№6003-25-00-2к/5142 №6003-25-00-2к/5142 (2)
ЖЕКЕ ҰЙҒАРЫМ
2026 жылғы 17 наурыз Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Ж.К.Рустембеков, судьялар Л.Б.Мамырбаева, А.О.Тогумбетова, прокурор Н.А.Молдахановтың, аудармашы Р.Шайхының, талап қоюшының өкілі Д.С.Мухамедиевтің, жауапкер И.Ю.Коломейцованың және оның өкілі Е.К.Тастанбековтың, жауапкер Р.А.Фролованың өкілі И.Ю.Добрышинаның, жауапкер Шымкент қаласы әкiмінің өкілі Н.М.Сакеновтың қатысуларымен, бейнеконференциялық байланыс арқылы, ашық сот отырысында
талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Шымкент қаласының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің жауапкерлер Ю.Э.Бердиметовқа, П.С.Сенгирбаеваға, Р.Э.Салиевке, Р.А. Фроловаға, И.Ю.Коломейцеваға, Шымкент қаласы әкiміне, «Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесіне, нотариустар Ж.А.Альчикеноваға, Е.Г.Гаджиевке, Қ.К.Сраждиновқа жер учаскесін сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп тану туралы талап қоюы жөніндегі электрондық форматтағы азаматтық істі жауапкерлер Р.А.Фролова мен И.Ю.Коломейцеваның Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 22 тамыздағы шешіміне және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 6 қарашадағы қаулысына берген кассациялық шағымдары бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Департамент сотқа жоғарыда аталған талап қоюмен жүгінген.
Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 22 тамыздағы шешімімен талап қою қанағаттандырылып, Шымкент қаласы әкімі мен Ю.Э.Бердиметовтың арасындағы кадастрлық №19-309-027-419 жер учаскесін сатып алу-сату туралы 2006 жылғы 9 қаңтардағы №75 келісімі, Ю.Э.Бердиметовтың атынан сенімхат арқылы әрекет етуші У.А.Тлеубердиев пен Р.Э.Салиевтің арасындағы Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент қаласы, Жібек жолы даңғылы бойында орналасқан алаңы 0,1000 га, кадастрлық №19-309-027419 жер учаскесін сатып алу-сату туралы 2009 жылғы 8 сәуірдегі №2520 тізілімде тіркелген келісім шарты, Р.Э.Салиев пен Р.А.Фролованың арасындағы даулы жер учаскесін сатып алу-сату туралы 2013 жылғы 23 шілдедегі №1101 тізілімде тіркелген келісім шарты, Р.А.Фролова мен И.Ю.Коломейцеваның арасындағы жер учаскесін сатып алу-сату туралы 2016 жылғы 3 наурыздағы №1368 тізілімде тіркелген келісім шарты жарамсыз деп танылған. Жауапкер
Ю.Э.Бердиметовтан мемлекет пайдасына 7 864 теңге мемлекеттік баж алымы өндірілген.
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 6 қарашадағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соттың 2026 жылғы 17 наурыздағы қаулысымен Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 22 тамыздағы шешімінің және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 6 қарашадағы қаулысының күші жойылып, Департаменттің талап қоюын қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығаруына келесі мән-жайлар негіз болған.
Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандыру туралы шешімінде Шымкент қаласының сәулет және қала құрылысы басқармасының 2025 жылғы 16 мамырдағы хатына сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 22 сәуірдегі №446 қаулысымен бекітілген Шымкент қаласының Бас жоспары бойынша даулы жер учаскесінің бір бөлігі жасыл-желекте, екінші бөлігі көпшілік пайдаланатын көше ендігінде орналасқаны анықталғандықтан, Әкім қаулысымен даулы жер учаскесі заңсыз берілген деген тұжырымға келіп, дауланған мәмілелерді жарамсыз деп таныған.
Апелляциялық сот бірінші сатыдағы соттың бұл тұжырымдарымен келіскен.
Алайда, жергілікті соттармен заңды күшіне енген 2015 жылғы 4 желтоқсандағы Шымкент қаласының Еңбекші аудандық сотының шешімімен талап қоюшы «Оңтүстік Қазақстан облысының жер қатынастары және жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Басқарма) жауапкерлер Р.А.Фроловаға, Ю.Э.Бердиметовқа, Р.Э.Салиевке, Шымкент қаласы әкімдігіне, «Шымкент қаласының жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне, «Шымкент қаласының Еңбекші ауданының әділет басқармасы» мемлекеттік мекемесіне Шымкент қаласы әкімдігінің 2005 жылғы 22 қарашасындағы №3648 қаулысын, кадастрлық №19309-027-419 жер учаскесіне жеке меншік құқығын беретін актіні, 2009 жылғы 8 сәуір және 2013 жылғы 23 шілдедегі жер учаскесін сатып алу-сату шарттарын және олардың мемлекеттік тіркелуін жарамсыз деп танып, күшін жою туралы талабын қанағаттандырудан бас тартылғаны назарға алынбаған.
Бұл аталған шешімде Шымкент қаласы әкімдігінің 2005 жылғы 22 қарашасындағы №3648 Ю.Э.Бердиметовқа даулы жер учаскесінің жеке меншік
құқығын табыстау туралы қаулысын қабылдау барысында Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 107, 109-баптарының, Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы Заңының 47-бабының талаптары бұзылмағандығы және жер учаскесінің нысаналы мақсаты берілу кезінде Шымкент қаласының Бас жоспарына сай тағайындалғаны белгілі болғаны, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 22 сәуірдегі №446 «Шымкент қаласының бас жоспарын бекіту туралы» қаулысының күші Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 3 қыркүйектегі №1134 қаулысымен жойылғаны, талап қоюшы дауланып отырған қаулыны қабылдау барысында Шымкент қаласы әкімдігімен сол кезде қолданыста болған жер заңнамасы мен сәулет, қала құрылысы саласындағы заңнама нормаларының бұзылғандығын растайтын дәлелдемелер сотқа ұсынылмағаны туралы нақты тұжырымдар жасалынған болатын.
АПК-нің 76-бабының 2-бөлігіне сай, соттың бұрын қаралған азаматтық іс бойынша заңды күшіне енген шешімімен немесе қаулысымен анықталған мәнжайлар сот үшін міндетті. Мұндай мән-жайлар тап сол тұлғалар қатысатын басқа да азаматтық істерді талқылау кезінде қайта дәлелденбейді.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 19 қаңтардағы №21 «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің кейбір мәселелері туралы» қаулысына сәйкес қазіргі қаралынып отырған азаматық іс бойынша талап қоюшы Департамент (қазіргі кездегі уәкілетті орган) Басқарманың құқықтары мен міндеттерінің құқықтық мирасқоры болып айқындалған және ол жерді пайдалану мен қорғауға мемлекеттік бақылау функцияларын жүзеге асырады.
Басқарманың 2015 жылы 21 шілдеде сотқа берген талап қоюы мен Департаменттің қаралынып отырған азаматтық іс бойынша берген талап қоюындағы талаптардың негізі мен нысанасы өзара бірдей болған.
Сондықтан Шымкент қаласының Еңбекші аудандық сотының 2015 жылғы 4 желтоқсандағы заңды күшіне енген шешімімен анықталған барлық мәнжайлар сот үшін міндетті және бұл мән-жайлар қараланып отырған азаматтық істі талқылау кезінде қайта дәлелденуге жатпайды.
Кассациялық соттың отырысында талап қоюшы өкілі Шымкент қаласының 2004 жылғы және 2012 жылғы Бас жоспарларында даулы жер учаскесіне қатысты ешқандай өзгерістер болмағанын, кейінгі Бас жоспардағы өзгерістер қала территориясының ұлғаюына байланысты болғанын көрсетті.
Кассациялық сот анықталған мән-жайларды ескере отырып, жергілікті соттардың екі азаматтық іс бойынша талап қоюлардың негізі бөлек деген тұжырымдарын дәйексіз деп санады.
Істің мұндай тұрғысында кассациялық сот жергілікті соттардың дауланып отырған актілерінің күші жойылып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығарылуға жатады деген тұжырымға келді.
Кассациялық сот даулы мәселе бойынша Шымкент қаласының Еңбекші аудандық сотының 2015 жылғы 4 желтоқсандағы заңды күшіне енген шешімі болғанына қарамастан Департамент 10 жылға жуық уақыт өткеннен кейін қайтадан талап қоюмен негізсіз сотқа жүгінгеніне назар аударады.
Департамент тарапынан жол берілген бұл кемшіліктер нәтижесінде тараптар арасында дау соттың барлық сатыларында тараптардың және олардың өкілдерінің қатысуларымен қайтадан қаралынып, шешімдер қабылданған.
Сондықтан кассациялық сот тиісті шара қолдану үшін аталған кемшіліктер туралы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетінің назарына жеткізу қажет деп табады.
ҰЙҒАРДЫ:
Талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Шымкент қаласының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің жауапкерлер Ю.Э.Бердиметовқа, П.С.Сенгирбаеваға, Р.Э.Салиевке, Р.А. Фроловаға, И.Ю.Коломейцеваға, Шымкент қаласы әкiміне, «Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесіне, нотариустар Ж.А.Альчикеноваға, Е.Г.Гаджиевке, Қ.К.Сраждиновқа жер учаскесін сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп тану туралы талап қоюы жөніндегі азаматтық істі қарау кезінде талап қоюшы тарапынан жол берілген кемшіліктер туралы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетінің назарына тиісті шаралар қолдану үшін жеткізілсін.
Осы жеке ұйғарым бойынша қабылданған шаралар туралы бір ай мерзім ішінде Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сотқа хабарлансын.
Төрағалық етуші, судья: Ж.Рустембеков
Судьялар: Л.Мамырбаева
А.Тогумбетова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.