Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 15.09.2025 по делу 6001-25-00-2к/585 (Гражданское)

№6001-25-00-2к/585

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 15 қыркүйек Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында:

төрағалық етуші судья Н.Б.Ормаханов, судьялар А.К.Рамазанова, А.А.Айкенова,

талап қоюшы Ж.Д.Усаенованың,

жауапкер өкілі К.Н.Арыстангалиеваның қатысуларымен,

ашық сот отырысында бейне-байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы Жанат Джумабаевна Усаенованың жауапкер «ККТС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен еңбек ақысын, өсімпұлды, моральдық зиянның өтемақысын өндіру туралы талап қоюы жөніндегі азаматтық ісі бойынша қабылданған

Атырау қалалық сотының 2024 жылғы 11 қыркүйектегі шешімі мен Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 11 желтоқсандағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен азаматтық істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Талап қоюшы Ж.Д.Усаенова жауапкер «ККТС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен (бұдан әрі - «ККТС» ЖШС) еңбек ақысын, өсімпұлды, моральдық зиянның өтемақысын өндіру туралы талап қоюмен жүгінген.

Атырау қалалық сотының 2024 жылғы 11 қыркүйектегі шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.

Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 11 желтоқсандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы қабылданған сот актілерімен келіспей, олардың күшін жойып, материалдық және процестік нормалары дұрыс қолданбағандығын көрсетіп, талап қоюды толық қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.

Сонымен қатар, анасының бірінші топтағы мүгідектігіне байланысты оған тұрақты күтім жасау қажеттілігі өзіне жүктелгендіктен, уақытылы кассациялық шағым бере алмағанын, сондықтан шағым беру мерзімін қалпына келтіру жөніндегі өтінішін қанағаттандыруды сұраған.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде

бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК), Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің (бұдан әрі - Еңбек кодексі) талаптарын дұрыс қолданып, іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге соттар заңмен көзделген барлық шараларды жасаған.

2021 жылғы 1 маусымда тараптар арасында жеке еңбек шарты (бұдан әрі - еңбек шарты) жасақталған. Еңбек шартының 1.1., 5.1. тармақтарына сәйкес жұмыскер №1751426 келісім шарт бойынша (Қызметтер орындауға тапсырыс №1289321) белгілі бір жұмыстарды орындау үшін «Материал жөніндегі басшысы» лауазымына вахталық әдіспен жұмысқа қабылданған. Жұмыскердің жалақысы салық салуға дейін әр жұмыс істелген сағатқа 3 349,23 теңгені құраған.

Іс құжаттарынан анықталғандай 2022 жылғы 29 қыркүйектегі тараптар арасындағы қосымша келісім (бұдан әрі - қосымша келісім) бойынша 2022 жылғы 29 желтоқсаннан бастап Ж.Д.Усаенованың еңбек ақысы әр сағатына 5 024 теңге құраған. Бұл келісімде өткен кезеңге Ж.Д.Усаенованың еңбек ақысы сағатына 5 024 теңге төленетіні көзделмеген.

2024 жылғы 4 қаңтардағы №15 л/с бұйрығымен талап қоюшымен мерзімінің аяқталуына байланысты Еңбек Кодексінің 49-бабының 2- тармағына және 51-бабының 3-тармағына сәйкес еңбек шарты бұзылған.

Талап қоюшы 2024 жылғы 10 тамыздағы сотқа берген талап қоюында 2022 жылғы 25 қаңтар мен 6 сәуір аралығындағы жұмыс күндеріне еңбек ақысының 50 пайыз өсімімен төленетін жалақыны, яғни 5024 теңге тарифпен жауапкерден 2 100 032 теңге еңбек табысын, 9244 теңге өсімпұлды және 50 000 теңге моральдық зиянды өндіруді сұраған.

Кассациялық сот бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы тұжырымдарымен келіседі.

Себебі еңбек шартына 2022 жылғы 29 қыркүйекте жасақталған қосымша келісіммен талап қоюшы өзі танысып қол қойған. Бұл мән-жайды талап қоюшы сотта жоққа шығармады.

Алайда талап қоюшы аталған қосымша келісімді біле тұра, еңбек ақыны, өсімпұлды және моральдық зиянды өндіру туралы талап қоюымен сотқа 2024 жылғы 10 тамызда жүгінген, яғни еңбек даулары бойынша талап қою бір жылдық мерзім өткеннен соң берілген.

Талап қоюшымен сотқа талап қою мерзімін қалпына келтіру туралы өтінішхат сот шешімі шыққан соң берілген.

Сондықтан АК-нің 179-бабы мен Еңбек кодексінің 160-бабы дұрыс басшылыққа алынып, талап қоюшының сотқа талап қою мерзімі өтуіне байланысты талап қоюды заңды әрі негізді қанағаттандырудан бас тартылған. Шағым уәждері жергілікті соттардың тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған сот актілерінің күштерінің жойылуына немесе өзгертілуіне әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ.

Сол себепті, сот шешімі мен алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

АПК-нің 126-бабын, 451-бабы 2-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Талап қоюшының кассациялық шағым жасау мерзімін қалпына келтіру өтініші қанағаттандырылсын.

Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 11 желтоқсандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Н.Ормаханов

Судьялар А.Рамазанова

А.Айкенова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.