ВС РК - Постановление от 05.01.2022 по делу 6001-21-00-3Г/5216(2) (Гражданское)

6001-21-00-3г/5216(2)

ҚАУЛЫ

2022 жылғы 5 қаңтар Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Ш.С.Иманиязова талап қоюшы «СА[...]» шаруа қожалығының төрағасы С[...] жауапкерлер Б[...], Түркістан қаласының әкімдігіне, «Түркістан қаласы жер қатынастары бөлімі» ММ-не, «Кентау қаласының жер инспекция бөлімі» ММ-не Түркістан қаласы әкімдігінің қаулысын, жер учаскесін жалға беру шартын жарамсыз деп тану туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық ісі бойынша қабылданған

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 24 ақпандағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы С[...] өкілі Б[...] өтінішхатын азаматтық істі сұрату арқылы алдын ала қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

«СА[...]» ШҚ-ның төрағасы С[...] сотқа берген талап қою арызында жауапкер Б[...] 505,0 гектар (га) жер учаскесі өз жер учаскесіне еніп, үстеме орналасқанын негіздеп, Түркістан қаласы әкімдігінің қаулысын, жер учаскесін жалға беру шартын жарамсыз деп тануды сұраған.

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2020 жылғы 24 желтоқсандағы шешімімен талап қою арыз ішінара қанағаттандырылған.

Осы соттың 2020 жылғы 24 желтоқсандағы ұйғарымымен Түркістан қаласы әкімдігінің 2015 жылғы 11 ақпандағы № 121 қаулысын жарамсыз деп тану туралы талабы бойынша іс жүргізу тоқтатылған.

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 24 ақпандағы қаулысымен сот шешімі өзгертілген. Шешімнің талап қоюшының талабын қанағаттандыру туралы бөлігінің күші жойылып, талаптың бұл бөлігін қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылданған.

Өтінішхат иесі апелляциялық сатыдағы соттың қаулысымен келіспейтіндігін көрсетіп, оның күшін жоюды сұраған. Сот актісіне шағым келтіру мерзімін қалпына келтіруді өтінген. Іс құжаттарынан анықталғандай, С[...], С[...] және тағы басқа азаматтар бірігіп, «СА[...]» ШҚ-ны құрып, төрағасы болып С[...] сайланған.

Түркістан қаласы әкімінің 2015 жылғы 11 ақпандағы №121 қаулысымен жауапкер Б[...] ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесін жалға беру жөніндегі

конкурстық комиссияның 2014 жылғы 10 ақпандағы қорытындысына сай және жерге орналастыру жобасы негізінде Түркістан қаласының Жаңа Иқан ауылдық округіне қарасты мемлекеттік арнайы қорының есебіндегі жайылым жерден шаруа қожалығын жүргізу үшін 505,0 га жер учаскесін 10 жылға уақытша өтеулі жер пайдалану құқығымен ұзақ мерзімге берілген.

«Түркістан қаласының жер қатынастары бөлімі» ММ мен Б[...] арасында 2018 жылғы 28 ақпанда жер учаскесін жалға беру туралы шарты жасалып, шарт мемлекеттік органда 2018 жылғы 15 наурызда тіркелген. «Азаматтарға арналған үкімет» КеАҚ Түркістан облысы бойынша филиалы жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру бойынша Кентау қалалық бөлімінің 2020 жылғы 15 қазандағы қорытындысына сай С[...] Түркістан қаласы әкімінің шешімі негізінде Жаңа Иқан ауылдық округіне қатысты жерден жалпы ауданы 566,2 га жер учаскесіне кадастрлық №[...] мемлекеттік акт рәсімделген. Б[...] әкім қаулысымен Жаңа Иқан ауылдық округіне қарасты жерден жалпы ауданы 345,0 га жер учаскесіне кадастрлық № [...] жер учаскесі рәсімделген.

С[...] жасақталған кадастрлық № [...] жер учаскесіне Б[...] жер учаскесінің 270,0 га жері қабаттасып, үстеме орналасқаны анықталған.

Бірінші сатыдағы сот Б[...] жер учаскесі тіркелген уақыттан бұрын С[...] жер учаскесіне меншік құқығы тіркелгенін ескеріп, оның 270 га жер учаскесі С[...] жеріне еніп, үстеме орналасқандықтан жер учаскесін жалға беру шартын жарамсыз деп таныған.

Апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың бұл қорытындысымен келіспей, аталған шарт талап қоюшының құқықтарын бұзбайды, себебі Б[...] жер учаскесінің ішіндегі 270 га жер учаскесі оның жеріне еніп, үстеме орналасқанын даулағанымен, жер учаскесіне табысталған сәйкестендіру актісін осы бөлігінде жарамсыз деп тану туралы талаппен жүгіну құқығын пайдаланбаған деп қорытындылаған.

Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 12-бабының 25) тармақшасына сәйкес жер учаскесіне сәйкестендіру құжаты - жер, құқықтық және қала құрылысы кадастрларын жүргізу мақсатында қажетті, жер учаскесінің сәйкестендіру сипаттамаларын қамтитын құжат.

Өтінішхат иесі апелляциялық сатыдағы соттың мұндай тұжырымымен келіспей, аталған нормаға сүйеніп жер учаскесіне табысталған сәйкестендіру акті азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуға және шешуге жатпайды, өйткені жер учаскесіне құқық белгілейтін құжат емес, ол құқықтар мен міндеттерді тудырмайды және сотта дау айтуға жатпайтынын көрсеткен.

Апелляциялық алқа өз қаулысында бірінші сатыдағы соттың шешімінде қандайда бір құқықтық норманың бұзылғанын көрсетпеген деп арызданушы уәждеген.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 449-бабының 2-бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы сот заңдылық мүддесiнде өтiнiшхаттың шегiнен шығуға және шағым жасалған сот актісінің заңдылығын толық көлемде тексеруге құқылы.

Іс материалдарын алдын ала зерделеу, арызданушының өтінішхатында келтірген уәждері және жоғарыда көрсетілген түйіндер сот актілерін қайта қарау үшін кассациялық сатының сот мәжілісінде қарауға жататын негіздер бар екенін көрсетеді.

Сонымен қатар, Жоғарғы Сотқа заңнамада белгіленген мерзімде 2021 жылғы 23 тамызда алғашқы берілген өтінішхат қайтарылғандықтан, арыз беруші сот актісіне шағым келтірудің мерзімін қалпына келтіруді өтінген.

Судья өткізіп алған мерзімді қалпына келтіру туралы себептерін талқылап және оларды дәлелді деп тауып, мерзімді қалпына келтіру қажет деп есептейді.

АПК-нің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын, 126-бабының 2-бөлігін басшылыққа алып, судья

ҚАУЛЫ ЕТТІ :

Сот актілеріне шағым келтіру мерзімі қалпына келтірілсін.

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 24 ақпандағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы келтірген С[...] өкілі Б[...] өтінішхаты іспен бірге Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының сот отырысында қарау үшін берілсін.

Қаулының көшірмесі іске қатысушы тараптарға жолдансын.

Судья Ш.Иманиязова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.