ВС РК - Постановление от 26.08.2022 по делу 6001-22-00-6кп/64 (Об административном правонарушении)

6кп-64-22

Қ А У Л Ы

2022 жылғы 26 тамыз

Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші - судья А.Қ. Қыдырбаева,

судьялар А.С. Стыбаев, Б.Б. Шермұхаметов,

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының прокуроры К[...],

жәбірленуші П[...],

өзіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалған тұлға К[...] қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында кассациялық тәртіппен аудио-бейне жазба құралдарын қолданып, ашық сот отырысында Шымкент қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2021 жылғы 21 қазандағы және Шымкент қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 16 қарашадағы қаулыларына Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуымен түскен, К[...] қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 610-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы:

Шымкент қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2021 жылғы 21 қазандағы қаулысымен К[...] қатысты ӘҚБтК-нің 610-бабының 1-бөлігімен қозғалған әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс оның ісәрекетінде әкімшілік құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылған.

Шымкент қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 16 қарашадағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот актісі өзгеріссіз қалдырылған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуында сот қабылдаған қаулылары соттардың құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануындағы бірізділікті бұзатындығы туралы көрсетілген. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамаға сәйкес, К[...] 2021 жылғы 12 шілдеде 12 сағат 40 минут шамасында Шымкент қаласындағы Кеңжарық көшесімен Т[...] [...] бағытында, маркасы BMW X5 aвтокөлігін басқарып келе жатып, Кеңжарық көшесінің қиылысында П[...] басқаруындағы маркасы [...]автокөлігіне соқтығысып, соның салдарынан материалдық залал келтiрілген. Аталған мән-жай К[...] қатысты ӘҚБтК-нің 610-бабының 1-бөлігімен хаттама толтыруға негіз болған.

Ұсынуды қолдаған прокурор К[...] пен жәбірленуші П[...] пікірлерін, әкімшілік жауаптылыққа тартылған тұлға К[...] керісінше ұсынуды қанағаттандырусыз қалдыру туралы қарсылығын тыңдап, іс материалдарын зерделеп, сот алқасы бірінші сатыдағы және апелляциялық сатыдағы сот актілерінің күшін жоюға, ал іс қайта бірінші сатыдағы сот қарауына мынадай негіздер бойынша қайтарылуға жатады деп есептейді.

ӘҚБтК-нің ӘҚБтК-нің 851-бабының 5-бөлімінің 3) тармағына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша қаулыларды кассациялық тәртіппен қайта қарауға қабылданған қаулы соттардың, уәкілетті органдардың (лауазымды адамдардың) құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзатын жағдайлар негіздер болып табылады. Қаралып жатқан іс бойынша осындай негіз орын алады.

Бірінші сатыдағы сот К[...] қатысты қозғалған әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі оның іс-әрекетінде әкімшілік құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатып, П[...] маңызы бірдей емес жолдардың қиылысында екінші дәрежелі жолдың бойымен жүріп келе жатып, басты жолмен жақындап қалған жүргізуші К[...] жол бермеген деген қорытындыға келген.

Бірінші сатыдағы сот қорытындысы іс материалдарына сәйкес келмейді.

Осы ретте Кеңжарық көшесінің Ақсауыт көшесінен әлдеқайда кең және үлкен екендігін, қозғалыс барысында басқа да көшелермен қиылыстарда 2.4 «жол беріңіз» жол белгілерінің орнатылғанын негіздей отыра, К[...] басты жолмен қозғалған деп анықтаған.

Алайда бұл тұжырым заң талаптарына қайшы келеді.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 13 қарашадағы № 1196 қаулысымен бекітілген Жол жүрісі қағидаларының (бұдан әрі - ЖЖҚ) 1-бөлігінің 2-тармағының 9) тармақшасына сәйкес басты жол ретінде - қиылысатын (қосылатын) жолдарға қатысты 2.1, 2.3.1-2.3.3белгілерімен немесе 5.1 белгісімен белгіленген жол немесе қиыршық тас төселген жолдарға қатысты қатты (асфальтталған, цементтібетондалған, тас материалдар және сол сияқты) жол екендігі туралы анықтама берілген. Іс материалдарына сәйкес, Кеңжарық және Ақсауыт көшелері қиылысында 2.1, 2.3.1-2.3.3-белгілерімен немесе 5.1 жол белгілері орнатылмаған, екі көшелердің де жолы бірдей қатты, асфальтталған, Ақсауыт көшесінің жолы қиыршық тас төселген жол емес.

Жоғарыда аталған мән-жайлар бойынша жергілікті соттардың К[...] басты жолмен қозғалған деген тұжырымдары негізсіз.

ЖЖҚ-ның 13-бөлігінің 13-тармағының талаптарына сәйкес маңызы бірдей жолдардың қиылысында рельссіз көлік құралдарының жүргізушісі оң жақтан жақындап қалған көлік құралына жол береді деп көрсетілген.

Іс материалдарындағы бейнежазбадан және сызбадан 1.6. «тең мағыналы жолдардың қиылысуы» жол белгісі орнатылмағаны байқалады. ЖЖҚ-ның 13-бөлігінің 15-тармағына сәйкес жол жабынының баржоғын анықтау мүмкін болмаған (тәуліктің қараңғы уақыты, балшық, қар және сол сияқты) және басымдық белгілері жоқ жағдайда, жүргізуші екінші дәрежелі жолдамын деген қағидатты басшылыққа алады деп көрсетілген.

Іс материалдарына қарағанда, жол-көлік оқигасының (әрі қарай - ЖКО) екі қатысушысы да өз әрекеттерінің құқыққа және заңға сай екендігін алға тартады.

Атап айтқанда К[...] автомашиналар соқтығысқан жолдар қиылысында жылдамдықты шектеу туралы жол белгісінің болғанын, сонымен қатар ЖКО-сы болған кездегі жасалған бірінші сызба істе жоқ екенін, ал істегі екінші сызбада өзінің қолы жоқ екенін көрсетті.

Іс материалдарына тіркелген сарапшының № 3316 санды қорытындысына сәйкес, Ақсауыт көшесімен қозғалып келген маркасы Bmw 318 мемлекеттік тіркеу нөмірі [...] автокөлігінің Кеңжарық көшесімен қиылысқа шығу барысында жылдамдығының сағатына 68,446 км құрайтындығы анықталған.

Алайда бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар осы маңызды мәселелерді, сонымен қатар ЖКО-сы болған жерде әрбір қатысушының рұқсат етілген қандай жылдамдықпен жүруі тиіс екендігін, оқиғадағы олардың кінәсінің бар-жоғын дұрыс анықтамаған.

Сот істі қайта қарау барысында жоғарыда көрсетілген кемшіліктерді жойып, қажет болған жағдайда іс бойынша басқа да процестік амалдар жүргізіп, барлық жинақталған дәлелдемелердің жиынтығына тиісті баға беріп, заңды шешім қабылдауы тиіс.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 851-бабының 1, 4 және 5-бөліктерінің 3) тармағын басшылыққа ала отырып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І :

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 610-бабының 1-бөлігі бойынша К[...] қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жөнінде Шымкент қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2021 жылғы 21 қазандағы және Шымкент қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 16 қарашадағы қаулыларының күші жойылсын, іс қайта қарау үшін бірінші сатыдағы сотқа жолдансын.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші А. Қыдырбаева Судьялар А. Стыбаев Б. Шермұхаметов

Көшірмесі дұрыс. Судья: Б. Шермұхаметов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.