мән-жайларға сәйкес келмеуіне байланысты апелляциялық сатыдағы соттың қаулысының күшін жою қажет деген қорытындыға келеді. Кассациялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың адвокатқа сұратылған ақпаратты беруден бас тартудың заңдылығы жөніндегі тұжырымымен келіседі, өйткені оны беруге жеткілікті құқықтық негіздер болмаған.

Адвокаттық қызмет туралы, Дербес деректер туралы, «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңдардың жоғарыда аталған нормаларының талаптарына сәйкес ақпаратты алудың және берудің, соның ішінде шектеулердің нақты тәртібі, сондай-ақ оны беруге рұқсат етілетін тұлғалар шеңбері айқындалған.

Қаралып отырған жағдайда сұратылған ақпарат адвокатқа берілуге жатпайды, өйткені ол қолжетімділігі шектеулі ақпаратқа жатады және Адвокаттық қызмет туралы заңның 35-бабы 8-тармағының талаптарына сәйкес мұндай ақпаратты адвокатқа беру мүмкіндігін болдырмайды.

Жауапкер өз әкімшілік қалауы негізінде оны беруден құқыққа сай бас тартқан.

Талап қоюшы сұратқан ақпаратқа және оған үшінші тұлғалардың қолжетімділігіне Дербес деректер туралы заңның 10 және 11-баптары нормаларына сәйкес тек деректер субъектісінің немесе оның заңды өкілінің келісімімен ғана рұқсат етіледі, өйткені, жоғарыда көрсетілгендей, бұл ақпарат қолжетімділігі шектеулі ақпаратқа жатады. Н.А. Стрельцова, Ю.М. Куклина, А.М. Куклин немесе олардың заңды өкілдерінің сұратуға келісімі берілмеген (жоқ). Дербес деректер туралы заңның 6-бабына сәйкес дербес деректер қолжетімділігі бойынша жалпыға бірдей қолжетімді және қолжетімділігі шектеулі болып бөлінеді. Қазақстан Республикасының заңнамасымен қолжетімділігі шектелген дербес деректер қолжетімділігі шектеулі дербес деректер болып табылады. Сонымен қатар, Дербес деректер туралы заңның 9-бабында дербес деректер субъектісінің немесе оның заңды өкілінің келісімінсіз дербес деректерді жинау және өңдеу жүргізілетін нақты негіздер тізімі қарастырылған.

Қаралып отырған жағдайда Қазақстан Республикасының азаматтарының мемлекеттік шекараны кесіп өтуі туралы мәліметтер аталған толық тізімге кірмейді. Осыған байланысты талап қоюшыға сұратылған ақпаратты беру үшін Н.А. Стрельцованың, Ю.М. Куклинаның, А.М. Куклиннің немесе олардың заңды өкілдерінің сәйкес келісімін алу міндетті болып табылады.

Жоғарыда көрсетілгендерге қосымша, «Ақпараттандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 32 және 36-баптары электрондық ақпараттық ресурстарды меншік нысаны бойынша (мемлекеттік және мемлекеттік емес) және қолжетімділік дәрежесі бойынша жалпыға қолжетімді және қолжетімділігі шектеулі жіктеуді белгілейді.

Үкімет «Ақпараттандыру туралы» Заңның 6-бабының 6) тармақшасына сәйкес өз құзыретiн жүзеге асыра отырып, 2016 жылғы 26 ақпандағы №117 Қаулысымен мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстардың құрамына енгізілетін жеке тұлғалардың дербес деректерінің тізбесін бекітті. Аталған толық тізімге мыналар кіреді: тегі, аты, әкесінің аты, туған күні мен жері, ұлты, жынысы, отбасылық жағдайы, азаматтығы туралы мәліметтер, жеке сәйкестендіру нөмірі, портреттік бейнесі, қолы, заңды мекенжайы, жеке басын куәландыратын құжаттың деректері.

Қазақстан Республикасының азаматтарының мемлекеттік шекараны кесіп өтуі туралы мәліметтер Үкімет бекіткен деректер (ақпарат) тізіміне кірмейді, бұл оның жалпыға қолжетімділігін жоққа шығарады.

Айқын болып тұрғандай, Қазақстан Республикасының азаматтарының мемлекеттік шекараны кесіп өтуі туралы ақпарат ашық ақпараттық кеңістікте жоқ, аталған ақпаратқа қолжетімділік айтарлықтай шектелген, ашық дереккөздерде бұл деректер жоқ. Мұны сотқа және істің қатысушы тұлғаларына жалпыға бірдей белгілі мән-жай ретінде танып, дәлелдеуді қажет етпейді деп анықтауға болады (АПК-нің 76-бабы).

Қазақстан Республикасының азаматтарының мемлекеттік шекараны кесіп өтуін тіркеу туралы тиісті ақпаратты сақтау «Бүркіт» бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 19 және 23-баптарына сәйкес жүргізетін процессуалдық әрекеттер де аталған жүйеде көрсетіледі. Осы жүйеге қолжетімділік айтарлықтай шектелген, онда қамтылған ақпарат жасырын болып табылады. Кассациялық сатыдағы сот соттың белсенді рөлі негізінде АПК-нің 56бабының талаптарына сәйкес Ішкі істер министрлігінен, Ұлттық қауіпсіздік комитетінен, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінен, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінен, Мәдениет және ақпарат министрлігінен, Әділет министрлігінен жазбаша қорытындылар сұратты.

Аталған мемлекеттік органдардан алынған қорытындылардан Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын жеке тұлғалардың кесіп өтуі туралы мәліметтер (ақпарат) қолжетімділігі шектеулі ақпаратқа (дербес деректерге) жататыны және сәйкесінше оны алу үшін деректер субъектісінің немесе оның заңды өкілінің келісімі қажеттігі туралы айқын қорытынды шығаруға болады.

Н.А. Стрельцованың, Ю.М. Куклинаның және А.М. Куклиннің мүлiктiк емес құқықтары Қазақстан Республикасының Конституциясының 18-бабы 1- тармағы және ҚР АК-нің 115-бабы 3-тармағы нормаларының негізінде қорғалуға жатады.

Жоғарыда аталған заң нормаларын жүйелі талдау талап қоюшының дәлелдерінің негізсіз екенін көрсетеді, бірінші сатыдағы соттың талапты қанағаттандырудан бас тарту жөніндегі қорытындылары дұрыс болып табылады, кассациялық сот онымен келіседі, сол себепті апелляциялық сатыдағы соттың қаулысының күші жойылуға жатады.

Аталған тұжырым мөлшерлес болып табылады, жеке, қоғамдық және мемлекеттік мүдделер арасында қажетті әрі әділ тепе-теңдікті қамтамасыз етеді, ал осы талап арыздың қаралуы басқа тұлғалардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын бұзуға жол бермеуі тиіс.

Үшінші тұлғалардың (Н.А. Стрельцова, Ю.М. Куклина, А.М. Куклин) мүдделері ақпаратты беру мәселесін шешу кезінде міндетті түрде ескерілуі тиіс.

Сонымен қатар, кассациялық сатыдағы сот талап қоюшының ақпаратты басқа тәртіппен, атап айтқанда, талап қоюшының тараптардың бірінің мүдделерін білдіретін азаматтық іс шеңберінде сот сұрауы арқылы алу құқығынан айрылған жоқ және бұл құқықты жоғалтпайды. Аталған жағдайда деректер субъектісінің немесе оның заңды өкілінің келісімі талап етілмейді.

Осыған орай, кассациялық сот апелляциялық сатыдағы соттың қаулысыныі күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыру қажет деген қорытындыға келеді. Апелляциялық сатыдағы сотпен материалдық құқық нормаларын елеулі түрде бұзған, оның қорытындылары істің нақты мән-жайларына сәйкес келмейді. Осы мән-жайларды ескере отырып, жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырылуға жатады.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 2) тармақшасын басшылыққа ала отырып, кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ: Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 13 наурыздағы қаулысының күші жойылсын.

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 5 қарашадағы шешімі күшінде қалдырылсын. Жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.

Д. Әбдіғалиев

Төрағалық етуші

Судьялар

Ш. Манжуева

Ә. Назарова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.