6001-20-00-3г/7141
Қ А У Л Ы
2020 жылғы 21 желтоқсан
Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Е.Ж.Исмаилов талап қоюшы С[...] жауапкер «Түркістан облысының полиция департаменті» ММ-ге бұйрықты заңсыз деп танып, күшін жою, жұмысқа қайта орналастыру, амалсыз бос жүрген уақыт үшін жалақы өндіру туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық ісі бойынша қабылданған
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 12 қарашадағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы Түркістан облысының полиция департаменті» ММ-нің өтінішхатын істі алдырту арқылы алдын ала қарап,
а н ы қ т а ғ а н ы :
С[...] «Түркістан облысының полиция департаменті» ММ-нің ( бұдан әрі – Полиция департаменті ) 2020 жылғы 30 сәуірдегі № 497 ж/қ бұйрығын заңсыз деп танып, күшін жою, Сайрам аудандық полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі ( бұдан әрі – Полиция басқармасы ) патрульдік полиция тобының қызмет инспекторы лауазымына жұмысқа қайта орналастыру, амалсыз бос жүрген уақыт үшін жалақы өндіру туралы талап қою арызымен сотқа жүгінген.
Түркістан қалалық сотының 2020 жылғы 30 шілдедегі шешімімен талап қою арызы қанағаттандырудан бас тартылған.
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 12 қарашадағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгертіліп, шешімнің 2020 жылғы 30 сәуірдегі № 497 ж/қ бұйрықтың С[...] қатысты бөлігін заңсыз деп танып күшін жою, бұрыңғы лауазымына қайта орналастыру, амалсыз бос жүрген уақыт үшін жалақы өндіру туралы талап қою арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы бөлігінің күші жойылып, осы бөлігінде талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығарылған:
Полиция департаментінің 2020 жылғы 30 сәуірдегі № 497 ж/қ бұйрығының С[...] қатысты бөлігі заңсыз деп танылып, күші жойылған;
А.С[...] басқармасының патрульдік полиция тобының қызмет инспекторы лауазымына қайта орналастырылған;
жауапкерден талап қоюшының пайдасына амалсыз бос жүрген уақыт үшін 926 324 теңге жалақы және мемлекет кірісіне 9 263 теңге мемлекеттік баж өндірілген;
шешімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған;
қаулының жұмысқа қайта орналастыру және үш айлық мөлшерінде жалақы өндіру туралы бөлігі дереу орындауға жолданған.
Полиция департаменті өтінішхатында іс бойынша материалдық және процестік құқық нормаларының дұрыс қолданылмағанын, қабылданған қаулы соттардың құқық нормаларын түсіндіруіндегі және қолдануындағы бірізділікті бұзатынын көрсетіп, Түркістан облыстық сотының 2020 жылғы 12 қарашадағы қаулысының күшін жойып, Түркістан қалалық сотының 2020 жылғы 30 шілдедегі шешімін күшінде қалдыруды сұраған.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің ( бұдан әрі – АПК ) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша анықталғандай, С[...] 2019 жылғы 04 тамыздағы № 622 ж/қ бұйрық негізінде Полиция басқармасының патрульдік полиция тобының қызмет аға инспекторы лауазымына тағайындалған.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 153 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексі ( әрі қарай – Әдеп кодекс ) 5-тармағының 2), 11) тармақшаларына сәйкес мемлекеттік қызметшілер адал, әділ, қарапайым болуға, жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын сақтауға, азаматтармен және әріптестерімен қарым-қатынаста сыпайылық пен әдептілік танытуы және қызметтік тәртіпті бұлжытпай сақтауға, өзінің қызметтік міндеттерін адал, бейтарап және сапалы атқаруға, жұмыс уақытын ұтымды және тиімді пайдалануы тиіс. Ішкі істер министрлігімен 2016 жылғы 31 қазанда бекітілген № 1-18-1-22/4371 «Қазақстан Республикасы Ішкі істер органдары қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттары» туралы нұсқаулығының ( әрі қарай – Нұсқаулық ) 2-тармағының 2), 3), 5), 6), 8), 10), 13), 14), 17), 18), 19) тармақшаларына сай өзінің күнделікті қызметінде ішкі істер органдарының қызметкері заңдылықтың қағидаттарын, Қазақстан Республикасы Конституциясының, заңдары мен өзге де нормативтік құқықтық актілерінің талаптарын басшылыққа алуы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы қатаң сақтауы, жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сақтауды және қорғауды қамтамасыз етуі, мүдде даулары туындағаны, қызметтік міндеттерді орындау кезіндегі жеке мүддесі туралы, сыбайлас жемқорлық жүріс-тұрысқа және сыйлықтар алуға итермелеу туралы тікелей немесе тура басшысына баяндауы, қызметтік міндеттерін орындау кезінде жеке және (немесе) пайдакүнемдік мүдделерін басшылыққа алмауы, басқа да адамдарды сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға итермелемеуі және мұндай іс-әрекеттерді қолдамауы, қызметтік өкілеттіктерді орындаумен байланысты сыйлықтар алмауы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы ісқимыл жасауда, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды ашуда белсенділік танытуы, сыбайлас жемқорлықтың белгілі болған фактілері, оның ішінде материалдарды тездетіп қарағаны үшін қандай да бір пайда алуға бейімділігі не болмаса әуре-сарсаңға салу туралы басшылыққа дереу баяндауы,
жоғары құқықтық сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті ұстануы және әріптестерінен талап етуі, туындауы мүмкін мүдделер жанжалының, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың және олардың салдарларының себептері мен жағдайларын жою жөніндегі шараларды ұдайы негізде қабылдауы, кірістер алумен байланысты кәсіпкерлік және (немесе) өзге де қызметті жүзеге асыруда біреуге көмек көрсетуден бас тартуы тиіс.
2020 жылғы 04 ақпанда наряд бойынша Сайрам ауданындағы Ақсукент елді-мекені аумағында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін полиция инспекторлары Н[...] пен С[...] мемлекеттік тіркеу белгісі ( бұдан әрі – м/б ) [...] «Kia Cerato» маркалы қызметтік автокөлікпен қызмет атқару барысында сағат 22:30-шамасында Жібек жолы көшесі бойында м/б [...] «Mercedes-Benz 190» маркалы автокөлігі бұрылу шамын жақпай, бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кеткені үшін автокөліктің жүргізушісі С[...] қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің ( әрі қарай – ӘҚБтК ) 599-бабының 1-бөлігімен ( реттеушінің және бағдаршам сигналдарының талаптарын орындамау ) және 595-бабының 1-бөлігімен ( сигнал бермей және қауіпсіздікті сақтамай отырған, сондай-ақ кедергі туғыздырған маневр ) әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтырған.
2020 жылғы 06 ақпанда А.С[...] департаментінің Өзіндік қауіпсіздік басқармасына арызданып, полиция қызметкерлері Н[...] және С[...] өзінен 70000 теңгені жүргізуші куәлігін қайтарып беру үшін талап еткенін көрсетіп, оларды қылмыстық жауапкершілікке тартуды сұраған. Аталған арыз Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің ( әрі қарай – ҚК ) 190-бабы 2-бөлігінің 3) тармағымен ақпараттарды есепке алу кітабына 2020 жылғы 06 ақпанда № 205169031000017 реттік санымен тіркелген.
Арыз бойынша Түркістан қалалық мамандандырылған тергеу сотымен 2020 жылғы 06 ақпанда санкцияланған қаулы негізінде арнайы бейнежазу құрылғысымен жүргізілген жасырын тергеу әрекеттері барысында 2020 жылғы 06 ақпан сағат 22:15-шамасында Н[...] пен С[...] С[...] автокөліктің артқы орындығына отырғызып, Сайрам аудандық полиция басқармасының әкімшілік ғимаратына келіп, С[...] ғимараттың ішінен С[...] жүргізуші куәлігін алып шығып, өз кезегінде С[...] одан талап етілген ақша қаражатын Н[...] бергені, кейін Н[...] С[...] жүргізуші куәлікті алып, С[...] қайтарып бергені анықталған.
2020 жылғы 02 наурыздағы № 917 сот сарапшысының қорытындысына сәйкес С[...] оң және сол қолдарынан алынған сүртінділерінде арнайы химиялық заттарға жататын люминесцентті заттың қабатталулары, олар салыстырмалы үлгі ретінде ұсынылған арнайы ұнтақ үлгісімен бір маркалы люминофорларға жатады.
2020 жылғы 31 наурызда Қазақстан Республикасы Қылмыстық процестік кодексінің ( әрі қарай – ҚПК ) 35-бабының негізінде С[...] ҚК-нің 190, 361, 362, 366-баптарымен қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін
дәлелдемелердің жеткіліксіз болуына байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру тоқтатылған.
ҚПК-нің 35-бабының 9 бөлігіне және 200-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам қылмыстық іс бойынша іс жүргізу кезінде қылмыстық құқық бұзушылық жасауға ықпал еткен мән-жайларды анықтай отырып, тиісті мемлекеттік органдарға, ұйымдарға немесе онда басқарушылық функцияларды орындайтын адамдарға осы мән-жайларды немесе басқа да заң бұзушылықтарды жою жөніндегі шаралар қолдану туралы ұсыну енгузіге міндетті.
Осыған байланысты С[...] және тағы да басқа полиция қызметкерлерінің бірлесіп, С[...] жүргізуші куәлігін қайтарып беру үшін одан 70000 теңге алғанын, яғни сыбайлас жемқорлық сипатындағы әрекеттерге жол бергені үшін қызметтік тексеру жүргізіп, оларды ішкі істер органдары қатарынан босату мәселесін қарау үшін Полиция департаментіне ұсыныс жолданған.
Сонымен қатар, 2020 жылғы 02 наурызда наряд кестесі бойынша полиция қызметкерлері М[...] және С[...] м/б [...] «Kia Cerato» маркалы автокөлігімен Ақсукент елді мекеніндегі Жібек жолы және Абылайхан көшелері аумағында, ал А[...], Қ[...] және Н[...] м/б 0291/13 «Kia Rio» маркалы автокөлігімен Жандарбеков және Абылайхан көшелері аумағында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге бекітілген.
«Kia Rio» маркалы автокөлігінің бұзылуына байланысты, Қ[...] пен Н[...] қызметтік міндеттерін М[...] және С[...] бірге «Kia Cerato» маркалы автокөлігімен атқаруды әрі қарай жалғастырған.
Сол күні олар шамамен сағат 14:45-те Жібек жолы көшесі бойында м/б [...] «Nexia» маркалы автокөлігі оның бағытында келе жатқан жаяу жүргіншілерге жол бермегенін көріп, автокөліктің жүргізушісі Т[...] алкоголь ішімдіктерді пайдаланғанын тексеру үшін оны Шымкент қаласының наркологиялық орталығына медициналық куәландырудан өткізу үшін жеткізген.
Аталған мекемеде орнатылған бейнекамералардың жазбаларына сәйкес полиция қызметкерлері Қ[...] пен Н[...] азамат Т[...] сол күні сағат 16:16-16:31 аралығында медициналық куәландыруға жеткізіп, сараптамадан өткізіп, алайда нәтижесін алмаған. Сонымен қатар, дәрігер көмекшісінің өзі алкотест құралына үрлеп, Т[...] екі талдау қорытындысына қол қойдырғаны түсірілген.
Сол күні Т[...] Өзіндік қауіпсіздік басқармасына арызданып, полиция қызметкерлері Н[...], С[...] және С[...] жүргізуші куәлігінен айырмау үшін өзінен 200000 теңге ақша талап еткені туралы көрсеткен. Арызы 2020 жылғы 02 наурызда ҚК-нің 190-бабы 2-бөлігінің 3) тармағымен ақпараттарды есепке алу кітабына № 205169031000028 реттік санымен тіркелген.
Келесі күні, яғни 2020 жылғы 03 наурызда сағат 14:00-15:15 аралығында полиция қызметкері Қ[...] дәрігер Р[...] медициналық куәландыру қорытындысын алып кеткен.
Т[...] арызы бойынша Түркістан қаласының мамандандырылған тергеу сотымен 2020 жылғы 03 наурызда санкциялаған қаулы негізінде жасырын жедел іс-шара жүргізілген.
Атап айтқанда, полиция қызметкері М[...] Т[...] «Т[...]» ЖШС-нің автотұрағында кездесіп, оның пара сомасын алып келгенін біле тұра, киімін тексеру барысында арнайы дыбыс және бейнежазба құралдарын байқап, Т[...] қатысты шешім ӘҚБтК-нің 608-бабына сәйкес қабылданатыны туралы айтқан. Кейін Т[...] қатысты 2020 жылғы 03 наурызда сағат 10:00-де ӘҚБтК-нің 608-бабының 1-бөлігімен жасақталған әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама анықталған, алайда аталған құжат өткен уақытпен дайындалғаны құқық бұзушы тұлғаның сол уақытта Полиция департаментінде Өзіндік қауіпсіздік басқармасында болу фактісімен расталған. 2020 жылғы 29 сәуірде С[...] және тағы да басқа тұлғалардың әрекеттерінде ҚК-нің 190, 416-баптарымен көзделген немесе басқа да қылмыстық құқық бұзушылықтардың белгілері болмауына және дәлелдемелердің жеткіліксіз болуына байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру тоқтатылған.
2020 жылғы 29 сәуірде Полиция департаментінің тәртіптік комиссиясы С[...] ішкі істер органдары қатарынан шығару жөнінде ұсыным жасау туралы шешім қабылдаған.
«Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының ( бұдан әрі – № 380-ІV Заң ) 80-бабы 1-тармағының 12) тармақшасына сәйкес қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны үшін қызметкерлер жұмыстан шығарылады.
«Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарында қызмет өткерудің кейбір мәселелері» туралы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің 2011 жылғы 27 мамырдағы № 246 бұйрығының 1 тармағы 16) тармақшасымен бекітілген ( Әділет министрлігінде № 7032 санатымен 2011 жылдың 24 маусымында тіркелген ) «Ішкі істер органдарындағы қызметін тоқтатқан қызметкерлерді Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының кадрынан шығару қағидаларының» ( бұдан әрі – № 246 Қағида ) 14-тармағында қызметтік тәртіптің өрескел бұзылуының түсінігі берілген.
Жұмыс берушінің 2020 жылғы 30 сәуірдегі № 497 ж/қ бұйрығымен С[...] «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының, Әдеп кодексінің 5-тармағының 11) тармақшасындағы талаптарын бұзғаны үшін № 380-IV Заңның 80-бабы 1-тармағының 12) тармақшасына сәйкес ішкі істер органдары қатарынан шығарылған.
Түркістан қалалық соты талап қою арызды қанағаттандырудан бас тартып, С[...] мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті тұлға бола тұра, құқық бұзушы Т[...] масаң күйін жоққа шығару үшін және аталған фактіні жасыру мақсатында заңсыз іс-әрекеттерге жол беріп, олар іске аспауына байланысты, әкімшілік құқық бұзушылық хаттаманы өткен уақытпен жасағанын көрсеткен.
Сонымен бірге, құқық бұзушы С[...] жүргізуші куәлігін қайтарып беру үшін заңсыз ақша алу фактісі табыс етілген ақша купюраларындағы арнайы химиялық заттары екі қолынан алынған сүртінділерінен анықталғанын атап өткен.
Сот талқылауында С[...] жұмыс берушінің тарапынан Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 54-бабы 1) тармағының талаптары сақталмай, ол еңбекке уақытша қабілетсіздігі кезеңінде жұмыс берушінің бастамасымен жұмыстан шығарылғаны туралы уәждер келтіріп, «AВ[...]» ЖШС-мен берілген 2020 жылғы 30 сәуір – 02 мамыр аралығында еңбекке уақытша жарамсыз болғанын дәлелдейтін № 2786207 парақты ұсынған.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 18 ақпандағы № 78 қаулысымен бекітілген «Құқық қорғау органдарының қызметкерлерін және олармен бірге тұратын отбасы мүшелерін, зейнеткерлерін, сондай-ақ қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан қызметкерлердің балаларын олар кәмелеттік жасқа толғанға дейін тиісті мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында медициналық және санаторий-курорттық қамтамасыз ету қағидаларының» ( бұдан әрі – № 78 Қағида ) талаптарына сәйкес құқық қорғау органдарының қызметкерлерін медициналық қамтамасыз ету ішкі істер органдарының медициналық ұйымдарында жүзеге асырылады.
Осыған байланысты, бірінші сатыдағы сот С[...] бірнеше жылдар бойы құқық қорғау органдарында қызмет атқарып, № 78 Қағиданың талаптарын біле тұра, ведомстволық медициналық ұйымға жүгінуге мүмкіндігі болғанына қарамастан, жеке меншік медициналық ұйымнан амбулаториялық ем алғанын ескеріп, аталған жағдайда оның еңбекке жарамсыз кезінде жұмыстан шығарылған деп санауға жатпайды деген қорытындыға келген.
Түркістан облыстық соты бірінші сатыдағы соттың іс бойынша анықталған мән-жайларға, дәлелдемелерге, іс құжаттарына дұрыс баға бермегенін, нәтижесінде іс үшін маңызы бар мән-жайлардың дәлелденбегенін, қабылданған шешім істің мән-жайларына сәйкес келмейтінін көрсеткен. Атап айтқанда, апелляциялық сатыдағы сот С[...] қатысты қозғалған қылмыстық істің оның кінәсі дәлелденбеуіне байланысты тоқтатылғанын, ол айыпталушы ретінде танылмағанын, оған қатысты үкім шықпағанын, ақша қаражатын бопсалағаны, қызметтік тәртіпті және Әдеп кодексінің талаптарын бұзу фактісі дәлелденбегені назарға алынбағаны көрсетілген.
Сонымен қатар, С[...] ведомстволық медициналық ұйымға жүгінбеуі оның еңбекке уақытша жарамсыз болмағанын білдірмейтінін, бірінші сатыдағы сотқа табыс етілген жарамсыздық парағы «Covid-19» ауруына байланысты пандемия кезеңінде берілгенін, сол кезде ауырған адамдардың саны көп болуына байланысты азаматтардың емделетін медициналық ұйымдарды таңдауға мүмкіндігі болмағаны соттың назарынан тыс қалдырылғанын мәлімдеген.
Осыған байланысты С[...] қатысты Полиция департаментінің даулы бұйрығының күшін жою, оны бұрыңғы жұмысқа қайта орналастыру туралы жаңа шешім қабылданып, амалсыз бос жүрген уақыт үшін жалақы өндірілген.
Полиция департаменті өтінішхатында С[...] тарапынан лауазымдық міндеттерін орындамау, Әдеп кодексінің мен басқа да нормативтік актілердің талаптарын бұзу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру қағидаларын сақтамау, азаматтардан өздеріне қатысты арыз-шағым түсуіне жол беру фактілері орын алғанын, алайда оған қатысты қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің қылмыстың дәлелденбеуіне байланысты тоқтатылуы, оны тәртіптік жауаптылықтан босатпайтынын ескеруді сұраған.
№ 380-IV Заңның 57-бабының 14) тармақшасына сәйкес қызметкер еңбекке уақытша жарамсыз, демалыста немесе iс-сапарда болған кезеңде, іс-сапарға жіберу оны тәртіптік жауаптылыққа тартуға байланысты болатын жағдайларды қоспағанда, сондай-ақ егер тәртіптік терiс қылық жасалған күннен бастап алты айдан астам уақыт өтсе, оған тәртiптiк жаза қолданылмайды.
Өтінішхат иесі аталған заң талаптарының бұзылғаны жөнінде апелляциялық сатыдағы соттың тұжырымдарымен келіспейтінін атап өтіп, С[...] еңбекке уақытша жарамсыздығы туралы анықтама тек қана сот талқылауы барысында ұсынылғанын, сондықтан даулы бұйрықты заңсыз деп тануға бағытталған және жауапкершіліктен жалтару мақсатында жасалған қасақана іс-әрекет деп санайды. Н[...] пен С[...] құқық бұзушы С[...] жол жүрісі ережесі сақталмағаны үшін нақты орын алған құқық бұзушылықтарға ( ӘҚБтКнің 599-бабының1-бөлігі, 595-бабының 1-бөлігі ) сәйкес хаттама толтырылғанын, алайда полиция қызметкерлері құқық бұзушының құқықтық сауатсыздығын пайдаланып, оның тарапынан орын алған құқық бұзушылық ӘҚБтК-нің 596бабының 3-бөлігімен ( жолдың қарама-қарсы бағытына шығу ) сараланатынын, әкімшілік іс сотқа жолданған жағдайда оның көлік құралдарын басқару құқығынан айырылатынын айтып, пара алу ниетімен ұштасқан алаяқтық құқық бұзушылық әрекеттеріне жол бергендерін, сол себептен С[...] жүргізу куәлігін алып, оны қайтару негіздемесімен 70000 теңге пара бопсалағанын көрсеткен.
Аталған жағдай Н[...] және С[...] С[...] 70000 теңге пара алу, оған жүргізуші куәлігін қайтару, ақша қаражатты қандай негіздемемен талап етілгені жөнінде әңгімелер жазылған және дәлелдеме ретінде зерттелген аудио-бейнежазбамен, сонымен бірге Н[...] қолдарынан алынған сүртінділерде арнайы химиялық заттарға жататын люминесцентті заттың қабатталулары анықталғанымен расталатыны туралы жазған.
Т[...] көлік құралын масаң күйде басқару фактісі № 2374 қорытындысымен 2020 жылғы 02 наурыз сағат 16:35-17:00-аралығында анық болуына қарамастан, С[...] және басқалары әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы дер кезде толтырмай, Өзіндік қауіпсіздік басқармасына сыбайлас жемқорлық сипатындағы әрекеттердің орын алуы туралы арыз түсуіне және жасырын тергеу әрекеттері жүргізілуіне жол берілгенін атап өткен.
Жалпы Қ[...], М[...], Н[...] және С[...] ісәрекеттерінің хронологиясы олардың алдын ала сөз байласып, Т[...] масаң күйде болу фактісін анықтайтын қорытындыны бұрмалау ниетінде және оның пайдасына оңды шешім қабылдау мақсатында ақша талап етіп, сыбайлас жемқорлық сипатындағы әрекетті жасауға ниеттері болған деп тұжырым жасауға болады деп есептейді.
№ 246 Қағидасына сәйкес 380-IV Заңның 80-бабы 1-тармағының 12)-16) тармақшаларында карастырылған негізбен жұмыстан шығару теріс қылық болып танылады және жоғарыда аталған негіздермен қызметтен босаған адамдар ішкі істер органдарына қызметке қайта қабылданбайтынын ескеруді сұраған.
«Соттардың еңбек дауларын шешу кезінде заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2017 жылғы 06 қазандағы № 9 нормативтік қаулысының 22 және 31-тармақтарында соттар жұмыскердің тәртіптік теріс қылық жасауына қатысты дауды қараған кезде жұмыскердің жасаған теріс қылығына байланысты тәртіптік жаза түрін таңдау жұмыс берушінің құқығы болып табылатыны және ол жұмыскер еңбек қатынастарында тұрған жұмыс берушінің құзыретіне жататынын ескеру қажеттілігі түсінідірілген.
№ 380-IV Заңның 1-бабының 7) тармақшасына сәйкес құқық қорғау органы – адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделерінің сақталуы мен қорғалуын қамтамасыз ететін, өз құзыретіне сәйкес қылмыстылыққа және өзге де құқық бұзушылықтарға қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекеттің саясатын іске асыратын, заңдылықты қамтамасыз ету мен қоғамдық тәртіпті қолдау, құқық бұзушылықтарды анықтау, алдын алу, жолын кесу, тергеу, қылмыстық істер бойынша сот шешімдерін атқару жөнінде арнаулы өкілеттіктер берілген мемлекеттік орган.
Өтінішхат иесі С[...] құқық қорғау органының қызметкері бола тұра, қоғамға құрметтемеушілік танытып, алдын-ала сөз байласу арқылы, өзінің жеке бас пайдасы үшін қасақана заңбұзушылыққа жол бергенін ескеруді сұраған.
Сонымен қатар, апелляциялық сатыдағы сотпен С[...] ісәрекетінде жалпы теріс қылық әрекеттері бар екені жоққа шығарылмаған, алайда оның ауырлық дәрежесіне дұрыс баға бермей, іс бойынша ішкі істер органдарында тәртіптік жауаптылықты қалыптастыруда кері септігін тигізетін заңсыз сот актісі шығарылған деп есептейді.
Судья өтінішхатта көрсетілген уәждердің іс үшін маңызы бар екендігін және даулы сот актісін қайта қарауға негіз болатынын ескере отырып, оны іспен бірге алқа отырысында қарауға жолдау қажет деп санайды.
АПК-тің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы
қ а у л ы е т т і :
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 12 қарашадағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы «Түркістан облысының полиция департаменті» ММ-нің өтінішхаты іспен бірге Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты азаматтық істер жөніндегі сот алқасына сот отырысында қарау үшін берілсін. Қаулының көшірмесі өтінішхат берген тұлғаға жолдансын.
Судья
Е.Исмаилов
Көшірмесі дұрыс.Судья
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.